Жаңалықтар

Фетхуллаһ ГҮЛЕН: ПАРАНОЙЯ

ашық дереккөзі

Фетхуллаһ ГҮЛЕН: ПАРАНОЙЯ

Ұлт пен ұлыстың, мәдениет пен өркениеттiң тағдырын уысында ұстағысы келетiн қара күшке арқа сүйейтiндер әу бастан идеологиялары арқылы қоғамға тигiзiп жатқан зиянды iс-әрекеттерiн заңды әрi дұрыс етiп көрсету мақсатында әрдайым үрей туғызатын түрлi әдiс-айлаларды қолданып келедi. Яғни “идеологияға қауiп төндi”, “модернизация жар жағасында”, “жан-жақта демократияның дұшпандары бар” дегендей мәнсiз, орынсыз ұрандары арқылы қаймағы бұзылмаған қарапайым халықтың арасына үнемi қорқыныш пен үрей салып, елдi тұтасынан “жындыханаға” айналдырып үлгердi.

Мұндай әрекетке ерікті түрде күш салып отырғандардың өздері параноик яки паранойя сырқатына шалдыққандар. Олар әу бастан көздеген мүдде мен мақсатына қарай дәл осындай қоғамдық паранойяны қажет деп санайтындар. Олар кейде кейбіреулердің жөн-жосықсыз әрекеттерін пайдаланып, лаңкестік әрекеттерді өздері ұйымдастырады; айрандай ұйып отырған мамыражай қоғамның ішіне күмән ұялатып, болашаққа деген сенімді жояды; жаппай қырып-жою қаруы туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жалған ақпарат таратып, тұтас елді алдап-арбайды. Ал кейде бұрын-соңды жан баласы естімеген негізсіз байбаламдары арқылы фундаментализм атты үрейді қоғамда жар салып, елдің мазасын алып, түрлі негізсіз пікірлер тудырады; дәлірек айтқанда қоғамдық паранойя қалыптастырады.

Елдің үрейге берілуі, қоғамның паранойя сырқатына шалдығуы бұл күштер үшін маңызды емес; оларды бір-ақ нәрсе қызықтырады: ат төбеліндей белгілі топтың бақыты, табысы мен мүддесі және өздерінің ғана билігі. Олар бүгінгі заманның басқыншылығына, қысымына, тіпті зорлық-зомбылығына дем беру мақсатында “жүйеге қауіп төнді”, “идеология зардап шекті”, “ядролық қару-жарақ адамзатқа қауіп төндірді”, “керітартпа көріністер біздерді қатты қобалжытты” деп даурықпа-сылтаулар тауып, жалған ақпараттар арқылы осындай жайттарды одан ары қоздырып, өз мүдделері бойынша жоба-жоспарларын жүзеге асыра бас­тайды және кез келген мәселеге араласудан танбайды. Осының нәтижесінде әртүрлі қылмыстық әрекеттерге мұрындық болып, талай отбасының ошағын сөндіреді және осының барлығынан бейхабар жүрген жандардың жүрегіне паранойя ұялатады.

Паранойя – кез келген нәрседен күмәндану, пәленше-түгеншеден жамандық тиіп кетер деп сарыуайымға салыну, өз-өзіне сенімсіздікпен қарау және үрейге шалдығу сырқаты. Кейде бұл сырқатқа менмендік пен мақтаншақтық, өркөкіректік пен өзімшілдік іспетті мінездер қосылады. Ал мұндай жағдайдағы адамның кәдімгі есалаңға айналуы бек мүмкін.

Дәрігерлер паранойяның белгілерін былайша сипаттайды:

Өз-өзіне әсіре мән беру; мақтаншақтық, өркөкіректік және маңғаздану іспетті мінез-құлықтарымен қатар “мен” гипертрофиясы;

“Әділетсіз жағдайға тап бола қалсам, зұлымдыққа душар болуым мүмкін” дегендей ойлардан туындаған сенімсіздік және әсіре күмәндану ауруы;

Ой мен сананың, пайым мен парасаттың сыңаржақтығы және осы сыңаржақтықтан туындаған күдік пен үрей; содан соң сананы әбден сансыратқан күмәнді ой мен күдікті әрі қарай күшейту мақсатында негізсіз сөз, қисынсыз дәлелдер шығару сырқаты;

Тұтас тіршілікті тұрақсыз, сенімсіз және набансыз деп көру салдарынан қоғамдық үйлесімсіздікке жол ашу және қоғамға қауіп төндіру күйзелісі. Паранойя кейде жоғарыда айтылған барлық белгілерімен, кей кезде бір-екі белгілері арқылы ғана көрінеді. Паранойямен ауырған адам қоғам ішінде белсенділік танытып жүргенімен, кез келген уақытта есі ауысып, кәдімгідей жындыға айналуы мүмкін.

