Жаңалықтар

МЕКТЕП ТҮЛЕКТЕРІН ҮЛКЕН СЫНАҚ КҮТІП ТҰР

ашық дереккөзі

МЕКТЕП ТҮЛЕКТЕРІН ҮЛКЕН СЫНАҚ КҮТІП ТҰР

Кезекті оқу жылы бітуге таяған сайын мектеп бітіруші түлектердің берекелері қашуда. Олай болмай қайтсін. Жылдан жылға жетілдіріліп, емтихан тапсыратын пәндер саны артып, жинауға міндетті баллдың да көлемі өсіп келеді. Баласымен қоса әке-шешенің де дегбірі қаша бастағандай. Үкілеп ер жеткізген ұлы, аялап өсірген қызы ұлттық тестті абыроймен тапсырып, мемлекеттің тегін грантына ие болса, сосын білдей бір мамандықтың құлағына жармасса деген үміт пен арман кім-кімді болса да бей-жай қалдырмасы, науқан аяқталғанша тыныш ұйқтатпасы анық.

Осымен 8 жыл өткізілгелі отырған ҰБТ-ға, жалпы тест жүйесіне деген халықтың, педагогтардың, тіпті мүйізі қарағайдай ғалымдардың да көзқарасы, пікірі саналуан. Билет таңдап, үш-төрт сұраққа жауап беріп, емтиханнан оқуға түсе салатын ескі жүйені сағынатындар да бар арамызда. Соңғы мәліметтерге жүгінсек, білім беру саласын жетілдіру жөнінен Қазақстан биыл әлем елдерінің ішінде 4 орынға жайғасыпты. Мақтанатындай-ақ көрсеткіш. Дегенмен бұл елдегі қаптаған сансыз ЖОО-ларда оқып жатқан жастар мен мектеп оқушыларының барлығы шетінен мыңды жығатын білімділер дегенді білдірмесе керек. Аталмыш көрсеткіш еліміздегі көптеген білім реформаларының, білім саласына бөлініп жатқан қыруар қаражаттың, ұстаз, ғалымдарға берілетін еңбақының көтерілуімен өлшенетін нәрсе.

Десек те мектеп бітіруші бозбала мен бойжеткендер қазір ҰБТ-ға қызу дайындық үстінде. Көздерін тырнап ашқаннан қара кеш батқанға дейін шұқшиып тест жаттайды. Қалтасы қалыңдаулары репетитор жалдап алған. Тәжірибелі репетитор мамандар кішкене ғана қағып алатын ақылы болса, балаңызды 100 пайыз грант жеңіп алатындай қып дайындап береміз деп алақандарын ысқылап отыр. Баласының біліміне мүлде сенбейтіндер тесттен жоғары балл жинап, оқуға түсуге көмектесетін мемлекеттік құпияны сатушы делдалдарды іздеп әлек. Халықтың сөзіне құлақ түрсек, 100 баллдан асырып жинайтындардың біразы осылай көлеңкелі жолмен сатып алатын көрінеді. Халықтың аузына қақпақ бола алмасың белгілі. Бірақ ара-тұра кейбір сөздері шындық боп жатады. Себебі 100 баллдың өзін бұйым көрмей жинай салатындар жылдан жылға көбейіп кеткен. Мәселен ОҚО бойынша 2010 жылы 5736 түлек 100-ден асырып жинаған болса, 2011 жылы ондайлардың саны 7301-ге бірақ секірген. Осыдан кейін ауылдағы білімнің айға секіргеніне сенбей көр.

Жең ұшынан жалғасқан «тест кілтін сатқыштардың» көбісі ауылда дейді ресми емес ақпарат. Ауылдағы ағайындардың айтуынша, тест сұрақтарының кілттері жылда оп-оңай сатылады екен. Олардың ішінде бақылаушылар, құқық қорғаушылар, тест орталығының мамандары мен ҰҚК-нің қызметкерлері ауызға жиі алынады. Ұстатпаған ұры емес екенін білген соң білім саласын басқарып жүрген шенеуніктер бұны ауыздықтаудың амалын әзірге таба алмай әлекке түсіп жатыр. 2008 жылдан бері тест жауаптары мемлекеттік құпия ретінде қарала бастағаны белгілі. Оны ашқан, сатқандар алда-жалда ұстала қалса, ең кемі 15 жылға темір торға қамалады. Дегенмен мұндай шулы оқиға елімізде көп тіркеле қойған жоқ.

Хош, сонымен кезекті тест науқаны да әні-міне дегенше кеп қалды. Тойдың болғанынан боладысы қызық демекші, ҰБТ мен Кешенді тест сынақтарына қатысты гу-гу ақпараттар баспасөз бетінде де, халық арасында да кезіп жүр. Біреулер биылғы сынақ былтырғыдан да қатал болады екен десе, енді бірі «ой не дейсің, тесттің жауабы биыл қымбаттап кетіпті, ең кемі 3 мың долларға сатып аласың, оның өзінде «связь» тапсаң ғана» деп соғып жүр. Халық не айтса да өз еркі. Біздің айтпағымыз ҰБТ мен Кешенді тестке байланысты биылғы өзгерістер мен толықтырулар төңірегінде.

