ШЕРХАН АЙТҚАН ШЫНДЫҚ БАР
ШЕРХАН АЙТҚАН ШЫНДЫҚ БАР
«Егемен Қазақстан» газетiнiң бетiнде бiр-бiрiмiзге хат жазысып, елiмiздiң ерен мәселелерiн көтерiп, сырласқан,ой бөлiскен Камал дос қайда?» деп, дүниеден ерте озып кеткен қаламдас серiгi, өмiрлiк, отбасылық досын аса сағынышпен еске алады Шерағаң. Ия, бұл сәт Шерағаң үшiн бiр емес мың кем дүние болған сияқты. Өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастап қоян-қолтық араласып, шығармашылық жолда үзеңгi қағыстырып, үнемi бiрiнiң кемшiлiгiн бiрi толықтырып, бiрiнiң жетiстiгiне бiрi масайрап, марқайып, қызмет бабымен ұзақ кездеспей қалса, сағыныса шүйiркелесетiн қазақ публицистикасының қайсар мiнездi,қаламдары қарымды қос алыбына былайғы жұрт қызыға да, қызғана да қарайтын.
1950 жылдары университетті жаңа ғана бітірген жас журналистер өздерінің шығармашылық жолдарын кенді қала Қарағандыдан бастаған. Бірі − «Социалистік Қазақстанның», бірі − «Лениншіл жас» газетінің меншікті тілшісі. Араға жылдар салып екеуі де Қазақстандағы ең басты газеттердің бас редакторлары болды. Камал ағамыз Қазақстанның телерадио мемлекеттік мекемесін басқарып, көксандықтан берілетін хабарларға көптеген жаңалықтар енгізсе, араға уақыт салып Камал ағамызды ауыстырған Шерағаң да өз соқпағын салып, тыңнан түрен тартқаны тарихтан белгілі.
Еліміз егемендік алған тұста екеуі де Мәжіліске депутат болып сайланып, ел қалаулыларының орынтағына қатар жайғасты. Жаңа қалыптасып келе жатқан жас мемлекетте мыңдаған заңдар қайтадан қабылданып жатқан тұста, жетіспей жатқан жақтарын көре тұра билікке ұнамай қаламыз ба деп, жұмған ауыздарын ашпай отырған әріптестеріне үлгі көрсетіп, ешкімнен қорықпай-ақ, именбей-ақ, билікке ұнамасақ та халық жағында болайық деп бел шешіп, білек сыбанып, үлкен мінбеден өз ойларын ашық білдіргендеріне көпшілік куә. Әсіресе, жер туралы, қазақ тілі туралы заңдар қабылданған кезде Камал мен Шерағамыздың дауыстары ерекше естіліп жатты.
Камал аға мен Шерағаңның жер туралы заңға қатысты айтқан көптеген пікірлерінің жаны бар. 1917−1925 жылдар аралығында қазақ жері, қазақ елі аса ауыр жағдайлардың біразын басынан кешкен. Оның ең бастылары 1917 жылғы ашаршылық халықты біраз тұралатып тастаса, оның бергі жағында жаңа заманға бейімделу, оның толып жатқан қиыншылықтарымен күресу кезеңі басталып, сол тұстағы ел билеген азаматтар кейбір ұраншылдардың ұрдажық сойылының соққысына ұрынған болатын. 1917 жылы қазақ жерінде кедей- шаруаларға жаппай жер бөліп берді. Бергенін қайтеміз-ау, қолдың қысқалығынан олар алған жерлерін өңдеп, егін еге алмады. Кәдеге жарата алмады. Соқа жоқ, соқа болса, өгіз жоқ. Себетін дән жоқ. Ең бастысы, осы қажеттіліктердің бәрін сатып алатын ақша жоқ болатын.
Қойшы әйтеуір, жоқтың кесірінен шаруалар жерлерін ауқаттыларға амалсыз ақыға жалға берді. Кейіннен жиырмасыншы жылдардың басында шаруалар екіден, үштен бас қосып, бірігіп, бірінің соқасын, бірінің өгізін, бірінің тұқымын ортаға салып еңбектеніп көріп еді, әжептәуір жетістіктерге қол жеткізді. Оларды көрген ауылдың қалған тұрғындары да бас қосып еңбек ете бастайды. Содан келіп қазақ жерінде «Қосшы» деген жер туралы комитет құрылды. Бұның ақыры колхоздастырумен аяқталды. Мұрағаттардағы деректер осылай сөйлейді.
Жамбыл облысының мұрағатында осындай деректерге көз салып қарасақ, Камал ағамыз, Шерағамыз жазған хатында осы деректерді дөп басып айтады. Шынында да, еліміз егемендік алғаннан кейін өткен жаңа заманның кейбір деректері қайта айналып келді. Еліміз нарықтық экономикаға бет бұруы үшін қазақ жеріндегі небір алып зауыттар мен өндіріс орындарын, ауыл шаруашылығындағы колхоз, совхоздарды түгелдей дерлік жойып жіберіп, тікелей капитализмнің бағытына бет бұрды.
Есігін осылай аша келген жаңа заманның өтпелі кезеңі қазақстандық тұрғындарға ауыртпалығын артпай өткен жоқ. Ауыл тұрғындарына түгелдей дерлік жүз гектардай жайылымдық, 20 гектар суармалы егіндік жер бөлініп берілді. Бұған бүкіл халық қуанды. Бірақ қуаныштары ұзаққа созылған жоқ. Қолдарында техника болмағандықтан көпшілік қауым алған жерлерін игере алмады. Түсініксіздеу жүргізілген жекешелендіру тұсында техника атаулы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Әлі күнге дейін игере алмай отыр. Мемлекеттік банктерден несиені қолы жеткендер ғана ала алды. Көпшілігі несие пайызы көп болғандықтан мемлекеттік несие алудан бас тартты.
Мемлекеттен алған жерлерін қазіргі кезде игеріп жатқандар некен-саяқ. Баяғы құлазыған ауыл құлазыған күйінде. Елбасымыздың «Ауыл жылы деп қатарынан жариялаған үш жылы мардымды ештеңе бермеді. Одан ауылдың хал-ахуалы түзеле қойғанын көргеніміз жоқ. Осындай келеңсіз көріністер қаламдас екі достың сын садағының жебесіне ілікті. Барды бар, жоқты жоқ деп жазған екі ағамыз да ел үшін биліктен қаймыға қойған жоқ.
Қазақстандағы жекешелендіру кезінде жіберілген қателіктер Камал ағамыз бен Шерхан ағамыздың назарынан тыс қалмай, «сын түзелмей мін түзелмес» деген ұстанымды ұстана отырып, көптеген кедергілерге қарамай, жіберіліп жатқан кемшіліктерді түзеуге ықпал етуге тырысты. Шерағаң Елбасымен бірге Түркия сапарына барғанда бауырлас елдің «мұнайы мен газы бар ел бай болады, сен сол бай елдің ұрпағы екенсің» деп, ыстық ықыласпен қарсы алғанын еске алады. Араға жылдар салып сол байлық қайда кеткен деп қамыққан көңіліне демеу іздеген ағамыз Камалға хат жазады.
Араб, Иран елдері осы мұнаймен, газбен күнелтіп отырғанын бүкіл әлем біледі. Шынында да, қазақ мұнайын құбырмен сорып, бұрын Ресей алса, енді шетелдік ірі алпауыт компаниялардың иелігіне көшкен. Араб, Иран, Ирак елдері сияқты еліміз бай болады деген халықтың үміт оты бүгінде сөне бастағандай. Себебі күнделікті телеарналарда көрсетіліп жатқан хабарлардан аңғарғанымыздай, қазақ жеріндегі Атырау, Ақтау, тағы басқа да ірі мұнай зауыттары шетелдік компанияларға ұзақ мерзімге жалға өтіп кеткен. Ал енді осы шетелдік компаниялар өз жерімізде өзімізді өгей бала секілді күйге түсіруде. Қызметкерлері түгел жай жұмысшыларының өзін өздері келген жақтан алып келіп, қазақстандықтарға өктемдік көрсеткені өз алдына, тіптен мемлекетке салықты да жөндеп төлемейтін көрінеді. Қазақстандық жұмысшыларға жалақыны аз төлеп, өздерімен ілесе келген жұмысшыларға жалақысын екі есе артық төлеп, халықтың ашу-ызасын тудырып отырғанын естіп те, көріп те жүрміз. Кешегі Жаңаөзен оқиғасы осының куәсі.
Екі ағамыз да «жекешелендіру әділ өтті ме?» деп бір-біріне сауал тастайды. Егер әділ өтсе, халықтың неге қарыны томпаймайды дейді. Рас. Қайда барсаң да, жұмыс іздеп босып жүрген халық. Жекешелендіруге түскен мекемелердің барлығы дерлік ат төбеліндей билік басында отырғандар мен оның жақындарының қолында. Одан халыққа келіп жатқан пайданың жоқтығы бесенеден белгілі. Ауылда тұратындар қолындағы 5-6 тұяғымен, қаладағылар қолынан келген сауда-саттығымен айналысып, қалғандары ауқатты байларға жалданып күнін көріп жүр.
Ал, оның ең сорақысы ауқаттыларға жалданғандардың еңбекақысы дұрыстап төленбейді де, жұмыс аяқталар тұста жоқ нәрсені сылтау етіп немесе кейін төлеймін деп қуып жіберіп жатқандары тіптен көп. Соған қарап отырып біздің елде жүйелі заң жоқ па деп қаласың. Заң бар-ау, сол заңға пысқырып та қарамайтындардың көбейіп келе жатқанына қынжыласың. Ал, заң кім үшін, не үшін шығарылады сонда?
Басқа елді қайдам, біздің елде парақорлық пен сыбайлас жемқорлық басым. Қарапайым ғана мысал, кейбір жерлерде мектептің директорлығына тағайындалу үшін 5 мың доллар, қарапайым мұғалім болып қызметке кіру үшін 1 немесе 2 мың доллар көлемінде пара беру керек екен. Пара берілсе болды, сенің білім деңгейіңе қарап жатқан ешкім жоқ. Әсіресе, жоғары оқу орындарындағы студенттер үшін обал-ақ. Болашақта олар қандай маман болып шығады? Бас қатырып жатқан пенде аз. Қазіргі заманда жоғары оқу орындарының студенттері ақы төлеп оқиды. Ал, енді олар сол төленген ақысына сай білім ала ала ма? Мұндай ащы шындықты айтатын болсаң билік басындағылар әсте кешірмейді, көзге шыққан сүйелдей етіп, өзіңді қаңғыртып жіберуден тайынбайды.
Елде жаппай сыбайлас жемқорлық пен парақорлыққа қарсы күрес жүріп жатыр. Құқық қорғаушылардың қолына парақорлардың шабақтары ғана түседі. Ірі шортандарына шамалары келмейді. Ең сорақысы шетел асып, құйрығын да ұстатпай кететінін қайтесің. Жай ғана кетіп жатса жақсы ғой, барған жерлеріне әбден сіңіп алғаннан кейін шетелдік баспасөз беттеріне мақалалар жазып, бар бәлені Елбасына жауып, өтірікті-шынды кітаптар жазып, оларды интернет арқылы таратып жүргендерін көзіміз көруде. Ел арасында түрлі әңгіме көп-ақ. Көпшілік халық оларды елге қайтарып, лайықты жазасын беретін заңның жоқтығына қынжылады. Міне, халық осыған күйзеледі.
Халыққа адал қызмет етпесе, билік кімге керек? Камал мен Шерағаңның жазбалары бізге осыны меңзейді. Осы жерде жоғарыда аттары аталған ағаларымыздан басқа ел деп, ұлт деп шырылдап жүрген кімдер бар деп ойлаймын? Құдайға шүкір, журналистер көп. Олар Камал мен Шерағаң сияқты елдегі болып жатқан келеңсіз жағдайды көрмейді деп айта алмаймыз, әрине көреді, біледі, өкінішке қарай көпшілігі биліктің дегенінен аса алмайды.
