«ТҮРКIСТАНДЫҚТАР» ... ДЕГЕН ЕКЕН
«ТҮРКIСТАНДЫҚТАР» ... ДЕГЕН ЕКЕН
Қазақтың iшiнде қалжың сөзден бойын аулақ ұстайтын адам сирек. Тауып айтылған қалжың, ойлы әзiл сол сәтте жанды жадыратса да, одан кейiн тез ұмытылып жатады. Ал кез келген Сөз – тарих сыршысы емес пе? Дер кезiнде қағазға түсiп үлгерген осындай бiр-екi қазақы қалжыңды журналистер мерекесi қарсаңында оқырман назарына ұсынып отырмыз.
«ПАПАМА АҚША БЕРМЕЙ
ҚОЯДЫ ҒОЙ»
Журналист Жаңабек Шағатай редакцияда жүрген кiшкентай Мұхтарды шақырып алып:
– Мұхтар, берi кел! Қорықпа! Сен қазiр Шәмшi папаңды үйге алып кет, «обед» iшсiн, бiз де шәй ішейік, – дейдi.
Сонда Мұхтар:
– Папа жұмыс iстейдi, әйтпесе ақша бермей қояды ғой, – деп құтылып кетiптi.
Сасып қалған Жаңабек Шағатай:
– Ә, солай ма? Өкiнiштi-ақ, бiз сенiң папаңнан ақша аламыз ба деп жүрсек?– деп желкесiн қасыған екен.
«СИЫР БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ…»
Ұзаққа созылған қыс аяқталып, мамыражай көктемнiң ендi шыға бастаған кезi. Терезеден түскен күн сәулесi кабинеттiң суық қабырғаларын жылытып, көгорай шалғынға шақырып тұр.
Өмiрзақ Мұқай күн сәулесiне қарап, маужырап:
– Дидахмет, мына күнге қарасам, сиыр болғым кеп кетедi,– деген екен.
Сөздiң астарын түсiне қойған Дидахмет Әшiмханұлы:
– Өмiрзақ, Мұқағали «Сәби болғым келедi» десе, сенiң «Сиыр болғым келедi» дегенiң қызық екен,– депті.
ӘБДІЖӘМІЛДІ ӘБІЛМӘЖІНМЕН ШАТАСТЫРУ…
«Түркiстан» газетiнiң он жылдығына орай мерекелiк нөмiр шығаруға қызу дайындық жүрiп жатыр. Гүлзина Бектасоваға жазушы-классик Әбдiжәмiл Нұрпейiсовтен газет туралы, Қалағаңмен бiрге жүрген күндер туралы естелiк жазып алу тапсырылады. Әбдiжәмiл ағаны қайдан табу керектiгiн сұрастырып жүрiп, Гүлзина Көлбай Адырбекұлынан жазушының үй телефонының нөмiрiн алады. Хабарласып байқаса, Әбдiжәмiл ағасы «Қарғам» деп жылы сөйлесiп, тiптi сұхбат алу үшiн үйiне де шақырған көрiнедi. Әбдiжәмiл ағасының журналистердi онша «жарылқай» бермейтiнiн естiген Гүлзина аң-таң. «Әбдiжәмiл ағаға тiптi ұқсамайды» деп таңданады. Сөйтсе, Рымтай Сағымбекқызы «Ол кiсi «Қарғам» деп сөйлейтiн, үйiне шақырса, өзгерейiн дегенi шығар» деп өзiнше түсiнiктеме бередi.
Ақыры келiсiлген күнi Гүлзина айтылған мекен-жай бойынша Әбдiжәмiл ағаның үйiне барса… есiктi Әбiлмәжiн Жұмабаев ашқан екен.
Гүлзина үн-түнсiз Әбiлмәжiн ағамен сөйлесiп қайтты.
Редакцияға келiп, Әбдiжәмiл ағаның телефон нөмiрiн тауып алып, хабарласса ол кiсi:
– Қарғам, мен қазақ газеттерiн оқымайтын адаммын,– деп сөйлесуден бас тартыпты.
Осындай кездейсоқтықтың нәтижесiнде «Түркiстанның» мерекелiк нөмiрiне Әбiлмәжiн Жұмабаев ағаның сыршыл да ойлы естелiгi жарық көрдi. Ал Гүлзинаның Әбдiжәмiл ағаны Әбiлмәжiн ағамен шатастырып алғаны редакцияда әлi айтылып жүр…
«АҚЫРЫН-АҚЫРЫН ЖҮРСЕҢШІ…»
Сәрсенбi. Газет беттерiн қаттау жүрiп жатыр. Журналист Жаңабек Шағатайға редактордың бiрiншi орынбасары Ғалымжан Мелдеш шұғыл тапсырма бередi. Түс ауа Жаңабек Шағатай қағаз бетiн шимайлап әлi отыр дейдi. Ғалымжан Мелдеш:
– Өй, Жаңабек, неғып отырсың? Тез жаз! – деген көрiнедi.
Сөйтсе Жаңабек Шағатай:
– Майым жетпей тұрғаны…– деп күмiлжидi.
– Өй, бағана «майлап» едiк қой!
– Аздау болып тұрғаны. Жетпей тұр…
– Ендi, сен… аздау болса, ақырын-ақырын «жүрсеңшi»,– деген екен Ғалымжан Мелдеш.
Сөздiң мәнiсi, өзiңiз де түсiнген шығарсыз, «ақаңда» болса керек.
«ТАСТАЙ БАТЫП, СУДАЙ СІҢЕМ»
«Түркістанның» экономисі қызметіне Аида Бектасова тағайындалды. Қаланың қызы болғанымен, өзі қутілді. Әуелгіде қазақша сөйлеуге дағдылана алмай жүрсе де, тез төселіп кетті. Сөйтіп жүріп, Аида редакцияға жұмысқа тұрғанын журналистік тілмен айтқанда, «жумақ» болады. Яғни, дастарқан жайып, әрпітестеріне шәй беруі керек. Сөйтіп шәй жасап, жұрттың бәрі Аидаға жақсы тілек айтып, соңында оның өзіне сөз береді ғой. Сонда Аида:
– Сіздермен бірге жұмыс істеп жүргеніме ризамын. Осы жерге «тастай батып, судай сіңем бе» деген ойым бар, – деген екен.
Бәрі ду күлді. Аида Бектасова күйеуге шықпаған жас қыз еді ол кезде.
… Оның «тастай батып, судай сіңемін» деген сөзі редакцияда қанатты сөзге айналып кетті.
«ҚОЯН СИЯҚТЫ КӨЖЕКТЕЙІК»
Динара Мыңжасарқызы қазақы қалжыңды қысылмай ақтара салатын келіншек. Өзі жасы үлкен аға-көкелерімен ащы қалжыңдасып жүре береді. «Қалжыңың жарасса, атаңмен ойна» дейтіннің нақ өзі. Газет редакциясында жұмыс істеп жүргеніне шамасы бес-алты жыл болып қалған кезі, бір жылы жаңа жылда Динара тілек айтып тұр:
– Келе жатқан Қоян жылы құтты-берекелі жыл болсын! Бойдақтар отбасылы болсын! Біз қоян сияқты көжектейік! – дегенде бәрі ду күлді.
– Ау, Динара, бұл әуелі өзіңе қатысты сөз ғой!
– Екі баласы ержетіп қалды, енді тағы туу керек! – деп жан-жақтан дауыстар жамырап кетті
Сол кезде сыйлы бір ағасы:
– Қазақтың санын көбейт сөйтіп, Динара, маладес! – демей ме.
Ал Динара болса:
– Енді… өздеріңізден «көмек» күтіп жүрміз ғой, – деген екен.
… Бұл да қанатты сөзге айналып кетті.
