Жаңалықтар

МҰСТАФА ШОҚАЙДЫ ҚАРАЛАУ кімге тиімді?

ашық дереккөзі

МҰСТАФА ШОҚАЙДЫ ҚАРАЛАУ кімге тиімді?

Өткен жылы қазақтың бiртуар ұлы, қоғам қайраткерi Мұстафа Шоқай туралы «Мұстафа Шоқайдың жолымен» атты деректi фильм жарыққа шыққан едi. Бұл фильмдi түсiруге мұрындық болған белгiлi ақын Қасымхан Бегманов. Ал аталмыш фильмнiң Өскеменде өткiзiлген көрсетiлiмiнен кейiн жергiлiктi «Flash!» газетi Мұстафа Шоқайды ««қазақтың Власовы, фашистердiң құйыршығы», «Мұстафа Шоқай — Қазақстан мен Орта Азияның бола алмай қалған әмiршiсi, фашистiк ұйымның басшысы, «Түркiстан легионының» идеялық жетекшiлерiнiң бiрi» деген айыптар таққан екi бiрдей мақаланы жариялайды.

Алаштың қайраткер ұлына жабылған қаралаулардың себепсіз екенін айтып, Қасымхан Бегманов газетті сотқа береді. Алайда сот «мақаладағы теріс пікір фильмнің авторына емес, кейіпкеріне қатысты айтылған» деген шешім шығарыпты. Соттың шешіміне қарасақ, аталмыш газеттің Мұстафа Шоқайды «қазақтың Власовы, фашистердің құйыршығы», «Мұстафа Шоқай – Қазақстан мен Орта Азияның бола алмай қалған әміршісі, фашистік ұйымның басшысы, «Түркістан легионының» идеялық жетекшілерінің бірі» деген айыптауларын құптаған сияқты.Сот шешіміне келіспеген Қасымхан Бегманов қазір қайта шағымдану үстінде. Сотта жеңу немесе жеңілу басты мәселе емес. Басты мәселе – жалпы соңғы кездері елімізде ұлттық дүниелерге қатысты, ұлттық тұлғаларымызға қатысты мұндай мақалалардың жиілеп кеткені қоғамның үлкен алаңдаушылығын туғызып отыр. Ел тәуелсіздік алғанына жиырма жыл толды. Жиырма жыл ішінде қазақ тарихының ақтаңдақ беттерінің көбі айқындалып, жазықсыз құрбан болғандардың есімдері ақталды, Отанына қайта оралды. Тіпті Алаш арыстарының кейбірінің сүйегі елге қайтарылып, өз Отанының топырағына жамбасы тиіп жатқан тұста, оларды қайта қаралап, жағымсыз кейіпкер жасау кімге пайдалы болды екен?

Біз осы мәселе төңірегінде ұлт зиялыларының пікірін білгіміз келді.

Сонымен, Мұстафа Шоқайды қаралаудың астарында не жатыр?

Дос Көшім, саясаттанушы:

– 90-жылдардың басында халықтың рухының көтерілуінің арқасында мемлекет ұлттық бағытқа мойын бұрған сияқты әсер етіп еді. Бірақ қазір біз кері кетіп бара жатқан сияқтымыз. Бұл – соның бір айғағы ғана. Алғашқы дүмпумен бүкіл халықтың санасы ұлттық бағытқа бұрылды да, қазір сол тоқтай бастаған кезде қалыптасқан, қатып қалған ескі идеологияның аурулары қайтадан шықты. Бұл – Мұстафа Шоқайға деген көзқарас, бұл – Алашқа деген көзқарас. Рас, қазір Алашқа деген көзқарас жақсы. Бірақ оның да өзгеруі ғажап емес. Себебі, 2010 жылдан бастап, бізде кері кету процесі басталды. Бұл – ұлттық мүдделерден кері кету, тіл мәселесінен кері кету, оралман мәселесінен кері кету. Сондықтан мен мұны бір жағынан тоқырау процесі деп те айтар едім. Кеңес Одағы кезінде Мұстафа Шоқай мен «Түркістан легионындағы» адамдар жайында теріс пікір қалыптастырғаны белгілі. Біздің миымызда осы теріс пікірлердің қалыптасып қалғаны айдан анық. Қазір мектеп бағдарламасындағы тарих оқулықтарында не жазылғанын білмеймін. Желтоқсан туралы не жазылғанын білем, өйткені оған өзіміз араластық. Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі Мұстафа Шоқай сияқты қайраткерлеріміздің көзқарасы туралы мектепте қалай оқылатынын мен білмеймін. Шындығында олар мемлекетшілдік деңгейде берілетін болса, құба құп. Бірақ «адам маймылдан тарады» деген сияқты мәселенің аясында тоқырап қалатын болсақ, онда шынын айту керек, жаңағыдай мақалалардың шығып жатқанына мен таңғалмаймын. Енді, екінші мәселе. Жалпы, бүгінде қазақтық, ұлттық мәселеге қарсы азаматтар көп. Бұлар көптің ортасында жүреді. «Шын мәнінде ұлттық мемлекет болып кетеміз бе?» деген қорқынышы бар адамдар бар. Бұларға тоқырау кезеңі өздерінің ойын ашық айтуға мүмкіндік береді. Сондықтан қазақтық мәселеге, оның ішінде қазақ тілі, қазақ мектебіне қарсы пікірлерін ашық айту басталды. Бұл өте қорқынышты нәрсе. Олар қазір ұлтшыл ұйымдардан қорықпайды. Біздегі ұлтшыл ұйымдар ұлттық мәселелерді қорғаушы ғана. Мемлекеттің көзқарасын пиғылы түзу емес адамдар көріп, байқап отыр. Менің ойымша, бұл жердегі ең үлкен кінә, биліктің ұлттық идеологиясының әлі дұрыс құрылмауы. Ұлттық көзқарас – бұл мемлекетшілдік. Ал мемлекет – ұлтшыл емес. Осындай кереғар жағдайға келіп қалдық. Сондықтан олар қайталап бас көтертіп жатыр. Бірақ оның айтқанына мен ер-тоқымымды бауырыма алып, тулағаным жоқ. Себебі олай айтуға, өзінің көзқарасын білдіруге толық құқығы бар. Біз демократиялық елміз. Сондықтан олардың Мұстафа Шоқайды «немістің шпионы» немесе «Кеңес үкіметіне қарсы» деп айтуға толық құқы бар. Өйткені олардың түсінігі, деңгейі сондай. Бұл пікірді айтқан адамдарға менің ешқандай ренішім жоқ. Себебі олар ішкі ойларын ашық айтты. Ал мұндай ой әлі талай адамның ішінде жатқаны жасырын емес. Біз ол адамдармен айқайласып еш нәтиже шығара алмаймыз. Ең дұрыс шешім – мемлекеттік идеологияны тұрақтандыру деп санаймын.