Сын көзбен қарасақ, қазақ басылымдарының жағдайы аса мәз емес. Өйткені халықтың күйін күйттейтін, оқырман сүйсініп оқитын мақалалар некен-саяқ басылатындығында болса керек. Көп газеттер мен журналдардың таралымдары 20 мыңнан аспайды. Ал халық бұрынғыдай өз еркімен газет, журналдарға жазылмайды. Мемлекеттік мекемелер мен мектеп мұғалімдеріне күштеп жазылдыру саясаты жүріп жатыр. 10 миллиондай халқы бар Қазақстан үшін 20 000 таралым деген не тәйірі?! Осыдан келіп, Қзаақстандағы идеологияның құлдырағаны осы шығар деген ой өзінен-өзі қылаң береді. Камал ағамыз да, Шерағамыз да осыған қатты қынжылады.
Әсіресе, кез-келген облыс әкімшілігінің қолына қай газетке жазылу керек, қайсысына жазылмау керек екендігі туралы тізім беріліп, алдын ала шешіліп қойылған. Әкімшіліктегілер өздерін сәл де болса сынға алған басылымдарды тізімдерінен сызып тастайды. Ондай газетке ол облыстың қызметкерлері жазылмайды деген сөз. Әкімшілік тараптан қолдау көрсетіп, сәл де болса қамқорлық жасалып жатса, жағдай мүмкін басқаша болар ма еді?
Камал да, Шерхан аға да бүкіл ғұмырын газет-журнал қызметіне арнаған. Журналистік қызметтің ыстығына күйді, суығына тоңды. Әйтеуір қолдарынан келгенше аянбады. Абыройлы іс тындырды. «Егеменді Қазақстан» газетінде бірінен кейін бірі жарияланып жатқан хаттарды оқыған қаламдастары «Камал екеуің абайлаңдар, шындықты жазған журналистерді атып кетіп жатыр» деп ескерткендеріне де қараған жоқ. Ал ол жазылған хаттар жәй ғана хат емес, салмағы ауыр, елінің қамын жеген, халықтың ойынан шығатын ірі мақала деуге болады.
Шындықты жазғанды халық жақсы көргенімен билікке жақпайсың. Билікті мақтасаң, халыққа жақпайсың, былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледінің кері келеді. Мықты болсаң, осы жерден жол тауып шығып көрші. Дұрысын айтсақ, Камал ағамыз бен Шерағамыз өздерінің ақиқат жолдарын қалам ұстаған күннен бастап тапқан сияқты. Жуырда ғана ел болып Камал ағамыздың асын беріп жатты. Ал, бүкіл Қазақстан сексеннің сеңгіріне шыққан Шерхан ағамыздың тойына қызу дайындық үстінде. Амал қанша, Шерағаң өзінің мерейтойын досы Камалсыз өткізетін болып отыр. Шерағаң маған хат жазып, пікір айтып тұратын Камал досым қайда деп бекер қынжылмаса керек. Қиын-қыстау кезде бір-бірін демейтін адал дос, әрі қаламдас серігіңнің болғаны қандай жақсы. Шерағаң сол әдемі күндерін аңсайтын сияқты.
Досы Камал аға мен Шерағам бір қалада бір үлкен үйде тұрды. Бір-біріне хат жазып, мақала жазбай-ақ бір дастархан басында шүйіркелесіп, әңгімелесіп отырып-ақ ойларын жүзеге асыруға болатын еді ғой. Олар өйткен жоқ. Біздің білгенімізді халық білсін деді. Сөйтіп талайдан көкейде жүрген ойларын халықпен бөлісті. Халық сөз жоқ жақсы қабылдады. Олардың бұл үрдісі Камал мен Шерханның журналистика саласындағы асыл мектеп, соны соқпақ болса керек. Болашақта бұл үрдісті жалғастырып, осы ізбен жүретін қаламдас інілері мен қарындастары көптеп шығатынына кәміл сенуге болады.
Елбасы біреу, қалғанымыз оған тіреу болайық деп ұрандатып шыққандардың бірі Шерағаң болатын. Одан бері де жиырма жыл өтіпті. Зымырап өтіп жатқан заман.