Паранойя барша жанда баяу басталады, біртіндеп дамиды. Сөйте келе түрлі жайттың және шүбәлардың әсерінен, қате ойлардың салдарынан адамның есі ауыса бас­­­тайды және ішті кемірген күдік пен күмән, қорқыныш пен үрей үдей түседі: Паранойя­мен ауыратын адам зұлымдыққа ұшырап қаламын деп әр нәрседен күдіктенеді. “Біреу маған жамандық жасағалы отыр” деп уайымға салынады. Ықтималдылыққа мән береді және шешімді де осыған қарай қабылдайды. Көпті кінәлі көреді және солардың көзін құртуға ұмтылады. “Олар маған зұлымдық жасамай тұрып, мен оларды қыспаққа алуым керек” деп бейтарап жүрген адамдарға қарсылық білдіреді. Қан төгуден тайынбайды және тіршілікті қанды майданға айналдырады. Кейде көкейінде жүрген құрғақ ой-қиялын таптырмайтын бір идея санап, сол идеяны жүзеге асыру мақсатында түрлі келеңсіз істерге қадам басады. Бұнымен де қанағаттанбай, қолындағы биліктің сақталып қалуына кедергі деп білген не өзі күдіктенген адамдарға үнемі қарсы болады, ондайларды дұшпан деп санайды; мүмкіндік туған сәтте не болмаса күші жеткенде міндетті түрде қара күш көрсетеді.

Паранойя үрей-қорқыныш, күдік-күмән ауруы ретінде барлық жаман ниет пен жаман ойдың бастауы іспетті. Паранойяның әсерінен томаға-тұйықтық пен жікке бөліну әдеті дами түседі, соның нәтижесінде “біздер” мен “басқалар” деген көзқарас қалыптасады; соның аясында әділетсіз үкім шығарылады және шындық өтірікке, ақиқат жалғанға айналады. Нақақтан-нақақ бетке күйе жағылады. Сондықтан фундаментализм үрейіне байланысты шығарылған барлық стереотиптер мен жаңсақ пікірлер әлгіндей күдік-күмәндардың нәтижесінде туындайды. Сондай-ақ, бұрын-соңды ел көрмеген қысымшылдық та, әлгі мәні жоқ үрейдің салдары, әр нәрседен шүбәланудың нәтижесі болып табылады.

Параноик өзінен басқаны мойындамайды. Адал болуы екіталай. Оның анты мен уәдесіне сенуге болмайды. Оның әділдікпен жұмысы жоқ және құқыққа еш уақытта құрмет көрсетпейді. Тіпті ол мұндай құндылықтарға мән беруді ақымақтық деп есептейді. “Иландым” деп әлемге жария етсе де, иман келтірмейді. Сондықтан жүрегі ықыласқа толған мұсылмандардың шынайы, ізгі амалдарының түбінде дүниеқорлық пиғылдың болуы бек мүмкін деп күмәнмен қарайды. Кейде ешбір кінәсі жоқ қозғалыстардың өзіне күдікпен қарап, қоғамға ауадай қажет іс-шаралардың өзінен күмәнданады, тергеп-тексеріп, кілтипан іздейді.

Сонымен қатар, параноик – өзін ғана ойлайтын, өзін ғана көретін, өзінің нәпсі­құмарлығының жетегінде жүретін өзімшіл әрі менменшіл адам; өзіне ғана таңғалатын және қандай жағдай болмасын өзін ғана, өз амалдарын, түр-сипатын, бет-келбетін, дене-бітімін ғана ұнататын нарцист. Ол өзі жеткізген ойынан, қабылдаған шешімінен, айтқан ұсынысынан басқасын мойындамайды және мұндайда басқаны сынауға даяр тұрады.

Сондай-ақ айтылып-жазылған дүние­лерден міндетті түрде қате іздейді, өзгелердің сөйлеген сөздерін мәнсіз көреді және барлық нәрсені, барша адамды қаралап күйе жағады, себебі ешкімді менсінбейді. Өйткені сөзді сөйлеген өзі емес; ойы, шешімі және ұсынысы өзінен шықпағаны үшін, жазылған дүниелерді өзі жазбағандықтан, айтылған сөздерді өзі айтпағаны үшін мүлдем қабылдамайды. Сондықтан да оның назарында айтылып-жазылған дүниелердің ешқайсысы расталуға, мақұлдануға келмейді. Бәрінен қызығы, мұндай ауруға шалдыққан адам дәл осы дүниетанымы арқылы өзіне қарсы келіп, қарама-қайшылықта өмір сүріп жатқандығын білмейді де байқамайды.

