АТҚАРЫЛАР ІС АЗ ЕМЕС
АТҚАРЫЛАР ІС АЗ ЕМЕС
Астанада өткен Индустриялық форум барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Қуатты Қазақстанды бiрiгiп құрамыз!» атты телекөпiр ұйымдастырылды. Мұнда ел Үкiметi мен сала басшылары дүйiм жұрт алдында Үдемелi индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру бойынша қорытынды есеп бердi. Одан бұрын Елбасы «Қазмедиаорталық» кешенiндегi арнайы көрменi аралап, елiмiзде құрастырыла бастаған жеңiл көлiктер мен автобустар, ұшақтар мен тiкұшақтар, әртүрлi салаларға қажеттi техникалар мен құрал-жабдықтарды тамашалады.
Бұл көрме «Қазақстанда жасалғанды сатып ал!» деп аталған. Мұнда отандық тауар өндірушілердің шамамен 250-дей кәсіпорны 700 түрлі төл өнімдерін ұсынды. Оның ішіндегі 600-ден астамы – өңдеуші өнеркәсіптің дайын өнімдері. Бұрын-соңды киім-кешектерде, құрылыс және тұрмысқа қажетті материалдардан «Қазақстанда жасалған» деген таңбаны жиі көре бермейтіндердің төбесі көкке жетті. Индустриялық-инновациялық жобалардың қуатты жүзеге асуы мен нақты қол жеткізген көрсеткіштері «Қуатты Қазақстанды бірге көркейтеміз!» атты дәстүрлі индустриялық жалпыұлттық телекөпір форумда жалғасын тапты. Бұл форумға «ҚазСат-2» ұлттық жерсерігі арқылы барлық аймақтардың әкімдері тікелей байланысқа шығып, жұмыстарының қорытындысын жариялады.
– Бұл – біздің атқарған жұмысымыздың нәтижесі! Мұны әрбір қазақстандықтың көруі маңызды. Өйткені бұл көрсеткіш күрделі жағдайды бастан кешіріп отырған жаһандық даму үрдісіндегі біздің мемлекетіміздің бәсекеге қабілеттілігін, даму мүмкіндігін айқындайтын маңызды шара», – деді Елбасы.
Елбасы әуелі Экономикалық даму және сауда министрінің есебін тыңдады. Аталмыш ведомствоның министрі Бақытжан Сағынтаев: «Әлемдік экономикадағы және сыртқы нарықтардағы белгісіздікке қарамастан, Қазақстан экономикасының оң өсімі қамтамасыз етілді», – дей келе, былтыр жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 27,3 триллион теңгеге жетсе, осы жылдың қаңтар-наурыз айларында жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші 5,6 пайызға өскенін тілге тиек етті.
2010-2014 жылдарға арналған «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасының көрсеткіштері де көңіл көншітерліктей. Ел экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосқан бағдарламаның діттегені – ел экономикасын әртараптандыру, тезірек түрлендіру болатын. Бағдарлама үмітті ақтап келеді. Биыл көлік құрастыру саласында – 16,4 %, жеңіл өнеркәсіпте – 11,5%, фармацевтикада – 9,6%, химия саласында – 3,7% пайыз өсім байқалды. Мұнымен қоса шикізаттық емес экспорт көлемі де артып отыр. Ол 2012 жылдың қаңтар-сәуір айларында – 7 миллиард АҚШ доллары болды. Инновацияға да иек артқан салалардың шоқтығы биік. «Инновациялық грант» бағдарламасы жүзеге асып, өткен жылы 129 инновациялық грант берілген. Инвестиция көлемі де артып келеді. 2012 жылдың өткен бес айында 1 миллиардқа жуық инвестиция тартылған. Ал, елімізді индустрияландыру картасы да кемелденіпті. Ол бүгінде жалпы құны 11 триллион теңге болатын 706 жобаны біріктіріп отыр. Нәтижесінде 218 мың жаңа жұмыс орны ашылған.
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Еуроаймақтағы қарыздық дағдарыстың ушығуы әлемдік экономиканың өсімінің баяулауына, тиісінше, мұнай мен металдарға деген әлемдік бағаның құлдырауына, қаржы нарығындағы тұрақсыздыққа әкеп соқтыруы мүмкін. Осыған орай экономикалық даму министрлігі жаһандағы экономикалық үдерістерге және олардың Қазақстанға ықпалына тұрақты мониторинг жүргізуде.
