Жаңалықтар

ДЕПАРТАМЕНТ... КОМИТЕТ... КОМИССИЯЛАР КӨП

ашық дереккөзі

ДЕПАРТАМЕНТ... КОМИТЕТ... КОМИССИЯЛАР КӨП

Тілді қадірлеп, қастерлей білуді, «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» сөз сарасын тауып айтуды талап еткен ұлы Абайдың, «Тіл тазалығы үшін күрес – жалпы мәдениет құралы үшін күрес» деген М. Горькийдің, «Туған тіліне жаны ашымаған адам мақұлық» деген К.Н. Паустовскийдің пікірлеріне көңіл қойып жатқан кім бар?! Ел қамын ойлаған А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов және басқа да арыстарымыз тіліміздің сақталуына аз күш жұмсаған жоқ. Олардан кейін де тіл жанашырлары аз емес еді. Әттең, олардың пікірлеріне құлақ қойып, тілді сақтап, дамытуға үлес қосатын жанашырлардан гөрі, Ғ.Мүсірепов айтқандай, «менсінбейтін «өгей» ұлдары» көбейіп барады. Олар, басқасын былай қойғанда, тіліміздің шұбарланып бара жатқанына да селт етер емес.

Қазақ тілін күні бүгінге дейін өзінің заңды тұғырына қондыра алмай, үстемдігін орната алмай келе жатқанымыз, әрине көкіректе қыжыл туғызады. «Қайран тіл, қайран сөз наданға қадірсіз» деп ашынған Абай сөзін қайта-қайта еске алмасқа амал жоқ. Аттары белгілі, ел бастайтын серке болуға жарайды деген кейбір қазақ азаматтары өгейлік көрсетіп, ана тіліне мұрнын шүйіре қарап, тіпті өз ұлтын менсінбейтін мінез көрсетуде. Ондайлар шенді қызмет істеп жүргендердің, шенеуніктердің, парламент депутаттарының арасында да жетерлік. Телеарнадан көбінесе орысша сөйлеп тұрғанын аңдайсың. Тіпті қазақ тіліндегі хабарларда ондайлардың сөздерін аудармамен айтып жатқанын да көріп жүрміз.

Тіліміз шұбарланбасын деген талап қойған азаматтарымыз аз болған жоқ. Бір ғана мысал келтірейік. Шебер де ойлы жазушымыз Әзілхан Нұршайықов ертеректе, газетте істеп жүрген кезінде Кереку, Баянауыл жерлерінде кездесулер ұйымдастырылғанда Мұхтар Әуезовтің қасында жүріпті. Кейін «Әуезовпен болған бес күн» деген ұзақ мақала жазып, оның сан-алуан қасиеттерін суреттеп беріпті. Мұхаң сол сапарында тілімізді сақтау мәселесіне де аса көңіл қойған екен. Онымен кездесуге кешігіп келген Баянауыл ауаткомының төрағасы Сақтаған Шурин «Ассалаумағалейкүм, Мұха, апаздал қалдым» – депті. Соған Мұхаңның реніш білдірген сөзін Әз ағаң ойында сақтап, мақаласында барынша келтірген екен. Мұхтар Әуезов: «Олай болса, ана тілі де халық қазынасы емес пе? Ел басшылары жалғыз малдың ғана сапасын жақсарту үшін емес, ана тілін де таза ұстап, дұрыс сөйлеуге тырысу керек қой. «Апаздал қалдым» дегенше, «кешігіп қалдым» демейсіз бе? Басшы бәріне де үлгі, сіз қалай сөйлесеңіз, сіздің аузыңызға қарайтын жұрт та солай сөйлейді, таза тілді бұзу осыдан басталады… Мен сіздің кешіккеніңізге емес, «апаздал қалдым» деп, екі тілден қойыртпақ жасап, ана тілін шұбарлап сөйлейтініңізге ренжіп отырмын!» деген. Ғұлама жазушының осы сөзі қазіргі кейбір басшыларға, тіл шұбарлаушыларға жетсе екен деп тілейсің! Оқыса, ойланар, ана тіліне деген жанашырлығы оянар.