Мәмбет Қойгелді, тарихшы:

– Мұндай Алаш ардақтыларына сыни пікір айту бірінші рет емес. Бұған дейін Әлихан Бөкейханов жайлы орыстілді газеттердің біріне «Әлихан Бөкейханов – террорист» деген мақала шыққан болатын. Әлихан Бөкейхановтың атына көше беру туралы қарағандылық зиялылар мәслихатқа мәселе қойған екен. Содан кейін жаңағыдай мақала жариялап отыр. Көрдіңіз бе? Бұл мақалаға байланысты өз пікірімді білдірген едім. Бөкейхановтың мұрасы жарық көрді. Халық оны түгелімен қабылдады. Ақталды. Соған қарамастан, атқарылған жұмыстың бәрін сызып тастап, оны террорист етіп шығармақ болды. Қоғамда мұндай ұстанымдағы адамдар бар деген сөз. Тура осы мәселе араға үш-төрт жыл салып, қайталанып отыр. Бұл жолы Мұстафа Шоқайды қаралауда. Мұстафа Шоқай жайлы көптеген зерттеу еңбектер жарияланды. Елінде Мұстафа Шоқайға ескерткіш қойылды. Халық Мұстафа Шоқайдың еңбектері және қызметтерімен танысты. Соған қарамастан, Мұстафа Шоқай сатқын, фашист деген пікірлер айтылыпты. Мұны жазған авторлар Сергей Михеев пен Денис Даниловский білмейді деп ойламаймын. Бұлар біледі. Олар сауатсыз адамдар емес. Олар өздерін тарихшымыз деп жүр ғой. Демек, олар Мұстафа Шоқай жайында бәрін де біледі. Бұл жерде мәселе басқада. Бұлар империялық кезеңді аңсайды. Сол кезді сағынады, көксейді. Олар қазақ халқының қоғамдық пікірі, ойы империялық кезеңнен ұзап кетпесе екен, ұлттық сана нығаймаса екен, қазақ халқы үнемі Ресейге жалтақтап отырса екен деген мақсаты бар. Біз қоғам болып өз ұстанымымызды қорғауымыз керек. Қоғам болып, зиялылар болып, өз позициямызда табандап тұруымыз керек. Әлихан Бөкейханов пен Мұстафа Шоқай сынды арыстарымызға қара күйе жағуына жол бермеуіміз керек. Олармен күресудің жолдарын қарастырған жөн.

Алдан Смайыл, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты:

– Мұстафа Шоқай жайында жарияланған материалдың авторларын сотқа берген Қасым Бегманов сотта жеңіліс тапты. Қандай аргументке сүйеніп, газетті ақтап алғанын біле алмадым. Мұның бәрін түбімен анықтау керек. Мұстафа Шоқай жайында сондай пікір айтқан авторлар қалай жеңіске жетті? Мақаланы жазу барысында олар қандай дерекке сүйенгендігін де білмеймін. Қазақ үшін күрескен рухы биік асыл азаматтарымызды қаралауға болмайды. Сондықтан да сол мақаланы жариялаған газет те, авторлары Сергей Михеев пен Денис Даниловский де қазақ қоғамы алдында кешірім сұрауы керек. Біз олардан осыны талап етуіміз қажет.

Берік Әбдіғалиев, Арқалық қаласының әкімі:

– Бізде коммунистік идея әлі басым. Коммунистік көзқарастан әлі арыла алмай келеміз. Алашордашылар әлі де өздерінің лайықты бағасын ала алмай жатыр. Мұстафа Шоқай – Түркістан ұйымын коммунистер идеясынан азат ету үшін құрды. Мұстафа Шоқай коммунистік идеямен, большевиктермен күресуді көздеді. Ұйымды, тұтқындағы адамдарды аман сақтап қалу – Мұстафа Шоқайдың түпкі мақсаты. Түркістан ұйымына да саяси баға дұрыс берілмей жатыр. Алашордашылардың кім екенін, олардың қандай іс жасағанын әлі толық жеткізе алмай келеміз. Мұстафа Шоқайды халық жауы деп қаралау орынсыз. Біз Мұстафа Шоқайдың образын әлі толық ашқан жоқпыз, осы мәселені қолға алуымыз керек.

Дайындаған

Гүлзина БЕКТАСОВА,

Әсел ӘНУАРБЕК