ҚАЗАҚША СӨЙЛЕГЕН «ӨРМЕКШІ АДАМ»

ҚАЗАҚША СӨЙЛЕГЕН «ӨРМЕКШІ АДАМ»

ҚАЗАҚША СӨЙЛЕГЕН «ӨРМЕКШІ АДАМ»
ашық дереккөзі

Әйгiлi мультфильм кейiпкерiнiң бiрi – «Өрмекшi адам» қазақша сөйледi. «Өрмекшi адамның» қазақша сөйлеуiне себепкер болған «Болашақ» Қауымдастығы. Бұл «Болашақ» Қауымдастығының қазақшаға аударған төртiншi блокбастерi. Естерiңiзде болса, бұған дейiн «Көлiктер» мен «Қара киiмдiлердiң» қазақ тiлiнде сөйлегенi белгiлi. Ал «Жаңа өрмекшi адам» сол топты жалғастырып отыр.

Голливудтық блокбастердің мем­лекеттік тілдегі дубляждық нұсқасын алғашқы болып, астаналықтар тамашалады. «Жаңа өрмекші адам» фильмі Астана қаласы мен Ақмола облысының балалар үйінің тәрбиеленушілеріне көрсетілді. Еліміздің өзге аймақтарында фильмнің қазақ және орыс тіліндегі нұсқалары 5 шілдеден басталмақ. «Жаңа өрмекші адам» фильмі қазақ тілінде дубляждалған төртінші жоба. Талантты клипмейкер Марк Уэббтың ту­ындысын қазақша сөйлетуге бар-жоғы екі апта уақыт кетіпті. Ал «Өрмекші адамның» қазақша сөйлеуі үшін 17 миллион теңге жұмсалған. Фильмді дыбыс­тау үшін 30 адам қатысқан. Фильмнің кейіпкерлері үшін Қазақ тілі жетінші тіл болып отыр. Бұған дейін блокбастерді француз, ағылшын елдері аударған екен. – «Жаужүрек мың бала» фильмін көруге көрерменнің ықыласы ерекше ауғаны белгілі. Кино көру ежелден қалыптасқан үрдіс қой. Кеңес заманында да фильм көруге деген көпшіліктің ынтасы жоғары еді. Сол дәстүрді қайталап, көрермендер қазақ тіліндегі фильмдер шықса, түптің-түбінде барлығы сол қазақ фильмдеріне барады деп ойлаймыз. Біз соған сенеміз, – дейді «Болашақ» Қауымдастығы кеңесінің төрағасы Бауыржан Байбек. Фильмді қазақ тіліне аударған «Синема Тон Продакшн» компаниясының Алматы студиясы. АҚШ, Ұлыбритания, Ресей және Қазақстан мамандары бірлесіп, жүзеге асырған жоба көпшілік көрерменнің ыстық ықыласына ие болады деген ойдамыз.
Жансая КЕНЖЕБЕК