АСТАНАҒА АТТАНҒАН МАДИЯРЛАР
АСТАНАҒА АТТАНҒАН МАДИЯРЛАР
«АСТАНА» ЖУРНАЛЫ. №3, 2012
Журналдың нөмірі тұтастай Астана күніне арналды. Бұл жолы кезеген аяқ – «Ботаник», Фрик сол жағалауда жаңадан пайдалануға берілген Оқушылар сарайын, Медиаорталықты, Опера және балет театрын аралап, архитектуралық ерекшелігімен танысып қайтты.
Басылым жанындағы «А-клуб» қоғамдастығының қатары тағы да бес адамға толықты. Нөмірдің қазақша бөлігінен әнші-сазгер Еркеш Шәкеев, «Болашақ» қауымдастығы Кеңесінің төрағасы Бауыржан Байбек, Парламент Мәжілісінің ең жас депутаты Алмас Тұртаевтың сұхбатын оқи аласыздар.
«Астана және астаналықтар» сериясымен жасы алпысқа келсе де, бәйгеге шабатын жүйріктей жарау, спортты серік еткен генерал-лейтенант Абай Тасболатов туралы очерк, ерлі-зайыпты суретшілер Қалиолла, Райгүл Ахметжановтармен сұхбат, жазушы Дүкенбай Досжанның тақи-таза шығармашылық ізденістері туралы академик Ғарифолла Есімнің ойтолғамы («Мінез философиясы») жарияланды. Елорда әуежайының кіреберісінен қателік тапқан журналист Джонатан Ньюэллдің Қазақстан туралы ашық әңгімесі «Атсыз ерлік» айдарымен берілді.
Астана тек үздік туындыларға арқау болуы тиіс. Оқырман қауымға осы үдеден шығатындай жаңа шығарма – «Арайлы Астана» мюзиклінің либреттосы ұсынылып отыр. Композиторы – Жоламан Тұрсынбаев, либреттосын жазған – Шаһимардан Құсайынов пен Шөмішбай Сариев.
«Астана» журналының сұрауымен Қала күні неке қиғызатын 19 жұптың бірқатары алғаш танысқан сәттерін еске түсіріп, фотография арқылы бейнелеп берді.
Мереке қарсаңында «Астананың мәртебесіне не көлеңке түсіруде, не жетпейді?» деген сауалдарға да жауап ізделді. Мысалы заңнан саңылау тапқандар құмар ойынның тағы бір қитұрқы түрін шығарды. Бұрынғы казинолардың орнын басқан бинго ойын залдары туралы журналист Әсем Қонысбектегі мәселе көтерген.
Еліміздің екі үлкен қаласында да Сәкен Сейфуллинге жөні дұрыс көше бұйырмаған. Астанадағы көшенің бойында құлпытас жасау шеберханалары қаптап кетті. Ол туралы «Құлпытастар көшесінде тұрамын» мақаласында жазылды.
Астанада ақын-жазушылар некен-саяқ. Бар ақын-жазушының өзі бас қосатын орын жоқ, дәстүр қалыптаспаған. Журналист Әсия Бағдәулетқызының «Өлең һәм өгейшешек ақын-жазушы» мақаласы осындай ой тастайды.
«Қала прозасы….қайшылық» мақаласында қазақ жазушыларының қала тақырыбына сирек қалам тербейтіні, әлі ауыл суреттерін айналшықтап жүргені сыналады.
XXI ғасырдың 80-ші жылдары Ақмола уезінің бастығы болған Владимир Карлович Фон Герннің қазақ өмірінен алынған этнографиялық жазбалары туралы Жамбыл Артықбаевтың «Оқымысты ояз» танымдық мақаласы «Астана маңындағы мың жыл» айдарымен жарияланды.
«АСТАНА ПЛЮС». №3, 2012
Биыл Елорда – түркі әлемінің мәдени астанасы. «Мың тыныс – бір дауыс» деген атой сөзді арқау еткен орыс тіліндегі бұл жолғы нөмірде түгелдей түркі әлемімен танысуға мүмкіндік туған.
«А-клуб» қатарына мүше болған түркі халықтарының елеулі тұлғаларымен танысыңыздар. Олар – актер Азиз Бейшеналиев, «Туран-Таймс» газетінің бас редакторы, әзербайжан диаспорасы жетекшілерінің бірі Видади Салахов.
Сондай-ақ «Астана» журналы түркі халықтарының жас таланттары мен танымал интеллектуалдарының рейтингін түзді. («10 молодых тюркского мира», 10 интеллектуалов тюрского мира»).
«Тюрки и меняющиеся мир» блогында ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов халықаралық мәдени ұйымның атқарған істері туралы әңгімелейді. Осында ТҮРКСОЙ аясында құрылған «Тысяча вдохов один голос» жастар театры, камералық оркестр, суретшілер мен фотосуретшілердің шығармашылық зертханасы егжей-тегжейлі таныстырылып отыр.
Мюзиклдің қандай жанр екені баршаға мәлім. Алайда қазіргі түркі елдерінің театры көрерменді тарта түсетін осындай коммерциялық жанрды қалай игеруде? Ол туралы Камила Ғабдырашитова зерттеп көрді. Сол сияқты, түркі википедиясы, тұңғыш рет түркі жерінде, Әзербайжанда өткен «Евровидение 2012» байқауы туралы да осы блогтан оқыңыздар.
Жақында Венгриядан атажұртқа бет алған үш аттылы мадияр – Иштван Бенце, Фаркаш Чемез бен Шандор Береш Астана күні елордаға ат басын тірейді. Олардың сапар барысы «Евразия – 2012. Сага. Рассвет» мақаласында суреттелді.
Түркі халықтары бағзыдан өз тамырын іздеп келеді. Генетикалық зерттеу жасау арқылы көптеген ғалымдар оның құпиясын ашуға тырысты. Ашты да. ДНК арқылы түркілер генінің зерттелуі тюрколог, филология ғылымдарының кандидаты Жарылқап Бейсенбайұлымен жүргізілген сұхбатқа өзек болды.
Terra Incognita блогынан режиссер Рүстем Әбдірашевтің Алтайға жасаған экспедициясына қатысқан, («По следам түрков. По следам Чингисхана»), әлемдегі 7 және 37 кереметтің санатына жатқызуға әбден лайық Байкөлге (Байкал) саяхат жасаған журналист Жұлдыз Сейсенбекова жолжазба очерктерін ұсынады.
«Тюркзода» блогы бойында түркі қаны бүлкілдеген тұлғаларды таныстырады. Орыс әдебиетіндегі «деревенская прозаның» шебері, жазушы Василий Шукшиннің шығармаршылығын жазушы Таласбек Әсемқұлов талдайды. («Сороковые синонимы Василия Шукшина»).
Ал Анна Ахматованың ұлы, ғалым Лев Гумилевтiң ауыр тағдыры, оның өмірінің көпке беймәлім беттері публицист Валерий Могильницкийдің мұрағат деректеріне сүйенген мазмұнды мақаласында ашылады. («Осень патриарха»).
Махмуд Қашқаридың «Диуани-лұғат ат-түрік» шығармасының ескі қолжазбасының табылу хикаясы туралы түркиялық қандасымыз Әбдуаһап Қараның мақаласы «Тюркский переплет» блогында жарияланды.
Ж.Баққондыұлы