Жаңалықтар

КIТАП АРҚАУЫ — «ОЯН, ҚАЗАҚ!»

ашық дереккөзі

КIТАП АРҚАУЫ — «ОЯН, ҚАЗАҚ!»

Алаш қозғалысының көрнектi қайраткерi, ағартушылығымен, ақындығымен, ХХ ғасыр басында өзiндiк идеясымен танылған зиялылардың бiрi – Мiржақып Дулатов. Қайраткер бүкiл саналы ғұмырын қазақ халқының азаттық жолына, патша үкiметiнiң отарлау саясатына қарсы күресуге, қазақ мәдениетi мен әдебиетiнiң өрлеуiне арнап, «Айқап», «Қазақ», «Серке» және т.б. мерзiмдi басылымдар арқылы ел санасын оятатын мәселелердi көтердi. Жалпы, М.Дулатовтың қоғамдық-саяси қызметiн зерттеуге арналған жұмыстар негiзiнен бiрнеше кезеңдермен ерекшеленедi. Қоғам қайраткерiнiң шынайы тарихи тұлғасын, оның идеяларының өмiршеңдiгiн дәлелдей түскен еңбектер баршылық.

М.Дулатовтың өмір жолдарын әр қырынан танытуды көздеген ғылыми зерттеулердің бірі – тарихшы, профессор Виль Зайнуллұлы Галиевтің орыс тілінде «Мектеп» баспасынан басылып шыққан «Халықты оятқан кітап» («Книга, разбудившая народ») атты кітабы. Жалпы көлемі 33 баспа табақтан тұратын бұл кітаптың бас­ты мазмұны Міржақып Дулатовтың есімін күллі қазақ даласына танытқан, 1909 жылы Қазан қаласындағы «Шарқ» баспасынан басылып шыққан «Оян, қазақ!» атты өлеңдер жинағына арналған. Бұл кітаптың патша үкіметі тарапынан қудаланып, қолға түскен даналары тәркіленіп алынғаны, авторы М. Дулатовтың істі болып, патша абақтысына белгілі бір мерзімге отырып шыққандығы баршамызға мәлім. Жаңа кітапта автор қайраткердің тұл­ға­лығын танытудан бұрын Торғай өңірін аралап, ақынның туып-өскен, табаны тиген жерлерді өз көзімен көріп, сол өңірдің тау-қырлары, өзен-көлдерінің атауларына аса мән беріп, «мадияр» этнонимінің қазақтар арасында қай кезден бастап қолданылып келгендігі жөнінде зерттеу жүргізіп, өзіндік тұжырым жасайды. Кітаптың «Туған өлке» деп аталған тарауында мұрағат құжаттары, сол кездердегі жазбаларға сүйене тұтастай ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Торғай өлкесінің сая­си, әлеуметтік-экономикалық жағдайына арнап, М.Дулатовтың балалық шағымен тікелей байланыстырады. Ақынның алғаш хат танып, білім алған мектебі, Торғай орыс-қазақ училищесі, ондағы ұстаздар жөнінде нақты мәліметтер бере отырып, Міржақыптың саяси өмірге қадам басуына себепші болған азаматтарға да тоқталады. Жалпы, қайраткердің саяси-әлеуметтік көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен ортаның кітапта жан-жақты талдана берілуі, оның өмірінің кейбір қырларын нақтылауға себебін тигізері сөсіз. Автор Міржақыптың мұғалімдік куә­лік­ алуынан бастап, қызметке араласуы, Зайсандағы оқытушылық жылдары оның көзқарасындағы өзгерістерді сол кездердегі саяси оқиғалармен байланыс­тыра қарастырады. Міржақыптың сана-сезіміне ұлы ақын Абай мен қазақ жеріне жер аударылып келген Е.