ҚАЛЫҢДЫҚТЫҢ БӘРI ӘДЕМI, ТЕК АШЫҚ-ШАШЫҚ КӨЙЛЕГI БОЛМАСА...

ҚАЛЫҢДЫҚТЫҢ БӘРI ӘДЕМI, ТЕК АШЫҚ-ШАШЫҚ КӨЙЛЕГI БОЛМАСА...

ҚАЛЫҢДЫҚТЫҢ БӘРI ӘДЕМI, ТЕК АШЫҚ-ШАШЫҚ КӨЙЛЕГI БОЛМАСА...
ашық дереккөзі

Жылдың қай мезгiлi болса да, қазақ халқының басына бас қосылып жататыны қуанышты жағдай. Дегенмен жаз мезгiлi тiптi қуаныш маусымы десе де болады. Әсiресе, биылғы жаздың жөнi мүлдем бөлек. Жаз маусымына тура келген биылғы қасиеттi Ораза айының алдында тiптi қарбалас туғандай. Қорасындағы қойы қозыласа қуанатын ақжарылқап қазақи көңiл басына бас қосылғанда тiптi шалқып кететiнi де жақсы бiр қасиеттердiң бiрi. Мейлi ғой, шаршасақ тойдан шаршайық, жиған-тергенiң тойға бұйырсын деген де асыл тiлектердiң орындалатын шағы керемет емес пе?!

Бүгiнгi әңгiменi, « той халықтың қазынасы» демекшi, тек тойдың көптiгiн ғана емес, сол сән-салтанаттың қалай өтуi жайлы өрбiтсек пе деген ниетте отырмыз. «Өлгенде көрген бiр той», «Той десе қу бас домалайдыны» айтқан данышпан халық қыз ұзатып, келiн түсiрудi де үлкен бәсеке-жарысқа айналдырғалы қашан… Сонау қазан-қараша айының соңына дейiн қаламыздың бiрде-бiр мейрамханасының сенбi-жексенбiсiн былай қойғанда, аптаның кез-келген күнi босамайтыны, әрине, халықтың тұрмысынан да жақсы хабар беретiндей. Рес­публикамыз тұтас болғанымен, жер-жердiң салты басқа болатыны сияқты, сол өңiрдiң той-томалақтары да әртүрлi жағдайда өтетiнi бар. Қазақтың салт-дәстүрiнен ауытқымай, ежелгi әдеп-ғұрыпты сақтай отырып жүргiзiлген қызықшылыққа не жетсiн? Әр аймақта демекшi, жақында бiр үйлену тойының үстiндегi қызу әңгiменi құлағымыз шалып қалды. «Онысы несi екен, қызының әдемi бойжетiп, өзiнiң мәңгi ақбосағасына аттағаны үлкен қуаныш емес пе, қайта оның сызылып келiн болып сәлем салғанына да тәубәшiлiк айтып, қуану керек қой» деген тәрiздi әңгiме жанымыздағы үстел басындағылардан шықты. Сөйтсек, той қонақтары жиналып, келiннiң бетiн ашу рәсiмiне құдалар жағы қатысудан бас тартып, мейрамхананың төменгi қабатында күтiп тұрған көрiнедi. «Қызының еңкейiп сәлем салғанын көргiсi келмейдi-мыс»… Атам заманнан келе жатқан осынау қасиеттi дәстүрдi мойынсұнбайтын, қызының басқа бiр әулеттiң қолға су құйып, сәлем салғанына намыстанатын қазақтар да бар екен. Қайта таң алакеуiмнен тұрып ата-енесiне иiлiп сәлем салып, сызылып шәй құйып отырған әдемi келiндi көз алдыңызға елестетiп көрiңiзшi бiр сәт. Қандай қуаныш, тар құрсақты жарып, тас емшектi жiбiткен балапаның тағы бiр әулеттiң ұрпағын өсiрiп-өндiрсе, сол әулеттiң отымен кiрiп, күлiмен шығатын ибалы да тәлiмдi келiнi болып жатса, жүрегiңдi тәттi бiр сезiм әлдилемей ме?! Әр облыстан келсек те, осы қалада оқып, бiлiм алған бiраз қыз-жiгiттер әлi күнге араласып, алдымыз алпысты алқымдап, елулетiп, немерелердiң алды мектепке барып, бала-шағалар отау тiгiп, қатар өсiп келедi. Әр салада әртүрлi адамдармен сыйласып, той-домалақтарға жиi баратын болған соң, кейде әлгiндей өрескел болмаса