Жаңалықтар

«АЙ ДА ЖАЛҒЫЗ, АЙША ДА ЖАЛҒЫЗ...»

ашық дереккөзі

«АЙ ДА ЖАЛҒЫЗ, АЙША ДА ЖАЛҒЫЗ...»

Жер шарында өзінің төл шығар­ма­ла­ры­мен бүкіл халықтың сүйіспеншілігіне бө­леніп, махаббатына ие болған туын­ды­герлер аз емес. Солардың қатарында қазақ ұлтының мақтанышына айналып, риясыз пейілдерінің ризашылығын мен­шік­тегендері де жетерлік. Соның бірі – Шер­хан Мұртаза.Ұлттық рух пен ұлттық са­наға, ұлттық дәстүрге, қоғамдық дамуға ат­салысып, халық қамын ойлап, өзіндік пікірімен шындық үшін шырылдаған бірден бір адам деп айтуға лайық. Шерхан атаның қай шығармасы да тұнып тұрған тарих. Өткенсіз болашақ жоқ. «Ей, адамдар, өткеннен өнеге ал, онсыз бола­шақ­қа қалай бармақсың. Сен шыққан ха­лық­тың тереңге тамыр тартқан тарихы бар, ұлтын сүйген ұлдары мен қыздары бар, соларды үлгі тұт» деп тұрғандай. Әрбір шығармасында қазаққа, Отанға деген сүйіспеншілік пен отбасына деген сыйластықтың иісі аңқып тұр. Кеңестік қоғамның қылышы қылшылдап тұрған кезеңде қазақ тілі туралы тайсалмай пікір айтып, қазақи хабарлар жасап, мақалалар жазып, ұлт туралы ұлағатты әңгіме қозғау – нағыз ерліктің нышаны. Жуалының өкпек желінің өтінде дүниеге келген, Бауыржандай батырдың тәрбиесін көрген атамыздың мінезі басқадай болуы мүмкін де емес. Тектілік қанмен келетін қасиет екендігін, қазақтың күрескерлік, еркіндік сүйгіш, рухы мықты халық екендігін шығармаларына арқау етті. Сол арқылы жеткізе білді. «Қызыл жебе» романында Рысқұлдың бала кезіндегі және есейген ке­зіндегі портреті: «Аласа төсектен сал­бы­раған арық қолды қонқақ мұрын тәуіп шал әлі ұстап отыр. Арықтықтан баланың шыңдығы шодырайып, шығып тұр. Топ-толық қарулы бала енді қауқарсыз сүлде сүйек боп қалған қара торы өңі қазір боп-боз. Көзінің айналасында көгірес көлеңкесі түскен. Бұрын тәмпіктеу мұрын енді ерекше сопайып, ебедейсіз көрінеді. Жа­нарында ұшқын бар екен». Сұрықсыз, әлсіз болса да бұл баланың бойындағы жігер мен күш, болашақта адал ұл болып, ұлттың жоқтаушысына айналатын асыл қасиет осылай суреттелген.

Ал есейген кезіндегі мына портрет: «Бұл өзі Шілменбет руынан шыққан қара­пайым қазақ еді. Қара шаруа болса да, рухы күшті, қайраты мол, қажырлы қазақ. Бұл атырапта одан өткен мерген, Іле Алатауын одан артық білетін адам бол­маған». Жай қарапайым ауыл баласын суреттей отырып бүкіл ұлттың прототипін беріп отыр. Қарапайым ғана бала мен аңшыны осылай суреттеуі – өз ұлтының ұл­дарына деген құрметі, қала берді мақ­та­нышы.

«Қызыл жебені» оқи отырып сол ке­зең­дегі ұлт бейнесі мен ұлт мәселелеріне үңілеміз. Халықтың психологиясы мен сол заманның шындығына куә боламыз. Шығармаларында қарапайым ғана адамдар арқылы бүкіл қоғам мен халыққа сипат бе­рілген. Сөздері жеңіл, тез санаңда жат­та­лып қалады.

Менің Шерхан атамен алғашқы таныс­ты­ғым «Тамұқ» кітабын оқудан басталып еді. Кітапты екі қайтара оқып шығып, автордың сөз саптауы мен кейіпкерлерді су­реттеуіне тәнті болғаным соншалық өзім сол оқиғалардың ортасында жүргендей әсер алғанмын. Бертін келе «Ай мен Айшаны» оқып, қазақ әйелдерінің сол кезеңдегі жанкештілігі мен жетім бала, жесір әйел өткен өмір өткелдерін көз ал­дыңа киноның лентасындай тізбектеп қой­ған шынайы суреткерге шын көңіліммен риза болғаным бар. «Ай да жалғыз, Ай­ша да жалғыз, Ай да жылайды Айша да жылайды» деген сөйлемі мәңгілік жа­дым­да қалыпты. Әсерлілігінен болар.