П. Михаэлистің және тағы басқа айдауда жүрген демократ қайраткерлердің идеяларының тікелей әсер еткендігін дәлелді түрде көрсете, патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы күреске араласуында осы азаматтардың көзқарастарын қолдана білгендігін келтірген. Кітаптың бір ерекшелігі – Міржақыптың аз уақыт болса да қызмет еткен өңірі және сол жердегі азаматтар жайында мәліметтердің берілуі. Мәселен, бір кездерде қайраткер қызмет еткен Көкпекті округі, Зайсан өңірі, ондағы халық арасына беделді азаматтар жайында өте құнды материалдар бере келіп, бұлардың көпшілігі М. Дулатовпен ұзақ жылдар аралас-құралас болып, еліміздің тәуелсіздігі жолында бірлесе күреске шығып, пікірлес болғандығын айқындап берген. Міржақыптың өмірімен қатыстырыла кең түрде қарастырылған кезең сол кездердегі ең басты оқиға – 1905 жылғы Қоянды жәрмеңкесі. Ақынның А.Байтұрсыновпен танысуы, 1905 жылы жаз айында Қарқаралыға келіп, әйгілі Қарқаралы петициясын ұйымдастыруға қатысуы, қазақ ұлт зиялыларымен бірлесе Мемлекеттік Дума жұмысын қадағалауы автор тарапынан өзіндік бағасын алған. 1905 жылы жалпыұлттық мүддені көздеп, халықтың мұң-мұқтажын жоғарғы орындарға жазып, оның тез арада шешілуін талап еткен ұлт зиялылары да назардан тыс қалмаған. Сонымен қатар, кітаптың аса ұтымды тұсы ХХ ғасыр басындағы қазақ кітаптары мен мерзімді баспасөздің қалыптасу тарихының саралана беруі болып табылады. ХХ ғасыр басында қазақ кітаптарын шығару ісі Қазан, Петербург, Уфа, Орынбор, Семей, Орал, Троицк сияқты қалалармен тығыз байланыс­ты. М.Қалтаев, М.Кәшімов, Ш.Шеленов сияқты қазақ тілінде кітап шығарған қазақ азаматтарының және ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында жарық көрген түрлі жанрдағы қазақ кітаптары, оны басып шығарған баспаханалар жөнінде мәліметтер беріп, ХХ ғасырда шыққан газет-журналдар мен онда көтерілген мәселелерді Міржақып шығармашылығымен тығыз салыстыра қарастырады. Кітаптың басты ерекшелігі қазақ халқының әлеуметтік тұрмысын айқын көрсеткен Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» кітабының идеясын, мұрат-мақсатын талдауға алып, оның кітапты бұлай атауының негізін айқындауға тырысқан. «Оян, қазақ!» шығысымен патша үкіметі тарапынан құпия түрде жіті тексерістен өтуін, бұл кітаптың қатаң бақылауға қарамастан бірнеше рет Кәрімовтардың баспаханасынан қайталана басылып шыққандығын, кітапқа қатысты жасалған тексерістерді жүргізген адамдар мен жалпы кітапты орыс тіліне аударған тілмаштар турасында мәліметтер келтірген. М.Дулатовтың «Оян, қазағы» ХХ ғасыр басында патшалық Ресей үкіметінің отаршылық саясаты қазақ халқына тырнағын батырып, жерін тартып алып, тілі мен ділін орыстандыра бастаған кезде дүниеге келді. В.Галиев Міржақыптың «Оян, қа­зақ­­та!» көтерген әрбір мәселені нақты фактілермен дәлелдеуге тырысады.­ Мәселен Міржақыптың қазақ жерін орыстардың отарлауға қатысты жүргізген саясатына қатысты жазған жыр жолдарын М.