Тәуелсіз Қазақстанның жаңадан қалыптасып, құрылуына Камал аға мен Шерағамның қосқан үлесі аз емес. Жаңа заманның, жаңа күйтабағы оңайлықпен айналмасы белгілі. Жаңа мемлекетке жаңа құрылым керек, жаңа заң керек, тағы басқа да көптеген жаңалар керек. Жас мемлекеттің құрылуына екі ағамыз да жанын салып, Елбасына қолдарынан келгенше тіреу болғанын көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ. Мұндайда баспасөздің құдіреті ерекше емес пе? Елдегі жақсылы- жаманды жаңалықтардың барлығы дерлік Елбасыға баспасөз арқылы жетіп отырды. Оның шетелдерге сапарынан уақтылы құлағдар етіп отырды. Осының барлығы аз еңбек емес.
Өткен ғасырда еліміздегі жер, су, елді мекен атаулары орыстанып кеткенін елдің бәрі біледі. Қаншама елді мекен мен жер, су атауларының қазақылануына екі ағамыз да аянбай атсалысқан жоқ па? Соның бірі «Социалистік Қазақстан» болатын. Бұл газеттің атауы егемендік алғаннан кейін «Егеменді Қазақстан» болып өзгерді. Шерағаң атауы өзгерген газеттің бірінші номеріне бас редактор ретінде қол қойды. Бұл – Шерағаңның өміріндегі айтулы тарихи кезең, тарихи оқиға.
Егемендіктің жиырма жылы тарихи оқиғаларға толы. Өткен ғасырда шетел асып кеткен қандас бауырларымыз атажұртқа оралуда. Көптеген мемлекеттік мекемелер жекешелендірілді. Жаңа Үкімет, жаңа Парламент, жаңа әкімшілік құралып, халыққа қызмет ете бастады. Бұған көндігіп, бірден игеріп кету мүмкін емес еді. Өзіндік кемшіліктері мен жетістіктері, өзіндік қиыншылықтары мен ауыртпашылықтары, ілгері басқан аяқты кері кетіріп, ел басқарған азаматтарға кедергісін келтіріп отырғаны белгілі.
Осы тұста Камал аға мен Шерағалар қияс кетіп ауытқыған ел азаматтарына басу айтып, ағалық кеңестерін берді. Өздерінің ел ағасы екендігін көрсете білді. Ел аралап, ақыл-кеңес бере жүріп халықтың мұң-мұқтажына жіті көңіл бөліп, газет беттеріне мәнді де мағыналы мақалаларын жариялады. Еңбектері еш кетпеді. Соның арқасында Елбасын ел түсінді. Бұдан артық еңбек бола ма? Ел үшін еткен еңбек ешқашан ұмытылмайды. Халық ондай еңбекті ерекше бағалайды. Халықтың берген бағасынан артық баға болмаса керек. Бұл тұрғыдан алғанда Камал ағамыз да, Шерхан ағамыз да халықтың берген алғысынан кенде емес.
Бірі Ұлытау өңірінде, екіншісі Әулиеатаның Жуалы өңірінде дүниеге келген екі достың тағдырлары елуінші жылдары Алматыда тоғысқан болатын. Содан бері қоян-қолтық араласқан екі дос ауылда туып- өскен, ерекше дарын иелері халықтың жоғын жоқтай білді. Халықтың халықтық мәселелерін көрген сайын, олардың қаламдары ширығып шыңдала түсті. Іштегі толғаныстарын ашына әрі, ашық түрде қағаз бетіне түсірді. Қуанышын да, ренішін де халықпен бөлісті. Бұл олардың еңбектерінің жанғандығының ерекше сәті. Өйткені олар халықтың сөзін сөйледі, мұңын мұңдады, жоғын жоқтады.
Қолдарына қалам алып, бір-біріне хат жазғанда, оның әрбір жолында, әрбір сөзінде халыққа деген ыстық ықылас жатты. Турасын айтсаң, туғаныңа жақпайсың деген аталы сөз бар қазақта. Олар туғаным екен, жақыным екен, жерлесім, руласым екен деп ешкімнің де көңіліне қараған жоқ. Керісінше, кемшілікті жіпке тізгендей теріп жазды. Ал олардың бұл әрекеттерін жалпы халық дұрыс түсінді, жылы қабылдады. Осы ықыластан рухтанған олар қашанда турасын айтып қасқайып тұрды. Бұдан асқан бақыт жоқ шығар.
Мұхамеджан КӘТIМХАН,Бауыржантану ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері