Жаңалықтар

ҰМЫТЫЛМАС ҚАСIРЕТ

ашық дереккөзі

ҰМЫТЫЛМАС ҚАСIРЕТ

Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХIХ сессиясында: «Биылғы жылдың үлесiне бiз ұмытпауға тиiстi бiрден екi дата дөп келiп отыр. Бұл – 30-шы жылдардың басындағы жаппай аштықтың 80 жылдығы мен сталинизмнiң жаппай саяси репрессиясының шегiне жетуiнiң 75 жылдығы. Бұл қасiреттердiң орны толмайды», – дедi.

Иә, қазақ халқының басынан осындай орны толмайтын қасіреттер өтті. «37» деген цифр Кеңестер елінде орын алған саяси репрессиялардың символына айналып кетті. Шындап келгенде, жазықсыз жазалаулар пролетариат диктатурасы өмірге келгелі орын алған. Ал 20-шы жылдардың екінші жартысының орта тұсындағы тәркілеу науқанына іркес-тіркес алашордашыларды қудалау, солақай реформаларға қарсы тұрушылар көтерілістерін қарулы күшпен басу, одан оларды соттау орын алғаны белгілі. Дегенмен ауқымы мен қанқұйлылығы жағынан 1937–38 жылдарғы оқиғалардың орны бөлек. Бұл зұлмат осыдан 75 жыл ілгеріде өткен БК(б)П Орталық Комитетінің 1937 жылғы ақпан-наурыз Пленумынан бастау алды. Осы Пленум кеңестік қоғамды күллі өзгеше ойлайтындардан кең ауқымда тазарту жұмысына кірісуге бата берген еді…

Пленумда Сталин «Партия жұмысындағы кемшіліктер және троцкийшілдер мен өзге де екі­жүзділерді жою шаралары туралы» баяндама жасаған. Ішкі істер халкомы Н.Ежов баяндамасында беделді партия қайраткері Н.Бухаринге айып тақты. Оны бұрынғы солшылдар мен «оңшыл-ауытқушыларды» біріктіруді көздеген «оңшыл-солшыл» оппозиция құрмақ болды және Сталинге қарсы террор жасауды астыртын түрде жоспарлады деп айыптады. Сталин өз сөзінде «халық жауларының екіжүзділікке салынатынын», «большевик, партияшыл болғансып» құбылатынын, шын келбеттерін көрсетпей, түпкі ниетін бүркеп алдаусырататынын айтты. «Қазіргі зиянкестер мен диверсанттар, троцкистер – …қалтасында партия билеті бар адамдар, яғни формальды түрде бізге бөтен емес адамдар» «совет өкіметіне дос болып көрініп, …саяси тұрғыда алдайды, …үн-түнсіз зиянкестік жасайды» деп атап айтты. Социалистік құрылыс жеңісі тақалған сайын тап күресінің шиеленісе түсетіні жайындағы доктринасын дәйектей түсті.

Сөйтіп, осыдан 75 жыл бұрын өткен аталмыш Пленум шетел зерттеушілері «Үлкен террор» деп атаған жаппай саяси қуғын-сүргіннің идеялық негізін қалады. (Пленумда 72 адам сөйлеген, солардың 52-сі террор барысында атып тасталды). Пленумнан кейін көп ұзамай, Батыс Сібір өлкесінде Орыс жалпыәскери одағының эмиссарлары мен жапон барлауы ұйымдастырған делінетін қарулы қастандық әрекет жасаушылар ісі ашылды. Одан соң, 28 маусымда, Саяси Бюро «жер аударылған кулактардың көтерілісшіл ұйымына жататын белсенділердің бәріне жазалаудың жоғарғы шарасын қолдану қажет» деген шешім қабылдады.