Бір кезде «Тіл туралы» Заң қабыл­дан­ғанда қазақ тілі мемлекеттік болуы көзделгенмен, «орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп көрсетіліп, қазақ тілінің өрісіне тосқауыл қойылды. Одан соң «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» жобасы алға тартылды. Бұл бағдарлама бойынша 2020 жылы 95 пайыз қазақстандықтар қазақ тілінде сөйлеуі керек. Заңдағы талап көңілге кірбің түсіріп, реніш туғызса, соңғы бағдарламаға күдікпен қарап жүрміз. Себебі оның орындалуына пәрменді шаралар істеліп жатыр дей алмайсың. Сөз көп, жиналыстар өтіп жатыр, тіл жөніндегі комитеттер, департаменттер, комиссиялар құрылса да тіліміз әлі қағажу көріп келеді.

Мысалы мекемелерге шаруаң болып барсаң, қазақ қызметкерлерінің өзі орысша сөйлеседі. Бұл неге деп ойласаң, сондай мекемелердің қазақ басшыларының өзі қазақ тілінде сөйлей білмейді, сондықтан қарамағындағы адамдарға қазақша сөйлеңдер деп талап та қоя алмайды. Бұл дерт төменгі мекемеден жоғарғы министрлікке, үкіметке дейін жайлап алған секілді, сондықтан тіліміздің дамуы өсіп, қағажу көріп отыр.

Қала көліктерімен жүргенде де неше түрлі сорақылықты естіп, еріксіз күйінесің. Бірде Алматының Фурманов көшесімен автобуста келе жатқам. Кондуктор қазақ жігіті еді. Бір аялдамаға келгенде «Қабанбай – Калинин» деп хабарлады. Келесі аялдаманы «Төле би – Комсомольская» деді. Шыдамай: «Неге олай хабарлайсың, ол көшелердің «Қабанбай», «Төле би» аталғанына көп уақыт өтті. Оларды бәрі біледі. Ескі атты қосақтап айтуды қойыңдар», – деп қатқыл үн қаттым. Мұндай келеңсіздік басқа көліктермен жүрсең де кездеседі. Бұл сол сала бастықтарының көңіл бөлмеушілігінен, немқұрайды қараушылығынан жөнделмей жүрген жағдай.

Одан да сорақысы орыс тілді басылымдарда ашықтан ашық тілімізді тұншықтыру үшін шабуылдар жасалуда. Бұл ретте Аманхан Әлімұлының «Қазақ интеллигенциясының ұлт қалыптастырудағы ұлағаты қандай немесе «Грядущий хам» кім?» деген мақаласындағы («Ақиқат» жур., 2012, №6) тілімізді қорғаған, арандатушылыққа қарсы орынды да талапты пікірлерін қостауымыз керек-ақ. Бұл – азаматтық ардың талабы.

Аманханның жанына бататыны интел­лигенцияның кейбір өкілдерінің ұлтшылдық намысы жоқтығы және ондайлардың тілімізді қорлауы. Солардың бірі – Қанат Қабдрахмановтың пікіріне назар аударып көрейік. Оның «Нацию сформируют русскоязычные…», «Да, большинство русских не хотят изучать казахский язык», «Язык – часть нашей жизни, часть нашего духосознания, но не самая значимая» дегендері әрбір ұлтжанды, көзі қарақты кісінің жанына тиетін сөздер. Оның ойынша, қазақ ұлтының ең таңдаулы бөлігін орыс тілділер құрайды екен, орыстар негізінен қазақ тілін үйренгісі келмейді екен, ал тіліміз маңызды мәселеге жатпайтын көрінеді. Байқайсыз ба, бұл ойларынан тіліміз түгіл ұлтымыз құрып кетсе де бүйрегі бүлк етпейтіні байқалмай ма? Данияр Әшімбаев, Болат Аюханов, Олжас Сүлейменов сияқты интеллигенттердің өз ұлтының шашбауын көтеріп, қорғауға күш салмайтынын да автор талдап, ашық та айқын жазған. Мақаланы оқып отырып, Ғ.Мүсіреповтің өз ұлтын, тілін «Өгей ұлдары менсінбейді» деген сөзі тағы да ойға оралды.

«Өгей ұлдары» теріс қарап, туған тіліне сырт беріп жүргенін байқаған басқа ұлт өкілдері де еркін кеуде көтеріп, тіл тигізіп, менсінбеушілік мінез танытып жүр. Бұрынғыны қозғамай-ақ, соңғы кездегі Петр Своиктің қазақтың намысына тиетін, тілін кемсітетін мәлімдемесіне көңіл қояйық. Онысы «Фейсбук» әлеуметтік желісінде берілген екен. Оған реніш мақалалар да жарияланды. Ол не деді, еске тағы салайық: «Егер артта қалған феодалдық тіл саясатына қазіргі заман тұрғысынан қарайтын болсақ, онда өмірдің шындығына сәйкес нағыз мемлекеттік тіл орыс тілі болып отыр. Бұл тұрғыда қазақ элитасының орыстілді екенін мықтап ескерген жөн. Қазақ тілін, әрине, ерте ме, кеш пе орыс тілінен кейінгі екінші мемлекеттік тілге айналдыруымыз керек. Бұл үшін қазақ тілін мектеп қабырғасынан оқытып, министрлер мен депутаттардан, мемлекеттік органдар басшыларынан қостілділікті талап ету қажет. Осылай еткенде ғана қазақ тілін екінші мемлекеттік тіл деңгейіне көтеруге болады», – деді.

Тілімізді қорлағаны, кемсіткені үшін, менсінбейтіндігі үшін батыл шара керек-ақ. Бірақ оған солай дегізіп, алдын ашып беріп отырмыз. Ол қазақтың элитасы дегендердің жұмған ауыздарын ашпайтынын түсінді. Тәуелсіздік алғалы сөзбұйдамен жүріп, тіліміздің қасиетін бұрынғыдан да төмендетіп алғанымызды, қайда барсаң да орыс тілінде сайрап жүргенімізді жақсы білді. Тілді дамытуға байланысты құрылымдардың дәрменсіздігін сезді. «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ» екенін көріп отыр. Қарапайым адамдардың ашынғанын шыбын шаққан құрлы көретін ол жоқ.

Шынында жиырма жылдан астам уақыт өтсе де, қазақ тілінің өрісінің өскенін көре алмай келеміз. Демек не істеу керек деген сауал туады. Тілімізді көкпарға салғандай айтыс-тартыс додасына айналдыруға нүкте қоятын уақыт жеткен жоқ па? Нақты іс, шара, әсіресе батыл әрі қатал талап қажет. Үкімет бар, министрліктер, мекемелер, әкімдіктер бар. Солар нақтылай кіріспесе, төмендегілерде дәрмен бола бермейді. «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді» демей ме. Қай қызметкер болмасын өз бастығының аузына қарап, талап етуіне көңіл бөледі емес пе?! Ендеше қандай бастық болмасын, кішісі ме, үлкені ме, ең алдымен қазақ тілін өзі жақсы біліп сөйлеуі тиіс. Тіл мәселесі шешімін тауып, барлығы қазақша білуі үшін барлық үкімет мүшелері, депутаттар, ірілі-уақты шенеуніктер сол тілде сөйлеуі тиіс. Басын бірнеше сөзден бастап, одан әрі орысша жалғастыру деген әдетті қою керек. Парламент, үкімет отырыстарын таза қазақ тілінде өткізетін уақыт та жетті.

Маңызды бір мәселе – мемлекет басшысынан бастап, әр түрлі басшылық дәрежедегі қызметкерлер әр түрлі жиындарда, шетелге сапарларында қазақ тілінде сөйлеуі қажет. Міне, мұның бәрі кейінгі ұрпаққа үлгі болып, әсер етіп, ана тілін қадір тұту қасиеті бойына сіңсе, келешекке сеніміміз артатын болар.

Шет тілдерден кіріп жатқан сөздер, әр түрлі корпорациялардың, компаниялардың, фирмалардың атаулары туралы да айтар сөз көп. Аттарына түсіне алмай жататынымыз бар. Тіліміздің шұбарлануына бұл да қосымша әсер етуде. Қазақша атаулар табылмағандай көреді. Құлық болса, табуға болар еді.

Бұдан да зор зиян келтіріп жатқан телеарналарға тоқтамай кету мүмкін емес. Телеарналар көбейді. Тек «Алма TV» кабельдік телевизиясының 100-ден аса телеарналары жұмыс істейді. Тіліміздің өрісін тұсаулап, кеңістігін тарылтып жатқанын сезбеу, көрмеу мүмкін емес. Тіпті қазақстандық дейтін «Астана», «Хабар», «Қазақстан», «КТК», «Еларна», «31 арна», «Таң», «СТВ», «Алматы» арналарындағы хабарлардың басым бөлігі орыс тілінде. «Қазақстан» арнасын тек қазақ тілінде хабар беретін еттік деп мәз болып жүрміз.

Ал «Алма TV»-нің телеарналарынан, тәулік бойы десе де болады, орыс тілінде хабарлар тоғытылып, қазақ көрермендерінің ой-санасын осқылап, жүйкесін кеміріп жатыр. Мұны мәдени интервенцияның кең де толассыз түрі деп білеміз. Білетін қазақшаңның өзінен ажырататын бұл тасқыннан қалай алшақтай аласың. Құлағыңды тығындап, көзіңді жұмып отыра алмайсың ғой. Не істеу керек?

«Еларна», «Таң» деген аттарына қарап, бұл арналар қазақша шығар деп ойлайсың. Бірақ керісінше екен. «Еларнаның» 5 шілде күнгі хабарларын сараптап көргенімізде байқағанымыз мынадай болды. Хабарлары таңертеңгі сағат тоғыздан басталып, келесі күні түнгі үштен аса аяқталған, мөлшері 16 сағат. Көп уақыт Олимпиаданы көрсетуге арналған. Ал қазақша хабарлардан «Рухани білім беру жобасы. Өзін өзі тану» және «Бәрі есімде. Тамара Асармен бірге» дегендерді ғана көрдік. Бірі 25 минут, бірі 50 минут қана. Қай күнді алсаңыз да осыған ұқсастықты байқайсыз. Сонда кең даланы жайлап жатқан еліміздің тірлік-тынысын, ой-сана өрісін, әлеуметтік, шаруашылық, мәдениеттік өмірін кең қамтып көрсетпейтін арнаны «Еларна» деп атау алдарқату емес пе?! Басқа арналар бойынша да айтуға болар еді. Алайда мақала көлемі көтермейді. Сонда да ресейлік хабарларды тоғыта беретінін қалай айтпай кете аламыз. Бір ғана мысал. Жақында КТК арнасында «Час суда» деген хабар беріле бастады. Бұрын ресейлік бір арнадан берілуші еді. Енді КТК-ға ауысып қоныс теуіпті. Осы арнаның да уақытының көбі орыс тілінде. Тіліміздің қағидасын ұстанып, сөзді дұрыс айтып, жазудың мәселелері әлі аз емес. Бұл істі билік, үкімет бас болып өздері қолға алмайынша, жүйелі қадағаламайынша нәтижелі бола қоймайды. Қазір әр түрлі қоғамдық және мемлекеттік ұйымдар қанша белсенділік көрсеткенмен, үкімет, оның орындаушы орындары, толып жатқан комитет пен комиссиясы бар парламент бет бұрып, түбегейлі, пәрменді шаралар қолданып, басшылық жасаса нәтиже болар еді деп ойлаймыз. Тіліміздің жұтылып кетпеуін ойласақ, көп сөзден гөрі нақты да жан-жақты іс қажет.

Тоқтар БЕЙІСҚҰЛОВ