Алайда өзі өмір сүрген кезеңдегі әйел­ мәселесін, қоғамдағы әйелдің ролін, Шерхан ата Айшаның бейнесі арқылы сол заманның тыныс-тіршілігін де беруге тырысқан. Қандай қоғамда болмасын бала мен ана бірінші орында тұруы керек. Қазақ әйелдерінің бой­ындағы шыдамдылық, төзімділік, ма­хаб­батқа адалдық, балаға деген мейірім ту­ралы көптеген эпизодтар баршылық. Бәрі де шынайы. Өйткені ол бала Шерханның басынан өткен оқиғалар.

Кейінгі кезеңде «Бір кем дүние» ат­ты шығармасы жарық көрді. Терең фило­со­фиялық оймен өмір шындығын көріп жазған шығарма адамдар көңілінің бір қылы сыпатты. Жайшылықта ойға келе бермейтін мәселелерді көтеріп, бұл дүниенің жалғандығын есіңе салатындай. Адамды тіршілігінде сыйлап, тіршілігінде ба­ғалап, барды бардай көрсетуге шақы­ра­тындай

Заман өзгергенмен қазақ халқының салт-дәстүрі, ырым-тыйымы, ұлттық құн­дылықтар, ұлттық сана ешуақытта жойылуы мүмкін емес. Халықпен бірге дәстүр де жаңарып жаңа бағытта өмір сүреді. Демек жаңғырып отырады деген сөз.«Ой, заман-ай десеңші. Бұл халық ғасырлар бойы осы жүннен киіз басып, киім тігіп; теріден тон, етік, мәсі киген, табиғаттың өзі берген өнімдер еді ғой. Енді керек болмай қалыпты – мыс. Бекер сөз. Неге керек болмасын?! Қолынан іс келе­тіндер, өнерлілер, замана талабына сай өнім шығара алатындар, біздің ауылдың тау-тау болып үйіліп жатқан жүн-жұрқасын, тері-терсегін тиын-сиынға сатып алып, өз еліне апарып, баптап, өңдеп, осы заман үлгісіне сайма-сай киім тігіп әкеліп, қымбатқа өткізеді. Ондай киім кигендерге атты адам жерге түсіп, жаяу адам жатып қарайды. Әрине, салақтан олақ жаман. Осындай керемет ойлы сөздер тапқан халық, қолынан іс келмейді деп кім айтады?! Бәрі − бастан ұйымдастыра алмаудан. Бір кем дүние».

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Шер­хан атаның шығармалары шындыққа негіз­­делген. Ащы да болса халықтың басынан өт­кен әрбір оқиға лайық бағаланып, «бо­лашақ ұрпақ үлгі алатындай, сол қа­те­лік­тер­ді қайталамайтындай болса екен» деген ниет­тен туған шығармалар.

«Ал ХХ ғасырдың 32 жылының сыры мен жыры басқаша. Қазақтардың жартысынан көбі қырылған жыл. Зобалаң зорлық жылы. Азынаған ашаршылық.

Мен туған жыл. Сол жылы менің мыңдаған құрдастарым аштан, қара шешектен өлді.

Біздің елде сондай зұлматтың құрбан­дарына ескерткіш те жоқ. Бір кем дүние…».

Туған жердің табиғаты да терең ойлы, көп­ті көрген, халқының болашағын ойлап са­насы сан-саққа жүгірген Шерхан атаны ой­ландырмай қоймады.

«Бірақ қазір сол Бетпақта баяғы мың­ғыр­ған, мың-мыңдаған киік қалмай бара жатыр. Бетпақтан Азғырға дейін созылған полигондар… төбеден төнген ракеталар… космодром… Мемлекет ішіндегі мемлекет. Бір түрлі ыңғайсыз. Үйіңнің бір іргесінен ызғырық ұрып тұрғандай.

Бүйректен тиген суық жаман. Бір кем дүние».

«Бір кем дүниеге» қазақ халқының біртуар ұлдары туралы да тебіреніске толы ойлары, ұлтының ұлыларына деген сағынышы арқау болған. «Бір жалдамалы газет мені жәбірлей, әлдеқашан әділетсіздіктен, зорақылықтан атылған Тұрар Рысқұловты қорлап, жала жапты. Бүгін «Егемен Қазақстан» тұтас бір бетін Тұрарға арнап, ақтап, мақтап жазды. Бір кем дүние. Осылай өте берер».

Шерхан ата шығармалары арқылы ғана емес, депутат болған кезінде үлкен мінберден мемлекеттік тіл, ұлттық тәрбие, ұлттық сана туралы «турасын айтып туғанға жақпаған» адам.

Сонау Жәнібек пен Керей ханнан бас­тау алатын қазақ халқының тарихын туын­ды­ларына арқау етіп, ақтаңдақтардың бетін ашып, көркемсөзбен қазақ арыстарына өл­мейтін ескерткіш орнатып, санаға сі­ңі­ретіндей шығармалар жазған ұлттың ұла­ғатты перзентінің мерейтойы жақын. Қуа­нышыңызды халқыңызбен бірге той­лай беріңіз. Өйткені сіз – Халық жа­зу­шы­сы­сыз, халық перзентісіз.

Сандуғаш ЖҮНІСӘЛИЕВА,

«Бауыржантану» ғылыми-зерттеу

орталығының ғылыми қызметкері