Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН КӨШБАСШЫСЫНЫҢ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЖОБАСЫ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚСТАН КӨШБАСШЫСЫНЫҢ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЖОБАСЫ

Астанада экономикалық форум басталды. Бұл форум елорда төрiнде бесiншi рет өткiзiлiп отыр. Елiмiздiң астанасына жер-жаһанның түкпiр-түкпiрiнен арнайы қонақтар ағылуда. Әлемнiң 90-ға жуық елiнен 8 мыңға жуық қонақ келдi.

Экономикалық форум аясында ЕурАзЭҚ Бас хатшысы, белгілі саясаткер, дипломат, саяси ғылымдар докторы Тайыр Мансұровтың «Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірге жолдама алған Еуразиялық жобасы» атты кітабының тұсауы кесілді. Аталмыш туынды келешекте жоғары оқу орындары үшін арнайы оқулыққа айналады. Мұны Білім және ғылым министрлігі ұсынып отыр. Бес мың данамен жарық көрген кітап әзірге орыс тілінде. Автордың айтуына қарағанда, аталмыш кітаптың қазақша нұсқасы Алматы қаласында баспаға әзірлену үстінде екен. Келешекте бұл жобаның ағылшынша нұсқасы да жарық көретін болады.

Кітапқа арқау болған дүние, Елбасының 1994 жылдың наурызында Ло­моносов атындағы ММУ-де жариялаған Еуразиялық Одақ жобасын іске асыру ісі негіз болып отыр. Бұл жоба тұңғыш рет құжатнамалық негізде жан-жақты қарастырылған. Кітап авторы Мемлекет басшысының посткеңестік кеңістік елдері алдынан жаңа мүмкіндіктер ашатын Еуразиялық жобасының тиімді экономикалық және әлеуметтік дамудың шешуші құралы ретіндегі тарихи рөлін ашып көрсетуге тырысқан.

Тұсаукесер рәсімінде сөз алған Президент кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев Тайыр Мансұровтың бұл жобаны жүзе­ге асыру тарихын тіркеуші ғана емес, оны іске асыру жолында белсенді қатысу­­шы­лардың бірі екендігін айтады. «Бұл кітап сондық­тан да құнды. Елбасы Еуразиялық жобаға айрықша мән беріп отыр. Бұл кітап – 2015 жылға қарай міндетті түрде өмірге жолдама алатын Еуразиялық Одақ­тың,

Еура­зия­лық экономикалық қоғамдас­тық­тың қалыптасуын талдайтын болашақ тарихшылар үшін ақпараттың құнды көзі», – дейді Ермұхамет Ертісбаев мырза. Белгілі дипломат, саясаткер өз кітабында «Нұрсұл­тан Назарбаев факторы» тек Қазақстан­-

ның ғана емес, бүкіл еуразиялық кеңістік­тің тарихында айрықша рөлге ие екендігін тілге тиек етті. Кітап авторының «КСРО ыдыраған­нан кейін туған ұрпақ өмірге шектен тыс іскерлік тұрғыдан қарайтындығы үшін айып­талады. Бірақ дәл осы жастармен әң­-

гі­месі кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірлестер табу, қандай да бір проблема­ға қатысты өз ұстанымының дұрыстығына тіпті селқос жандардың да көзін жеткізу сынды айрықша қасиеті танылады. Қазақ­стан Президенті Еуразиялық жобасына қолдауды Тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін туғандар арасынан табуда» деген байламы да жоқ емес.

Сонымен бірге, кітапта Н.Назар­баев­тың Еуразиялық одақ туралы идея­сы жалғыз Қазақстан емес, барлық қатысушы жақтарға эко­номикалық тұрғыдан тиімді екенін айта келіп, тату көршілік пен өзара сыйластыққа оның жеке басының қасиеттері арқасында да қол жеткізілгенін Ресей Феде­ра­циясының президенті Д.Мед­ве­девтің де жоғары бағалағаны да сөз болады. Автор өзінің еңбегінде бұл турасында: «Көбінесе оның саяси ерік-жігері мен көрегендігінің арқасында біздің елдеріміздің халықтары ХХ ғасырдың қиын-қыстау кезеңдерінде тату көр­ші­лік пен сенім дәстүрлерін сақтап қана қойған жоқ, оны арттыруға қол жеткізді»,– дейді.

Аталмыш кітап жеті тараудан құралған. Алғашқы тарау «Президент Н.На­зарбаев – қазіргі Қазақстанды құрушы» деп аталып, онда Елба­сы­мыздың Тәуелсіз еліміздің ірге­та­сын қалау жолындағы жұмыстарына сараптамалық шолу жасауға тырысқан. Автордың өзі сол жылдары Жоғарғы Кеңес­тің депутаты болғандықтан, өзі көрген, куә болған жайттарды тілге тиек етеді. «Сол кездерде Президент өзінің ұс­танымын дәйекті түрде дәлел­деп, сағаттар бойы Жоғарғы Ке­ңес­те уақытын өткізуге мәжбүр болатын», – дейді автор аталмыш еңбегінде.

Сонымен бірге, аталмыш кітаптан Қазақстан тарихына бай­ла­ныс­ты қызықты деректер де табуға болады. Мәселен, автор қазақ жерін аралаған поляк сая­хат­шысы А.Янушкевич өзінің қазақ даласын саяхаттаған кездері туралы жазған «Күнделіктер мен хаттарында» 1846 жылы-ақ Ақмоланы қазақ жерінің астанасы болуға лайық екенін айтып кеткенін жазады.

Гүлзина Бектасова