Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН ҒЫЛЫМЫ ҚАЙТА ЖАНДАНЫП КЕЛЕДІ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚСТАН ҒЫЛЫМЫ ҚАЙТА ЖАНДАНЫП КЕЛЕДІ

Жақында Қазақстан жоғары оқу орындарын оқулықпен қамтамасыз ету жөнiнде өткен дәстүрлi VII республикалық конференцияға Бiлiм және ғылым вице-министрi Мұрат Орынханов арнайы қатысып, мән-жайға қаныққан болатын. Жоғары оқу орындары мен ғылымның төңiрегiндегi мәселелерге тiкелей жауап беретiн басшыдан соңғы кезде жалақысын ала алмай, шырылдап жүрген ғалымдардың жағдайын сұрап, аз-кем әңгiмеге тартқан едiк.

– Жыл басында кейбір институт ғалымдары еңбекақысын алмағандығы туралы ақпарат құралдарына шағым түсірген еді. Осы мәселенің аяғы не болды?

– Былтыр «Ғылым туралы» жаңа заң қабылданды. Соған сәйкес, жаңа тәжірибе енгізіп жатырмыз. Бұрын министрлік ғалымдардың ұсынысын өзі қарап, қаражат бөлетін. Оған көп сын айтылды. Ғалымдардың өздері де қаражатты бұлай бөлуге болмайды деп шешті. Осылай етсек, ең негізгі ғылым мәселелері зерттелмей қалады деген қорқынышты айтып отырмын. Сол себептен біз басқаша тәжірибені жаңа заңға енгіздік. Елбасы 2009 жылы қыркүйекте бір жиналыста қатты сын айтқан болатын. Содан бері «Ғылым туралы» жаңа заң жылдамдатылып қабылданды. Енді қараңыз, бұл заң нау­рыз айында қолданысқа енді. Қыркүйекке дейін заңнамалық актілерін енгізу керек болды. Соған дейін байқау жарияладық. Гранттық және базалық қаржыландыру бар. Гранттық қаржыны тек байқаудан өткендерге ғана береміз. Қазақтар «Мен жаман ғалыммын» деп ешқашан айтпайды. Оның кереметтігін дәлелдеу үшін біз сараптамадан өткіземіз. Ғалымдардың еңбегін сараптау үшін шетелден 632 сараптаушы-маман келді. Өзіңіз ойлаңыз, құжаттарды анау Америкаға жіберіп, қайтадан келгенше желтоқсан айы болды. Одан кейін тәжірибе бойынша ұлттық ғылым кеңес қарайды. Тіпті еліміздегі белгілі ғалымдар жиналып, сараптаманың қорытындысын тексерді. Оның бәрін орындап болғанша қаңтар айы келді.

Сол арада ғалымдар үш ай жалақысыз отырған жоқ па?

– Жоқ, үш ай емес. Сараптама қорытын­дысы қаңтарда бітті де, ақпанның тоғызы күні қорытындыны жарияладық. Бұрын да солай болатын. Өзіңіз де білетін шығарсыз, барлық мекемені қаржыландыру ақпанда басталады. Бәрі желтоқсанның жалақысын қаңтарда алады. Солай емес пе? Ал жаңа тәжірибені енгізгеннен кейін, жаңа қағаздарды алып келіп, оны түзегенше ақпанның 19-ы болды. Міне, содан кейін ғалымдар «Жалақымыз қайда?» деп бас салды.

– Сол сарапшыларды шетелден тарту­дың қажеттілігі қанша?

– Біз дүниежүзі негізінде стандартқа сай ғылымдық жұмыс жасау үшін тырысып келеміз. Бәрі халықаралық деңгейде болу керек.­ Сол себептен шетелдік сарапшыларға бердік. Тағы бір нәрсе – ол сараптама әділ болады. Бір қуаныштысы, сарапшылар 1990 ғылыми жобаның тек 12 пайызының ғана деңгейі төмен деді. Міне, көрдіңіз бе, Қазақстанның ғылымы қандай!

– 12 пайызының ғана деңгейі төмен болсын. Онда неге «Бізде ғалымдар қартайып бара жатыр?» деген пікір көп. Ғылымға жастардың келуі қалай?

– Біз осы арқылы дүниежүзілік ғылыми қайнаркөздерге жол ашып отырмыз. Осының бәрі жастарды қызықтырды. Қазір ғылыми жобалардың қорытындысы экономикаға, индустрияға пайда әкелсін деген көзқарастан коммерцияландыру үрдісін енгізіп жатырмыз. Сол коммерцияландыруға түскен ғылыми жобалардың авторларын қарасаңыз, бәрі – жастар. Біз былтырғы жылы Дүниежүзілік банкпен бірге коммерцияландыру байқауын өткізіп едік. Әуелгіде оған ғалымдар аз келетін шығар деп те қорықтық. Бірақ 353 жоба қатысса, оның авторының көбі жастар. Он жоба жеңді. Оларды да америкалық сарапшылар тексеріп, анықтады. Қазір солар қаражатын алып, зерттеуін жасап жатыр.

– Солардың ішінде қандай да бір­ ғылыми жаңалық ашып, әлемді таң­ғал­­ды­рып жатқан ғалымдар бар ма?

– Бар. Қазір жұрттың көбі «Қазақстан ғылымы күйреп жатыр» дейді. Бұл мүлдем қате пікір. Батысқа, әлемдегі жаңалық көздеріне жол ашылып отырған кезде, біз солармен теңесуге ұмтыламыз. Біз велосипедті қалай жасады дегенді айтудан аулақпыз. Өйткені әлемде қазір таңғалдыратын жаңалықтар ашылуда. Бізге қорытынды керек. Білесіз бе, шошқа тұмауы мен құс тұмауына қарсы екпені ТМД бойынша ең бірінші қазақстандық ғалымдар ойлап шығарды. Ұшақ, пойыз металы мықты болу үшін оған түрлі жер элементтері пайдаланылады. Ол да бізде ойлап табылды. Қазіргі мәселе – су мен энергия көзі. 70 жылдан кейін мұнай мен газ қоры бітеді деген болжам бар. Сол кезде балама энергия табуымыз керек. Міне, соған байланысты ғалымдар күн батареясын ойлап тапты. Коммерцияландыру байқауы бойынша бір ғалым мембранды тректі фильтр жасады. Бұл қазір медицинада қолданылып келеді. Құдайға тәубе, бізде нанотехнология әжептәуір даму үстінде. Ғылымда істейтін адамдар көп. Бұрын ғылым Алматыда ғана дамып жатыр деп ойлайтынмын. Олай емес екен. Шымкенттің өзінде, Қостанайда, Павлодарда ғылым ошақтары бар.

Әңгімелескен

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