Жаңалықтар

ӨЗ ЕРКІМЕН ӨЛIМДІ ТАҢДАУ

ашық дереккөзі

ӨЗ ЕРКІМЕН ӨЛIМДІ ТАҢДАУ

Адам бар жерде ауру, ауру бар жерде ауыр өлiм болмай тұрмайды. Кейде айықпас дертке шалдыққан науқастардың өмiрден безiнiп, Алладан жылдам өлiм сұрап, жаратқанға жалынатыны жасырын емес. Дегенмен мына жалған өмiрге жылап келетiн адамзат баласы о дүниеге қиналмай кеткiсi келетiнi де рас. Соңғы жылдары батыс елдерiнде әлгiндей жазылмайтын ауыр науқасқа шалдыққандарды өз өтiнiшi бойынша қиналмай о дүниелiк ететiн тәсiл кеңiнен қолданыла бастаған. Ғылым тiлiнде оны – эвтаназия деп атайды.

Көптеген дәстүрлі, дәстүрлі емес діни түсінік бойынша өзін-өзі өлтіру күнә деп есептелінгенімен, жазылмайтыны белгілі болған, төсек тартып, жаны да тәні де азап шегіп жатқан саналы адамның өлім өтініші бір қарағанда орынды секілді көрінетіндей. Онсыз да өмірден үміті қалмаған, жан шыдатпас аурудың зардабын тартып, өлім сағатын күтіп жатқан науқас осындай шешім қабылдап жатса не істегеніміз абзал? Жалпы әлем осы мәселеге қатысты шуласып жатқан тұста біздің қоғамда бұл тақырып мүлде көтерілмей тұр. Басына түскен баспақшыл демекші, ауыр науқасқа шалдықпайынша бұл туралы ойламаймыз, сөз етпейміз бе?

Осыдан екі жыл бұрын көрші үйдегі әжей аты жаман науқасқа шалдығып, дәрігерлер енді адам болмайды деген-ді. Көрші тұрған соң аралас-құралас күн кешіп келе жатқан әжейдің табан астында асқазанын алдыртып тастағаны біздің де жанымызға батты. Жанын қоярға жер таппай қиналып жатқан аналарына қандай жәрдем көрсетерін білмей құрақ ұшқан дәрменсіз бала-шағасының көз жасы көл болды. Байғұс кемпірдің халін сұрап анда-санда кіріп шығамыз. Кірген са-йын науқас кейуананың: «Е, Алла, мына балаларды әбден қинадым-ау, берген жаныңды қинамай ала гөрші, ертерек ала гөр!» деп жалбарынған күбір-күбір дауысын естіп, жанымыз тітіркеніп жүрді. Біздің қолдан «Құдай аясын» дегеннен өзге не келсін.

Жеті ай бойы төсек тартып, есірткі аралас ауру сездіртпейтін дәрілердің арқасында әупіріммен аман жатты. Әжей қатты қинала бастағанда анасына жаны ашыған баласының бірі: «Жанын қиналтпай әкететін дәрі бар ма екен өзі, қатты қиналды-ау», – деп қайғыра жылағанын көзіміз көрді. Ертерек құтылу емес, бейшара халдегі анасының жанын қайтсем жай таптырам деген перзенттік аяныш екенін кім сезбеді дейсіз. Науқастың тамыр-тамырын қуалап, жұлынға тіреліп, миға өткен атың өшкір обыр әжейдің ғұмырын ақыры жалмап тынды. Дәрігерлер болжаған мерзімнен бірнеше апта ғана асып барып дүние салды.

Осыны көріп өлімнің оңай емес екенін жас көңіліміз түйсінгендей болды. Құдай бетін аулақ қылсын, алда-жалда осылай аты жаман, жазылмайтын науқасқа душар бола қалсақ, көрші әжей секілді қиналамыз-ау деген ой санадан шықпай қойды. Бүйтіп сүрген өмірі құрысын десек те шыбын жан тәтті-ақ. Кімнің қиналғысы келеді дейсіз.

Десек те әлем елдері мен дәрігерлер қауымы өзін-өзі өлтіруге өтініш білдіру мәселесіне келгенде түрлі пікірде қалып отыр. Бірі – бұл діни тұрғыда дұрыс емес, адамның жанын алу Құдайдың ғана еркімен болатын нәрсе десе, енді бірі жазылмайтыны белгілі болған, күні таянған науқастардың өз өтінішімен өмірден кеткісі келетінін қолдап, заңдастырып та қойған. Эвтаназияны қолданысқа енгізуде Нидерланды мемлекеті ең алғашқылардың бірі болып табылады. Бұл елдің Жоғарғы Соты мұны тиімді тәсіл деп таныған. Ал Бельгияда эвтаназия 2002 жылы заңдастырылып, 200-ге жуық өлім аузындағы науқастардың қиналмай өмірмен қош айтысуына көмектескен. Ал 2004 жылы осы тәсілді өзіне қолданғандардың саны 360-қа жетіпті. АҚШ-тағы Калифорния штатының Жоғарғы Соты сонау 1976 жылы өмірді уақытша соза тұратын ем-дом жасау­ды шектейтін заң шығарып қойса керек. Мұны АҚШ-тың басқа да штаттары дұрыс көріп, өз жерлерінде де қолданысқа енгізіпті. Бүгіндері эвтаназия әдісі Құрама Штаттарында кең қолданысқа ие бола бастаған. Бірақ аталмыш заң бойынша науқас комаға түскенде, не болмаса операция барысында жүрегі тоқтап, клиникалық өлімге душар бола қалса, науқастың алдын ала жасаған өз шешімі бойынша одан әрі өмірін уақытша ұзарта тұратын реанимациялық тәсілдер тоқтатылады. Мұндай «жеңіл өлімге» қол жеткізетін заң тіпті Қытайда да қабылданған көрінеді. Әйтсе де, өз өтініші бойынша дозасы еселенген ұйқтататын дәрі немесе басқа да бір өмірді тоқтататын ине егуге АҚШ заңы бойынша қатаң қарсылық бар. Германияда да солай. Өз өтінішімен болса да ешкімнің өмірін қиюға болмайды.

