Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ЕЛІ АЗА ТҰТТЫ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ЕЛІ АЗА ТҰТТЫ

Елбасы, Қазақстан Республикасының Президентi Н.Назарбаевтың «Арқанкерген» шекара бекетiнде орын алған қайғылы оқиғаға байланысты мәлiмдемесi:

«Алматы облысы «Арқанкерген» шекара бекетiнде 15 адам қаза болған қайғылы оқиға қазақстандықтардың ешқайсысын да бейжай қалдырмады.

Менiң тапсырмаммен қазiргi кезде тергеу жүргiзiлуде. Оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс iстеп жатыр.

Мамандар мен комиссия өз қорытындысын жасайтын болады. Бiз оқиғаның мән-жайын анықтаймыз, ұйымдастырушылар мен орындаушыларды табамыз. Сөйтiп, бұл трагедияға айыптылар тиiстi жазасын тартатын болады.

Шекарашылар елдiң шебiн қорғау кезiнде, қазақстандықтардың тыныштығы мен қауiпсiздiгiн сақтау қызметiнде тұрғанда қаза болды. Олар Қазақстанның бейбiтшiлiгi мен болашағы жолында қыршынынан қиылды.

Менiң тапсырмам бойынша Үкiмет бұл күндерi қаза тапқандардың отбасыларына барынша қолдау көрсетiп, қажеттi көмектiң бәрiн жасауда.

Бұл трагедия қаза тапқандардың отбасылары мен ағайын-туғандарын ғана емес, барша қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырып отыр.

Сондықтан бiр күндiк ұлттық қаралы күн жариялаймын.

Астана қаласы, Ақорда, 2012 жылғы 4 маусым.»

Мемлекет басшысының Өкiмiмен шекарашылардың қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында ұлттық аза тұту жарияланды.

«Арқанкерген» шекара бекетiндегi қазақстандық шекарашылардың қайғылы қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 2012 жылғы 5 маусымда ұлттық аза тұту жариялансын!