РЕСЕЙ АЗА ТҰТТЫ
РЕСЕЙ АЗА ТҰТТЫ
Ресейдің Кубань қаласында орын алған қайғылы оқиға адам шығынына алып келді. Осыдан бір күн бұрын ақпарат көздері Қырым аумағындағы толассыз жауған нөсерден кейінгі алапат су тасқынынан зардап шеккендер саны 12 мыңнан асты десе, соңғы мәліметтер 24 мыңға жеткендігін айтуда. Бұрын-соңды Кубань тарихында болмаған алапат апат Ресей халқына орны толмас өкініш әкелді. 7 шілде күні жауған жауын салдарынан тасқын су Геленджик, Қырым, Новороссийск қалаларындағы және бірқатар ауылдардағы бес мыңнан астам тұрғын үйді басып қалған. Соңғы мәліметтер бойынша, су апатынан көз жұмғандар саны 170 адамнан асып отыр. Бес мыңнан астам үй-жай, ұзындығы 400 метр болатын екі теміржол торабы су астында қалды. Ресейдің көптеген қаласында су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек қаржысын жинау орталықтары ашылып, белсенділер интернет арқылы бір миллион рубль жинаған. Қазіргі уақытта іздеу-құтқару жұмыстары жүргізілуде. Зардап шеккен аудандарға қосымша шамамен 1 мың полиция қызметкерлері жіберілді. Олар тұрғындар мүлкінің талан-таражға салынуына жол бермеу үшін қызмет етпек.
Мұнымен қоса ресейлік азаматтар отырған автобус Украинада апатқа ұшырап, 15 адам қаза тапты. Киевке жол жүріп келе жатқан Scania автобусы Топчивка және Красное елді мекендерінің арасында аударылды. Оның ішінде барлығы 41 адам болса, оның көбі Ресей азаматтары екен.
Екі бірдей апаттың орын алуына байланысты Ресей президенті 9 шілдені азалы күн ретінде жариялап, арнайы жарлыққа қол қойды. «Соған сәйкес, Ресей аймағында, бүкіл елдің шекара сыртындағы өкілдіктерінде мемлекеттік тулар төмен түсірілді. Мәдениет мекемелері мен мемлекеттік телеарналарда көңіл көтеруге арналған бағдарламаларды көрсетуге тыйым салынды. «Апатқа себеп болған су қоймасын тұрғызу барысында технологиялық қателік кеткендігі енді анықталып отыр. Тергеу амалдары бойынша кінәлі тұлғаны ғана тапқанмен шектелмей, зардап шеккендерге жедел түрде көмек көрсетілуі қажет», – деді Ресей президенті В.Путин.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Кубаньдағы қайғылы оқиғаға байланысты РФ Президенті Владимир Путинге көңіл айтып, жеделхат жолдады. Онда: «Қазақстандықтар адам қазасына әкеп соқтырған табиғи апат салдарынан болған Кубаньдағы оқиға туралы қайғылы хабарды терең күйзеліспен қабылдады. Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасы және туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтқан және қолдау білдірген сөздерімді жеткізуді сұраймын», – делінген.