Ал енді бұған шетел дәрігерлерінің көзқарасы қандай? Француз дәрігерлерінің үштен екісі жаны қиналыста жатқан, жазылуы мүмкін емес науқастарға қатысты эвтаназия әдісін қолдануды қолдайды екен. Көршіміз Ресейде бұл тәсілге заңбұзушылық ретінде қарайды. Тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылып, әдейі кісі өлтірді деген айып тағылып, дәрігерді абақтыға тоғыту да көзделген. Жалпы, орыс дәрігерлері де эвтаназияны қолдануды құп көрмейді. Моральдық жағынан дұрыс емес деп топшылайды.

Пікірлердің, заңдардың сан алуандығына қара­мастан эвтаназияны насихаттау жұмыс­тары әлемде толастамай отыр. Оны жақ­тау­шылардың алға тартатыны «адам өмірі тек денсаулығы толыққанды өмір сүруге жарағанда ғана мағыналы, өлімші халде қиналып жатқанша бір-екі апта немесе бір-екі ай бұрын өз өтінішімен өмірден ертерек кеткені науқас үшін тиімді болмақ. Біз олардың қиналысын түсінуіміз керек және қиналмай ертерек жан тапсыруына жәрдемдесуіміз шарт» дегенге саяды. Қарсы жақ болса: «Ол дегеніміз өзін-өзі өлтіру. Қылмыс. Адамның дені сау кезде ғана өмірі мағыналы, қалған кезде түкке тұрмайды деу, сол арқылы өмірден өз еркімен кетуіне жол беру моральдық тұрғыдан жаңсақтық. Тіпті адам есін білмей, былайша айтқанда өсімдік тәрізді халде жатса да басқалар үшін оның сол жатқанының өзі үлкен мәнге ие болуы мүмкін. Туыстары үшін жақынының ес-түссіз жатқанының өзі жандарына демеу емес пе? Діни ұстаным бойынша да өзін-өзі өлтірген адам кешірілмес күнә жасағаны», – деген пікірде.

Ал өз еліміздегі жағдайға келсек, Қазақстанда эвтаназияны қолдануға қатысты не қарсы, не жақтайтын заң жоқ. Тіпті бұл мәселе мемлекеттік деңгейде ауызға да алынбаған көрінеді. Ауру Алланың ісі дейтін қазекем әу бастан Әзірейіл қашан келіп жанын алып кеткенше күтуге әзір. Бір шетінен дініміз де, салтымыз да, дүниетанымымыз да бұған қарсы. Жалған дүниеге келген соң, сау болсаң да ауру болсаң да Алланың берген өмірін сүруге хақылысың. Исламның шарты бойынша ауыр дертті де, жеңіл дертті де Алла тағала сынақ үшін жібереді. Жан шыдатпас дерт арқылы бұл дүниедегі кейбір күнәларыңнан тазаруың да мүмкін. Асыл дініміздің осы бір қағидаттарын қатаң ұстанатын ұлтымыз эвтаназияға аса мән бермеуінің де бір сыры осында жатқан секілді. Дегенмен пенде шіркіннің өмірі қыл үстіне тұрғанда жанын қоярға жер таппай, есін алған аурудан ертерек құтылғысы келіп, безектейтінін қайтіп жасырарсың. Адамның бәрі шетінен төзімді емес. Бүйтіп масыл болғанша, жанымды қинамай ертерек кетсем екен ана жаққа дейтіндердің болатыны да рас қой.

Қайткен күнде де адамзат өркениеті демо­кратиялық жолды қалап, жеке адамның таңдау құқығы бірінші кезекке шығып отырған қазіргідей жаңарған заманда, әлеуметтің ақыл-есі толысып, мәселені қоғам болып шеше алатын тұста бұл тақырыпты да халықтың талқысына тастағанды дұрыс көріп отырмыз. Себебі әлем бұған бей-жай қарап отырған жоқ. Адамның өмірі сөз етілгенде кез келген нәрсені ақылмен таразылап, кей кезде таңдау құқығын жеке адамның өзіне қалдырғанның да айыбы жоқ сықылды. Әркімнің өз өміріне өзі ғана жауапты екенін де естен шығармаған абзал.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы