«ЖЕТІМ» ӘУЕЖАЙ

Петропавл қаласындағы кеңестік заманда­ салынған әуежайдың басынан бақ тайып,­ соңғы кездері жағдайы тіпті мүшкіл халге­ жеткеніне бірнеше жылдың жүзі болған еді.­ Әуежай дәуірлеп тұрған заманда ол халықаралық мәртебеге ие болып, ұшақ қыз­ме­тін пайдаланушылар қатары сиремейтін.

Әуежайдағы жағдайды түзету бағытында жер­гілікті билік органдары бірнеше іс-шаралар атқарғанымен, оның нәтижесі көңіл қуантарлықтай бола қойған жоқ. Сондықтан қолдан қолға өтіп, әрбір меншік иесінің өз ісіне жауапсыз қарауы салдарынан қызметі сын көтермейтін жағдайға жеткен әуежайды жергілікті билік мемлекет меншігіне қайтаруды қолданыстағы заңнамалардың талаптарына сәйкес жүзеге асыруды қолға алған еді.

Облыстық көліктік прокуратураның де­рек­теріне қарағанда, “Петропавл қаласының әуежайы” акционерлік қоғамының акциялар пакетінің 60 пайызы 2003 жылдың шілде айында 40,5 миллион теңгеге “Астана Бизнес Транс Консалт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сатылған. Ол кәсіпорын бір жыл уақыт өтер-өтпесте өзінің үлесін 48,3 миллион теңгеге, “Техносервис – 3000” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сатып, айырмашылығын қалтасына басқаннан басқа шыбық басын сындырмаған. Бұрынғы қожайынның “тәжірибесінен” үлгі алған серіктестік те бір жылдан кейін Петропавл әуежайының билігін “VIP AVIA” жау­апкершілігі шектеулі қоғамға өткізіп тын­ған. Ал 2007 жылдың сәуір айында әуежайдың акцияларының 60 пайызы 548 мың АҚШ долларына (81 миллион теңге) “Altyn Estate” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің иелігіне өтеді.

Осы инвесторлардың бірде-біреуі әуе­жай­дың экономикалық көрсеткіштерін жақ­сартуға, қызметкерлерінің әлеуметтік мә­се­ле­лерін шешуге, еңбекақыларын уақтылы бе­руге бас қатырып жатпаған көрінеді. Әуе­жай­дың авиациялық қауіпсіздігі тіпті сын кө­термейтін жағдайға жеткен. Ұшақтар қо­на­т­ын және әуе сапарына аттанатын жолға со­нау 1974 жылы ғана күрделі жөндеу жүр­гі­зі­ліпті. Ал қауіпсіздік ережесінің талаптары­на сәйкес мұндай жұмыстар белгілі бір мезгілде өт­кізіліп тұру тиіс. Оның ешқандай талабы­ орындалмай, тек шұңқырларын жамап – жас­қау ғана қолға алынған.

Алайда әуежайдың осындай мүшкіл халіне қарамастан ол жұмысын жалғастыра берген. Өйткені уәкілетті орган болып табыла­тын азаматтық авиация комитеті Петропа­вл әуе­жайының шешілмеген мәселелеріне қа­рамастан қызметін жалғастыра беруге ше­шім қабылдаған. Әрине, Петропавл әуе­жайы “Боинг”, “Ту-154» сияқты ірі ұшақ­тарды қабылдай алмайды. Бүгіндері Петропавлмен әуе қатынасы Алматы және Астана қалаларымен ғана орнатылған. Еліміздің оңтүстік астанасы мен елордаға қатынайтын “Ан” сияқты жеңілірек ұшақтарды әуежай ұшу­ алаңының белгілі бөлігінде ғана қа­был­дайды.

“Петропавл қаласының халықаралық әуе­жайы” акционерлік қоғамы қожайындарының бір­неше рет ауысуына байланысты қызмет­кер­леріне жалақы бойынша ондаған милли­он теңге берешек болып қалған. Оның не­гіз­гі себебі әуежайдың негізгі акционері, оның акцияларының 60 пайызының иегері “АІ­tyn Estate” жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тігінің қажетті қаржыны бөлмеуі болып та­былады.

Бүгіндері облыстық көліктік прокуратура әуежай қызметкерлеріне жалақы борышын өндіріп алу бағытында жұмыстар жүргізіп жатыр. 2011 жылы прокурорлық ықпал ету шаралары нәтижесінде әуежайдың 114 қызметкеріне 19,2 миллион теңге қарыз қайтарылып алынды.

Жуырда сот өзінің түпкілікті шешімін шы­ғарып, әуежайды сату-сатып алу келісім-шартын заңсыз деп таныды. Бұл шешім заңды күшіне енді, қазір әуежайды мемлекет меншігіне алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ал акциялар пакетін мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі жұмыс аяқталуға жуық. Әуежай мемлекет меншігіне алын­ған соң оның қызметін жандандыру, қар­жылық ахуалын сауықтыру жөніндегі жұ­мыстар басталмақ.

Жуырда облысымызға жұмыс сапарымен­ келген ҚР Көлік және коммуникация министрі Ас­қар Жұмағалиевтің қатысуымен өткен ал­қалы жиында өзекті мәселелердің бірі ретінде «Петропавл қаласының әуежайы» АҚ-ның жағдайы талқыланды. Көлік және коммуникация министрлігі азаматтық авиация­ комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметов­ әуежайдың ұшу-қону жолағының сын кө­тер­мейтінін айтты. Министр қосымша субси­дия бөлуге қолдан келгенше мүмкіндікті қа­рас­тырып, әуежайдың жағдайын жергілікті би­лік­пен бірге жақсартуға уәде берді.

Айгүл ЫСҚАҚОВА

Солтүстік Қазақстан облысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button