да, қазақшылыққа жат әңгiмелердi құлағымыз шалып жататыны бар. Тағы бiрде сыйласып жүрген әрiптес ағамыздың да той үстiнде қазақтың той өткiзу салтына байланысты ренiшiн айтып қалғаны бар-ды. Мына ортада жиналып алқын-жұлқын би билеп жатқандарға қарашы, не байқар екенсiң дедi. Салтанатты мейрамхананы әдемi бiр әуен тербеп тұр. Екi жастың қуанышына келген жұрттың езуiнде күлкi. Жас-кәрi демей әуенге елтiп алған, билеп естерi шығуда. Араларында қызара бөртiп алғандары да баршылық. Бiрақ бәрi де жарасымды-ақ. Шынымды айтсам, көзiме оғаш көрiнiп тұрған ештеңе байқамадым. –Той десе, барын киiп, бақанын ұстап келетiн халықпыз ғой, киiм үлгiлерiне көз салшы,– дедi ағайым тағы да менiң көз тоқтатар ештеңе таппағаныма ренiш бiлдiргендей. Iле өз сұрағына өзi жауап бергенiне де күйiне түсiп: – Құдайым-ау, екi жүз адамның iшiнде арқа-жарқа, алды-арты ашық-шашық, иығы шамның сәулесiмен жарқ-жұрқ етiп билеп жүрген «ессiз» қалыңдыққа қарашы, – демесi бар ма!? Сонда ғана байқадым, қалың топтың iшiнде иығы жалаңаштанып, көйлегiнiң арты құйымшағына дейiн ашық қалыңдыққа қарай бастадым. Елдiң назары сонда, әрине, көйлегiнде емес шығар, дегенмен бүгiнгi тiлек – сөз де көз де қалыңдықта болатыны ақиқат. Шынында да байқамайды екенбiз, тiптi қуаныштың әсерiмен мән де берiп жатпаймыз-ау, қалыңдық көйлегiнiң тым еуропаланып кеткенiн ендi ғана аңғарып, ойымыз сан-саққа жүгiргендей. Осы бiр ой жетектеген бiз бiрнеше кiсiлердiң пiкiрiн бiлiп едiк. Құрман апа: – Тоқсанға келдiм, қарағым. Осы жасыма дейiн не көрмедiм, нелер бастан кешпедiк. Соғысты көрдiм, сұрапыл жылдарда темiржолда жұмыс iстедiм. Бiр әулеттiң жалғыз тұяғын жалмаған от жалын қасiретiн бiр кiсiдей-ақ таттық. Келiндi де, кепшiктi де, күйеудi де, сүйеудi де көрдiк. Заманына қарай адамы, не нәрсе де өз тұсында жарасымды. Бетi-басын бүркеп жүргендердi де көрiп жүрмiз. Құдайшылығына қарасаң, киiмiнде тұрған түк те жоқ. Тек той үстiнде емес, түскендерiне пәленбай жыл болған келiндер де бұтта шалбар, қысқа жейдемен, ата-енесiне шай құйып отырып, желкесiнде iлулi тұрған теледидарға қосылып ән салып ыңылдап отыратын келiндердi де көрдiк. Қолында қасығы, құлағында телефоны.. Баласы боққа батып, үйi ыдыс-аяғы мен кiр-қоңынан көрiнбейтiн небiр келiндер сыртқа шыққанда танымай да қаласың. Сондықтан шүберекте тұрған түк те жоқ, ең бастысы бесiк көрген, тәлiмдi жердiң тәрбиесiн көрген көргендi бала болсын де. Сол бiр түнгi киiмiн елемей-ақ қоюға болар, одан кейiнгi тiрлiгiн дұрыс алып кетсе. Асарымызды асап, жасарымызды жасап отырған тұста шыққыр көзiң не көрмедi дерсiң, абзалы көргендiлiгiнде ғой. Үлкенге құрмет, кiшiге iзет көрсетiп, қайынаға мен қайынiнiлерiн аттарын атамай, тергеп-телiп отыратын баяғының келiндерiнен туған бүгiнгi келiндерiне ынсап берсiн де, көзге түртiп кемшiлiгiн көрсетпек түгiлi, бетiне қаратпайтындары да кездеседi. «Қызға қырық үйден тыйым» дегендi ұмытқалы қай заман. Бүгiнгi