ЕЛОРДА – ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ МӘДЕНИ АСТАНАСЫ
ЕЛОРДА – ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ МӘДЕНИ АСТАНАСЫ
ХХI ғасырдың алғашқы жылдары табалдырық аттағалы берi әлем әрқилы күй кешуде. Әлемдегi түрлi аласапырандар мен әртүрлi апаттардың бастау алуы жұртшылықтың назарын өзiне аудартып отыр. Жаһандану заманы десек те, ашық-шашық қоғам, рухани құндылықтардың арзандауы – әлемдi күйзелiске түсiргендей. Жер жүзiн жайлаған экономикалық, қаржылық дағдарыс та шылаудан алып, елдi есеңгiретiп тастады. Бiрақ барлық өркениеттi қоғамды жайлаған мұндай қорқыныштан шығатын жол жоқ емес. Ол – рухани жол, яғни мәдениеттiң жолы!
Осы орайда Елбасы Н.Назарбаевтың негіз болуымен Астанада барша Еуразия мен Азияның мәдениеті тоғысып, форум өттi. «Жаңа әлемдегі Еуразиялық мәдениет» атты бұл форумның Елордада өткізілуінің өзіндік сыры бар. Өйткені қазақтың астанасы ТМД-ға қатысушы-мемлекеттердің Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының «Достастықтың мәдени астаналары» атты жобасының аясында 2012 жыл бойы «ТМД-ның мәдени астанасы» болу құрметіне ие болған. Сонымен бірге, қазақтың астанасының 2012 жылы «Түркі әлемінің мәдени астанасына» айналғанын қосыңыз.
Сонымен, түркі әлемінің мәдени астанасы саналатын Елордаға әлемдік мәдениеттің өкілдері көшіп келді десек те болады. Ән мен жырға, ыстық лебіздерге толы болған аталмыш форумда бүкіл әлем өкілдері құшақ айқастырып, мәдениеттің жырын шертті. Бейнелеп айтқанда, қазақтың астанасы рухани әңгіменің өзегіне айналды.
«Жаңа әлемдегі Еуразиялық мәдениет» халықаралық форумына қатысу үшін ТМД-ға мүше мемлекеттердің Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының басқарма төрағасы, Әзірбайжанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Полад Бюль-Бюль оглы, ТМД Атқарушы комитеті төрағасының орынбасары Тоқтасын Бозыбаев, Ресей президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық бойынша арнайы өкілі, ТМД-ға қатысушы-мемлекеттердің мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының тең төрағасы Михаил Швыдкой келді. Сонымен бірге, мәдени форумнан әзірбайжан халқы да шет қалмады. Әзірбайжан елі Астанаға 15 адамнан тұратын арнайы делегация аттандырыпты. Олардың арасында Әзірбайжан Республикасының Мәдениет және туризм министрі, ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің мүшесі Абулфас Қараев, әзірбайжан халық жазушысы, осы елдің ПЕН-клубының президенті Чингиз Абдуллаев та бар.
Сондай-ақ, мәдени форумға ат арытып, Молдова Республикасы Мәдениет министрінің бірінші орынбасары Георге Постика, ТМД-ға қатысушы-мемлекеттердің Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының атқарушы директоры Армен Смбатян, Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтының ректоры Владимир Малышев, Ресейдің этнографиялық музейінің директоры Владимир Грусман, Беларусь мемлекеттік музыка академиясының ректоры Екатерина Дулова да келіпті. Көрші қырғыз елінен де бір топ өкіл арнайы жеткен.
Алыс пен шалғайды жақындатып, бір арнаға тоғыстырған мәдени форумда Астана қаласына арнайы сертификат табыстады. Бұл сертификатта Қазақстанның елордасы – Астана қаласы биыл ресми түрде Тәуелсіз мемлекеттер достастығының мәдени шаһары атанды. Талапқа сай сертификатты «Жаңа әлемдегі еуразиялық мәдениет» халықаралық форумында ТМД мүше-мемлекеттері гуманитарлық ынтымақтастық мемлекетаралық қорының басқарма төрағасы Полад Бюль-Бюль оглы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбайға табыс етті.
