Сыбайлас жемқорлық: МЫҢ АСҚАНҒА — БІР ТОСҚАН

Сыбайлас жемқорлық: МЫҢ АСҚАНҒА — БІР ТОСҚАН

Сыбайлас жемқорлық: МЫҢ АСҚАНҒА — БІР ТОСҚАН
ашық дереккөзі

Республика Тәуелсiздiк алып, бюджетке қаражат жинала бастағаннан-ақ сыбайлас жемқорлықтың басы қылтиып көрiне бастаған едi. Алдын алмаған аурудың асқынып кетерi бесенеден белгiлi жәй. Сондықтан да сыбайлас жемқорлыққа қарсы Қазақстан Республикасының алғашқы Заңы 1998 жылы 2 шiлдеде жарық көрген болатын. Онда сыбайлас жемқорлыққа мынандай анықтама берiлген. «…мемлекеттiк мiндеттердi орындайтын адамдар, сондай-ақ соларға теңелген адамдар, тiкелей өзi немесе делдал арқылы өздерiнiң лауазымды құзыреттерiн және онымен байланысты мүмкiншiлiктi немесе өз құзiреттерiн басқаша пайдаланып, мүлiктiк пайда алу үшiн заңмен қарастырылмаған мүлiктiк жайлылықты және артықшылықты қабылдау, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалармен аталмыш жайлылықты және артықшылықты оларға заңсыз беруге осы адамдарды парамен сатып алу». Алайда сыбайлас жемқорлықпен айналысатын жандар заңды айналып өтудiң неше алуан қитұрқыланын ойлар табуда. Соған байланысты Қазақстан Республикасының 2005 жылы 23 желтоқсанда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның бұрынғысынан күшейтiлген жаңа үлгiсi Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен бекiтiлдi. Онда 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарлама қабылданған болатын. Сондай-ақ мемлекеттiк қызметшiлерiнiң ар-абырой кодексi қоса қабылданды. Ал 2007 жылдың 12 қаңтарында «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» Заң да қабылданды. Бiздiң республиканың бұл заңдары Орталық Азия ғана емес, тұтастай алғанда ТМД бойынша да жемқорлыққа қарсы мықты Заң болып табылады. Қайта толықтырылған осы заң талаптарына сәйкес Әдiлет министрлiгiнiң кеңейтiлген отырысында құқық қорғау органдарының жемқорлыққа қарсы iс-қимыл жөнiндегi шаралар жүйесiн үйлестiру үшiн мәселелер қаралды. Алайда оңай олжаға құнығып алғандар мемлекет қаржысына сұғанақтықтарын қояр емес. Қолға түскендерi жазаланып жатса, кейбiреулерi содан сабақ алып айылдарын жиюдың орнына қолдағы бар билiгiн iшiп-жеп қалуға пайдалануда. «Ашыққаннан құныққан жаман» демекшi сыбайлас жемқорлық тыйылмай отыр. Жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастырып, күрестi барынша күшейтуде «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының 2011-2020 жылдарға арналған жемқорлыққа күрес қарсы бағдарламасы былтырдан берi қолға алынуда. Сондай-ақ жуырда Республика Президентi Н.Назарбаев Тараз қаласында өткен аймақтық кеңесте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестiң барынша қатаң жүргiзiлетiнiн ескерттi.

Қазір ел экономикасының көтерілуіне не кедергі келтіріп отыр? Бір сөзбен айтсақ – сыбайлас жемқорлық. Қоғамдағы ең қауіпті дерттердің бірі. Бюджеттен бөлінген қаражат тиісті жеріне тұтас жұмсалса, экономикамыз бүгінде бұрынғысынан да қарыштап алға басар еді. Бұл жалпы халықтың әл-ауқатын да жоғары көтеріп, тұрмыс деңгейлерінің бұрынғыдан да арта түсері анық болатын. Бірақ сол қаражатқа ебін тауып қол сұққан жегі құрттар қатары жыл өткен сайын өсе түспесе кемімей отыр. Тіптен мұндай өрескел істер сот қызметкерлерінің арасынан да шығып жатса не шара.