ана-енелер «өз балаңды жетiстiрiп алды» қаймықпай айтатын қиын заман болып тұр, Құдай артын жақсы қылсын деймiз де… Ләйлә Сейiткәрiмқызы: – Неке сарайында қызмет атқарғалы талай жылдардың жүзi болды. Шынында да, қалыңдық көйлегiнiң еуропаланып кеткенi сонша, бүгiнде жалаңаштанып кеттi десек те болады. Бiр қызығы, қыз ұзату тойына тiгiлген киiм үлгiлерiнде қазақи салт-дәстүрге лайықталынып, етек-жеңi бүрмеленген ұлттық көйлек тiгiледi де, той үстiндегi қалыңдық көйлегi көбiне еуропалық стильде тiгiледi. Мәдениетiмiз, өнерiмiз, музыкамыз түгiлi, ұлттық салт-дәстүрiмiздi, үрдiсiмiздi жұ­татындай не деген сиқырлы ел едi десеңiзшi?! Жоқ, әлде бiздiң халықтың тағы бiр осалдығы ма екен? «Көргеннен көзақы алмай қоймайтын» өзiмiз бе? Республикамыздың жеңiл өнеркәсiбi жоқ емес, Құдайға шүкiр, қазақтың ұлттық киiмдерiн тiгетiн небiр сән үйлерi iргесiн берiк қалаған. Ұлттық шапан, қамзол түгiлi, қалыңдықтың той көйлегi мен сәндi сәукелесi көздiң жауын алады. Бiрақ көпшiлiктiң қалтасы көтере бермейдi. Тым қымбат. Үкiлi кәмшат, бүрмелi көйлек кию кiм-кiмге де арман болса керек. Егер халықтың жағдайы көтеретiн бағамен тiгiлсе, мен ойлаймын, кез келген қазақ қызы киер едi. Бiзде көбiне ұлттық үрдiске емес, қалтаға қызмет етемiз бе деп ойлаймын. Әйтпесе, кеңес дәуiрiне қарағанда, тойлардың көпшiлiгi ұлттық сарында өтедi. Жақында орталық Неке сарайында тiркелген, аты-жөндерiн ұмытып отырмын, жас жұбайлардың киiм үлгiлерi көзiме ыстық көрiндi. Ерекше. Жып-жинақы. Жарасымды. Етек-жеңi ұзын, кеуде-қолы бүркемеленген. Қалыңдық та сүйкiмдi, елiктiң лағындай бала екен. Еуропалық стильдегi киiмдi кию үшiн дене бiтiмiң де сол сән үлгiсiне лайықты болуың қажет. Құлын-мүшесi нәзiк, бұлтиып артық еттерi әр жерiнен шығып тұратын толықтау қыздарға, әрине, ашық-шашықтан гөрi сырт көзден құпия сақталғаны да дұрыс. Оның үстiне, елдiң көзiнен, яғни қазақша айтқанда, көзден, көз тиюден сақтауды да ойлау керек. Қалада «Сымбат», «Ерке-Нұр» сияқты сән үйлерi ұлттық үлгiдегi киiм түрлерiн еуропалық стильден бiрде кем емес етiп шығарып жатыр. Әсiресе, кейiнгi кезде «Беташар» салоны жиi аталып қалады. Дегенмен, кез келген қарапайым халық сатып алатындай емес, қымбат. Толқын, ене: – Екi келiн түсiрдiм. Екi жыл қатарынан той жасау да оңай болмады. Қалада тамыр-таныс та мол, мейрамханалар қымбат. Әр кiсiге 16 мың теңгеден айналды. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекшi, қазақтың тойы өз алдына тойға дейiнгi, тойдан кейiнгi құда шақырысу, ырым-дырым той кәделерi тағы бар. Қойшы, әйтеуiр, шаршасақ тойдан шаршайық деген көңiл. Оның бәрiнен аман-есен өтiп, тойдан кейiн өзiмiз бала-шағамыз болып той касетасын көруге жиналдық. Шын мәнiнде, думанның үстiнде кiм не киiп, қалай жүрдi бiлмейсiң ғой. Екi тойды қатар қызықтап отырып, сондағы байқағаным, үлкен келiнiм той үстiнде қып-қызыл, жүзi алаулап жүрiптi. Өзi жұп-жұқа, бiр жапырақ қана. «Сонша неге қызарып