Сертификатты табыс ете отырып, Полад Бюль-Бюль оглы: «Еуразияның картасына көз жүгіртер болсақ, Астананы мәдени және өркениеттік, геосаяси үдерістердің орталығы ретінде толық қарастыруымызға болады. Екі мың халқы болған шағын ғана Ақмола қаласы аз уақыт ішінде осындай жетістіктерге жетіп, өсіп-өркендеген, гүлденген Астана сияқты алып шаһарға айналғандығына таң қалуға болады. Бұл жаңа қала ендігі де Қазақстанның астанасы, Еуразияның жүрегі, «Ғасыр шаһары» болып табылады», – деген жүрекжарды лебізін жеткізді.
Астана бүгінде Шығыс пен Батыстың мәдениетін қатар сіңіріп, қалада заманауи театрлар мен музейлер, концерт залдары, ғылыми орталықтардың көптеп ашылып жатқаны мәлім. Қазақтың астанасы келешекке қарай қарыштап дамып келеді. Форумға қатысушылардың да ойы осындай. Олардың ортақ пікірі де осындай. Сондай-ақ, форум аясында мәдениеттің қарқынды дамуы үшін өзге мәдениетпен сабақтаса дамығаны, өзге мәдениеттің де озық үлгілерін бойына сіңіргені абзал. Кеңестік қоғамда қалыптасқан мәдени байланыстың да үзіліп қалғаны сөз болды форумда. Әлемдік мәдениетте шек болмауы тиіс. Ел әлемнің озық үлгісін бойға сіңіріп, жақсысын қабылдап, жаманынан жиреніп өскені дұрыс.
ТМД елдерінің мәдениет министрлері мен шығармашылық және гуманитарлық әлеуметінің делегациялары, ТМД қатысушы-мемлекеттерінің гуманитарлық ынтымақтастық мемлекетаралық қорының басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері мен өкілдері, Парламент депутаттары, Достастықтың дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары, мемлекеттік органдардың, республикалық мәдениет мекемелерінің басшылары, еліміздің көрнекті мәдениет және өнер қайраткерлері қатысқан форумда айтылған әңгімелер аз болған жоқ. Әрі форум барысында сол міндеттер мен оны жүзеге асыру жолдары ортаға салынып қана қоймай, ортақ ұсыныстар да айтылды. Форум қатысушылары алдымен «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасының орындалуына арналған «Қазақстан мәдениеті: өткені, бүгіні, ертеңі» атты көрмемен танысты.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед Еуразиялық одақ құру туралы идеяны осыдан 18 жыл бұрын Мәскеу мемлекеттік университетінде өткен кездесуде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынғанын айта келе, аталмыш форумның Астанада өтуі заңды екенін де білдірді. Сондай-ақ, сөз тізгінін қолына алған Мемлекеттік хатшы елордамызда соңғы он жыл ішінде мәдени тұрғыда маңызы бар нысандар аясында Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, Қазақстан орталық концерт залы, Өнер университетінің ғимараты және басқа да атаулы мәдени нысандардың салынғанын айтып өтті.
Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза өз сөзінде: «Шын мәнінде Астана достастық елдердің мәдени Астанасына айналды. Мұнымен қоса қазіргі кезде елордада жаңа опера және балет театрының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Біздің тәуелсіздігіміздің күніне дейін, яғни 16 желтоқсанға дейін оның құрылысы аяқталады деп үміттенеміз. Осы тектес бірегей нысандар мұндай ауқымды форумдарды өткізуге мүмкіндік беріп отыр», – дегенді айтады.
Әлемдік өркениеттегі мемлекеттердің мәдени құндылықтар турасында айтылар сөздері де жоқ емес. Мәселен, Түркіменстен Республикасынан келген «Қарақұм» әдеби журналының бөлім меңгерушісі, ақын, драматург Оразгулы Аннаев мырза мәдениетте шек болмайтынын айтады. «Әр ұлт өз мәдениетін ұлықтағысы келеді. Бірақ қазіргі жаһандану заманында бір ғана шеңбермен шектелуге болмайды. Өйткені біз ашық қоғамда өмір сүреміз. Этникааралық және конфессияаралық келісімді сақтау үшін біз өзгелердің де мәдениетіне құрметпен қарауға тиіспіз», – дейді Оразгулы Аннаев мырза.
