26 ЖАСЫНДА ЖЕТІ БАЛА АНАСЫ
26 ЖАСЫНДА ЖЕТІ БАЛА АНАСЫ
Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықовтың ана мен балаға жиі қамқорлық танытып жүргенінен хабардармыз. Қызылорда қаласының Сарысу көшесі 30 үйде тұратын Нәзира Сабырәлиева қазір жеті перзенттің анасы. Ол жуырда «Күміс алқа» тағынды. Тағынып қана қойған жоқ, қазақтың талай алтын құрсақ аналарының арда жолы осылай жалғасатынын тағы бір көрсетіп берді. Ең бастысы, 26 жасында жеті бала тапқан жас анаға жұрттың ықыласы ерекше.
Самат пен Нәзираның балаларының үлкені Нұрбибі 5 сыныпта, Аруна 4, онан кейінгі егіз Нұрсұлтан мен Нұрсара 3 сыныпта оқиды. Ал 5 жасар Нұрдәулет балабақшаға барса, 2 жасар Нұрислам мен бес айлық Нұрмұхаммед әжесі мен анасының күтімінде. Жас құрақтай жетіліп келетін өскіндер «балалы үй базар» деген даналыққа дем бергендей. Айтпақшы, Нұрмұхаммед бір жасқа толғанда анасы «Алтын алқа» иегері болмақ.
Нәзираның енесі ұзақ жылдар балабақшада, сондай-ақ, облыстық ауруханада психолог болып қызмет істеген. Сол Гүлханыс апа кәмелетке тола қоймаған келінін өз балаларымен қоса тәрбиелегенін де жасырмайды. Бірақ елгезек келін ененің сенімінен шықты. Қашанда құрақ ұшып тұратын алғаусыз көңіл бүгінде сырласу мен сыйласудың өнегелі жолына көшкен.
Ал осындай ұйысқан отбасы қазір жалдамалы пәтерде тұрып жатыр.
– Өзім Таразданмын. Қызылордадағы «Өркениет» колледжінің екінші курсында оқимын. Жылына 70 мың теңге оқу ақысын төлеуім қажет. Биыл төлемақы ауырлау соғып тұр. Күйеуім жалдамалы такси айдайды. Тапқаны ішіп-жемнен артылмасы белгілі емес пе, – дейді Нәзира Сабырәлиева.
Нәзира көп балалы ана ретінде балаларға жәрдемақы алады. Мектепте оқитын балаларына бір мезгіл ыстық тамақ беріліп, оларға түрлі ұйымдар мен мекемелер тарапынан жылы киім үлестіру де қарастырылған. «Біз үшін ең бастысы – баспана. 2007 жылы пәтер кезегіне тұрғанбыз. Кезегіміз әлі жылжитын емес. Жергілікті билік осы үмітімізге бей-жай қарамас деген ниеттеміз», – дейді жеті баланың анасы.
Қуат ШАРАБИДИНОВҚызылорда облысы