«ТАЙЖАРЫСТА» ТОП ЖАРҒАНДАР

«ТАЙЖАРЫСТА» ТОП ЖАРҒАНДАР

«ТАЙЖАРЫСТА» ТОП ЖАРҒАНДАР
ашық дереккөзі

«Шалқар» радиосының «Тайжарыс» радиофестивалi «Атадан қалған мұра» қорының қолдауымен өзiнiң тағы бiр белесiн асты. Түркияның Аланья қаласында өткен халықаралық «Art olympia» халықаралық фестиваль-байқауында алты мемлекеттен жиналған таңдаулы өнерпаздармен бақ сынасып, бәйгеге қатысып қайтты.

Қазақстан, Қырғызстан, Украина, Әзірбайжан, Ресей, Түркия елдерінен жиналған 920 қатысушы өз өнерін көрсеткен бұл айтулы додаға «Тайжарыстың» ақтық сынынан жолдама алған өнерпаздар қатысты. 9-11 маусым аралығында өткен байқауға қазылық еткен 10 төреші әр мемлекеттен жиналған өнер қайраткерлері. Олар қазақ балаларының өнеріне, киіміне, сахнадағы өздерін ұстау шеберліктері мен ән таңдаудағы деңгейлеріне тәнті болып, «Тайжарыс» радиофестивалінің ұйым­дас­ты­рушыларына: «Бүгінгі байқаудың кө­рі­гін қыздырған өнерпаздар бірінен-бірі өтеді екен. Бұл таңдау қалай жа­салып, Қазақстанның түкпір-түк­пі­рі­нен қалай жиналды?» деген сауал қой­ды. «Бұл бір күннің немесе бір ай­дың емес, жылдар бойы жасалған жұ­мыстың жемісі» екендігін айтады ұйымдастырушылардың бірі, журналист Гүлбағыш Бостан. 2 күнгі іріктеуден соң, 11 маусымда марапаттау рәсімі өтті. «Art olympia» халықаралық фестиваль-байқауында тігілген 160 жүлденің 84-і Қазақстанның өнерпаз балаларына бұйырды.

Эстрадалық вокал, аспапта ойнау, оркестр, көркемсөз, хор және би номинациялары бойынша қатысқан «Тайжарыс» радиофестивалінің өнерпаздары бәйгенің 42-сін қанжығасына байлады. «Тайжарыс» радиофестивалінің аясында 3 оркестр, 1 хор, 3 шағын топ, ал қалғандары жеке орындаушылар жалпы саны 100 бала бар­ды. Оның ішінде 27-бірінші, 12-екінші, 3-үшін­ші, және 1 арнайы сыйлық иеленді. 12 маусымда үлкен концертті ашық аспан астында өткізген байқаудың қорытындысын Түр­кия­ның төрт бірдей арнасы тікелей эфирде таратты.

Өнерпаз балалар­ Сыртқы Істер Министр­лі­гінің қолдауымен ҚР­ Түркиядағы елшісі Жа­н­сей­іт Түймебаев мырзаның ат­са­лысуымен Анталья қаласының мэрі Мус­та­фа Ақай мырзаның қа­был­дауында болып, өз өнерлерін ортаға салды. Анталья қаласындағы Ататүрік атындағы саябақта орналасқан концерт залында «Тайжарыс Антальяда» атты концерт берілді. Анталья, Кемер, Аланья қаласында қазақ өнерін асқақтатқан балаларымыз жақсы көңіл күймен қайтты.

Е. БЕКТАС