– Ұлы далада алып әлеуетті қала өсіп келеді, – дейді Ресей өкілі Михаил Швыдкой. – Мұнда келгенде әр таң сайын таңғала оянасың. Бұл – әлемдегі ең бір үдемелі дамушы елдің болашаққа бағдарлануының символы! Нұрсұлтан Назарбаев айтқанындай, Астана – Еуразияның жүрегі. Мұнда қаншама дін мен ұлт өкілдерінің тағдыры тоғысқан».
Қазақтың жүрегі Астана мәдени һәм туристік қалаға айналатын болады. Бұл жөнінде мәдени форумға келген Украинаның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Олег Демин пікір тастады. Елшінің пікіріне сүйенсек: «Украина Қазақстанның жетістіктерін, оның ішінде мәдени бағыттағы ілгерілеушіліктерін жіті қадағалап отырады. Менің көпұлтты мәдениеті тоғысқан қазақ елінің өзара түсіністіктің, өзара дамудың жарқын үлгісі болып отырғандығын баса айтқым келеді», – деді.
Елшінің ойынша, қазақтың астанасы мәдени бағытты дамытудағы қарқыны бұлай жалғаса беретін болса, келешекте бұл қала көптеген қонақтардың, саяхатшылардың, мәдениет қайраткерлерінің сүйікті ордасына айналмақ. Мұнда тамашалайтын, жан-жүрегіне жылу беретін, көңіл-күйді көтеретін орындардың да көп екендігін айтады елші мырза.
Еуразиялық мәдениет ғасырлар бойы ортақ қазанда қалыптасқаны белгілі. «Дегенмен бізде мультимәдениет түсінігі басқаша қабылданады. Жаһандану үрдісіне де үреймен қарау дұрыс емес. Оның мәдениетке еш қаупі жоқ. Жаһандану этникалық, ұлттық, діни және лингвистикалық ерекшеліктерді жойып жібереді деген ақылға сыйымсыз нәрсе. Әр ұлт, әр мемлекет өз мәдениетін сақтап қалу жолында күрес жүргізеді. Күрес болған жерде ешкім ешнәрсені қолдан бермейді. Сондықтан бір мәдениет екінші мәдениетті ығыстырады, мықты мәдениет әлсіз мәдениетке әлімжеттік жасайды дегенді доғару керек деп ойлаймын» , – деген пікірді айтады Ресей елінен келген Ресей этнографиялық мұражайының директоры Владимир Грусман мырза.
Мәдениеттің негізгі өзегі не? Ол әрбір халықтың ұлттық құндылықтары. Ұлттық құндылықтары сақталмаған елдің мәдениеті де азады, тозады. Әрбір ұлт өз мәдениетін ұлықтау арқылы өзгенікін бойға сіңіреді. Осы орайда Қырғыз Республикасының халық әртісі Саламат Садықованың айтар ойы орынды. Саламат Садықова: «Мәдениеттің дамуы бұл, біріншіден, тілімізді сақтауымыз керек. Мейлі қазақ, мейлі қырғыз болсын, ділімізді де таза ұстауымыз керек. Біз ата-бабадан қалған дастандарымызды, домбыра мен қобызымызды сақтауымыз керек. Күй төккен елдерміз біз, ән шырқатқан елдерміз біз. Сондай бір қасиеттерімізді қастерлеп тұрмасақ, қорқынышта тұрамыз», – дейді.
Қазақтың күйі, қазақтың әні, қазақтың жыры бір бөлек. Қазақ Астанасының да әлем таныған алып қалаға айналуы да мәдениеттің жемісі. Астананың екі бірдей құрметті миссияны қатар алып жүруі де үлкен жеңіс. Астана – ТМД елдерінің және түркі әлемінің мәдени орталығы болып сайлануы да бекер емес. Бұл еліміздегі мәдениеттің әлеуметтік жаңғырудағы маңызды фактор екенін ұғынуының белгісі болып саналады.
Гүлзина Бектасова