«ҚАСҚЫР ТIЛIН ДӘРIГЕ ПАЙДАЛАНАДЫ»,– ДЕЙДІ АНАПИЯ ТҮНҒАТАРҚЫЗЫ

Қоғамымыз жаңа белеске бет түзеген, егемендiк алып өз көшiн сара жолға сала бастаған тоқсаныншы жылдары елiмiздiң қай саласына болса да ерен өзгерiстер ене бастағаны белгiлi. Қоғамдық, әлеуметтiк-экономикалық салаларда, тұрмыс-салтында болсын, әсiресе медицина саласы да осы бiр үрдiстен қалыс қалмағаны ақиқат. Елiмiздiң тұрмысында оңды жағдайды қалыптастыру үшiн ең алдымен халықтың денсаулығы өте-мөте маңызды екенi белгiлi. Осынау жылдар iшiнде халықтық медицина да едәуiр бой көтердi. Адам баласы болжап бiле алмайтын небiр құпия жұмбақтардың шешуiн табушылар арасында алаяқтардың да бар болып шыққаны қаншама жылдар газет-журнал беттерiнде жазылды да, жазылып та жүр.

Салауатты өмір салтын қалып­тас­ты­руда пендеңіздің қажыр-қайратына, жауап­­кершілігіне көп нәрсе байланысты десек те, дәстүрлі медицинаның орны әри­не, бөлек. Бұл ретте де соңғы жылдары енген өзгерістер көп. Солардың бірі – жер-жерде жеке шағын клиникалардың көп­теп ашылуы дер едік. «Қарапайым ха­лық­тың да өз денсаулығына жете көңіл бөліп, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жолдың» тиімділігін сезіне бастауы да осы соңғы жылдары ғана» – деген Ана­пия Түнғатарқызының мына бір сөзі түрткі болып, сұхбаттасудың сәті түсті.

– Біздің еліміздің медицинасы кез келген­ шет елдің медорталықтарынан кем емес, дә­рігерлеріміздің де білімі мен біліктілігі тіпті ерекше, тек біздің халықтың мен­талитеті ғана бөлек. Ауруы асқынып, сырқаты емге көнбейтін жағдайға дейін созылып жүріп алуы, – деп ашына сөйлеген дә­рі­гердің пікіріне бас иземеске амалыңыз жоқ.

«Қазмед» медицина орталығының скэнар­те­рапевт-дәрігері Анапия Баялбаеваның жоғарыдағы сөзінен тек өз ісінің маманы ғана емес, қазақтың жайбарақаттығы жанына бататын елгезектігіне да дән риза болғанымыз рас. Ботакөз Мусина басқаратын осынау шағын ғана медицина орталығында қаламыздағы білікті де білімді маман қызметкерлер іріктеліп, шоғырланғандай. Әсіресе, кардиолог Равил Сембаев, гинеколог Майра Абдулова, терапевт Айтқайша Байжұманова, елу жылдан бері білімі мен болмысын балалар денсаулығына арнап келе жатқан Хадиша Ғабитқызы мен балалар невропатологі Гүлнар Дайрова көпшіліктің көңілінен шығып келе жатқан дәрігерлер. Аруды дәл анықтауымен қоса, дұрыс ем жүргізу, тіпті жылы сөзінен сырқатына дауа табатын емделушілерге деген жылы қабақтары да ә дегеннен байқалады.

– Анапия Түнғатарқызы, шетел медицинасынан бірде кем емес, қазақстандық медицина саласына жаңадан енген СКЭНАРтерапия жайлы айтсақ…

– Кез келген мемлекетті құрайтын – халық екенін ойласақ, сол халықтың денсаулығы ең бірінші орында тұруы да шарт. Өз басым көптеген елдердің медицинасымен жақсы таныспын. Әсіресе, олардың емдеушілері ғана емес, емделушілерінің, яғни науқастарының өз жанына, тәніне деген жанашырлығы қайран қалдырды. Қазақстан дәстүрлі медицинасының жаңа емдеу методикасына еніп жатқан СКЭНАР аппараты (өзін-өзі бақылауды энерго-нейро арқылы бейімдеу) көптеген созылмалы аурулардың жазылуына септігі тиген емдік тәсіл. Мұның бір ғажабы – дәрі-дәрмексіз емдейтіні.