Жуырда Республика Парламентінде депутат Орал Мұхамеджанов мынандай дерек көздерін келтірді. «…Заңды қалауынша бұзып, ел байлығын қымқырып кетіп, жылы теңіз жағалауына жайғасып алып: «Ал маған енді не істер екенсіңдер?» деп, бізге шекесінен қарап жайбарақат өмір сүріп жатқан жемқорлардың саны былтырғы жылы 1600-ден асыпты. Олардың 1558-іне мемлекетаралық, 60-на халықаралық іздеу жарияланғанымен, табылғаны 176-ақ адам, яғни олардың оннан бірі ғана. Сонымен қатар, ондайлардың ізін табу қандай қиындық тудырса, оларды жазалау үшін елге әкелу одан да қиын мәселеге айналып отыр. Бұл өзі Қазақстан және қылмыскерлер паналайтын көптеген елдер арасында ұстап беру туралы келісімнің жоқтығынан туындайды. Демек келісімді ратификациялау ел мүддесіне қызмет етеді».

Ал мемлекет қаржысын жымқырған қашқындарды қалай елге қайтару керек? Бұл сұраққа Мәжіліс депутаттары алдында Бас прокурордың орынбасары Иоган Меркель жауап берді. Ол мәжілісте қаралған «Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасы бойынша баяндама жасап, Қылмыстық Кодекстің жаңа жобасына аталмыш мәселе бойынша жаңа өлшемдер енгізу қажеттігін айтып, оның жобасы келер жылдың алғашқы тоқсанында Парламент қарауына ұсынылатынын ескертті.

Бүгінде жұрт назары Маңғыстау облысына ауып отыр. Күні кеше ғана Қаржы полициясы Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Амангелді Айтқұловтың, сонымен бірге Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімдері Жалғас Бабаханов пен Орақ Сарбопаевтың қызмет бабын асыра пайдаланып, мемлекет қаржысына қол салғандары үшін үстерінен қылмыстық іс қозғалып, жүргізілген тергеу амалдарының біткені туралы ақпарат құралдарынан мәліметтер таратты. Олар А.Айтқұловты 2008 жылы «Өзенмұнайгаз» ПФ директорының бірінші орынбасары қызметінде жүріп, «Өзенқұрылыс» ЖШС-нің директорынан аталмыш ЖШС-нің жарғы капиталынан 40 пайыз үлесін пара ретінде алып, оны мердігерлер «Өзенқұрылыс» ЖШС мен «ПМК» ЖШС арасындағы келісім-шартты жасауға көмектесті деген желеумен қомақты ақшаны әйелі Айтқұлова-Жолдасованың атына аударған. Сондай-ақ 2009 жылы болашақ облыс әкімі орынбасары «Өзенқұрылыс» ЖШС-нің директорының кәсіпкерлік іс-әрекетіне қамқоршысы ретінде одан Жаңаөзен қаласындағы «Керуен сарай» рестораны бар жер учаскесін пара ретінде алып, қызының атына аударған. Қаржы полициясы А.Айтқұловтың бұдан да басқа бірнеше былықтарын ашып, мойнына қойған.

Қаржы полициясының хабарына қарағанда Ж.Бабаханов «Жанашыр» қорынан тұрақты түрде көп мөлшерде ақша жымқыра отырып, бірнеше рет қызмет бабын асыра пайдаланған. Ол 2005 жылдан бастап «ҚазМұнайГаз» БӨ» Жаңаөзен әкімшілігі аппараты мен тұрғындарды әлеуметтік жағынан қорғау мен қолдау «Жанашыр» қорына алдын ала жасалынған келісім-шарт бойынша қаланың инфрақұрылымына қажетті қаражатты демеуші ретінде аударып тұрған. Келісім-шарт талаптары бойынша бөлінген қаржы қаланың инженерлік жүйесін дамыту мен қайта жасау, сонымен бірге әлеуметтік жағынан қамтамасыз етілмеген тұрғындар бөлігін және құқық қорғау органына техникамен қамтамасыз етуге жұмсалуы керек болатын. Ж.Бабаханов «Жанашыр» қорына қажет деп 2,6 млн. теңгеге автомобиль, 4,1 млн. теңгеге офис ретінде пәтер, сондай-ақ 9,3 млн. теңгенің екі жеңіл автомобилін сатып алуға заңсыз нұсқау берген.

Ал О.Сарбопаев қызымет бабын пайдалана отырып, қаладағы 200 пәтерлі тұрғын үй құрылысы барысында әрқалай қитұрқы әрекеттерге барған. Оның құныққаны соншалық «Өзенқұрылыс» ЖШС-нің директорынан 6 млн. теңге мен 50 мың доллар көлемінде пара алған. Мұны аз көрген ол 300 шаршы метр дүкен құрылысынан қайтарымсыз мүліктік пайда көрген.

