ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
ашық дереккөзі

Тәжікстан түрік сериалдарына тыйым салды

Бүгiнде түрiктiң фильмдерi бүкiл әлемдi жаулап барады. Алайда бiздiң отандық телеарналар түрiк сериалдары арқылы көрермен аудиториясын кеңейтiп отырса, кейбiр мемлекет оған тыйым салуға кiрiсiп кеттi.

Мәселен Тәжікстан билігі халықтың сана-сезімін улаған түріктің әйгілі сериалдарын көрсетпеуге бел буып отыр. Себебі мұсылмандықты ұстанатын түріктер сырт елдерге көбінесе зорлық пен зомбылыққа толы фильмдерін сататын көрінеді. Тәжікстанның кино және бейне өнімдер мемлекеттік агенттігінің бастығы Давлат Сафаров түрік сериалдарында лаңкестік пен экстремизмнің жиі насихатталатындығын айтады.

«Ферғана» сайтының хабарлауынша, ағымдағы жылдың ақпанынан бастап Өзбекстанда да түрік сериалдарын көрсету тоқтатылған. Ал әзірбайжандық телеарналар мамырдың басынан бері барлық шетелдік сериалдарға тосқауыл қойды. Әзірбайжан билігі мұндай шешім қабылдаудың астарында өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу мәселесі жатыр дейді. Себебі, олардың ойынша, кейінгі жас буын шетелдік сериалдарды көріп, солардың психологиясын санасына сіңіріп алған.

Көрші мемлекеттер түрік сериалдарына тыйым салып жатқанда, біз керісінше телеарналарда олардың санын көбейтіп отырмыз. Кейбір отандық телеарна бір күнде 4-5 түрік сериалын көрсетеді. Шын мәнінде, бұдан жастар мен жасөспірімдер бұзылмаса, тәрбие алмайтын сияқты.

Air France 3 мыңға жуық қызметкерін босатады

2009 жылы Air France компаниясы 1,9 мың адамды жұмыстан қысқартқан еді. Әуе компаниясы жаз ортасына қарай өзінің 2,5-нан 3 мыңға дейінгі қызметкерін қысқартуды жоспарлап отыр. Ірі француз әуе тасымалдаушысы қысқарту жұмыстарын биылғы жылдың маусымының аяғы мен шілденің басына дейін жүргізеді.

Әуе компаниясы қызметкерлері өз еркімен босатылады. Қызметкерлерді қысқарту алдында кәсіподақ ұйымдарымен келіссөздер жүзеге асады. Ақпарат көздері қысқарту компанияның екі филиалында ғана жүргізілмейтіндігін айтады. Олар – Britair және Regional компаниялары. Қысқартудың мақсаты – қызметкер жұмысының нәтижелілігін арттыру және оның жұмысын ұйымдастыруда жетістікке қол жеткізу.

Кейбір ақпараттарға қарағанда, Air France қызметкерлерінің арасында, негізінен, компанияның жердегі қызметкерлері қысқартуға түседі. Компания қызметкерлерінің жалпы саны 58,5 мыңға жуық адамды құрайды, оның 19,3 мыңы – жаздық құрамда.

Чикагода НАТО

саммиті аяқталды

Чикагода НАТО-ның саммитінде қабылданған нақты шешімдердің бірі – Ауғанстан туралы жоспар. Бұл құжатқа сәйкес, 2013 жылдың ортасында Кабул әскери қолбасшылықты өз қолына алады. Ал НАТО-ның Бас хатшысы Андерс Фог Расмуссеннің мәлімдеуінше, бұл елдегі саны 130 мыңға жететін НАТО әскері 2014 жылдың аяғына дейін толық шығарылуға тиіс. Бір жылдан кейін Ауғанстан жеріндегі әскери қимылдарды жергілікті қауіпсіздік күштері басқарады. 2014 жылдан кейін НАТО Ауганстанда тек жергілікті әскери мамандарды дайындаумен айналысады.

Жалпы алғанда, екі күндік алқалы жиынға әлемнің 50 мемлекетінің президенттері мен үкімет басшылары және Сыртқы істер министрлері қатысты. Оның соңында Барак Обама сөз сөйлеп, соғыстан кейінгі Ауғанстанды қалпына келтіру жолында Кабулдың көмексіз қалмайтынына сендірді. «Ауғанстандағы міндетімізді орындауға бүкіл әлем мүдделі. Осы мақсатымызға жетіп, соғысты жеңіспен аяқтайтынымызға сенімдімін. 2014 жылдың аяғында ауғандықтар өз еліндегі қауіпсіздік үшін жауапкершілікті өзіне алады. Әрине мұнымен Ауғанстан мәселесі толық шешілмейді және бұл елмен достығымыздың тоқтап қалмауы біз үшін маңызды. Қалпына келтіру жұмыстарында Ауғанстан жалғыз емес. Біздің ел мен әлемдік қауымдастық бұл миссияның сәтті аяқталуына мүдделі. Әскери қолбасшылық та, мемлекет басшылары да соғысты тәмамдау жауапкершілігін мойындарына алудан тартынып отырған жоқ», – деді АҚШ президенті Барак Обама.

Ресей спортшылары

Лондонда ішімдік ішпейді

Кремль Лондон Олимпиадасына баратын делегацияның алкоголь тұтынуына тыйым салды. РФ Спорт және туризм министрлігі жарыстарда неліктен құрама мүшелері арақ-шарапқа ден қоятындығын түсіндіре келе, кейде қалталы демеушілердің ресейлік спортшыларды алкогольді сауық кештерге қатысуға мәжбүрлейтінін айтты.

Содан ба, ресми билік Лондонда өтетін ойындарда ресейлік делегацияға қатаң талап қойып, ішімдік ішпеуге байланысты ереже енгізді. Бұл құжатқа вице-премьер Дмитрий Козак қол қойды

Бұған әрі ресейліктердің 2010 жылы Ванкуверде нашар өнер көрсеткендігі де себеп болып отыр. Естеріңізде болса, ресейліктер мұнда жоспарлаған 50 медальдің тек 15-ін ғана қанжығаға байлаған еді. Есесіне, сол жолы орыстардың сауық-сайрандары шулы болған көрінеді. Тіпті, «Роснефттің» кешінде екі бутафорлық бензоколонкадан ішімдік су болып аққан көрінеді.

Дайындаған Динара ДҮРМӘН