«– Дағдарысқа қарсы жоспар әзірленді. Онда экономиканың өзгеруінің барлық ықтимал сценарийлері, соның ішінде терісі де ескеріледі. Жоспарда экономикалық дамуды қосымша ынталандыру бойынша қажетті іс-шаралар көзделеді. Ықтимал дағдарыстың ел экономикасына мейлінше аз ықпал етуі үшін барлық шаралар қарастырылған. Біздің мақсат – экономикалық дамудың теріс сценарилерін болдырмау және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау», – деді Экономикалық даму және сауда министрі. Бақытжан Сағынтаевтың баяндауынша, тұрғын үй құрылысы 20,8 пайыз өсімді құрап отыр. Құрылысқа тартылған инвестиция 134 миллиард теңгеге жетсе, 2,4 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қаржы рыногында депозиттердің 14,8 пайызға өскендігі байқалып, несиелер саны 17,4 пайызға артқан. Ұлттық қордың қаржысын қоса есептегенде еліміздің халықаралық резервтері жыл басынан бері 12,9 миллиард АҚШ долларына артып, 85,9 миллиард доллар қаржыны құрады. Республикалық бюджет кірісі 2,7 триллион теңгені құрап, 25,5 пайызға артты. Ал шығыстар 2,4 триллион теңгеге жетіп, 19,5 пайызға өсті. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қосымша кәсіпкерлікті енді бастаған азаматтарға бірінші рет 1,5-3 миллион теңге аралығында гранттық қаржы берілмек. Сондай-ақ жаңа кепілді несиелік жүйе өз жұмысын бастамақ. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Қолжетімді баспана–2020» бағдарламасымен жаңа пішіндегі жұмыстар жүруде. Жалпы, 2020 жылға дейін 63 миллион шаршы метр тұрғын үй бой көтермек. Осының нәтижесінде бір миллион отбасы тұрғын үй жағдайын түзейді. Ал биылға 6 миллион шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын модернизациялау бағдарламасы да өз ағысымен келеді.
Сондай-ақ, министр «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына қосымша жаңа «Ауылдық елді мекендерді дамыту» бағыттары енгізілгенін жеткізді. «Мұнда шалғайдағы коммуналдық, көлік және әлеуметтік құрылымдарды, сонымен бірге емдеу амбулаториялық және фельдшерлік-акушерлік пункттерді дамыту көзделген. Жалпы, бағдарламаның танымалдылығы артып келеді. Мәселен, жарты жылдың ішінде осы бағдарламаға 89 мың адам қатысқан. Ал өткен жылы жыл бойы қатысқандар саны бар-жоғы 100 мың адамды құраған еді. Ал «Ақ бұлақ» бағдарламасы негізінде биылғы жылдың соңына дейін 342 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде қаладағы тұрғындарды орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуді 84 пайызға, ал ауыл халқын 43 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Білім саласына келер болсақ, мектепке дейінгі балалар көрсеткіші 10 пайызға артып, 65 пайызды құрап отыр. Апаттық жағдайдағы мектептер 24 пайызға қысқарып, үш ауысымдық мектептер 17 пайызға төмендеді. 99 мектеп пен 29 балабақша құрылысы жүріп жатса, оның ішінде биылғы жылы 69 мектеп пен 16 балабақша пайдалануға берілмек. Денсаулық сақтау саласында да ілгерілеушілік байқалады. Қан қысымы ауруларынан болатын өлім-жітім 40 пайызға төмендесе, туберкулезбен ауыратындар саны 13 пайызға қысқарған. Ана өлімінің 11 пайызға төмендеуі де көңілге медеу, – деді Б.Сағынтаев.
ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАҒА ОҢ ӘСЕР
Бұдан соң Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мінберге шығып, жаңа индустрияландыру аясында 2,5 жыл ішінде атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. 443 жаңа өндіріс ашылыпты, оның ішінде 2012 жылдың бірінші жартыжылдығында 54 жоба іске қосылған. Осылардың бәрінің арқасында экономика құрылымы өзгере бастады. Бұрын Қазақстанда болмаған жаңа өнімдер шығарылуда.
Жаңа индустрияландыру өнеркәсіптің базалық салаларының өсуі үшін жағдай жасады. Тұтастай алғанда, бес жылға есептелген бағдарлама индикаторлары кестеден оза отырып, орындалуда. Мысалы, машина жасаудағы жиынтық қосылған құн – 169,4%-ға артса, өндіріс көлемі 300 миллиард теңгеден 500 миллиард теңгеге дейін өсті.