1979 жылы Алматы медицина институтын педиатрия, рентгенология мамандығы бойынша, ал жолдасым Политтехтің тау-кен факультетін бітіріп, екеуміз жолдамамен Текелі қаласындағы тау-кен мырыш комбинатында қызметімізді бастадық. Сол жерде жүргенде Моңғол-Ресей ( ол кезде моңғол-совет деп аталатын-ды) біріккен кәсіпорнына жас мамандар іріктелді де, жолдасым сол топпен бірге қазіргі «МонголРосЦветМет-ке» қызметке аттанып кеттік. Мен осы кәсіпорынның медициналық бөліміне бас дәрігер болып орналастым. Жағдайымыз жаман болған жоқ. Шетелге іссапар ретінде жіберілген бес жылымыз бітті де, елге оралдық. Содан 1993 жылы жолдасым тағы бір топпен барайық деп қолқалаған соң, үйреніп қалған жеріміз ғой деп қайтадан бардық. Бір жылдан соң шахтадағы апаттан жолдасым қайтыс болып кетті. Артында жылап-еңіреп біз қалдық. Сүйегін алып, екі баламмен елге оралдым…

Сонда жүргенде Улан-Баторда осы аппарат жайлы естідім де, қатты аңсарым ауды. СКЭНАР орталығына барып лекцияларына қатыстым. Лекторымыздың аудиториядағы дәрігерлерден «созылмалы аурудың қайсысын емдеп, түбегейлі жаза алдыңыздар» деген сұрағына ешкім де бас көтеріп, не болмаса нақты мысалмен жауап айта алмадық. Емдеудің бұл тәсілі арқылы қандай сырқаттарды емдеп-жазуға болатынын, тіпті өзіміздің көз алдымызда қаншама аурулардың аяғынан тік тұрғанын – Екатеринбургтағы СКЭНАР орталығында оқып жүргенде көрдім. 2003 жылы осы орталықтың бастапқы бірінші және екінші кезеңін бітірген соң, медицинаның жаңа бір сатысына көз жұмып кірісіп кеттім. Бұл ретте СКЭНАРтерапияның алғашқы оқулығының авторы Александр Ревенко, Галина Вениаминовна мен Галина Юрьевна сынды ұстаздарымның есімін мақтанышпен айта аламын. Адам баласының өзін-өзі бақылауды энерго-нейро бейімдеу арқылы реттеуін қалыптастыру, адам бойындағы созылмалы аурудың түп-төркіні қайдан, қашан пайда болғанын сезіне отырып, сана-сезіміне де әсер ететін, адам ағзасын дәрімен уланудан сақтайтын философиялық мәні зор аппарат бүгінде қай мемлекеттің болса да дәстүрлі медицинасына қосылған тың жаңалық дер едім.

– Анапия Түнғатарқызы, біздің елмен Моңғолияның дәстүрлі медицинасын салыстыруға бола ма?

– Жоқ, мүлдем салыстыруға болмайды. Барлық емханаларында акупунктур кабинеттері жабдықталған. Моңғол халқы жаратылысы жағынан қазақ халқы сияқты табиғатқа жақын екен. Өте қарапайым тұрады. Олар көбіне табиғи, шынайы дәрі-дәрмекті тұтынады. Тұрмыс-тіршілігі жағынан да бізге ұқсастықтары жетерлік, құс атып, аң аулағанды ұнатады. Мысалы, қасқыр аулап, оның етін кептіреді де, емге пайдаланады. Сол сияқты қасқырдың тілін қатты іріңдеген тамақ ауруына қарсы қолданады, ақ саңырауқұлақты біз пісіріп жесек, олар емге ғана ұсынады.

Мені таң қалдырғаны, тұрғылықты халық­тың өз денсаулығына деген қамқорлығы, елгезектігі. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жылдың ауысар маусымында міндетті түрде дәрігерлік тексерулерден өтуі үйреншікті әдетке айналған. Біздің елімізде санитарлық мекемелерде, қоғамдық тамақтандыру мекемелерінде қызмет ететіндер ғана тоқсан сайын дәрігерлік тексеруден өтеді. Онда да амалсыздан, жеп отырған нанынан айрылып қалудың қорқынышынан. Ал қалған тұрғындардың жанына батқанда ғана дәрігерге жүгінуі ежелден келе жатқан кері әдетіміз. Осы бір енжарлық, кертартпалық қанымызға сіңген қасиет. Салауатты өмір салтын қалыптастыру әрбір адамның бұлжымас парызына, міндетіне айналғанда ғана қоғам да салауатты болмақ. «Салауатты Қазақстан» бағдарламасының басты мақсаты да осы емес пе?!

Халқымыздың болашағы өз қолында екенін, ол ең алдымен деннің саулығына байланысты болатынын жанымызбен түсініп, салауатты өмір салтына сергектікпен қарағанымыз абзал.

– Әңгімеңізге рахмет!

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button