Жаңалықтар

САҚШЫЛАРҒА – ЖАҢА КӨЛІКТЕР

ашық дереккөзі

САҚШЫЛАРҒА – ЖАҢА КӨЛІКТЕР

Қоғамдық қауіпсіздік мығым жерде тұрақтылық табанды. Соңғы уақытта Қызылорда өңірінде ішкі істер қызметінің құрылымдық қарымын нығайту мен материалдық-техникалық базасын жаңартудағы бетбұрыс жақсы нәтижелер қалыптастырып отыр. Жергілікті биліктің үлкен қолдауы мен жаңашыл талаптар ел тыныштығын сақтау жолындағы қыруар іске серпінді қанат бітірді. Осының бір айғағындай, жуырда ғана тәртіп сақшыларына кезекті рет су жаңа автокөліктер берілді.

Осы шарада облыс әкімі Болатбек Қуандықов атап өткендей, мемлекеттік саясаттың нәтижелі жүзеге асуына ішкі істер органдары өздерінің лайықты үлесін қосып отыр. Қазіргі уақытта қоғам тыныштығын сақтауда ерекше міндеттер жүктелген. Осы міндеттерді абыроймен атқару алдағы мақсаттарды айқындайтын болады.

Айта кетейік, осы кезге дейін облыстық бюджеттен 470 млн. теңге бөлініп, оған Арал ауданында ішкі істер бөлімі ғимараты, Қызылорда қаласында кинология орталығы салынды, Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімінің ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Ендігі кезекте Жалағаш ауданында жаңа ғимарат салу көзделіп отыр. Мұның өзі өңірдегі ішкі істер саласында қордаланған бас­ты мәселелердің көбесі сөгілгенін көрсетеді.

Өткен жылы сондай-ақ, облыс орта­лы­ғында қосымша 84 бейнекамера орнатылып, тәртіп сақшыларына 31 жаңа автокөлік берілді. Мұнымен қатар полиция қызметкерлеріне пәтер сатып алуға қаржы қарастырылуда. Ал осындай, жасалған қолдаудың нәтижесінде ұрлық-қарлық азайып, қандай да бір қылмыстың бетін ашудың соны мүмкіндіктері пайда болды.

Қазақстан полициясының 20 жылдық мерекесі қарсаңында беріліп отырған жаңа көліктер ендігі кезекте мынадай құрылымдарға бағытталмақ. Мұнда бес автокөлік жол полициясына, төрт автокөлік криминалдық полицяға берілсе, қалғандары облыс орталығы мен шалғай ауылдардағы полиция учаскелеріне үлестіріледі. Бұл туралы облыстық ішкі істер басқармасының бастығы Әлімхан Әбжанов журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді. Сондай-ақ басқарма бастығы қазірде облыс орталығында орнатылып жатқан бейнекамералар тек көшелерде ғана емес, аулаларда да қойылып жатқанын жеткізіп, осы камералар орнатылған аймақтарда криминалды полиция қызметкерлері берілген көліктермен шұғыл кезекшіліктер атқаратынын еске салды. Ал мына жаңа көліктерді алуға 71 млн. теңге бюджет қаржысы жұмсалды.

Қуат ШАРАБИДИНОВ

Қызылорда облысы.