Химия саласында өндіріс көлемі үштен бірге артқан. Жоғары деңгейде өңделген өнімнің экспорты 2010 жылға қарағанда 2 есе ұлғайыпты. Құрылыс индустриясында жалпы қосылған құн 160%-дан асты. Болжам бойынша отандық құрылыс материалдары үлесі 80%-ға дейін өседі делінген, бұл жоспар да мерзімінен бұрын орындалғалы тұр. Қазірдің өзінде ол 67% құрайды. Тау-кен металлургия секторында жалпы қосылған құн 49% өсті. Жоғары технологиялық өнім экспорты 58% ұлғайды. Индустрияландыру қазірдің өзінде ұлттық экономикаға оң әсер етуде. Оны мына көрсеткіштер айғақтайды: біріншіден, еңбек өнімділігінің артуы. Өңдеуші өнеркәсіпте ол 32 пайызға өсті (2008 жылы саладағы әр жұмысшыға шаққандағы 38,6 мың АҚШ долларынан 2011 жылы 51 мың АҚШ долларына дейін артқан). Екіншіден, инновацияны дамыту. 300-ден астам инновациялық жобалар мемлекеттік қолдау тапты. Үшіншіден, бизнесті дамытуды ынталандыру. Кәсіпкерлікті қолдаудың шамамен 100 құралы әзірленді. 1500 кәсіпорын шикізаттық емес экспортты қолдау бағдарламасының қатысушыларына айналды. Өңделген өнім экспортының көлемі 22 млрд. доллардан асты!
Алдын ала деректер бойынша, тек өткен 6 ай ішінде Индустрияландыру картасының барлық кәсіпорындары 300 миллиард теңгенің өнімін шығарыпты.
Индустрия министрі Жаңа индустрияландырудың «институционалдық қаңқа-каркасын» тұрғызу аяқталғандығын мәлімдеді. Ендігі міндет – жаңа үлгідегі экономиканың дамуының индустриалдық негізін тұрғызу болмақ. «Алайда біздің ұлттық жобамыз күрделі уақытта жүзеге асырылуда. Қаржылық дағдарыс өрістеуде, қалыптасқан технологиялық тәртіптің ауысуы үдерісі қарқын алды, тұтыныстың сипаты мен жағрафиясы өзгеруде. Сонымен, бір уақытта тәжірибе көрсеткеніндей, дағдарыс тек қатер ғана болып табылмайды, ол сондай-ақ жеделдетілген индустрияландыру үшін белгілі бір мүмкіндіктер береді. Өйткені тек шикізаттың ғана емес, сонымен бірге құрал-жабдықтардың, инжинирингтік компаниялардың қызметінің құны төмендейді. Ел Үкіметі мұнай-газ, мұнай-химия, металлургиялық салалардағы және инфрақұрылымға қатысты ірі жобаларды іске асыру үшін осы мүмкіндікті пайдаланбақ ниетте екен. Сондықтан жаһандық қатерлердің бас көтеруіне жауап ретінде үдемелі индустрияландыру бағдарламасын күшейту бағытында тиісті түзетулер енгізу қажет».
ҚАЗАҚСТАН САНДЫҚ
ЖҮЙЕНІ ТАҢДАЙДЫ
Индустриялық форум барысында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев ұлттық сандық телехабар тарату жүйесін ресми түрде іске қосты. Таныстырылымдық бейнероликте айтылғанындай, сандық телеарна – бұл бейне мен дыбыстың жоғары сапасы. Жаңа жоба көпарналы хабар таратуға, ұлттық желілік ресурстарды тиімді пайдалануға жол ашады. Хабар таратудың тиімді жүйесі арқылы еліміздің өңірлеріндегі жұртшылық көптеген телеарналарды тамашалауға мүмкіндік алады. Атап айтқанда, отандық 32 телеарна мен радиоарналар сигналы өңірлерге жоғары сапамен жетеді. Сандық эфирлік телеарна алдымен Астана, Алматы, Жезқазған және Жаңаөзен қалаларында таратылып, екінші кезеңде 13 облыс орталығы мен шекаралық аймақтар қамтылады. 2015 жылға дейін елді мекендердің 95 пайызы отандық сандық телеарнамен қамтылады.