Жыл басында Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры Қали Әбдиев мырза журналистермен биылғы тест науқанына қатысты өзгерістер мен ерекшеліктер туралы ақпаратымен бөліскені белгілі. Оның сөзіне қарағанда, биылғы жылы пәндер бойынша өзгеріс жоқ. Бұрынғыдай математика, оқыту тілі (қазақ мектептерін бітірушілер қазақ тілі, орыс мектептерін бітірушілер орыс тілі), Қазақстан тарихы және таңдау пәні. Биылғы басты өзгеріс – конкурсқа қатысуға мүмкіндік беретін шектік балдың өзгеруінде. Былтыр медициналық мамандықтарға – 55 балл, ал қалған мамандықтар бойынша 50 балл болған. Биыл еліміздегі Ұлттық университеттерге түсу үшін шектік балл – 70-ті құрап отыр. Олардың қатарына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ Ұлттық аграрлық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы, Ұлттық өнер университеті, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті кіреді. Басқа ЖОО-ларға – 50 балл. Бітіруші әр пән бойынша «4» деген бағадан кем емес балл жинауы тиіс. Өйткені одан кем болса «2» деп есептеледі де, екілік алған мектеп бітіруші ЖОО-ға түсе алмайды. Бейімдік пән бойынша кемінде 10 балл алуы керек. Әр пән бойынша тапсырмалар саны – 25. Тестілеу уақыты – 3,5 сағат, яғни 210 минут. Өтініш қабылдау әдеттегідей 10 наурыздан басталды. Жылда он күн ішінде өткізілсе, биыл тестілеуді өткізу уақыты бес күнге ұзартылған. 2012 жылы ҰБТ 1-15 маусым аралығында өткізілмекші. Шығармашылық емтихандар 7 шілдеге дейін аяқталып, конкурстық комиссияның жұмысы 1-10 тамыз аралығында жүргізіледі. Грант иегерлерінің тізімдері жылдағыдай газет беттерінде жарияланатын болады.

Ұлттық тесттің өту барысына тоқталар болсақ, мемлекеттік комиссия 5 адамнан құралады. Әр аудиторияда Білім және ғылым министрлігінің бір өкілі міндетті түрде болмақ. Оларға тәртіп бұзушыны өз шешімімен аудиториядан шығарып жіберуге өкілеттілік беріліпті. Биыл да тестілеуге кіргізу кезінде металл іздегіштер мен ұялы байланысты тұншықтыру қондырғылары пайдаланылады екен. Осының барлығы бақылауды күшейту үшін және әрбір оқушыға өзінің әділ бағасын алуына жағдай жасау үшін қажет. Сондай-ақ, аппеляцияға өтініш беру уақыты тестілеу нәтижелері хабарланғаннан кейін келесі күнгі сағат 14.00-ге дейін ұзартылған. Айта кету керек, бұрын сағат 13.00-ге дейін қабылданатын. Егер шағымданушылар көп болса, белгіленген сағаттан кейін мүлдем қабылдамай қойсын деген қатаң талап қойылмайтын бопты. Комиссия мүмкіндігінше өтініш-талаптарды қарастырып, жауап беріп, барлық жайтты мұқият тексереді.

Тағы бір айта кететін нәрсе, “Алтын белгі” мен “Үздік аттестатқа” үміткерлер үстіміздегі жылғы оқушылардың ғылыми жарыстары мен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері және биыл ЖОО-ға түскісі келетін түлектердің барлығы міндетті түрде ҰБТ-ға қатысуы тиіс. Биыл республика бойынша 162 мың адам мектеп бітірсе, шамамен 80 пайызы тестілеуге қатысуы ықтимал. Ал өткен жылдары мектеп бітіргендер мен оқу орнын шетелде бітірген азаматтар, ҰБТ-ға денсаулығы бойынша қатыса алмаған мектеп бітірушілер, ҰБТ-ға қатыспаған халықаралық оқушылармен алмасу желісі бойынша шетелде оқыған жалпы білім беретін мектепті бітірушілер және ҰБТ-ға қатыспаған, өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын жалпы орта білім беретін мектепті бітірушілер үшін кешенді тестілеу өткізіледі. Биыл колледж түлектері бұрынғыдай мамандықтары сәйкес келген жағдайда ЖОО-ға ҰБТ-сыз қабылданбайды, олар да кешенді тестілеуге қатысу керек деген шешім шығарылған. Яғни техникалық, кәсіптік білімнен кейінгі бітірушілер 17 шілдеден басталатын кешенді тестілеуге қатысуы қажет. Кешенді тестілеуге өтініш қабылдау 20 маусымнан басталмақ.

Халық арасында тест сұрақтары қайдан алынады, оларды кімдер жасайды деген сауалдар жиі туындайтыны бар. Тіпті «кейде шенеуніктер Астанадағы кабинеттерінде отырып алып, тест сұрақтарын ойдан шығарады екен» деген қауесет те ел арасында кезіп жүр. «Бұл, әрине, жаңсақ пікір» дейді Ұлттық тестілеу орталығының директоры. Шын мәнісінде бұл жұмыс бір жыл бойы жүргізіледі екен. Облыстық білім басқармаларының ұсынбалары негізінде барлық өңірлерден білікті, тәжірибелі ұстаздар сарапшылармен бірлесіп тест сұрақтарын жасайды. Тест тапсырмаларын жасаушы авторлардың жұмысы сарапшылар бекіткен жағдайда ғана қабылданып, аталмыш жұмыстың бәрі мемлекеттік құпияны сақтау туралы заңнамаға сәйкес жүргізілетін көрінеді. Әбдиев мырза сондай-ақ «ҰБТ сұрақтары сатылады екен, бағасы пәлен, түген екен» деген әңгімеге сенбеу керектігін, әлдекімдер, тіпті газетке “Тест сұрақтарын жауаптарымен сатамын” деген мәтінде хабарлама беруі мүмкін. Мұның барлығы – алаяқтардың ісі», – деп атап өтті. Алайда Ұлттық тест орталығының басшысы былтырғы Қызылорда облысының Жаңақорған қаласындағы оқиғаны есінен шығарып алса керек. Естеріңізде болса, сол жердегі мектеп директорлары, аудандық білім бөлімінің басшысы, мұғалімдер, Ұлттық қауіпсіздік қызметінің өкілі, барлығы ұйымдасқан түрде ҰБТ болардан бір күн бұрын тестілеу материалдарын ашқан. Ертеңгі тестілеу кезінде дайын жауаптарды оқушыларға сату үшін шамамен 30 мұғалім жиналып, оларды алдын ала шығарып қойған. Директорлар ата-аналардан ақша жинауды ұйымдастырып, жауаптарды тура базардағыдай сатып, тестілеу өткізіліп жатқан аудиторияда сауда қызған. Қазір осы оқиға бойынша 4 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, ел сенген тұлғалар абақтыда жатыр. Бұларды көше кезіп жүрген алаяқтар дей алмайсың. Барлығы да жоғары білімді, қолында азды-көпті билігі бар шенеуніктер. Осыған қарап биыл да қызды-қыздымен мемлекеттік құпияны тиын-тебенге сатып жіберетіндердің пайда болмасына ешкім кепілдік бере алмайтын сияқты.

Сіз не дейсіз?

Құралай Ахметова, Шымкент қаласының тұрғыны:

– Ұлттық бірыңғай тест тапсырғалы отырған оқушылардың көңіл-күйі қандай екенін білесіздер ме? Өз білімімен жоғары балл жинауға болады дегенге кейбірі сенбейді. Өйткені ақша берсең дайын жауапқа қол жеткізуге болатынын біледі. Ауылдағы сіңлім биыл мектеп бітіргелі тұр. Мұғалімдері әрқайсысын жеке-жеке шақырып алып, «екі жүз доллар берсеңдер жоғары балл жинауға мүмкіндіктерің бар» депті ашықтан-ашық. Мұны естіген бір оқушы қыздың шешесінің қан қысымы көтеріліп, ауырып қалыпты. Ал сіңілімнің тестке дайындалуға ынтасы жоғалып кетті. «Бәрі ақшамен бітеді екен ғой, несіне дайындалам. Әке-шешем жұмыссыз. Мұндай ақшаны тауып бере алмайды», – деп ұнжырғасы түсіп кеткен. Мен: «Екі жүз доллар берсең, сөзсіз оқуға түсіп кетесің деген сөз емес… Егер өзің барлығын беске біліп тұрсаң, саған ешкім кедергі бола алмайды», – деп бетін әрең бері қаратқандай болдым. Бұл жерде мұғалімі баланың сеніміне неге селкеу түсіреді? Барлық мектепте мұндай емес шығар деп ойлаймын.

P.S. Алаяқтар мен тест жауаптарын сатушылар туралы тестте кездескен сұрақтардың сауатты не сауатсыз жасалғанын, кiмнiң бағы жанып, кiмнiң еңсесi түсетiнiн алдағы өтетiн науқаннан кейiн ғана бiлетiн боламыз. Ең бастысы ұл-қыздарымыз, iнi-қарындастарымыз жүйкесiне салмақ түсiрiп, өз-өзiне қол жұмсайтындай өкiнiштi, қайғылы жағдайға ұрынбаса екен деп тiлеймiз. Биыл түспей қалғанның ендiгi жылы-ақ бағы жанып кетуi мүмкiн екенiн қаперде ұстағандары абзал.

Дәурен ӘБДIРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы