Жаңалықтар

«ТАУАР ТАСУШЫЛАРМЕН» ТҮСІНБЕСТІК НЕДЕН ШЫҚТЫ?

ашық дереккөзі

«ТАУАР ТАСУШЫЛАРМЕН» ТҮСІНБЕСТІК НЕДЕН ШЫҚТЫ?

Көпшiлiктiң кейбiр көзқарасы кей сәттерде iрi әлеуметтiк жанжалдың тұтануына себепкер болады. Әсiресе, қара нәрсенi ақтауға тырысып, алыпсатарлық жолды таңдайтындар да аз емес. Ең қызығы, заңды белiнен басқысы келетiндер өздерiнiң пиғылын барша халықтың қажеттiлiгi деп ақталғысы келедi. Мұндай орынсыз жағдайға тап болмас үшiн асқан қырағылық қажет-ақ.

Ағымдағы жылдың 6 сәуірінде Қытайдан Қазақстанға ұсақ тауар тасымалдайтын тұлғалар Қорғаста кеден бақылауына кіреберістегі есікті сындырып, Қазақстан шекарасына шыға берістегі терезені шағып, бүлік шығарады. Істің ақыр соңында кеден қызметкерлері бүлікшілердің әрекетін тоқтату үшін полиция қызметкерлерін шақыруға мәжбүр болды. «Біз полиция қызметкерлерін, арнайы жасақты және шұғыл қимылдау жасағын шақыруға мәжбүр болдық. 7 сәуір күні болған жайтқа қатысты Панфилов ауданы басшылығы төрағалығымен арнайы мәжіліс өткізілді. Мәжілісте құрамында «Қорғас» кеден бекетінің басшылығы, кеден басшысының орынбасары, Панфилов ауданының прокуроры, РОВД бастығының орынбасары, Жаркент қаласының әкімі бар арнайы кеңес құрылды. Қазіргі таңда жағдай реттелді. Бюджетке ақша құю процесі басталды», – дейді «Қорғас» кеден бекеті басшысының орынбасары Марат Еслямов.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, әрбір азамат сомасы бір жарым мың еуродан артық болмайтын, салмағы елу килограмға дейінгі жеке тұтынуға арналған тауарларды ешбір кеден салығынсыз шекарадан өткізе алады.

Әйтсе де, шекара маңында тұра­тын кейбір қандастарымыздың ірі коммерциялық іспен айналысып, пайда табуды көздейтіні тағы бар. Адамдар «тауарларды тұтыну мақсатында сатып алдым» деген желеумен Қытай Халық Республикасынан коммерциялық жолмен сатып алынған тауар түрлерін күн сайын шекарадан алып өтіп, Қазақстанға кіргізеді. Тұрғындардың мұндай әрекеті кедендегі жанжалдың өршуіне себеп болары сөзсіз.

Сату мақсатында алынған тауарды кеденнен өткізу үшін бір килограмм тауарға төрт еуро көлемінде кеден салығы міндеттеледі. Кейбір пайдакештер заңда белгіленген тәртіпке бағынғысы жоқ. Осылайша базбір саудагерлер тауар үшін кедендік салықты төлемеудің барлық амал-айласын қарастырады.

Тіпті, заңда көрсетілген талапты орындауға ауқатты кәсіпкерлер де құлықты емес. Өз тауарын кеден салығынсыз шекарадан алып өту үшін жиырма-отыз адамның басын біріктіріп, халық арасында «тауар тасушы» деп аталатын адамның шоғырын құрады. Елу килограммдық сөмкені қытай-қазақ шекарасындағы кедендік бақылаудан еркін алып өткен «тауар тасушылардың» еңбегі бес мың теңгемен бағаланады. Әрине, бұл сома жергілікті тұрғындар үшін қомақты қаржы.

Оңай олжаға құныққан «тауар та­су­шылардың» арасында еңбек дема­лысындағы мұғалімдер, студенттер, тіпті екі қолға жеңіл жұмыс тапқан ауыл тұрғындары да бар. Жаркент қала­сында «туристер» тобына қосатын белгілі адамдарға жолықсаң болды, әп-сәтте «тауар тасушы» атанасың. Ал ары қарайғы шаруа тіптен оңай. Қолыңызға бөтен сөмкені алып, шекараның ар жағына жету үшін кеденнен өту керек.

Кеден – қоғамның қырағы назарында екенін ескерсек, мұндай бассыз­дыққа кеденшілер көз жұмып қарап отырмасы айқын. Тіпті қоғамның ке­ден­ді бақылауға алғаны соншалық, базбір басылым беттерінде сәуір айын­дағы жанжалдың тонын теріс қара­тып жазылған «Қорғастағы» кеденшілерге не үшін пышақ қажет?» («Зачем таможенникам на «Хоргосе» ножи?) деген мақала да жарық көрді. Мақалада әдеттегідей болған жайттың барлығына кеденшілерге күйе жағылады. Сол себепті де қазақ-қытай шекарасы арқылы өткізілетін әрбір көліктің мониторингісін түзу үшін ведомствоаралық топ құрылып, бүгінде кеңінен қолданысқа енген. ҰҚК, ІІМ, ІІД өкілдері һәм қаржы полициясы өкілдерінің басын біріктірген топтың міндеті – шекарадан жүкті өткізу уақытын қысқартып, шекаралық басқару ісін жандандырудың барлық амалдарын қарастыру. Сондай-ақ, топ­қа жүктелген негізгі міндет криминалды топтардың бизнес процесстердің қатысушыларына ықпал етуіне тосқауыл қою.