Бұдан кейін (2 шілдеде) барлық одақтас республикалардың орталық комитеттеріне, обкомдар мен өлке­комдарға арнайы хат жіберілді. Онда айдаудан оралған бұрынғы кулактар мен қылмыскерлердің жер-жердегі «ұжымшарлар мен кеңшарлардағы, транспорттағы және өнеркәсіптің кей салаларындағы антисоветтік және диверсиялық қылмыстардың қай түрінің де бастаушысы» болып жүргені хабарланды. Солардың бәрін есепке алу, «іштеріндегі неғұрлым жаулық танытатындарды шұғыл тұтқындап, әкімшілік тәртіппен үштіктен өткізу жолымен атып тастау» тапсырылды. Осы тапсырмаға байланысты, алда тұрған операцияның егжей-тегжейін талқылау үшін, ішкі істер халық комиссары Ежов НКВД-нің облыстық басқармалары бастықтарымен 16 шілдеде арнайы мәжіліс өткізді. Ежовтың кеңестегі нұсқау сөзі «Соқ, талдамай талқанда!» деген директивамен өрнектелді.

Идеологиялық тұрғыда осылай қамтамасыз етіліп барып, 1937 жыл­ғы 30 шілдеде КСРО Ішкі істер халық комиссариаты «Бұрынғы кулактар, қылмыскерлер және басқа да антисоветтік элементтерді репрессиялау туралы» 447-ші бұйрығын шығарды. Оны 31 шілдеде Саяси Бюро мақұлдады. Бұл халықтың әлдеқандай қарсылық көрсетуге деген ерік-жігерін мүлдем басып-жаншып тұншықтыруға бағытталған әмір еді. НКВД-ның осы 447-ші бұйрығы жаппай саяси репрессиялар, яғни Үлкен террор кезеңін ашты. Аталмыш бұйрыққа сай орындалған тек «кулактар операциясы» ауқымында жер-жердегі үштіктер 818 мың адамды соттап, оның 436 мыңына ату жазасын кесті. Зобалаң шақ 1937 жылғы 5 тамыздан 1938 жылғы 16 қарашаға дейін созылды. Оның нәтижесін (сондай-ақ ұжымдастырудың да салдарын) зерттеушілер өз халқына қатысты жасалған геноцид деп атау­да. Ұлтымыздың барша қаймағын сыпырып алған жаппай саяси қуғын-сүргінді (сондай-ақ, халқымыздың жалпы санының жарты мөлшерін қынадай қырған ашаршылық апатын) біздің елде де осылай бағалау сұранып тұр.

«Мемориал» халықаралық тарихи-ағарту қоғамының мәліметі бойынша, Үлкен террор кезінде саяси айып тағылып 1 миллион 710 мыңнан астам адам тұтқынға алынған да, солардың кемі 725 мыңы атып тасталған. (Бұлардың ішінде атылған 25 мыңдай қазақстандық да бар). Совет мемлекеті осы 1937–1938 жылдары орта есеппен күн сайын өзінің бір мың азаматын атып өлтіріп отырды. Ұлан-ғайыр кеңестік кеңістіктің барлық аймағында «халық жаулары мен екіжүзділерді түбірімен қопару және жою» науқаны 1937 жылдың көктемінде өріс алған-ды. Бұл науқанда «…ескі дискуссия әдістері керек емес, жаңа әдістер, түп-тамырымен құрту, талқандау әдістері керек», – делінді. Осы әдісті жер-жердегі, солардың қатарында Қазақстандағы да, бас шұлғығыш большевиктер қанағаттана қарсы алды. Сөйтіп, біздің елде де Отыз жетінші жылдың қасіреті басталды.

«Қара құзғын» мінген қара киімді чекистер жазықсыз азаматтарды топырлатып түрмелерге тығумен болды. Қарағандыда Мәскеудің үлгісімен жалғыз рет ашық саяси сот өткізілді. Сол сотта облыс партия-кеңес ұйым­дарының басшылығына «еніп алған» «троцкийшілдер» бар дауыспен әшкереленді. Баспасөз кеңестік «демократияны» шегіне жеткізе дамытқан күллі жүйені дәріптеп, «кеңестік сөз бостандығын» паш етіп, қоғамдық пікірді бұрмалап қалыптастыру жолына жанын салды. Санасы уланған жұртшылық «әшкереленген халық жау­ларына өлім жазасын беруді» түрлі жиналыстарында ашу-ызаларын төге талап етіп жатты.

