ҒАСЫР НӘУБЕТІ
ҒАСЫР НӘУБЕТІ
Қызыл империяның солақай саясаты халқымызды қансыратып кеткенi тарихтан белгiлi. 30-шы жылдардағы қанды қырғында жазықсыз жапа шеккен асыл азаматтардың ұрпақтары елiмiз тәуелсiздiк алғаннан берi ата-бабаларының жалғыз оққа байланып кеткен талайлы тағдырларына жоқшы болып сұрау салуда.
Сәулетті елмін деп сары далаға са-уын айтсақ та, кешегі өткен нәубеттердің нала-мұңы жадымыздан өшкен жоқ. Сол бір нәубет кезеңнің тілсіз куәсіндей Ақсораңның адырлары да үнсіз жатыр. Қызыл империяның тұсында билік басына келген тексіздердің қарапайым халыққа жасаған зорлық-қиянатын естігенде, төбе шашың тік тұрады.
Қолыма билік тиді екен деп өзінің ауылдасын оққа байлаған шолақ белсенділердің қанқұйлы іс-әрекетінің бір ұшығы бүгін үнсіз жатқан Ақсораңның Күйген сай деген жерінде орын алған.
Қойнында қанша адамның жатқаны белгісіз, бірақ Күйген сай күйініп, құлазып жатқандай көрінді маған. Бұл жерде атылғандар Кәрсөннің ішіндегі Құлназар ұрпақтары екен білетіндердің айтуынша. Жазушылар Одағының басқарма мүшесі Кәмел Жүністегінің мұрындық болуымен Күйген сайға кигіз үй тігіліп, құрбан болғандардың есімдері жазылған көк тас қойылып, ас берілді. Белгі тастың қойылуына әкелі-балалы Шәкәрім, Мәжит Омаров себепші. Бұл жерде адам атылғанын кезінде сол оқиғаның көзі тірі куәсі болған марқұм Аманжан Құнанбайұлы ақсақалдың айтуымен 1989 жылы деректі фильм түсірген Кәмел Жүністегінің сол нәубетке байланысты өлшеусіз еңбегінен көріп-білдік. Сол кездері комсомол мүшесі болған Аманжан ақсақал топтап кісі атылған жерді де, «Тоқтабек көңіндегі» 37 адам қамалған тас қораны да көзі тірісінде көрсетіп кеткен екен. Бейнефильмнен сол бір сұрқай заманның сұмдығын сақалынан тарам-тарам жас ағып тұрып айтқан Аманжан ақсақалдың әңгімесін тыңдаған жұрттың қайыспағаны қалмады.
Алыс, жақын жерлердегі Құлназар ұрпақтары ат арылтып келіп, бабаларына тағзым етті. Талай оқтың дауысына куә болған Күйген сай күңіреніп тұр. Үкіметтің оғы шығын болмасын деп 8-9 адамды қосақтап атқанына да, қазақтан ұрпақ қалмасын деп, бесіктен белі шықпаған бір жарым жасар баланы шейт қылғанына да осы жер куә. Жан түршігіп, жағаңды ұстайтын жайт – әйел ананың тірідей төсін кескені. Осы оқиғанның барлығы Кәмел Жүністегінің «Апат» романында қамтылған. Қайран момын қазағым-ай, қанышерлерге жазықсыз қор болған.
Кәмел Жүністегінің зерттеулеріне сүйене айтқан қанды қырғынның қатулы әңгімесі қан жылатты жүректі. Ш.Омаровтың бабаларына жасаған құрметіне көпшілік ризашылық білдірді. Әрине, «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегенді мақсат тұтқан бұл ақсақалдың ұрпаққа үлгі болар ісі көп. Жазықсыз жапа шеккендерді еске алып, белгі тас қоюға арналған бұл жиында ардагер теміржолшы, қаламгер Серік Смағұлов пен жасынан ел тарихына елеңдеп, құлағын түріп өскен Балтабай Игенұлы көнекөз қариялардан естіп, білгендерін ортаға салды.Талай шерлі әңгіменің куәсі болдық. Тарихы сан кітапқа жүк болатын сол зобалаң жылдар шындығын кейінгі ұрпақтың білуіне септескен ел азаматтарына жиналған көпшілік ағынан жарылып, алғыстарын айтты.
Тағдыры жалғыз оққа байланып,тексіздердің қолынан қаза болғандардың рухына Қарағанды қаласындағы орталық мешіттің бас имамы, Аманжан ақсақалдың немересі Орманбет Болатұлы дұға бағыштап, жиналған көпшілік қол жайып, бет сипасты. Құрбандарды еске алуға арналған жиынға аудан әкімінің орынбасары Әбілсейіт Қауымбаев арнайы келіп қатысты.
Жалғыз оққа байланып, жазықсыз құрбан болғандар жатқан Күйген сайдың күн батыс жағындағы Қос доңғал мен оңтүстігінен менмұндалап көрінген Найзакескен биігі де тарих парағына айналған сол бір сұмдыққа үнсіз лағнет айтқандай алыстан қарауытады. Ақсораңның құлан жорытқан құба белдері өткен ғасырдың 30-шы жылдары орын алған тасыр саясаттың әмірінен жазықсыз құрбан болғандардың талайлы тағдырына налығандай құлази қалыпты. Ақ дала, айқай дүние ішін тартып өксіп жатқандай…
Жанас МҰҚАШҚарағанды облысы,
Шет ауданы