ӘКІМ НЕ ДЕЙДІ?

Әлбетте, оңай жолмен ақша табу үшін мұғалімнен «тауар тасушыға» айналған халыққа кінә артуға да болмас. Десек те, қандай да тәжірибе кеден­дік салықтың арқасында бюд­жетті толтыратын мемлекеттің мүд­десімен қаншалықты сәйкес келеді? Бұл сауалдың жауабын білмек ниетпен Панфилов ауданының әкімі Ермек Келемсейіт мырзадан сұраған едік.

– Ермек Әбілмажитұлы, алтыншы сәуірде орын алған жайтқа қатысты бірнеше сұрағымыз бар еді. Кедендегі жағдай туралы қай кезде естідіңіз?

– Келесі күні таң атысымен біз кеденде болдық. Мен прокурорды да шақырдым. Мұндай жағдайда бәрін жан-жақты, жедел тексеру керек. Адамдардың пікірі бір жерден шығуы мүмкін. Халықтікі қай тұста дұрыс, мемлекеттік мекемелер қай тұста дұрыс айтқанын толық саралау керек болды. Шынын айту керек, Қытай еліне бір күндік сапар шегетін азаматтарымыз жағдайды өздеріне ыңғайластырып алған. Әйтсе де, заңда қазақстандық туристерге тек елу килограмға дейінгі, жеке тұтынуға арналған әртектес заттарды шекарадан алып өтуге болады деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Қайталап айтам, сату мақсатында емес, жеке тұтынуға арналған тауар ғана. Бірақ кәсіпкерлік кез келген істің ебін табатын шаруа ғой. Барлығы екшеленіп, қарастырылып, ақша табудың оңай тәсілі пайда болса болды, сол жерде-ақ мұндай мүмкіндікті құр жібермейтін адамдар табыла кететіні ақиқат. Сөй­тіп бұл іс кәдуілгі бизнеске айналды. Қытай шекарасында біреу жүкті реттейді. Сонан соң, жүкті «тауар тасушыларға» береді. Ары қарай тасымалдаушылар шекарадан өтіп, тауарды нағыз қожайындарына береді. Кеден салығынан жалтару үшін тонналаған тауарды жеткізудің мұндай қитұрқы тәсілі сәтті жүзеге асып келді.

– Бірақ халық ауданда жұмыс жоқ дейді ғой. Сол себепті күн көру үшін аталған тәсілді пайдаланады екен….

– 7 сәуірде кәсіпкерлермен кездес­кен кезде Жаркент қаласының әкімі Бақыт Нұрелов те жанымызда болды. Бүгінде Жаркентте әлеуметтік салаларда маман тапшы. Тоқсанға жуық маман ауадай қажет. Бірақ тек он екі адам ғана өндірісте жұмыс істейді. Ешкім ондай жұмысқа барғысы келмейді. Тіпті жекеменшік құрылымдарда да әлеуметтік сала мамандары жетіспейді. Әкімшілік ішінен жұмыспен қамту бөлімі де ашылған. Оның үстіне ауданда жұмыс жоқ деу ағаттық. Біздің ауданымыз республикаға Қазақстан экономикасын дамыту нүктесі ретінде танылған. Ауданымызда көп пәтерлі үйлер салынуда. «Нұркент» елді мекенінде жиырма бес үй салып жатырмыз. Мұның бәрі облыстың өзге аудандарынан жұмыс істеп, ақша табуға құлқы бар қазақстандықтарға жағдай туғызу мақсатында халықты шекаралық аймаққа көшіру үшін жасалуда.

«Алтынкөл» стансасының құры­лысы қарқынды жүргізілуде. Инвес­торлар «Қорғас-Шығыс қақпа жолы» құрылысының қазақстандық бөлігіне ақша құюға дайын, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» заманауи асфальтті жолының электрлік желісі аяқталуға таяп қалды, ГЭС бой көтеруде. Бір сөзбен айтқанда, құрылысшылар мен жұмысшылар біздің ауданға ауадай қажет. Арнайы экономикалық аймағымызға сексен екі фирма тіркелген. Олардың барлығы бізден жұмысшы сұрайды. Қазіргі таңда теміржолшылар, локомотив жүргізушілері және машинистердің көмекшісі, ұсталар, электр мамандары, менеджерлер мен басқарушылар сұранысқа ие. Сондықтан Панфилов ауданында жұмыс орындары аз деу шындыққа жанаспайды. Бұрын ондай уақыт болды, бірақ қазір бәрі өзгерді.

Жанерке ЖҰМАНАЗАР