Параноик – бір жағынан болмысқа, оқиғаларға, адамға күмәнмен қарайтын, нәпсіқұмарлық пен тәнқұмарлыққа барынша берілген енжар; пайдасы мен мүддесін ғана ойлайтын менменшіл; кекшіл, дүрдараз, ызақор, ашушаң және нәпсінің басыбайлы құлы. Ол қалауынша барлық нәрседен пайда көріп, ләззат алғысы келеді. Өмір-бақи тәннің қалауымен жүреді. Бойындағы хайуани, нәпсілік табиғатын сақтауға күш салады. Арсыздыққа бой алдырады. Арды білмейді, ұятты танымайды, ұлттық мәдениетті мойындамайды, қоғамның ішіндегі ережелерге мойынсұнбайды. Бір сәтке болсын, өз-өзін бағалағандай өзгеге мән бермейді…

Ал менмендік дәл бір бәлекеттей оның ой көкжиегін торлап алған: мақтаншақтық, даңғойлық, менсінбеушілік – оның басты ерекшелігі. “Барлығына өктемдік жүргізуім керек” деген таққұмарлық пиғылы оның ажырамас сипаты. Қолынан келсе, мұндай адам бүкіл әлемді басқарғысы келеді, ал ондай мақсатқа жету үшін әртүрлі жолға жүгініп, неше алуан әдіс-айланы жасайды, жөн-жосықсыз түрлі амалдарға оп-оңай барады. Яғни өтірік айтады, әлемді алдап-арбайды, уәдесінде тұрмайды, сөзіне берік емес, аманатқа қиянат етеді, адамның ойына келмейтін жайттарды алға тартып, бүлік шығарады, қылмыс жасайды, кінәсі бар-жоқтығына қарамастан қан төгеді, тіпті өзі сияқты ойлайтын пікірлестерінің өзін қырып жояды, әйтеуір қандай қылыққа бармасын, қолдан жау жасайды. Сондай-ақ, елді алдауға осы жағымсыз қылықтар жетпесе, “ар-намыс, абырой, заң, демократия, әділет, адам құқығы” демей, “қолыңнан келсе қонышыңнан бас” деп мақсатты түрде сес көрсетеді…

Параноик еш уақытта жалпы адамзаттық ортақ құндылықтарды мойындамайды және мойындағысы да келмейді. Ол “жау” деп жария еткен қарсыластарына қарсы аталмыш адамгершілік құндылықтарын сылтау етіп қолданудан тайынбайды, ал өзінің лас ойларының жүзеге асуына дін, иман, мәдениет, көркем мінез, құқық іспетті құндылықтар кедергі бола қалса, оның барлығын жоққа шығарудан тайынбайды. Шынтуайтына келгенде, параноик ұяты жоқ бетсіз адам. Ол өзінің арсыз істерінен ұялмайды, жоспарлаған зиянды іс-әрекетінен де арланбайды. Арлану былай тұрсын, қастық жасауды, өзгелерге қарсы қасақана әрекет етіп райынан тайдыруды, түрлі жолдармен халықтың мал-мүлкіне қол сұғуды ақылдылық, парасаттылық және жетістік деп санайды. Осылайша шімірікпестен елдің игілігін талан-таражға салып, осының рақатын көруден арланбайды.

Параноиктің іс-қимылы да, сана-сезімі іспетті бұлдыр-бұлыңғыр және құбылмалы. Кейде жаймашуақ көрінеді, кейде боранды жел соқтырады. Ой жүйесі қаншалықты құбылмалы болса, көзқарастары да сондай ауыспалы. Хамелеон іспетті бір қалыптан бір қалыпқа, бір қылықтан басқа бір қылыққа ауысады және әртүрлі көзқарастың, дүниетанымның өкілі болып көріне алады. Егер де мұсылман болып көріну оған дүниелік пайда берсе, онда аузынан діни уағыз түспейді және «шынайы мүмин» болып жүреді. Ал қарсы жел лезде соға бастаса, онда бірден өз кейпіне қайта еніп шыға келеді де дөрекіліктің “көкесін” көрсетеді. Шарттар, қоғамдық орта өзіне ыңғайлы болса немесе күш қолдануға тиімді болып көрінсе ешкімді аямай таптап, езіп тастайды. Ал шарасыз күйде болса, күш қолдану мүмкіндігі болмаса көрінгеннің аяғына жығылып, мәймөңкелікке басады.

