ҚАРА БАЗАРЛАРҒА ҚАРА БҰЛТ ҮЙІРІЛДІ

ҚАРА БАЗАРЛАРҒА ҚАРА БҰЛТ ҮЙІРІЛДІ

ҚАРА БАЗАРЛАРҒА ҚАРА БҰЛТ ҮЙІРІЛДІ
ашық дереккөзі

Қазақстандағы қара базарлар мәселесi ел Үкiметiнде өткен жиында сөз болды. Атқарушы үкiмет бұл жолы елiмiздегi қаптаған қара базарлардағы саудагерлердi санауға көшкен сияқты. Бұл жөнiнде жиында Экономикалық даму және сауда министрi Бақытжан Сағынтаев кеңiнен мәлiм еттi.

Рас, Қазақстанда ішкі нарықта қара базарлардың саудасы қызып тұрғаны белгілі. Қарапайым жұртшылық өз нәсібін сауда жасап, қара базарлардан тауып жүр. Министрдің дерегіне сүйенсек, өзге ұлттың саудагерлерін қоспағанда, Қазақстанның сауда саласында барлығы 1 миллион 200 мың қазақстандық жұмыс атқарады екен. Бұл дегеніңіз, халықтың он бес пайызы қара базардан күнін көріп жүр деген сөз.

Еліміздің ІЖӨ-дегі ішкі сауданың өткен жылғы үлесі 14,5 пайызды құраған екен, яғни 13,9 триллион теңге саудагерлерімізге тиесілі. Ең қызығы, жылына осыншама қыруар қаржы тауып отырған саудагерлер келешекте қара базарларда жұмыс істемейтін болады. Есесіне, еліміздегі базар атаулының орнын ірі, заманауи негіздегі сауда орындары баспақ.

Оның себебін министр қара базарлар­дың лас, санитарлық жағдайға сай келмейтіндігінен іздейтінін баса айтты. Экономика министрі Б.Сағынтаев: «Сауда базарларының көпшілігі лас, антисанитария жайлаған, қызмет көрсетудің деңгейі төмен, сондай-ақ «көлеңкелі айналымның» үлкен үлесі осында», – дейді. Сондықтан «стихиялы сауда базарларынан» «сауданың жаңа форматына» көшу мәселесін жүзеге асыру қажеттігін айтады министр.

Кейбір мәліметтерге қарағанда, еліміз­дегі тауар айналымының 49 пайызы базарларда жасалатын көрінеді. Бірақ министрдің пікірінше, бұл көрсеткіш аздық ететін сияқты. Заманауи технологиямен салынған шетелдік базарларда мұның көрсеткіші 70 пайызды құрайды екен. Мәселен, көрші Қытай елінде қара базарлардың көбі алынып, оның орнын ірі, үлкен масштабтағы сауда орындары басқан. «Қытайдың тәжірибесі көрнекті, бұл ел 10 жыл бұрын арнайы бағдарлама қабылдады, оған сәйкес, базарлардың орнында заманауи сауда кешендері салынды. Бұл ретте сауда базарларының қожайындары мемлекеттен құрылысқа пайызсыз ссудалар алған. Осыған ұқсас бағдарламаны Мәскеу өкіметі де қабылдады», – дейді Бақытжан Әбдірұлы.

Сонымен бірге, министр бөлшек сау­да бизнесін жаңғыртудың бірнеше жолдарын да айта кетті. Бақытжан Әбдірұлы әуелі тұтынушылық кооперацияларын дамыту арқылы ауылшаруашылық құрылымдарын ірілендіру керектігін айтады. Әрі тиімді көтерме сауда буынын құру қажет. Сондай-ақ сауда жасаудың жаңа форматын өрістету де артық емес. Министрдің айтуынша, ішкі сауда саласындағы салық салу жүйесін де жетілдірген абзал, әрі ішкі сауда саласына қатысты заңнаманың күшін арттырған да кезек күттірмейтін мәселе.

– «Акционерлік қоғам» түріндегі көтерме саудалық ауылшаруашылығы нарығын құруды ынталандыру қажет. Бұл ірі инвес­торларды тартуға мүмкіндік береді және мемлекеттің бұл іске әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы қатысуын қамтамасыз етеді, – дейді министр мырза.

Қара базарлардың көп болуынан да зардап шегіп отырғандар бар. Өйткені бұл өндіруші мен тұтынушы арасына килігетін сауда делдалдарының қаптауына жол беріп отыр.

Министрдің деректері мен дәлелдерін тыңдаған Үкімет басшысы Экономикалық даму және сауда министрлігіне бірқатар тапсырмалар берді. Осыған орай жыл соңына дейін толыққанды құжатты әзірлеу қажеттігі де баса айтылды.

Сондай-ақ аталмыш жиында Экономи­калық даму және сауда министрлігі әзірлеген 2012-2015 жылдарға арналған «Қазақстанның рұқсат беру жүйесін одан әрі реформалау тұжырымдамасы» да сөз болды. Аталмыш тұжырымдама бойынша, еліміздегі рұқсат берілетін құжаттарын реттейтін қызметтердің қауіптілігі дәрежесіне орай үш категорияға бөлу қажеттігі қарастырылған. Ең төменгі категория бойынша, қаупі төмен категорияға жататын қызметтің иелеріне тиісті органдарды құлақтандырып, өз кәсіптерін бастай беруге негіз бар.

«Реттеу кезінде мемлекеттің, кәсіп­кердің және тұтынушының мүдделерінің тепе-теңдігі қамтамасыз етілуге тиіс. Мұндай жүйені бірыңғай заңмен ендіру тұспалдануда, оны әзірлеуге осы Тұжырымдама бекігеннен кейін іске кірісетін боламыз», – дейді министр Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен бірге, Тұжырымдама негі­зін­де елімізде алғаш рет рұқсат беру құжаттарына не жататындығын да нақты бекіту көзделіп отыр.

Гүлзина Бектасова