Тынышпаевтың «Русский Туркестан» деп аталған журналда жарық көрген «Қырғыздар және ұлт-азаттық қозғалыс» деген мақаласымен салыстыра талдауға алған. Міржақып кітабының ішіндегі көтерілген идея Мұхаметжанның еңбектерінде қозғалатындығын келтірген. Бұл жерде автор сол кездегі қазақ ұлт өкілдерінің ойлары, тұжырымдары бір жолда қабысып жатқандығын көрсеткен. «Оян, қазақ!» кітабының патша үкіметі тарапынан қуғындалу барысын автор Мәскеу, Қазан және Алматы қалаларындағы мұрағат қорларында сақталған құжаттарды қатар қоя саралауға тырысқан. Сонымен қатар ол осы кітапты орыс тіліне аударған авторлардың кітаптың мазмұнын қалай жеткізгендігіне де көңіл аударған. «Оян, қазақ!» кітабының бес түрлі аудармалық вариантының ішінде мәтінге өте жақыны түрколог Н.Ф.Катанов пен статтық кеңесші, түркі тілінің маманы В.Смирновтың аудармалары екендігін басқа аудармалармен қатар қоя дәлелдейді. М.Дулатов өз кітабында мысал түрін көп қолданғандығын келтіреді. Мәтінінде автордың өміріне тікелей қатысты тұстардың кездесетіндігін де ашып көрсетеді. Кітап авторы ретінде Міржақып Дулатовтың қудалануы, заң түрінде жауапқа тартылып, абақтыға қамалу барысын, жалпы кітаптың жасырын жолдармен қазақ даласына қалай таратылғандығы жөнінде құнды мәліметтер берген. Міржақыптың «Оян,қазақ!» үшін істі болуы қазақ халқына «Айқап» журналы мен «Вакыт» газеті арқылы хабардар етіп отырған және халық арасына кең түрде таралуына мұрындық болған қазақ пен татар азаматтары, нақтылай айтқанда М.Сералин, М.Бекметев, А.Атажанов және тағы басқалардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, жауапқа тартылу барысын да ашады. «Оян, қазақ!» тек қазақ халқының ғана емес, көршілес жатқан қырғыз жұртының арасына да таралғанын атап өтеді. М.Дулатов жинағының құндылығына өзіндік тұжырым жасап, нағыз ұлтжанды патриоттың идеялық арман-тілегінің бүгінгі таңда жүзеге асқан­ды­ғын баяндайды. Кітаптың соңында автор қосымша ретінде «Оян, қазақ!» кітабына қатысты Қазақстан, Ресей, Татарстан республикаларының мұрағат қорынан алынған құжаттық материалдарды берген. В.Галиевтің бұл еңбегі біріншіден, қайраткер, ақын, публицист Міржақып Дулатовтың отарлық жүйеге қарсы күрескер ретінде қалыптасу жолын, ұстанған ұстанымын айқындаған еңбек болса, екіншіден, «Оян, қазақ!» жинағының қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі халықтарының ұлттық санасын дүр сілкіндірткен, ұлттық еркіндікке жетудің жолдарын насихаттаған туынды екендігін дәлелдеген еңбек болды. Үшіншіден, М. Дулатовтың өскен ортасы, қызметтес болған, тарихта әлі де көпшілікке белгісіз болып келген азаматтар жайында құнды мәліметтер айтылады. Төртіншіден, кітаптың орыс тілінде жазылуы республикамызда тұратын көп ұлттардың арасында қайраткердің қоғамдық-саяси, шығармашылық өмірімен танысуға мүмкіндік береді. Осындай еңбектер арқылы халқымыздың әдебиеті мен мәдениеті, болашағы жолында санаулы ғана ғұмыр кешкен М. Дулатовтың қазақ қоғамына тигізген үлесін бағалауға болады деп ойлаймыз. ХХ ғасырдың басында отарлық, озбырлық саясатқа қарсы азаттық күреске шыққан, бірақ 20-30-жылдары қуғындалып кеткен осындай азаматтарымыздың өмір жолдарының қыр-сырын танытуға арналған еңбектердің қатары көбейе берсе, әрі өз оқырмандарын тапса, бағаланса, оларға көрсетілген үлкен құрмет болар еді. Светлана СМАҒҰЛОВА, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкерi, тарих ғылымдарының докторы