Параноик ақыл-сезім тұрғысынан нағыз ауру. Бұл ауру онда табиғи күйде әрі мақсатты түрде жалғаса береді. Сондықтан дәл осындай қасиетсіздігін жұқпалы ауруды таратқан жандай өзгелерге де жұқтырады. Тіпті параноиктердің санын көбейтуге жанталаса қызмет етеді және қолдан келгеннің бәрін жасайды. Қажетті жағдайда өзіне қарсы шығатын жасанды жаулар ойлап табады. Сол сәтті пайдаланып, қауіп төнгендей көпшіліктің ішіне үрей салады. Қажет болса, өз қолымен лаңкестік әрекеттер ұйымдастырып, шын мәнінде қауіп бардай етіп көрсетіп, жұртты иландырады. Үнемі әдіс-айла табуды ойластырады, өтірік айтады, екіжүзді амалдар жасайды, әділетті болып көрінуге күш салады, жалған ақпарат таратып, жұртты ойындағы фантазиясына иландыруға күш салады. Ал бұның барлығын ұйымдастыра келе, шамасы келгенше сенімді болып көрінуге мән береді. Дегенмен қаншалықты сенімді болып көрінгенімен әрбір ісінен сенімсіздік, сарыуайым, тынышсыздық байқалып тұрады.

Әсілі, параноик жалған мен өтіріктің нақ өзі. Оның жылап-күлгені, қиналғаны, шаттық-шері расында да жалған. Ол табиғи қалпынан басқаша көрінуге тырысады. Шын ойын айтпайды, пейілін жасырады және түрлі мінез көрсетеді. Соншалықты әралуан мінезбен өмір сүргендіктен, “бір күні шынайы бейнем көрініп қалуы мүмкін-ау” деп қатты уайымдайды және сол үшін күніне мың өліп мың тіріледі. Сондықтан паранойя ауруын айналасына тегіс жаюға күш салады, жұрттың да өзі секілді ойлағанын қалайды, сөйте келе өз елестерінен өздері қорқатын жағдайға жетеді. Ақиқатында рухани зардап шегіп жатқан нақ өздері. Осы тұрғыдан келгенде, параноик күліп-ойнап, өмірдің қызығына батып жүргендей көрінсе де бақытты бола алмайды.

Параноиктің ішкі әлемі, жан дүниесі күңгірт және бүлікке бейім болғандықтан ең игілікті деген істерінің өзі дау-дамай мен ылаңға толы болады. Алайда ол мұндайға ешқашан “бүлік” демейді, керісінше сөзбұйдаға салып бүлікті “бейбіт” қылып көрсетеді. Оның әрбір ісі бүлікке негізделгендіктен жұртқа лаң салып отырады, бір елді тайпа-тайпаға бөліп қақтығыстырып қояды, қоғамда алауыздық тудыратын, адамдарды бір-біріне айдап салатын орталықтар құрады. Содан кейін қоғамдағы аласапыранды өз есебіне пайдаланады. Ол өзі секілді ойламайтындарды не өз мүдде-пиғылына кедергі ретінде көргендерді қажет болғанда антидемократиялық әрекеттермен жазықсыз қаралайды, қажет болса өркениетке қауіп төніп келе жатқандай қара аспанды төндіреді. Бұны місе тұтпаса «фундаментализм», «экстремизм» сынды сұмдықтармен баршаның үнін өшіреді және міндетті түрде өз жоспарын жүзеге асырады. Өйткені оның арқа сүйер амалы – келістірілген өтірік, шығаратыны – бүлік, іс-әрекеті – екіжүзділік және әрбір ой-амалы – жалған. Алайда осыны ұғып жатқан, сезіп отырған қанша жан бар?!

