Жаңалықтар

БАЛҚАШТЫҢ БАҒЫ АШЫЛСА...

ашық дереккөзі

БАЛҚАШТЫҢ БАҒЫ АШЫЛСА...

Шағын қалалар қатарындағы Балқаштың бүгiнгi тынысы бөлек. Үкiметтiң арнайы бағдарламасының арқасында экономикасын дербестендiрiп, әлеуметтiк және экологиялық ахуалын жақсартуды көздейтiн кендi өңiр туризм мен балық шаруашылығын дамытуға ден қойған.

Шағын қалалар қатарындағы Балқаштың бүгiнгi тынысы бөлек. Үкiметтiң арнайы бағдарламасының арқасында экономикасын дербестендiрiп, әлеуметтiк және экологиялық ахуалын жақсартуды көздейтiн кендi өңiр туризм мен балық шаруашылығын дамытуға ден қойған.

Кен орындарына бай Балқаш өңірінде бүгінде жаңаша леп бар. Шағын қалалар қатарындағы қала қаңырап бос қалмаған, бірақ қаланың экономикалық-әлеуметтік сарындағы өзіне жетерлік проблемасы тағы бар. Оған «Қазақмыс» корпорациясы тарапынан журналистер үшін ұйымдастырған сапар барысында өзіміз куә болдық. Үкіметтің шағын қалаларды дамыту туралы бағдарламасының тізіміндегі Балқаш қосымша қаражатты қажет етеді. Қаланың экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы Зәуре Шлыкованың айтуынша, қаланы дамыту мақсатында жыл сайын 320 млн. теңге бөлінбек. 2020 жылға дейін қала басшылығы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыта отырып, туризм мен балық шаруашылығына көңіл бөлуді жоспарлап отыр. Пресс-тур барысында журналистермен кездескен Балқаш қаласы әкімінің міндетін атқарушы Данияр Мананбаев: «Аталған салаларды дамыту үшін Қытай мен Жапониядан инвесторлар тартуды көздеп отырмыз. 2020 жылға қарай Алматы – Балқаш және Астана – Балқаш темір жол байланысына негізделген «Бүркіт» жобасы жүзеге асырылады. Сонымен қатар еліміздегі басты қалаларды Балқашпен жалғастыруда арақашықтықты қысқартуға мүмкіндік беретін 4 жолақты магистраль қолға алынып, жергілікті шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға сеп болмақ», – деді. Балқаш дегенде, қалаға сән берген Балқаш көлінің тазалығы туралы мәселе қозғалады. Экологиялық мәселеге мемлекеттік және жергілікті деңгейде көңіл бөлінетіндіктен, көл суын заманауи технологиялардың арқасында таза ұстаудың жолдары қарастырылуда.

Негізі Балқаш өңірін игеру 1928 жылы инженер, геолог И.Русаковтың басшылығымен Қоңырат тауларындағы геологиялық-барлау қызметінен басталған. Ғылыми зерттеулердің арқасында Қоңыраттағы мыс қорының өте мол екені анықталып, сол аймақтан мыс өндіретін кәсіпорын салу жоспарланыпты. Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінен Балқашқа қарай ағылған ерікті топ, жұмысшылар, шаруалар, комсомолдар мен коммунистер осы нысанды салуға жұмылдырылады. Құрылысты салуға қажетті керек-жарақ алғашқыда атпен, түйемен тасылса, кейінірек жүк Балқаш көлі арқылы Бөрлі-Төбе айлағынан Бертіс шығанағына жеткізіліп тұрған. Толассыз төгілген тердің арқасында 1935 жылы Балқаш-Қарағанды теміржолы уақытша пайдалануға беріліп, жылу электр орталықтарының құрылысы бас­талды. 1935 жылы мыс алыбының негізгі цехтарымен өндіріс нысандарын тұрғызуда қазақпен бірге орыс, белорус, украин, татар, армян т.б. ұлт өкілдері аянбай еңбек етті. Осылайша, 1938 жылдың 24 қарашасында алғаш рет Балқаштың қара мысы алынды. Мыс өндіретін кәсіпорын құрылысымен қатар 1934 жылы Балқаш қаласының негізгі құрылысы қолға алынған еді. Мәселен 1937-1938 жылдар аралығында Қоңырат кен орнының құрылысы, «Ударник» кинотеатры, Балқаш ТЭЦ-і бой көтерді. Ұлы Отан соғысының қарсаңында ашылған Гүлшат пен Шығыс Қоңыраттағы мырыш пен молибден кеніштерінің қорғаныс өнімдерін жабдықтауда өте маңызды қадам еді. Оған 1941 жылы Мәскеуден көшіріп әкелінген Кольчугино түсті металдар зауыты қосылды. 1997 жылы 7 ақпанда «Балқашмыс» мүліктік базасын сатып алған «Қазақмыс» корпорациясы Балқаш тау-кен комбинатын құрды. Корпорация бүгінде мыс өндіруден әлем бойынша – 11-орында (жылына 299 мың тонна мыс өндіріледі). Концентраттағы мырыш өндіру бойынша Қазақстанда – екінші орында (140 мың тонна). Күміс Қазақстанда – 1-орында (13 млн. унция), ал алтын бойынша 4-орында (151 мың унция). Өндіріс қарқынын арттыруға баса назар аударып отырған кәсіпорынның негізгі аймағы Қарағанды облысы болып табылады. Өйткені мұнда төрт кен орны мен үш кен байыту фабрикасы бар. Бүгінде бағалы металл цехында жылына 10 тонна алтын, 400 тонна күміс өндіріледі. Цех бастығы Ерік Ноғаевтың айтуынша, үстіміздегі жылдың алғашқы үш айында шығарылған 69 мың унция алтын құймасы ҚР Ұлттық банкінің алтын қорына өткізілген. Кен орнында өндірілетін алтын ай сайын нарықтық бағасы бойынша 2012 жылдың соңына дейін Ұлттық банкке жеткізіліп тұрмақ. Әлемдік нарықтағы ахуал отандық өндіріске де ықпалды. Мәселен 2008 жылы 2012 жылдың басында 1 тонна мыстың орташа бағасы 7 мың 661 доллар болса, 2012 жылдың 31 наурызында 8 480 долларға тең болған.

Кез келген кәсіпорынды алға сүйреуші – тәжірибелі мамандар. Жұмыс күшінің кәсіби біліктілік пен сұранысқа сай келмеуі, жұмыс орындарының жетіспеушілігі, халықтың кейбір бөлігін жұмыспен қамтудағы қиын­дықтар, балабақшалар тапшылығы т.б. Балқаш өңіріндегі әлеуметтік проблемалар қатарында тұр. Бірақ бәсекелестікке қабілетті де кәсіби тұрғыда мығым мамандарды дайындауды «Қазақмыс» өз қолына алған. Мәселен 2009 жылы Балқаш қаласынан ашылған «Қазақмыс» корпорациясының политехникалық колледжі 9 және 11 сыныпты бітірген балаларды оқуға қабылдайды екен. Журналистер қауымы аталған оқу орнында болып, ғимаратты аралап көрді. Заманауи техника және технологиямен жабдықталған білім ордасында шәкірттерге толық жағдай жасалған. Теориямен қатар тәжірибені игеруге күш салатын колледжде мамандарды ішкі еңбек нарығындағы сұраныс бойынша дайындайтын көрінеді. Политехникалық колледждің басшысы Айгүл Сыздықова: «Біз жыл сайын үміткерлерге қабылдау жасардың алдында жұмыс берушілермен кездесіп, еңбек нарығына талдау жасаймыз. Осының нәтижесінде қанша және қандай маман керектігін анықтаймыз. Сондықтан түлектерімізді толық жұмыспен қамтамасыз етеміз. Оқу тегін және 4-пен 5-ке оқитындар 10 мың теңге көлемінде шәкіртақы алады. Бәрі жатақханамен және бір уақыт тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Үміткерлерді тест арқылы қатаң іріктеуден өткіземіз. Мысалы былтыр металлург мамандығына бір орынға бес адам таласты», – дейді. Сұранысқа сай маман дайындағандықтан шығар, биыл «машина құру технологиясы» мамандығы бойынша тәлім алған 19 түлектің 17-сі бірден өндіріс орындарына жұмысқа тұрып, өздерінің еңбек жолын бастап кетіпті. Оқу орнының бар шығынын өз мойнына алған «Қазақмыс» колледжге 4,5 миллион доллар, ал оның қызметіне 505 мың доллар көлемінде  қаржы жұмсаған көрінеді. Онда қазіргі таңда орта кәсіптік мамандық бойынша: «Пайдалы қазбаларды байыту», «Түсті металдар металлургиясы», «Машина құру технологиясы», «Автоматтандыру және басқару», «Металлургиядағы машиналар мен жабдықтар», ал жұмыс мамандықтары бойынша – «Флотатор», «Металл және қоспаларды балқытушы», «Жабдықтарды күту және жөндеу слесары», «Бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика слесарі» т.б. мамандар дайындалуда. Сонымен қатар колледждің мамандары қазақ, орыс, ағылшын тілінде іс қағаздарын жүргізе білуі үшін арнайы пән қосылған. «Қазақмыс» ЖШС құрылымдық бөлім­шелерінің қатарында Мыс қорыту цехі, бағалы металдар цехі, зергерлік-декоративтік цех, Балқаш кен байыту фабрикасы, Мырыш зауыты, Саяқ кен орны, Қоңырат кен орны, Балқаш Жылу электр орталығы т.б. бар. Кәсіпорында жұмыс істейтіндер саны – 9900 адам. Пресс-тур барысында журналистер көз жеткізген тағы бір шындық, қызметкерлердің жеке бас қауіпсіздігі ережесін сақтауға баса назар аударылады екен. Оның себебі қиын да қауіпті мамандық иелерінің әр сәті қатерге толы. Корпорацияның жаңа жобасы – «Өмір» мамандарды өмірді бағалай білуге, жұмыс орнында қауіпсіздікті қатаң сақтауға үндейді. «Қауіпсіздіктің 5 қадамы» ережесіне сай әр маман жұмысқа кірісер алдында арнайы медициналық тексеруден өтеді. Жұмыс құралдарын тексеріп көреді. Егер бір жерден ақау шықса және ол жұмысшының кінәсінен болмаса, кемшілік жойылғанша оның жұмысқа кірісуден бас тартуға құқығы бар. Есесіне, жұмыс күні күймейді, яғни жұмыс істемеген уақытқа төленетін жалақысы тоқтамайды. Өндірістегі қауіпсіздік ережелерін сақтау мәдениетін енгізу мақсатында «Еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы біздің балаларымыздың көзімен» тақырыбында ұйымдастырылған байқауға атсалысқан 84 бала кәсіпорын тарапынан ұйымдастырылған сый-сияпатқа ие болумен бірге қауіпті мамандық тізгінін ұстап жүрген ересектер санасына ой салды. Екі күндік пресс-тур барысында журналис­тер қауымына жан-жақты ақпарат беріп, ой бөлісуге мүдделілік танытқан Балқаштағы «қазақмыстық» басшыларға риза көңілмен Алматыға аттандық.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