ҚОЛАДАН ҚҰЙЫЛҒАН ҚОНАЕВ

ҚОЛАДАН ҚҰЙЫЛҒАН ҚОНАЕВ

ҚОЛАДАН ҚҰЙЫЛҒАН ҚОНАЕВ
ашық дереккөзі

Қоғам және мемлекет қайраткері, ұлтымыздың ардақты ұлы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туылғанына 100 жыл толуына орай Жамбыл облысындағы Ақкөлде ас беріп, балуан күрестіріп, ат шаптырған той өтті.

Осыдан он жыл бұрын осы Ақкөлде Дiнмұхамед Қонаевтың 90 жылдық тойы болды. Сонда аудан халқы 90 киiз үй тiгiп, елiмiздiң барлық облыстарынан қонақтар шақырып, қарақұрым ел жиналған. Қонаевқа Мәдениет үйi жанынан бюст қойылып, көзi көрген, қызметтес болған жандар естелiктерiн айтқан. Жәй естелiктер емес, үлкен тұлғаның өнегелi iстерiн кейiнгiлерге үлгi тұтқан едi. Ендi мiне, Қонаевтың 100 жылдығына да ақкөлдiктер елдiң алды болып той өткiзiп отыр. Неге? Өйткенi мынау қырғыздан берi буырқана созылып жатқан Талас өзенiнiң арғы бетiндегi Ойықта Қонаевтың ата қонысы орын тепкен. Ол соңғы рет келгенде сол Ойыққа барып, бабалар рухына дұға бағыштапты.

Құлашын кеңге жайған Талас жазығы шығысында Мойынқұм, батысында Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданымен шектесіп жатыр. Тараз қаласынан шыққан күре жол Ақкөлді жанай өтіп, Саудакент арқылы Арқаға сіңіп кетеді. Бұл аудан жерінде Талас өзенінен басқа Асы, Көктал, Тамды өзендері бар. Сондай-ақ Ақкөл, Билікөл, Ащыкөл, Тұздыкөл деп аталынған көлдері де аудан өңірінің көркіне айналған. Тіпті осы ауданда ертеден келе жатқан Тәңірқазған және Бөріқазған деген жер атауларын жұрт жақсы біледі. Халық аңыздарында бұл жерлерде адамзат баласының алғаш қоныстанған бағзы заман мекендері болған деген ұғымдар да айтылып жүр.

Иә, кешегісіз – бүгін, бүгінсіз – ертең жоқ. Елдің, жердің тарихы бар. Ақкөл ауданының тарихы да әріден басталады. Талас ауданының іргетасы 1928 жылы қаланған. Орталығы осы Ақкөл болды. Облыс орталығынан сексен шақырым жерде. Аудан еңбеккерлері ауыл шаруашылығымен, оның өзекті саласы мал өсірумен айналысқан. Мұнда өсімдіктер түрі бай. Жусан, баялыш, шеңгел, жыңғыл, жүзгүн, изен, теріскен, күйреуік, сексеуіл өседі. Алғашқы жылдары ауданның еңсесін көтеру оңай болған жоқ. Ол кезде бүгінгідей қуатты техникалар қайдан болсын. Шаруада негізгі көлік ат, тасымал құралы арба, егіншілікте өгіз жеккен соқалар болатын.

Аудан соғыстан кейін, елуінші жылдардың бел ортасы мен алпысыншы жылдардың басынан бастап, өркендей бастады. Бұл Қазақстан басшылығындағы Дінмұхамед Қонаевтың кезеңі еді. Бертінде аудан орталығы екі рет ауысты. Яғни Ақкөл екі рет аудан орталығы болды. Тұрғындар саны көбейіп, екі орта мектеп, бір аурухана мен емхана, кәсіптік-техникалық училище, бірнеше сауда нысандары және халыққа қызмет көрсету орындары бой түзеді.

1997 жылдан бері Талас ауданының орталығы Қаратау қаласы. Бүгінде шежіреге айналған сол Қонаев кезеңін басынан кешкен Жапар Шәріпов пен Битама Мырзанбетұлы секілді ақсақал-ардагерлер ауданда аз болса да бар. Шәріпов қазір аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы. Ол Қонаевтың кезінде Қаратау қаласы партия комитетінің екінші хатшысы, содан соң халық депутаттары Қаратау қалалық кеңесі Атқару комитетінің төрағасы қызметінде ұзақ жылдар бойына еңбек еткен. Әңгіме барысында ол Қаратауға Қонаевтың жыл сайын келіп, өндіріс орындарының жағдайларын өз көзімен көріп, қаланың өсіп-өркендеуіне ерекше көңіл бөлгенін тілге тиек етті. Сөз арасында ол Қап тауындағы Есентуки шипажайына барып емделгенін, сол жерге Кеңестер Одағының барлық республикаларынан келген адамдармен танысып, жүздескенде олардың Дінмұхамед Қонаев туралы жоғары бағаларын естіп, жаны семіріп, кеудесіне мақтаныш сезімі толып қайтатынын да есіне алды. «Елдің атын ер шығарады» деген сол емес пе», – деп сөзін аяқтады. Мен қойған сауалға орай, кезінде ауданының қаржы бөлімінiң салық саласында қызмет еткен Битама Мырзанбетұлы былай деді.

