ҚҰС ЕТIНЕ ЗАР БОЛҒАН ҚАЙРАН ҚАЗАҚ!

ҚҰС ЕТIНЕ ЗАР БОЛҒАН ҚАЙРАН ҚАЗАҚ!

ҚҰС ЕТIНЕ ЗАР БОЛҒАН ҚАЙРАН ҚАЗАҚ!
ашық дереккөзі

Айтып отырғанымыз кәдiмгi «окорочка». «Буштың сирағы» дейдi бiреулер. Бұл тағамның саудасы қазiр нарықта қыз-қыз қайнап тұр. Жылқы, сиыр, қой еттерiн күнделiктi тамақ етудi қалтасы көтере бермейтiн қарапайым халық арзан әрi жеңiл, кез келген азық-түлiк дүкенiнен табыла кететiн, қазанға салса демде былқылдап пiсе салатын тауықтың сирағына әбден үйренiп алды. Бiрақ бұл өнiмнiң дастарқанымызға көпшiлiгi сонау шетелдерден келетiнiне назар аударғымыз да келмейдi.

Шетел асып келіп жатқанның бәрі сапасыз, жарамсыз деуге келмес, әрине. Алайда әңгіме ет туралы, оны ұзақ сақтауға болмайтыны, сақталған күнде де сақтау нормаларының бұзылмауы керектігі айтпаса да түсінікті. Ал біздің тұтынып жүрген бұл өнімнің күйі қандай? Ұзақ сақталуы үшін ет мұздатқышқа қатырып-семдіріп тасталады. 1 келісін алсаңыз, жартысына жуығы сақырлаған мұз кесек. Оны ыстық суға мұзын ерітіп алмасаңыз, қазанға салу былай тұрсын, бөле де алмайсыз. Сіресіп тұр (тұтыну мерзімінің бұл өнімге тіптен қатысы жоқ сықылды). Дәрігерлердің дегеніне сенсек, құс еті мен жұмыртқасы тағам рационында ақуызға деген сұранысты өтейтіндігімен маңызды екен. Ал ақуыздың адам ағзасына аса қажет дәрумен екенін жақсы білеміз. Бірақ, мұзға «қақталған» бұл азықта дәрумен қайдан болсын?

Сала мамандарының айтуынша,­ елі­міз­дегі ет бағытындағы құс шаруашылығы бү­гіндері ішкі нарық сұранысын қана­ғат­тан­дыра алмайды екен. Негізінен, біздің тұ­тынушылар жылына 220-230 мың тонна тауық етін тұтынатын көрінеді. Құс шаруашылықтары өткен жылы өз тұты­ну­шыларына 96 мың тонна құс етін өн­ді­ріп берсе, биыл 105-110 мың тонна өнім өндіруді көздеп отыр. Алайда, мұның өзі сұраныстың небәрі 46-47 пайызын құрайды. Сұраныстың үдесінен шығу үшін негізгі импорт көзі Ресей, Беларусь, Украина, Бразилия, АҚШ елдерінен құс етін тасымалдауға мәжбүрміз. Ал импортқа тәуелділік баға нарқына әсер ететіні белгілі, мәселен, ішкі нарықта тауық еті 400-450 теңгені шамалайтын болса, сырттан сол ет 2-3 есе арзан бағамен келеді екен. Соған қа­ра­мастан сұраныс көлемі күннен-күнге ұл­ғайып келеді. Құс еті кәрінің де жастың жеңсік асына айналған, бұл етсіз қонақ дастарқаны да жұтаң көрінеді қазір. Кафе-рес­торандарда да тауық етінен жасалған та­ғамдар мен салаттар өтімді.

Отандық құс шаруашылығының тарихына көз жүгіртер болсақ, бұл саланың Қазақстанда сонау кеңестік кезеңде қарқынды дамығанын айтуға болады. Алғаш рет қолға алынған 60 жылдардың тұсында елімізде жетпістен астам құс фабрикалары жұмыс істеп, олар ішкі нарық сұранысын толық қанағаттандырып, тұтынушыларды құс етіне қарық қылып отырған. Қазір сол фабрикалардың 55-і ғана жұмыс істеп тұрған көрінеді. Ал халықты құс етімен толық қамтамасыз ету үшін ет бағытында жұмыс істейтін тағы да 14 құс фабрикасы қажет.

7 МЛН. ДОЛЛАР ЖЕЛГЕ ҰШУДА

Сонымен, қалайда еліміздегі ет бағы­тын­дағы бройлерлік өндірісті дамыту­ қажет болып тұр. Бірақ, қолбайлау болып тұрған мәселелер де көп. Құс өсі­ру­шілер Одағы саланы дамыту үшін ал­дымен түйінін тарқатып алатын осын­дай проблемаларды алға тартуда.­ Алдымен субсидия мәселесі. Құс шаруашылығын субсидиялауға талдау жасайтын болсақ, өзге елдермен салыстырғанда біздегі шаруашылықтың тым аз қаржыландырылатынына көз жеткізуге болады. Еттің келісіне шаққанда 1 кг құс етіне 66 теңге бөлінсе, шаруашылықтың осы түрін субсидиялау Қазақстанға қарағанда Ресейде 2 есе, ал Беларусь елінде 3-4 есе жоғары екен. Сондай-ақ, еліміздегі ет және жұ­мыртқа бағыттарындағы отандық тұ­қым­дар тапшылығы да шаруаны шат­қая­қтатып тұр. Салдарынан шетелден бір жылдың ішінде асыл тұқымды құстың 4-8 ататектік, аталық-аналық және соңғы түрдегі тұқымдарын тұрақты түрде тасып отыруға мәжбүрміз. Бұл мақсатқа жылына 7 миллионнан астам доллар жұмсалуда. Осылайша қомақты қаржыны сыртқа асырып отырғанымыз өз алдына, бұл жағдай тіпті өнімнің өзіндік құнының жоғарлауына да әсер етеді дейді мамандар. Шетелден келетін құс басының тұқымы өзімен бірге елімізге инфекциялық аурулар қоздырғышын алып келіп жатқанын да әзірге ешкім ескеріп отырған жоқ. Себебі, бізде мұны зерттеп-зерделейтін, осы шаруашылыққа арналған ветеринарлық-диагностикалық зерттеу мекемесі деген атымен жоқ, тіпті болмаған да.

Сол себепті де алдымен кенже қалған тұқымдық шаруашылықты оңдап алмай құс етіне жари қоймайтынымыз анық. Сала мамандарының алға тартып олтырған тағы бір түйткілді мәселесі – білікті кадрлардың жоқтығы. Жоқ дейміз-ау, бар да шығар, бірақ құс фабрикаларының дені ауылда. Ал қаладан жырақтаса, айдалада қалып қоятындай сезінетін жас­тарды мұндай жерлерге жұмысқа шақыру мемлекет үшін қаншалықты қиынға түсіп отырғанын көрмеу мүмкін емес. Сондықтан қатары сиреп бара жатқан кеңестік жүйеде білім алған мамандар қатарын қалайда толтыру қажет. Ал құс шаруашылығына қызығушылық танытқан білікті мамандардың өрісін кеңейту әзірге алдағы күннің еншісіне қалып отыр.

Егер осы мәселелердің түйіні шешілсе, тәжірибесі жеткілікті Қазақстанның құс шаруашылығын шыр айналдырып алып кететін шамасы бар. Тіпті, сапасы жағынан шетелдік тауарды да ығыстыра алады. Себебі, санға жұмыс істеп отырған шетелде тауықтар түрлі биологиялық қоспалардан тұратын арнайы тағамдармен қоректенеді. Бұл жолмен табиғи тауық етіне қол жеткізу мүмкін емес әрине. Ал отандық тауықтар жергілікті шаруашылықта егілген құнарлы әрі тойымды арпа-бидайды азық етеді.

ҚОЛДАНЫСТАҒЫЛАРДЫҢ ҚАРҚЫНЫ…

Әйтсе де, қаржы дағдарысынан кейін пайда болған агробизнеске деген жаңашыл көзқарас бұл шаруашылыққа тіптен әсер етпеді деп те айта алмаймыз. Шымкенттегі «Ордабасы Құс» зауытының тыңнан түрен салып, күрке тауық етін өндірістік негізде өсіру бойынша бірінші болып инновациялық жобаны қолға алды. Осылайша, айналдырған 1,5 жыл көлемінде Қазақстандағы, тіпті Орта Азиядағы ең үлкен күркетауық етін қазіргі еуропалық үлгіде халықаралық стандарттарға сай, түрлі ассортиментте өндіретін кешен пайда болды. Елбасының өзі телекөпір арқылы мекеме ұжымымен байланысқа шығып, осынау ірі құс фабрикасының салтанатты түрде ашылуына өз рұқсатын бергеніне куәміз. Әлемдегі алдыңғы қатардағы израильдік технология негізінде бой көтерген кешенге жетекші халықаралық кәсіпорындардан алынған құрал-жабдықтар пайдаланылған. Жоба технология жағынан барлық халықаралық стандарттарға, ветеринарлық және биоқауіпсіздік талаптарға толықтай сәйкестендірілген. Жобаның ішіне инкубация, құсты өсіру, құрама жем, бордақылау және етті тереңдетіп қайта өңдеу бөлімдері кіреді. Биыл фабрикадан 2,5 мың тонна ет алу жоспарланып отыр екен. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 8-10 мың тоннаға дейін жеткізу көзделуде. Дегенмен, құс санының артып, өнімнің молаюына әлі де талай уақыт керек екенін мамандар жоққа шығармайды. Сол секілді Батыс Қазақстан облысы да шаруашылықтың бұл түріне әбден ысылған өңір саналады. «Орал құс фабрикасы» әуелден-ақ қалыптасып қалған өзінің дәстүрі бар серіктестік. Таяу жылдары халықты жұмыртқа және тауық етімен қамтамасыз ету үшін «Ақас» агрофирмасы» кәсіпорны құрылды. Қазір өңірдегі қос кәсіпорын сыртқа өнім шығармаса да, халықтың ішінара сұранысын қанағаттандырып отыр.

Елбасы қолданыстағы осындай кәсіпорындардың қуатын арттырып, заманауи құс фабрикаларын салу қажеттігін айтты. Бұйыртса, 2014 жылға дейін елімізде 21 құс фабрикасы салынбақшы. Заманауи деген соң, көз алдымызға шетел­дердегідей жалт-жұлт жайнаған құс кепелері тізілген, озық өндірістік технология – желдеткіш, жарықтандырғыш, құрғатқыш сияқты құрылғылары сартылдап тұрған, компьютерлік басқару жүйесіне қосылған зәулім фабриканы елестетіп отырмыз. Межеленген уақытта осындай құс фабрикалары бой көтеріп, күндіз-түні жұмыс істеп тұрса, қолданыстағылары да жаңа серпінге ілесіп отырса, құс іздеп кеткен қыруар қаржыны еселеп елге қайтаратын күн де алыс болмас еді.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Шымкент қаласы