Қостанай облысы әкімшілігінде де айласын асырып пайда таппақшы болғандардың да мойындарына құрық салынды. Экономика мен бюджетті жоспарлау басқармасының бұрынғы бастығы Мария Щеглова біраз уақыттан бері құқық қорғау органы қызметкерлерінің назарында жүрген. Сол Щеглова өткен жылы наурыз айында облыс әкімі аппаратының жетекшісі Твердохлебовпен және мемлекеттік экспертиза мен мониторинг заң бөлімінің меңгерушісі Төлеубаевпен алдын ала келісе отырып, делдал Чернышевадан келісім бойынша ірі көлемде пара алған. Атап айтқанда 24 млн. теңгенің 5,5 миллионы Щеглованың қалтасына түскен. Бұл төлем оның Чернышева таныстырған кәсіпкер Ельчищеваның пайдасына жасаған әрекеті үшін беріліпті. Олар Ельчищевадан күрделі жөндеуді қажет ететін 538,6 шаршы метр нысан мен 0,0526 га жер учаскесін мемлекет есебінен заңсыз сатып алғандығында болып отыр. Бұл Халыққа қызмет көрсету орталығы үшін деп сатып алынған шаршы алаң мен түкке тұрғысыз жер учаскесі 100 млн. теңгеге түскен. Ал шындығына келгенде бұл сол қаржының үштен біріне ғана татиды. Сотталушылар жылжымайтын мүлік бойынша экспертизаның баға жөніндегі көрсеткішін алдын ала білсе де майлы құйрықтан айырылғысы келмеген. Көз бояушылар өздеріне тиесілі нақты ақшаны қолма-қол алса керек. Қаржы полициясы Твердохлебовты әкімшілік ғимаратынан қолына кісен салып, бір пакет ақшамен алып шықты. Сыбайлас жемқорлар тергеу кезінде қорғаушыларының көмегімен жаланы бір-біріне жапса да, сотта өздеріне лайықты жазаларын алды. Сот М.Щеглованы қылмыстық іс бойынша айыпты дей отырып, ҚР ҚК 311 бабының 5 бөлімі және ҚР ҚК 55 бабы бойынша мүліктерін тәркілеп, жалпы тәртіптегі түзеу мекемесіне 5 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда, өкінішке орай, 99,4 млн. теңгенің көп мөлшері ізім-қайым жоқ. Сотқа дейін олар бұл қаржыны не жұмсап, не жасырып үлгіргені байқалады. Әзірге оның ізі табылмай отыр. Ал бұл қаражат мемлекетке қалай және қашан қайтарылады? Бұл жағы әзірге белгісіз.

Өткен жылы Көкшетаудағы ең үлкен кітапхана басшылығы тарапынан жемқорлық фактілері орын алған. 2009 жылы кітапханаға бастық болып келген Н.Шашанова сол мекеменің есепшісі Р.Баевамен ауыз жаласып, үш жыл бойына мемлекет қаржысын талан-таражға салып келген. Осы мәселе тұрғысында Ақмола облыстық сотының баспасөз хатшысы Айсұлу Құлманбетова жуырда ақпарат құралдарына мынандай мәлімет берді. «…Екеуінің ойы бір арнаға тоғысып, екеулеп жоспар құрып 2009 жылдың маусым айында Баева өзінің танысы, жұмыссыз отырған жеңгесі азаматша А-ның жеке куәлігі, РНН, СИК, дипломының көшірмелерін сұратады. Оған: «Кітапханада формальды түрде жұмыс істеп жүрген боласың, еңбек өтілің жүріп жатады», – деп алдаусыратады. Үйде отырған әйел не десін, келісіп барлық құжаттарын қайын сіңлісіне береді. Есепші өз туысқанының атынан аталмыш кітапхананың кассиріне жұмысқа қабылдау туралы және айлық жалақысын осы ұжымның кітапханашысының кәртішкесіне аудару туралы өтінішін жаздырып алады. Кітапхана басшысы оны жұмысқа қабылдайтын бұйрық шығарады. Ай біткесін жалған жұмысшыға жалған табель жасатып, дереу ақшасын кәртішкесіне аударған кітапханашыны өзіне шақыртып, оған түк білмегенсіп, шатастырып айлығынан көптеу ақша салып, жібергендігін айтып, кешірім өтініп, оны есепшіге қайтарып беру керектігін ұмытпай айтып отырған. Ол айлық жалақыны алып, өз қолымен кітапхана бастығына беріп отырған. Бастық болса сол қаражатты өзінің жеке бас мүддесіне пайдаланып келген. Тек төрт айдан кейін ғана азаматша А-ны олар «өз еркімен» жұмыстан босатты». Дәл осындай жолмен азаматша Ж-ны да өз ыңғайларына көндіріп, 200 мың теңгеден аса қаражатты аударып отырған. А.Құлманбетова Көкшетау қалалық соты Н.Шашанованы ҚР ҚК 176-бабының 3-бөлігі «г» тармағы, 314-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, өзіне тиесілі жеке дүние мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметке 4 жылға дейін қабылдану еркінен айырып, жалпы тәртіптегі түзеу мекемесінде жазасын өтеу үшін бес жылға бас бостандығынан айырды. Ал кітапхана есепшісі Р.Баеваны ҚР ҚК 176-бабының 3-бөлігі «г» тармағы, 314-бабының 1-бөлігіндегі көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, өзіне тиесілі жеке дүние-мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметке 4 жылға дейін қабылдану еркінен айырып, жалпы тәртіпте түзеу мекемесінде жазасын өтеу үшін 5 жылға бас бостандығынан айырғанын хабарлады.

Сыбайлас жемқорлық қазір орта мектептерде де орын алған. Оңтүстік Қазақстан, Мақтаарал ауданы, Асықата кенті орта мектебінің мұғалімдері Б.Темірбеков, Н.Жасұзақов, Қ.Ізтілеуов мектеп директоры Г.Сауырбаеваның үстінен заң орындары мен органдарына бірнеше рет шағымданған. Атап айтқанда Мақтаарал ауданының әкімі С.Тұрбековке, Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры С.Құлтасовқа екі реттен арыз жолдапты. Неге? Өйткені мектеп директоры өз лауазымын асыра пайдаланған. Оқушыларға «Өзін-өзі тану» пәнінен сабақ беруді өз міндетіне алған ол былтыр еш сабақ бермей, бірнеше сағаттың ақшасын еңбек етпей ішіп-жесе керек. Арыз берушілер оқушылардың жыл бойына бұл пән бойынша білім алмағанын айта келіп, басшының Мемлекеттік қызметшілердің «Ар-намыс» кодексіндегі қағидаларды сақтамау нәтижесінде басқаларды негізсіз айыптап, дөрекілік көрсеткенін де ашына жазыпты. Жұмыстан заңсыз босатқан Н.Жасұзақов онымен соттасып, жеңіп шыққан. Сот оның бос жүрген төрт айлық жалақысын өндіріп беруге шешім шығарған.

Қызылорда облысындағы Жаңақорған мен Шиелі аудандарында былтыр Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) кезінде жемқорлық жолмен пайда тапқысы келген шенеуніктер қолға түсіп, заң жүзінде жазаланды. Шиелі аудандық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бастығы подполковник Әшімов 5 жылға, қарамағындағы сыбайласы аға лейтенант Темірбек Руслан 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Оларға құзырлы орган өкілдері ретінде мемлекеттік құпия саналатын тест сұрақтары мен жауаптарын тасымалдауда қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмады деген айып тағылған. Өйткені Астанадан Жаңақорғанға жол тартқан жүк тасымалы вагоны белгісіз себептермен Шиеліде бір тәулік аялдап қалған. Сол вагонда құпия тест сұрақтары бар болатын. Сұрақтардың мөрі басылған беті ашылғаны анықталды. Сотта Шиелі аудандық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тағылған айыппен келіскілері келмеген. Сондай-ақ, Жаңақорған аудандық білім бөлімінің бастығы Жәнібеков пен мектеп директоры Бердіманов 3 жылға бас бостандығынан айыруға қылмыстық ісі тура келіп тұрса да алайда сот олардың отбасы жағдайларын ескере келе 3 жылға шартты түрде жазаға кесті. Былтыр ҰБТ кезінде бұл ауданның талапкерлерінің 36-сы 125 балл, қалғандары 110 балдан асыра жинаған болатын. Тексеру барысында үш оқушыдан дайын тест жауаптары шыққан. Солай 502 баланың барлығы емтиханды қайта тапсырды.

Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің депутаты Светлана Бячкова:

…Жемқорлыққа қарсы пәрменді әрекет етіп жатқан мемлекеттер қатарында, әрине, Жаңа Зеландия, Дания, Финляндия, Швеция, Сингапур, Норвегия, Нидерланды, Австралия, Швейцария, Канада, Оңтүстік Корея елдері. Бірақ олардың ең тиімді деген жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасын зерттеген кезде әр елдің өзіндік ерекшелігіне мән беру керек. Сонымен қоса, бұл ретте олардың отандық заңнамаларының даму деңгейін, тәжірибеде қолданылуын назарға алу керек.

