Жаңалықтар

ТУДЫ, ЕЛТАҢБАНЫ ҚОРЛАУ – ЕЛДI ҚОРЛАУ

ашық дереккөзі

ТУДЫ, ЕЛТАҢБАНЫ ҚОРЛАУ – ЕЛДI ҚОРЛАУ

Мемлекеттiк рәмiздерiмiздi ұлықтау, құрмет тұту – бiр Тудың астында берекелi күн кешкен жандарға ортақ мiндет. Тұғырлы Тудың қасиетiн айтамыз, бiрақ сол қасиеттi қорлап жатқандарға бұл күнi қандай жаза қолдана алдық? Ойландыратын жайт.

Астана төрінде асқақтаған даңқты ел белгісі – Көк байрақ. Қарап тұрып қасиетінен айна­ла­сың, құдіретіне табынасың. Сосын азаттықты паш еткен асқақты бейнесіне бас иесің! Алайда сол асқақты айбынымызды Талдықорған, Атырау қалаларында қоқыс салатын қап қылып, ал Азиададағы жарыста жанкүйерлер табан асты етіп қорлағаны Алаштың жанына батқан еді. Одан кейін елдігімізге түкіргендей Елтаңбаны күлсалғышқа бейнелегендер Қостанайдан шықты. Ал Әнұран ше? Ол да дәл осындай масқаралаудан шет қалмады. Бірақ Туды талақ еткендерге әлі күнге дейін дұрыс жаза қолдана алған жоқпыз. Қолдана алмағанымыздан болар, Астана сапаржайындағы шағын киоскілердің бірінен Тудың суреті бейнеленген сыра ашқышқа тағы куә болдық. Жуырда мәжілісмен Ба­қыт­бек Смағұл Мемлекеттік рә­міз­дер­ді қорлағаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі 317-бапта қа­рас­ты­рылған жауапкершілікті қа­таң­дату керектігін айтып, Үкімет бас­шы­сы­ның, Мемлекеттік хатшының, Бас прокурордың атына сауал жолдаған болатын. Өте орынды айтылған уәж. Өйткені аталмыш бапта қарастырылған жаза – 200 айлық есептік көрсеткіш пен 1000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не 1 жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айырумен ғана шектелген екен. Сондықтан депутат өз сауалында солқылдақ келген Қылмыстық кодексті 2013 жылы жаңартып, аталмыш баптағы жауапкершілікті қатаңдату керектігін айтқан еді. Алайда Мемлекеттік рәміздерге қатысты мұндай келеңсіздіктер күн құрғатпай орын алып жатқан кезде 2013 жылды күтудің қажеті жоқ-ау!.. Серiкгүл СҰЛТАНҚАЖЫ