Негізінде, параноик – нағыз есалаңның өзі, бірақ өзінің ондай жағдайда екенін саналы түрде ұғына алмайды. Керісінше, ол өзін ақылды әрі білімді деп санайды. Сондықтан өзінен басқаны сауатсыз, санасыз деп есептейді. Қалай ойласа да оның бақытты болуы екіталай; себебі ол өзін үнемі дұшпанның нысанасында сезініп, лаңкестік ұйымдар тарапынан қоршалғандай, солардың бақылауында жүргендей халде болады. Қиялында құбыжыққа айналдырған жасанды дұшпандардан қатты қорқады, үнемі қорқыныштан қалтырап жүреді. Шамасы келмейтіндігіне көз жеткізсе, жақындарынан жәрдем тілеп көреді. Өз дұшпаны олардың да дұшпаны екендігіне иландыруды қажетсінеді… Иә, оның ойынша, ұйымдастырғалы отырған операцияның, жасақталған жоба-жоспардың заңды болып көрінуі үшін бәрі күдіктену керек, күмәндану керек; өйткені оның ойындағы жоспардың жүзеге асуы үшін қоғамдық, тіпті халықаралық паранойяға қажеттілік бар. Ол үшін не істейді? Міндетті түрде газет пен жинақтар арқылы, радио-теледидар арқылы бұқаралық ақпарат құралдарын осы бағытта қолданады. Соның арқасында түрлі-түрлі қауіп төндіретін тетіктерді тізбектеп көрсетеді. Демократияның, адам құқығын, мемлекеттің қатерлі жағдайда екенін жеткізіп, осы бағытта қоғамдық пікір қалыптастырады. Елдің тағдыры қыл үстінде тұрғандай қауесет пен өтірікке жұртты сендіреді. Жан-жақтан жаулардың қоршап алғанын, түрлі ақпарлар арқылы адамдардың санасына тықпалап, қоғамда үрей мен қорқыныш халін орнатпақ болады.

Иә, жер-жерді қиратып жүргендер, сес көрсетіп билегісі келгендер, қалаған аймақтарды жаулап алғандар әлемдік деңгейде дәл осындай паранойя сырқатына зәру. Алауыздық, дүрдараздық тудырып, дінге қарсылық білдірудің нәтижесінде жан дүниесі алай-дүлей осы бір науқастардың елді қорқытып, үркітіп, күдік-күмән ту­ғызып, өздеріне ұқсатып жатуы меніңше, әлгіндей есалаңдық қисынның табиғи бір көрінісі болса керек. Себебі бұлардан бас­қалай бір амал күту өз-өзімізді алдаумен тең.

Өкінішке қарай, бүгінде Қытай қорға­нынан бастап Марракешке дейін, Кападокиядан бастап мұхиттың арғы бетіне дейінгі әр жерде паранойяның кең жайылғаны анық. Осы мақсатта бірлі-жарым лаңкестік топтар қажет болса, қоғамның ішіне паранойя туғызғысы келген қара күш иелері, бүгінгі заманның отарлаушылары осы іске арнайы жалданған бірнеше баскесер арқылы да ойларын жүзеге асыра алады. Кейде үш-төрт бейшараны алдап, өз мақсаттарына қолданып, лаңкестікті ұйымдастырып жібереді. Осылайша олар белгілі бір деңгейде өз мақсаттарына жетті деуге де болады. Иә, басын саудаға салған, ақшаға сатылатын, жалдамалы жандайшаптар мен баскесерлер, парасаттан жұрдай аңқау надандар бар жерде “лаңкестік” сипатында бүлік шығара салу, әртүрлі ауыл-аймақта қылмыстық әрекеттер жоспарлау, діни сенімді пайдаланып кейбір ақымақтарды арандату бек мүмкін. Осылайша тұтас қоғам мен адамзатты шүбәландырып қорқытады әрі талай отбасының ошағын сөндіріп, талай шаңырақты ортасына түсіріп қиратқанына, қаншама жазықсыз жанды құрбан етіп, қолын қанға былғағанына негізсіз де болса желеу тапқан болады.

Әлемдік деңгейде дәл осындай сұмдық­тарды жоспарлайтындар параноик те болса, психопат та болса бәрібір, бір ғана шындық бар – әлемнің кейбір аймақтарында қара күшке арқа сүйегендер әлемді билеу және өз идеологияларының үстемдігін қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ, кейбір жерлерде күпірлікке әбден бойлаған озбырлардың өз күпірлігін, қырсықтығын, дін-иман мен Құранға деген қастығын жалғастыру үшін көпшіліктің күдіктеніп қорқуын, қоғамдық паранойяның белең алуын қажетсінеді. Менің пайымдауымша, қоғам тұтасынан есінен ажырап қалатын болса да, қара күшке арқа сүйейтіндер өтірік айтудан, елді алдаудан, күдік туғызудан және баршаны өздеріне ұқсатудан баз кешпейді.

Түрік тілінен тәржімалаған

Мәлік ОТАРБАЕВ