«Өткен жылы спутниктік цифрлық телевизия іске қосылды. Қазір бірінші кезеңде елімізде «эфирлік цифрлық телевизия» іске қосылуға дайын. Бүгінде «ОТАУ ТВ» спутниктік желісін 150 мыңдай отбасы тұтынып отыр. Мұнымен қоса халықты спутниктік телевизияға қосылу үшін қажетті құрылғылармен қамтамасыз ету мақсатында отандық қабылдағыштар мен декодерлер өндірісі ұйымдастырылды», – деді Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев. «Спутниктік ТВ-ны іске қосумен бір уақытта телевизия хабарларын таратудың ұлттық эфирлік цифрлық желісінің құрылысы басталды. Оның негізі ретінде ең перспективті еуропалық стандарт — DVBT2 алынды». Қазіргі кезде осы жобаның бірінші кезеңі аяқталып отыр. «Осылайша, 370 елді мекенде тұрып жатқан 3,5 миллионнан астам азаматтарымыз цифрлық эфирлік телевизияға биылғы жылы-ақ қол жеткізеді. Барлық қазақстандық телеарналар хабар таратудың цифрлық стандартына көше алады. Бейне мен дыбыстың сапасы елеулі жақсарады. HD форматында жоғары айқындылықтағы кескінді беру мүмкіндігі пайда болады», – деп артықшылықтарды тізбеледі министр. Оның үстіне «цифрда» ұлттық эфирлік хабар тарату желісін іске қосу жаңа қазақстандық телеарналарды ашуға мүмкіндік бермек. Соның айғағындай, елімізде «24.kz» атты жаңалықтар арнасы құрылып отыр», – деді ол. Бірінші қыркүйектен бастап Қазмедиа орталығының базасында елімізде тұңғыш рет тәулік бойы жаңалықтар тарататын «24.kz» санды телеарнасы жұмыс істей бастайды. Бұл барша қазақстандықтар үшін үлкен жаңалық. Аталған телеарна ВВС, CNN, Euronews және Ресей 24 сияқты әлемдік арналардың қазақстандық баламасы. Күн сайын телеарна 48 «жаңалықтар», 40 ақпараттық-тақырыптық бағдарлама дайындайды. Арна елдегі және шекараның ар жағындағы оқиғаларды жедел, анық, қысқа әрі толыққанды таратуды басшылықта ұстайды. «24.kz»-тің шетелдік басты ақпараттық әріптесі – «Reuters» агенттігі. Телеарна қызметкерлерінің саны – 350 адам. Орталық кеңсесі – Астанада. Республика бойынша өкілдіктері ашылған. Телеарна ең озық технологиямен жабдықталған. «24.kz» базасында соңғы үлгідегі жинақы телевизиялық станса жұмыс істейді. Бұл ақпараттық жедел тарату мүмкіндігін арттырады. Арна «Отау ТВ» ұлттық спутниктік жүйесі арқылы хабар таратады. Бұдан бөлек www.24.kz веб-сайты іске қосылады.
АЛЫС ҚАШЫҚТЫҚТАР ҚЫСҚАРМАҚ
Телекөпір арқылы Мемлекет басшысы Павлодар облысындағы 2014 жылы іске қосылатын Бозшакөл кен байыту комбинаты құрылысын бастауға рұқсат берді. Бұл жоба Павлодар облысында мыс саласын дамытып, елді жарты ғасырға жуық түсті металдармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Комбинат жаңа жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықталады. Нұрсұлтан Назарбаев отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету үшін бұл комбинаттың аса қажеттігін атап өтті: «Қытай Халық Республикасымен де келісім бар. Сондықтан да тұтынушы болады деген ойдамын. Оның үстіне, Павлодар облысында тағы да бір ірі тау-кен металлургия кәсіпорны пайда болды» деген Президент «Қазақмыс» корпорациясының басшысы Эдуард Огайға кәсіпорын құрылысын жоспарлы мерзімде аяқтауға тапсырма берді. Ал корпорация комбинаттың алғашқы өнімін 2015 жылы шығаруға сөз берді.
Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан үшін ғасырлық жоба» ретінде «Жезқазған-Бейнеу», «Арқалық-Шұбаркөл» теміржолдарының құрылысын бастауды мақұлдады. «Бұл көптен бері аңсаған, алайда қаражат болмай, қол жетпей келе жатқан үлкен жоба еді. Бұлай дейтініміз, бір жағынан 1 мың шақырымнан артық темір жолды қазіргі заманда дүниеде ешбір мемлекеттер салып жатқан жоқ. Күштері жетпейді. Біз тәуелсіздіктің арқасында осы жылдарда 1300 шақырым жол салдық. Қостанай мен Ақтөбені қостық. Сыртқа шығып, айналып жүрген шығыстағы өзіміздің жолды қосып, Өскеменге Қазақстан арқылы тікелей баратын болдық. Анау күні Қытайдың шекарасымен Алматыны қостық. Енді мына жолдың маңызы өте зор. Себебі Жезқазғанның, Арқалықтың экономикасы өркендейтін болады. Орталықтан, шығыстан Каспий өңіріне, батысқа қарай тасымалданатын біздің тауарлардың бағасы арзандап, сапасы жақсарады, оларды жеткізу жылдамдығы артады. Жоба 700 миллиард теңгеге түседі», – деді Елбасы.
АСТАНА – ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ ОРТАЛЫҒЫ
Мемлекет басшысының индустрияландыру бағдарламасы еліміздің өзге өңірлерімен қатар, Астана қаласында да табысты жүзеге асуда. Бүгінде елорда «болашақ экономикасының» орталығы – тәуелсіз қазақ елінің қуатты локомотивіне айналды. Адам капиталын жинақтау жағынан Астана көш бастап тұр. Бас қаламыз аймақтық даму жоспарында 2020 жылға дейін агломерация ретінде бекітілген. Соңғы жылдары Астана қаласының өңдеуші саласындағы өндіріс көлемі 7 есеге өсіп, 112 миллиард теңгені құрады. Инвестиция көлемі жағынан жетекші орынға ие. Соңғы 10 жылда инвестиция көлемі 8 есеге ұлғайып, 50 миллиард теңгеден 400 миллиард теңгеге жетті. «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында түрлі салалар бойынша 40 серпінді жоба жүзеге асты. Ал өткен 2,5 жылда құны 16,3 миллиард теңге болатын 6 жоба іске қосылды.
Елбасы Үкімет алдына елімізде өндірілетін алтын көлемін жылына 70 тоннаға дейін жеткізу міндетін қойған еді. Осыған байланысты Астана қаласында аффинаж зауытын салу қолға алынды. Бұл өндіріс орны стратегиялық нысан ретінде саналады. Бейнекөрініс көпшілік назарына ұсынылғаннан кейін байланысқа «Тау-кен-Самұрық» АҚ басқарма төрағасы Мәжит Тұрмағанбетов шығып, елордадағы аффинаж зауытының құрылысы жобасына тоқталды. Оның айтуынша, Германиядағы аффинаждық жетекші кәсіпорындардың озық үлгідегі инновациялық технологиялары пайдаланылады. Зауытты іске қосу 2013 жылғы төрт тоқсанға жоспарланып отыр. Оның қуаттылығы жылына 25 тонна алтын және 50 тонна күміс өндіруге есептелген. Мәжит Тұрмағанбетов Мемлекет басшысынан аффинаж зауытының құрылысын бастауға рұқсат беруді өтінді. Елбасы оларға құрылыс жұмыстарын бастауға рұқсат етіп, сәттілік тіледі.
Индустрия көшбасшысы атанған «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы орасан зор табыстарға қол жеткізді. Жетіген – Қорғас, Өзен – Түркіменстанмен мемлекеттік шекара желілері пайдалануға берілді. Астанада әлемдік талаптарға сай «Локомотив құрастыру зауыты», Екібастұзда вагон жасау компаниясы, Астанада жолаушылар вагонын құрастыру зауыты іске қосылды. Өткен жылы елордада Мемлекет басшысының қатысуымен «Тұлпар – Тальго» жолаушылар вагоны өндірісі зауыты ашылған болатын. Ал алғаш рет отандық өнімдермен жабдықталған пойыз Алматыдан Петропавл қаласына жетті.
Сонымен, Астанадағы «Қазақстанда жасалған» көрмеде жұртшылық отандық өнімдерді көріп қана қоймай, оларды сатып алу мүмкіндігіне де ие болды. Жыл сайын отандық өнім артып келеді. Міне, бұл индустрияландырудың нақты жемісі болса керек. Олардың барлығы «Қазақстанда жасалған» белгісі атауымен ерекшеленеді. Ал елордадағы жәрмеңке аясында жалпы көлемі 15 миллиард теңгенің 46 келісімі жасалды.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