Бірақ Динара сол «уәдесін» әлі орындай алмай жүр…
ТАҢСҰЛУДЫҢ «САНЫ»
МЕН «ҚҰЙРЫҒЫ»
Таңсұлу Алдабергенқызы белгілі журналист әрі … қолы ашық берекелі бәйбіше. Жылда күз түсе бас редактордың өзі «лездеменің» бірінде «Таңсұлу, халқыңды соғымға қашан тойдырасың?» дейді әзіл-шыны аралас. Ондайда, Таңсұлу Алдабергенқызы тосылмайды, «Әкелем» дейді. Әкеледі де.
Сондай бір берекелі күнінде Таңсұлу Алдабергенқызы әріптестеріне дастархан жайып, шәй-пәй беріп отырса керек. Соғым жеп, тайыншаның сан етін жеп, арқа-жарқа болған кезде, әлдебір шаруамен кешіккен Ғалымжан Мелдеш те келіп жетеді.
«Ғалеке, кел, Таңсұлудың «санын» же!», дейді отырғандар жамырап..
– Не?! – дейді Ғалымжан Мелдеш.
– Таңсұлудың «санын»!
Отырғандар ду күлді.
Тағы бір жолы Таңсұлу Алдабергенқызы мол соғымның етінен құрбысы Айнаш Сатайқызына сыбаға берген деседі. «Сыйға сый» деген Айнаш Сатайқызы соғымнан қалған құйрық майды майдалап турап, мәнті пісіріп әкеліпті. Редакциядағылар жиналып шәй ішіп отырғанының үстіне, сол кездегі бас редактордың орынбасары Ғалымжан Мелдеш келіп қалса керек. «Ғалеке, кел, мәнті же», – дейді әріптестері.
– Иә, мұны кім пісіріп әкелген? – дейді Ғалекең.
– Мен әкелдім. Бірақ құйрық – Таңсұлудікі, – дейді Айнаш апай мамыражай қалыпта.
– Кімнің құйрығы? – дейді Ғалымжан Мелдеш түк сезбегенсіп.
– Таңсұлудың «құйрығы»! – деп Айнаш апай анықтап. Сосын қулана жымиып отырған Ғалымжан Мелдештің бетіне қарап, күліп жібереді.
Содан бері редакцияда Таңсұлудың «құйрығын» қашан жейміз жеген әфсана әлі айтылып жүр…
«ЕСКЕНДІРДІҢ МҮЙІЗІ БАР!»
2012 жылы редакция жыл басынан бері екі айдан астам айлық алмай, біраз қиналды. Қаламақы болса, жыл он екі ай кешігеді. Әйтеуір, Наурыз шығып, аузымыз аққа жете ме деген есек дәме бар. Сол күндердің бірінде жауапты хатшы Гүлбиғаш Омарова бір жұмыспен бухгалтерияға кіреді. Сөйтсе, бас есепші Гүлсім Төлегенова әлдене айтатындай құпияланып:
– Гүлбиғаш, мен бірдеңе айтамын, бірақ сен ешкімге айтып қойма, – дейді.
– О не?
– Бүгін аздап ақша түсті. Соны мен бастыққа айтып, аванс түрінде болса да, бергізетін етіп келістім. Ертең «карточкаларыңа» саламыз. Бірақ сен ешкімге айтып қойма. Иә? – дейді.
Редакциядағылар бір-бірінен ақша сұрап, қарызданып жүрген кез.
– Ау, мұндай жаңалық ішіме сыя ма, былай шығып «Ескендірдің мүйізі бар» деп айғайлаймын ба, қайтем? – дейді Гүлбиғаш күліп.
– Мен де ішіме сыймай бара жатқан соң, саған айтып тұрмын ғой, – деген екен Гүлсім Төлегенова күліп.
Содан бері бухгалтериядағылар әлденені құпияласа, «Ескендірдің мүйізі бар…» деп қалжыңдап қояды.
Дайындаған Көлбай ЖЕҢІС