Дінмұхамед Қонаевтың кезінде қой санын 50 миллионға жеткізу жөнінде үлкен мемлекеттік бағдарлама болды. Сол кезде Талас ауданында 50 мың қаракөл қой бар еді. Ауданға он совхоз қарайтын. Совхоздар бірнеше бөлімшелерден құралған. Он үш ауылдық әкімшілік округтен тұрды. Солардың негізі Қонаевтың кезінде қаланды. Содан бастап сол ауылдарға төбесі шифермен жабылған жаңа типтегі тұрғын үйлер салынып, жаңа көшелер бой түзеді. Қазір сол ауылдардың біразы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Ендігі мақсат қалған бірнеше ауылды ауыз су және көгілдір отынмен қамтамасыз ету. Осы Ақкөл ауылына да мынау біздің аудандағы Амангелді газ кенішінен желі тарту мәселесі қолға алынуда. Енді таяу жылдар ішінде бұл ауыл да көгілдір отынмен қамтамасыз етілері анық.

Ел қашанда ерін мақтан тұтады. Арыға барсақ бұл Таластан Бөлтірік шешен шыққан. Бергілері ақын Шона Смақанұлы, Оспанәлі Иманалиев, Айша Көпжасарова, Нарша Қашағанұлы және тағы басқа жандар бар. Ел таныған ғалымдар Мырзатай Жолдасбеков, Жанғара Дәдебаев пен Ерғали Сағатов секілді журналист-жазушылары қаншама, – деді ол.

Бұл ауданнан 2 Кеңестер Одағының Батыры, 59 Социалистік Еңбек Ері шыққан. Екі батырдың бірі таластық Саду Шәкіров пен майтөбелік Дәулетбеков. Ал Социалистік Еңбек Ерінің 58-і қаракөл қой өсіруден де, тек біреуі бұрынғы «Қызыл Октябрь» колхозының қызылша өсірушісі Науат Егенбердиева. Бұрын бұл колхоз осы Талас ауданына қараған, қазір Жамбыл ауданына қарайды.

Талас ауданы шөлейтті жерге жатады. Сондықтан да колхоз-совхоздар дотациямен күн көрген. Өйткені Үкімет егінге техника мен жанар-жағар майды тегін берді. Қай елде де ауыл шаруашылығы дотациялы жағдайда ғой. Көкеністен жылына екі рет өнім алсаң, көктемде жауын мол болса, егінің мен шабындық шөбің бітік өссе, онда ауыл шаруашылығы ешкімнен қарыз алмас еді. Шаруашылықтың жағдайы ауа райына тікелей байланысты. Кейде мемлекет берген тұқымдық арпа-бидайдың өзін ала алмай қалатын құрғақшылықтар жиі-жиі болып тұрды. Ал суармалы жер егіншілерінің қолдарынан кетпендері түскен емес.

Қонаев республика басшылығына келген алпысыншы жылдары ғана ел еңсесін көтерді. Сол алпысыншы жылдан бастап, ауылшаруашылығы техникалары көбейді, құрылыстарына қомақты көлемде қаржы бөлініп, мәдени нысандар мен каналдар қазылды. Тусырап жатқан жерге су келіп, егістік көлемі артты. Ал халық айлыққа ақша ала бастаған кезде тіршілік басқаша болып шыға келді. Өндіріс дамып, өмір өзгерді. Дастарханы тағамдардың түр-түріне толды. Жақсы үйлерде тұрып, тұрмыстарын түзеді. Қонаевтың кезінде жекеменшік мал ұстау туралы Жарғы жарияланған. Сол бойынша әр отбасы 15 қой, 1 сиыр, 1 жылқы ұстауына болатын еді. Алайда ауылдық жерлердің тұрғындарына Қонаев еркіндік берді. Қанша мал ұстауға мүмкіндігі болса сонша ұстады.

