«АРҚАНКЕРГЕНДЕ» ҚАЗА ТАПҚАНДАР

«АРҚАНКЕРГЕНДЕ» ҚАЗА ТАПҚАНДАР

«АРҚАНКЕРГЕНДЕ» ҚАЗА ТАПҚАНДАР
ашық дереккөзі

Шекара шебiнде тұрған сарбаздар абайсызда ажал құшты. Себебi әзiрге белгiсiз. Бiрақ алғашқыда жеткен деректер мен соңғы ақпараттар арасында бiр-бiрiне қайшы келетiн тұстар бар. Айдың, күннiң аманында бұл қайдан келген зобалаң? Жастары 19 бен 28 арасындағы он бес боздақты қапы қалдырған сұм ажал кiмнен және қайдан келдi?

Алматы облысының Қытаймен шекаралас жатқан Үшарал қаласынан 220 шақырым жердегі «Сары бөктер» заставасының «Арқанкерген» шекара бекетінде Айдың, Күннің аманында бірнеше боздақ жер құшты. Ресми деректерге сүйенсек, 30 мамырда оқиға болған жерге жақын маңдағы «Шығыс» шекара бекетінен орталыққа «Арқанкерген» шекара бекетінің өртеніп кеткен ғимараты мен қаза тапқандардың мәйіті табылды» деген мәлімет келіп түскен. Осыдан кейін арнайы үкіметтік комиссия құрылып, тексеру жұмыстарына кіріседі. БАҚ өкілдеріне ресми мәлімдеме жасаған Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік кеңесі шекаралық қызмет директорының орынбасары, полковник Тұрғанбек Стамбеков аталған бекетте жаз маусымында 15 шекарашының қызмет ететінін, өрттен кейін 13 адамның мәйіті табылғанын мәлімдеген болатын. Іздеушілер тобы көп ұзамай жақын маңда жансыз жатқан тағы екі мүрдеге кезікті.

Мамырдың 27-сінен 28-іне қараған түні болған оқиғаға куә болған 1 шекарашы арада бірнеше күн өткенде табылды. Тек жазда ғана күзетілетін шекара бекетіндегілердің міндеті – сол жердегі дәрілік шөптерді заңсыз жинағысы келетін Қытай азаматтарына кедергі жасау. «Арқанкергендегілер» белгіленген уақытта байланысқа шықпағасын, «Шығыс» шекара бекетіндегілер тексеруге келіпті. Бірақ олар бірінің үстіне бірі үйілген мәйіттерге тап болады…

Осы оқиғаға байланысты құқық қорғау органдары басшыларымен кеңес өткізген ҚР Президенті Н.Назарбаев «Арқанкерген» шекаралық бекетіндегі қанды оқиғаны лаңкестік әрекет деп бағалады: «Еліміздің шығыс аймағында Алматы облысындағы қайғылы оқиға болды. Оның салдарынан 15 адам – 14 шекарашы және бір қорықшы қаза тапты. Мен мұны лаңкестік акт деп санаймын. Бұл сірә, ішкі жанжалдардың нәтижесінде болған болуы тиіс. Алайда бұл туралы айту әлі ерте. Сарбаздардың казармасы мен офицерлер үйі өртелген. Қаза болғандардың мәйіті үйінділерді аршу кезінде табылды. Бұл оқиға бейбіт кезде болып отыр, сондықтан да егжей-тегжейлі тексеруді талап етеді. Қазіргі кезде менің тапсырмам бойынша арнайы комиссия оқиғаның мән-жайын анықтауда, барлық фактілер зерттелуде. Бас әскери прокуратура қылмыстық іс қозғады. Орталық және жергілікті құқық қорғау органдары істің мән-жайын анықтап, қылмысқа күдіктілерді ұстау үшін барлық күш-жігерін жұмсауда» дей келе, тексеру жұмыстарына Ішкі істер министрлігі, Ұлттық Қауіпсіздік комитеті және Бас прокуратураның тәжірибелі қызметкерлері жұмылдырылғанын айтты. Президенттің мәлімдеуінше, комиссия оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Ал Үкіметке қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетуге және оларға қолдау жасауға пәрмен берілді. Абайсызда ажал құшқан арыстардың туған-туысы мен жақындарына көңіл айтқан Президент 5 маусымды Ұлттық қаралы күн деп жариялады: мемлекеттік мекемелер, ұйымдар мен кәсіпорындар алдындағы көкте қалықтаған көк байрақ төмен түсірілді, сол күні сағат 12.00-де көп жерде боздақтарды жоқтап, бір минуттық үнсіздік жарияланды. Елбасы кінәлі адамдар әділ жазасын алады деп сендірді.

Өкінішке қарай, шекара шебіндегі қанды оқиғаға қатысты деректер бір-біріне қайшы келеді. Бастапқыда жасырын ақпарат көздеріне сілтеме жасаған отандық басылымдардың кейбірі «Таудағы үңгірде бірнеше күн бой тасалаған сарбаз тілден айырылыпты. Жақ аша алмай отыр» деп хабар таратқан. Алайда арада бірнеше күн өткенде құзырлы органдар тарапынан 19 жастағы Владимир Челахқа «ережеге сәйкес келмейтін әрекетке барды» деген айып тағылды. Тағы бір түсініксіз жайт, алғашқыда күйік шалған шекарашылардың қарулары жоғалып кеткені жайлы айтылса, сәл кейінірек шекара бекетінен «марқұмдардың қарулары оқиға болған жерден табылды» деген хабар жетті. Шекарашылардың қасақана өлтірілгенін жоққа шығарған құзырлы органдар жұртшылықты тіпті, «олар өрттің салдарынан қаза тапты» деп сендіруге тырысқан. Журналистермен болған әңгімеде Ұлттық қауіпсіздік кеңесі басшысының орынбасары Ғұсман Әмрин қаза тапқандардың саны мен оның себебін айтқан жоқ. Есесіне, Интернет бетінде қызу талқылауға көшкендер сан алуан пікір мен болжамға кенде болмады.

Алғашқыда өртеніп кеткендердің денесі кімге тиесілі екені белгісіз болған. Астанада генетикалық тексеруден кейін олардың аты-жөндері анықталды. Медициналық сараптама қорытындысы бойынша қаза тапқандардың ағзасынан ішімдік табылмаған. Сонымен, «Арқанкергендегі» қанды қырғынға не себеп болғаны әзір белгісіз. Белгілісі, үш болжам: біріншісі, қапияда пайда болып, кейін шекарашыларға бой бермеген өрт, екіншісі, лаңкестік шабуыл, үшіншісі, тұрмыстық деңгейдегі ұрыс-керіс. Ал Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің басшысы Қалмұханбет Қасымов оқиғаға сарбаздар арасындағы ішкі шиеленістер себеп болуы мүмкін деген болжам айтты.

Ұлттық қаралы күнге байланысты отандық басылымдар алғашқы беттеріне ойын-сауық, көңіл көтеру тақырыбындағы жарнамаларды, анекдоттар мен көңілді ақпараттарды алып тастады, телеарналардағы көңіл көтеру бағдарламалары тоқтатылды, сондай-ақ, мемлекеттік БАҚ-та жарнама берілмеді. Алайда бүкілхалықтық деңгейде өтуі тиіс қаралы да қазалы күнде отандастар шейіт болғандарды түгел жоқтады, адамдардың барлығы аза тұтты десек, жаңсақтық болар. Оның үстіне, бұл – мемлекеттік деңгейде алғаш рет тұтылған аза. Көк байрақ алғаш рет төмен түсті. Тәуелсіздік алған 20 жылда алғаш рет Көк Байрақтың еңсесі алғаш рет түскендіктен шығар, адамдар абдырап қалған. Бұдан былай Алаш жерінде азалы күн болмағай.

«Арқанкерген» шекара бекетiнде

қаза тапқандар:

1. Алтынбек Кереев, 27 жаста (Орал облысы) отряд командирi,

2. Нұрлан Мұқашев, 21 жаста (Қарағанды облысы),

3. Ағанас Қамбар, 21 жаста (Ақтөбе облысы),

4. Әли Мақсатов, 20 жаста (Ақтөбе облысы),

5. Жанат Ильясов, 19 жаста (Жамбыл облысы),

6. Нұржан Үсiпәлиев, 21 жаста (Жамбыл облысы),

7. Мейiрхан Иманов, 19 жаста (Атырау облысы),

8. Жеңiс Дәулетұлы, 19 жаста (Атырау облысы),

9. Данияр Балғабаев, 19 жаста (Атырау облысы),

10. Бекзат Әмiрбаев, 19 жаста (Атырау облысы),

11. Денис Рей, 19 жаста (Павлодар облысы),

12. Ерлан Акишев, 23 жаста (Алматы облысы),

13. Талғат Сәрсенбаев, 28 жаста (Алматы облысы),

14. Рүстем Ақылбаев, 21 жаста (Алматы облысы),

15. Руслан Ким (орманшы).

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