жүрсiң, балам»,– деймiн ғой. «Ой, мама, иығымдағы желбегейiмдi шешейiн десем, ыңғайсыз, ұят, сосын маған бәрiбiр деп отыра бердiм» дейдi әдемi жымиып. Iшiмнен риза болып қалдым. Бiрақ одан сәл-пәл толықтау кiшi келiннiң киiмiн көргенде бәрiмiздiң қызараңдап қалғанымыз байқалды… Бiр кездерi, қыздарымыздың кiндiгiн ашып, кеудесiн ғана жауып тұратын бiр жапырақ кофта киетiнiн, тiптi аяғы ауыр келiншектердiң де осылай ашық-шашық жүргенiн көптеген газет-журналдар жарыса жазып едi. Анасының кiндiгiнен туғанда ғана ажырайтын қыздарымыздың бұл жүрiсiне аналарын да кiнәлап жаттық. Қазақи тәрбиенiң бостығынан, тәлiм-өнегенiң кемшiндiгiнен көрiп, атан-аналарды да аямай сынап жаттық. Қай кезеңде де баланы орта тәрбиелейтiнiн, отбасы-ошақ қасының, бойындағы ата күшi мен ана сүтiнiң де ешбiр кiнәсi жоқтығын айтып да шуластық. «Айта айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекшi, ақпарат құралдарының ықпалымен сол өрескелдiктен де арылған сияқтымыз. Өйткенi соңғы бiр-екi жылда кiндiк ашып, апай төсiн тосқандар саны жоқтың қасы. Сирей бастады. Қоғамдық көлiкпен көп жүремiн, барар жерiңе жеткенше жан-жағыңды шолып, жастардың әңгiмелерiне құлақ түрiп, жүрiс-тұрысына, киiмiне қарап отыру – уақыт өткiзудiң тиiмдi амалы. Бұл мәселе де осылай жазыла берсе, айтыла берсе бiр жақсы жағына шығатын деп үмiттенемiн. «Үмiтсiз шайтан» деген, не нәрсенiң болса да артынан бiр жақсылығы болады деушi едi қариялар. Сенейiк. Сенiммен, үмiтпен ғұмыр сүру деген де ғанибет емес пе?! Аты-жөнiн атағысы келмеген Имам: – Көбiне исламдық дәстүрмен неке қидыруға мешiттерге келген қалыңдық көйлегiнiң омырауы тым ашық болуы себептi, оқып отырған неке дұғасынан шатасып қалатын кездер де болады. Өйткенi, неке дұғасын екi жастың бетiне қарап оқу қажет болса да, иманнан тайып кетпеу үшiн жүзiңдi төмен салып отыруға тура келедi. Шариғат бойынша ол келiн болсын, келiншек болсын төс түгiлi мойын, екi қолы бiлекке дейiн, етегi тобыққа дейiн жабық болуы керек. Әсiресе, қалыңдық көйлегiнiң тым жұқа матадан емес, денесi көрiнiп тұрмайтындай жiбек матадан тiгiлгенi жөн болар едi. Бүгiнде қалалықтар дәл той күнi Неке сарайынан кейiн немесе дейiн шұбырып мешiтке келудi сәнге айналдырып алды. Ал негiзiнен келiн босаға аттаған күнi, яғни ақ төсекке дейiн неке қидыру қажет. Алиса, сән салонының сатушысы: – Осы салонда он екi жылдан берi еңбек етiп келемiн. Салон иесi той көйлектерiн шетелдерге тапсырыс беру арқылы әкеледi. Өздерiңiз айтып отырғандай, бәрi де еуропалық стильде тiгiлген. Елiмiзде жеңiл өнеркәсiп жақсы дамыған. Шетелдiктерге тамсанатынымыздай, олардың да бiздiң өнiмдерге сұраныстары жоғары. Мәселен “Сымбаттың” шығарып жатқан, тұтынушыларға ұсынылып жатқан өнiмдерi ешбiр еуропалықтардан кем емес дер едiм. Ұлттық ою-өрнектелген той көйлектерi керемет. Бiрақ сатып алушылардың, өзiмiздi айтып отырмын, қарапайым халықтың қалтасы көтермейдi. Ал, бiзде мүмкiндiгi барларға онша қымбат та емес. Тiптi жалға берiлген көйлектердiң өзiн үнемi тазалап, ұқыпты ұстауға тырысамыз. Әсел, 24 жаста: – Шынында да, той көйлектерiн таңдау үлкен талғампаздықты қажет етедi. Тұрмысқа шығуға дайындалып жүрмiн. Тойдың қалай, қай жерде өтуiне емес, көйлек таңдау мәселесi көкейiмнен кетпейдi. Қазiр еуропалық стандартқа сай киiм үлгiлерi көздiң жауын алады. Тiптi, түрлi-түстi матадан тiгiлуi де көңiлiме қонбайды. Менiң ойымша, қалыңдықтың көйлегi тек аппақ түстi болғаны дұрыс. Ашық-шашықтан қашқаныңмен, жылдың қай мезгiлiнде той жасауға да байланысты көйлектi таңдау қажет. Ең бастысы, өзiңе қонымды, жарасса болды. Онсыз да қалыңдық көйлегi қысқа болмайды, тек кеуде жағы тым терең ойылмай, иығын жалаңаштамай тiгуге болады ғой. Тапсырыспен тiккiзетiн шығармын деп ойлаймын. Жастар арасында тапсырыс берудiң өзiн терiс көретiн, ескiлiкпен шатастыратындары бар. Жалпы, қазiр бiреудiң ұнағаны бiреуге жақпайтын, кiрпияздау пiкiрлер қалыптасқан ба деп қорқамын. Қалмұрат, 25 жастағы модельер: – Мен оралманмын, Қытайдың қазақтар көп қоныстанған Құлжа өлкесiнен. Бiрақ Қазақстанға ертерек келдiм де, мектептi осында бiтiрiп, институт тәмамдадым. Менiң ойымша, той көйлегiнiң кеудесi алқам-салқам ашық, иығы жалаңаштанғаны ұнамайды. Өзiм бойдақпын. Үйлену де ойда бар. Бiрақ қалалық қыздардың көбiмен пiкiр таластыруға шынымды айтсам қорқамын. Көбi шолақ ойлы, жоқтың қадiрiн бiлмейдi. Өз айтқандарынан қайтпайтын қайсарлықтары жақсы қасиет те болар. Дегенмен, көзқарастары әртүрлi адамдардың бiрге өмiр сүруi қиындау болатын шығар. Бiздiң жақ, өлке жайлы әңгiме қозғалса, қазақшылықтан әлi арыла қоймаған, ескi көзқарастағы қараңғы, сауатсыздау дегендей терiс пiкiрлерiн байқап қаламын. Келiндерi таңнан кешке дейiн салақтап үй тiрлiгiмен жүретiн, баста жаулық, аяқта шұлық, күйе-күйе болып жүргендей әңгiмелейдi. Тiптi олай емес, жас келiндерiн ешкiм үй тiрлiгiне салып қоймайды. Қызметтегiсi қызметте, оқыған-тоқыған. Бiрақ ешқайсысы да өздерiнiң үлкен бiр әулеттiң келiндерi екенiн, сол әулеттiң үрiм-бұтағының анасы екендерiн естерiнен шығармайды. Бүгiнгi өмiр салтымен қыз ұзатып, келiн түсiрiлiп жатады. Қазақтың салт-дәстүрiн, дiнi мен дiлiн, өздерiнiң ана сүтiмен дарыған туған тiлiне деген құрметтерi өте ерекше. Өзiм де намаз оқимын. Оның өзi бойыңды, ойыңды таза ұстауға да көмектесетін исламның тәрбиелiк құралы дер едiм. Тұрмысымызды, тiрлiгiмiздi көрсiн деген оймен үйленуге уағдаласқан қызымды ауылыма ертiп те бардым. Ұнады. Оның сұлулығына, қазақша таза сөйлейтiнiне, тiптi шашының түсiне дейiн ауыл тұрғындары өте риза болысты. Таң қалды десем де болады. Қазақша, орысша, ағылшынша таза сөйлейтiн сұлу да сымбатты қызды таңдағаныма, оның да менi жақсы көргенiне шексiз бақыттымын. Ал, той деген, көйлек деген шынайы сезiмнiң, махаббаттың қасында түк те емес. Екеумiз де қазақша киiнсек пе деген мақсатымызға жетсек екен… Өйткенi, өзiм ұлттық