Дінмұхамед Қонаевтың кезінде ауданды, шаруашылықтарды басқарғандардың бәрі де өздерінің қабілет қарымдарының жеткендерінше еңбек етті. Ол кезде дәл бүгінгідей мемлекеттің қаржысын опырып жейтін жемқорлар жоқ болатын. Сонау 1929 жылғы колхоздастыру, совхоздастыру кезінен бастап, ауданды оннан астам адам басқарды. Бүгінгі ардагерлер солардың арасынан Әбілқайыр Жүргеновті, Сабаевты, Ералы Дадабаевты, аудандық атқару комитетінің төрағасы Әбілқайыр Сатыбалдинді ерекше атап айтады. «Олардың жұртты қоғамдық жұмысқа жұмылдыру қабілеттері айрықша еді»,– дейді. Өздері де сол тынымсыз ұйымдастырушылықтарының арқасында кеуделеріне орден мен медальдар тағыпты. Тіптен Ысмағұлов Социалистік Еңбек Ері атанған. Осы Ақкөлден жетпіс шақырым жердегі асыл тұқымды мал өсіретін «Талас» совхозын Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаев басқарды. Сол совхоздан 13 Социалистік Еңбек Ері шығып, шаруашылықты күллі Кеңестер Одағына әйгілі етті. Ондағы шопандар бірнеше жылдар бойына әр жүз қойдан 204 қозыдан алып отырған. «Бостандық» пен «Ойық» совхоздары да осындай көрсеткіштерге қол жеткізіп, өздерін өздері қаржымен қамтамасыз етіпті. Жыл сайын аудан бойынша жүз басқа 170-180 қозы өсіріп отырса, табыстарына тамсанбай көріңіз. Сол кезде қаракөл терісі алтынмен бағаланатын еді ғой.

Ауданның 80 жылдық мерекесінің қарсаңында Қаратау қаласында жас ұрпақтың елге, жерге деген сүйіспеншілігін оятатын Батырлар алаңы ашылды. Өйткені бір ғана ауданнан осыншама Еңбек Ерінің шығуы таңғаларлық жайт. Турасын айтсақ осыншалық Еңбек Ерлері кейбір облыстарда да болған жоқ. Аудан 1997 жылға дейін мал шаруашылығымен, оның ішінде қаракөл қойы, оған қоса биязы жүнді қой, сүтті-етті мал, жылқы, түйе өсіріп, астық, көкөніс, жалпы бақша өсіруге маманданған 11 шаруашылықтан тұрды. Ал 1997 жылдан бастап нарықтық қатынасқа байланысты таратылып, әр бағыттағы шаруашылық субьектілеріне айналды. Аудан орталығы Қаратау қаласына көшірілді. Ауданда қазір өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салалары қатар өркен жайып келеді. Жалпы ауданда өнеркәсіп саласы бойынша отызға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың төртеуі мемлекеттік, қалғандары мемлекеттік емес кәсіпорындар. Шағын кәсіпорындар саны – 75. Аудан аумағындағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының саны 596, оның ішінде 2 акционерлік қоғам, 4 өндірістік кооператив, 573 шаруа қожалығы, 7 ЖШС бар. Ауыл шаруашылығы өнімдері жылдан-жылға артып келеді. Бүгінде аграрлы-индустриялық ауданға айналды. Ауданда Әбілхамит Ахметов басқарған №14 кәсіптік-лицейі болашақ ауылшаруашылығына аса қажетті мамандарды даярлауда. Жыл сайын екі жүзден астам мамандар шығаратын бұл оқу орны бүгінгі күн талабына сай жаңа оқу құралдарымен жабдықталған. Өндіріс орындары да қайта жаңарып, жандана түскен. «Қазфосфат» өндірістік кешені «Қаратау» мен «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешендері және «Минералдық тыңайтқыштар», «Жаңа Жамбыл фосфоры» зауыты секілді өндіріс орындарын біріктіруде. Ал өнімдері республикадан тысқары елдерге сатылуда. Қаратау қаласынан жылына 1-2 миллион тонна өнім шығаратын «Цемент», «Сарытас» акционерлік қоғамы негізінде минералдық тыңайтқыштар, Көктал кенттік округінде мәрмар өңдеу зауыттары жұмыс істеуде. Бұл өндіріс орындарында мыңдаған жандар жұмыспен қамтамасыз етілген. Тараз – Қаратау жолы күрделі жөндеуден өткізіліп, жол қатынасы жақсарды.

Ақкөлдегі Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына орай еске алу тойы 2 маусым күні Мәдениет үйі алдында кешке мерекелік гала концертпен басталып, ертеңіне таңертең жаңадан тұрғызылған ескерткішіне мемлекет және қоғам қайраткерлері: Кеңес Ауқадиев, Сәт Тоқпақбаев және Оразкүл Асанғазықызы бастаған топ гүл шоқтарын қойып, оны аудан мекемелерінің өкілдері жалғастырды. Осы салтанатты сәтте ауыл басшыларының жіберіп алған бір «әттең-айы» қонақтар мен мекеме өкілдері гүл шоқтарын қою кезінде домбырадан күй әуені төгіліп тұрмағаны болды. Сондай-ақ ескерткіш алдында тек суретке түсіп қана қоймай Дінмұхамед Қонаевты көзі көргендер жиналған қалың қауымға аз да болса естеліктерін айтып, ұлағатты істерін үлгі тұтқандары орынды іс болар еді деген ойға қалдық. Содан соң көпшілік Ақкөл ауылының алдыңғы жағындағы қырға тігілген киіз үйлердің орта тұсындағы күрес аренасында түйе палуандардың белдесуін тамашалады. Түстен кейін ұлттық ат спорттық ойындар жарысы көрсетілді.

Көлбай Адырбекұлы