…Сыбайласқан жемқорлық көп қырлы, көп деңгейлі құбылыс болып табылады. Келеңсіз әлеуметтік үрдіс ретіндегі жемқорлықтың күрделі сипаты онымен күресті кешенді жүргізу қажеттігін көрсетеді. Осы тұрғыда басты міндет – коррупцияға ымырасыздық ахуалын қалыптастыру, жемқорлыққа қарсы құқықтық кеңістік қалыптастыру, сыбайластыққа қарсы тиімді саясат жүргізу, мемлекеттік ұйымдардағы, бюджеттік мекемелердегі, ұлттық компаниялардағы кадрлармен жұмыстарды жетілдіру, біртұтас жемқорлыққа қарсы медиастратегияны жүзеге асыру. Қазіргі таңда жемқорлыққа қарсы әрекеттің ерекшелігі оның жалпы халықтық сипаты, жемқорлықтың алдын алу шараларының басымдығы және коррупцияға қарсы күрестің тәрбие, адамгершілік бастауларына маңыз берілуі болып табылады», – дейді.

Иә депутат С.Бячкова айтпақшы бірқатар шетелдерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар өз нәтижелерін беруде. Солардың бірі – Оңтүстік Корея. Бұл жөнінде жаңа сеуілдік «ОРЕN» бағдарламасын атап айтуға болады. Бағдарламаны корей үкіметі 1999 жылдан бері қолданып келеді. Осы бағдарламадан кейін ел азаматтары өз өтініштерін мемлекеттік шенеуніктердің қарау процесін интернет арқылы бақылау мүмкіндігіне ие болды. «ОРЕN» өте қарапайым түрде ұйымдастырылған. Мысалы азамат құрылыс жұмысына рұқсат алу туралы өтініш беретін болса, сол сәтінде әкімшіліктің тиісті бөлімінің қызметкерлері осы өтініш туралы ақпаратты «ОРЕN» сайтына орналастырады. Кез келген компьютермен интернетке кіруге мүмкіндігі барлар, өз өтінішінің тіркелгендігін, ол мәселемен кім айналысатындығын, қашан рұқсат етуді күтетінін, егер өтініш орындалмаған болса, оның қандай себебі болғанын дер кезінде біле алады. Сондай-ақ бұл бағдарлама жүйесі деректерді енгізу мерзімін кез келген шенеунік әрбір кезеңде қараған өтініштің нақты мерзімімен салыстыру арқылы деректерді енгізу кезіндегі кез келген кідірістерді қадағалауға мүмкіндік береді. Осылай Оңтүстік Корея мемлекеті сыбайлас жемқорлықтың алдын кесіп отыр. Қазір олардың бұл тәжірибесінен көп сыбайлас жемқорлық жайлаған көп елдер үлгі алуда. Біздің елге де «мың асқанға – бір тосқан» болатын осындай бағдарлама керек-ақ.

● «Ашыққаннан құныққан жаман»

● Шетелдерде қашып жүрген жем­қорлар саны 1600. Олардың 1558-не мемлекетаралық, 60-на халық­аралық іздестіру жа­риялан­ған. Ал солардан қолға түскендері 176-ақ адам.

● «Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасы дайындалуда.

● Маңғыстау облысы әкімінің бұ­рынғы орынбасары А. Айт­құловтың, сондай-ақ Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімдері Ж.Бабаханов пен О.Сарбопаев қызмет бабын асыра пайдаланып, мемлекет қаржысын талан-таражға салғаны үшін істері сот қарауына жібе­ріл­генін Қаржы полициясы хабарлап отыр.

● Қостанай облысы әкімшілігіндегі М.Щеглова ұйымдастырған сыбайлас жемқорлар сот үкімімен жазаларын алған. Алайда мемлекет қаржысынан ұрланған 94 млн. теңгенің ізі табылмай отыр.

● Көкшетаудағы кітапхананың бұрын­ғы директоры Н.Шашанова мен есеп­шісі Р.Баева алғашқыда айлала­рын асырып екі асағанмен, кейін құқық қорғаушылар қақпа­нына түсіп, сотта лайықты жазаларын алды.

P.S. «…Бүгiн қоғамның сыбайлас жемқорлыққа деген қалыптасып қалған төзiмдiлiк пен немқұрайлық, селқос пейiлiн өзгерту өте маңызды. Адамдарды тиiстi органдарға жүгiнуден қорқу психологиясынан арылту керек. Бiз, қазақстандықтар өзiнiң құқығын анық бiлулерi керектiгiн, қандай да құқық бұзушылық жағдайда қалай әрекет етулерi керектiгi туралы нақты iс-қимыл алгоритмiн бiлулерi керектiгiн түсiнемiз». «Нұр Отан» ХДП төрағасының бiрiншi орынбасары

Н.Нығматуллин.

Көлбай Адырбекұлы