киiм үлгiлерiн насихаттаумен айналысамын. Қаламқас, 22 жаста: – Мен ойлаймын, қанша қымбат болса да, өмiрiңде бiр-ақ рет болатын тұрмысқа шығуға, тойыңа үлкен дайындық керек болар деп ойлаймын. Оған адам психологиялық болсын, материалдық- рухани болсын әбден дайын болуы керек. Менiң көптеген құрбыларым тұрмысқа шықты. Аса мән бермейдi екенбiз, қыз ұзатуда үнемi қазақша үлгiдегi көйлек киемiз де, той үлгiсiндегiлер еуропалық стильдегi басымырақ. Өз басым таза қазақи отбасында тәр­биелендiм. Он жылдықты да қазақша бiтiрдiм. Қаным, негiзiм қазақ. Биыл тұрмысқа шықсам деген ойым бар. Ата-анамның кенжесiмiн. Үш келiн түсiрдi, қыз ұзатты. Жақсы жеткiлiктi тұрмыста өстiм. Бiрақ… Жақсы көретiн жiгiтiмнiң анасы ертерек қайтыс болып, әкесiнiң басқа отбасы бар, өзi нағашыларына тән бала. Тойымыз керемет болады, қымбат көйлек киемiн деп те ойламаймын. Мүмкiндiгiне қарай болар, ең бас­тысы киiмнiң қымбаттылығында да емес, жарасамдылығында. Еуропалық үлгiдегi емес, кез келген киiм қалыңдыққа жарасатын шығар. Көбiне жағдайы жоқ отбасылар сән үйлерiнен көйлектердi жалға алып жатады. Арзан болса да арнайы өзiңе арнап тiккiзген көйлек,әрине, қонымды, қалауың бойынша жасалады ғой. Оразақын Асқар, ақын, Халықаралық “Алаш” сыйлығының лауреаты: – Бұл мәселе, халқымыз аман тұрғанда, елiмiз есейген сайын күрделене беретiн мәселе. Қазақтың той жасау мәдениетi жайлы үнемi газет-журналдарда айтып та, жазып та келе жатырмын. Көп ғасырлық тарихымыз бар байырғы елмiз деп жар салғаннан ғөрi, сол ежелгi елдiгiмiздiң дәлелi, салтанат-сәнi ешбiр жұрттан кем емес, әдет-ғұрып салтанат құрып жатса, неге жараспас?! Ертеде күйеу жiгiт үкiлi тұмақ немесе құндыз бөрiк, жазда айыр абылайша немесе ақ қалпақ, ал келiндерi сәуеле киiп жарасымды ұлттық киiмнiң үлгiсiн көрсеткен емес пе? Қазiр ше, бүгiнгi қазақтың тойы үстерiндегi киiмдерiмен қоса, iшетiн астары мен тойдағы даңғаза әуенге дейiн шетелдiк. Тәуелсiздiкке қол жеткiздiк, егемен ел болдық десек те, бүгiнгi тойлардың беталысы дұрыс болғанымен, әлi күнге таза ұлттық дәстүрлердi ұстанып жасалынып жатқан тойлар әлi де аз. Соның нәтижесi емес пе, қалыңдық көйлегiнiң осындай әңгiмеге арқау болуы. Оның бәрi iшкi түйсiкке, ой-санаға байланысты. Әдемi киiну дегенiңiз, мәдениеттiң көкесi. Иә, бүгiнгi әңгiменiң тоқетерi де, «тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнi» де осында болса керек. Осыдан бiрнеше жылдар бұрын жапа-тармағай қарсылыққа ұшыраған жас қыздарымыздың кiндiктен жоғары кеудешелерi, шындығында, бүгiнде көше сәнiнен кеткенiн де еске түсiрiп өтелiкшi. Егер қоғамдық пiкiр дұрыс насихатталған жағдайда ғана ортақ iстiң нәтижелi болары сөзсiз. Олай болса, той мәдениетiн, қалыңдық пен күйеудiң, ана мен қыздың, ене мен келiннiң, төркiн мен қайынжұрттың қадiрiн бiлiп, өзiмiздi өзiмiз жақсы жағына тәрбиелегенге не жетсiн?! Әсiресе, жастарымыздың санасын улаудан сақтанайық…

Таңсұлу Алдабергенқызы