Жаз айларында Қазақ КС Рес­публикасы астанасында жоғары бас­қару эшелонындағы лауазымды азаматтар абақтыға алына бастады. Об­лыстардағы басшылар да бірінен соң бірі қамалып жатты. Ғалымдар, кеңесшіл ақын-жазушылар түрмеге түсті. 30-шы жылы сотталып, жазасын өтеп оралған «алашшыл» ғалымдар мен қаламгерлер де ескі жаламен қайта тұтқындалды.

Мәскеу түрмелеріне Ресей халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов, Бү­кілресей Орталық Атқару Комитеті ұлттар бөлімінің меңгерушісі Нығмет Нұрмақов, Сауд Арабиясындағы елшілік қызметтен шақырып алынып, КСРО Ұлттар кеңесі жанындағы Тіл және жазу жөніндегі орталық ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері боп жүрген Нәзір Төреқұлов, бұрынғы Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов, Жаһаншаһ Досмұхамедов, Кеңестік бақылау комитеті уәкілінің Өзбекстандағы орынбасары Сұлтанбек Қожанов, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Левон Мирзоян, екінші хатшысы Садық Нұрпейісов тоғытылды.

Қазақ кеңес баспасөзі: «Нұрмақов, Рысқұлов, Сәдуақасов, Құлымбетов, Жүргенов, Қожанов, Тоғжановтардың қалдықтарын түп-тамырымен құрту бүгінгі таңдағы ірі міндетіміз екенін бір минут те ұмытпауымыз керек», – деп, алға аса жауапты да өте биік міндет қойды. Сол 37-нің күзінде Мәскеуде Әлихан Бөкейханов, Нығмет Нұрмақов пен Нәзір Төреқұлов, Алматыда Ахмет Байтұрсынов, Омбыда Қошке Кемеңгеров атылды.

1937 жылғы 30 шілдедегі 447-ші бұйрық бойынша Қазақстанға 1-ші категориямен 2500, 2-ші категориямен 5000 адамды соттау тапсырылған болатын. Тапсырманы ойдағыдай орындағандығынан болар, сол 37-нің соңына қарай Қазақстан большевиктері Коммунистік партиясының Орталық Комитеті республика бойынша тағы да бірінші категориямен, яғни ату тәсілімен 600 адамды репрессиялау жөнінде Мәскеуге өтініш түсірді. Рес­публика басшылығы, сондай-ақ, оған қосымша тағы 1000 адамды екінші категориямен, яғни ұзақ мерзімге соттап жазалауға рұқсат сұрап құлшынды. Ұсыныс 1937 жылғы 3 желтоқсанда БК(б)П Орталық Комитетінің Саяси Бюро мәжілісінде бекітілді. Осылай, өз большевиктеріміз де Үлкен террор көрігін өзіндік отынмен үстемелеп қыздыра түскен еді. Cоттардан басқа, НКВД құрамындағы Айрықша кеңес, «үштік», «екілік» дейтін соттан тыс жазалаушы құрылымдар облыстардағы еңбекшілер арасын «халық жауларынан» екпінді түрде «тазалап» жатты.

1938 жылдың ерте көктемінде Қазақстанға КСРО Жоғарғы Соты­ның әскери алқасы келіп, асқан шап­шаңдықпен көшпелі сессияларын өткізуге кірісті. Газеттерде 1938 жылғы 22 наурызда партия-кеңес қызметіндегі 19 «ұлтшыл-фашист, троцкийшіл және бухариншіл» басшылар үстінен 6–12 наурызда Алматыда жабық сот болғаны хабарланды. Олар «Отанға опасыздық жасағаны үшін, Қазақстанды СССР-ден бөліп әкетуге, сөйтіп оны шетел империализмінің колониясына айналдыруға тырысқан әрекеттері, терроршылдық істері, зиянкестік және диверсиялық жұмыс­тары, шетелдік шпионаж жасағаны үшін» ату жазасына кесілді және үкім орындалды деп жазды. Бұл өз заманындағы халыққа қарсы жасалған мемлекеттік қылмыстан – 25 мыңнан астам жазықсыз жанды құпия атып тастаған саяси қуғын-сүргін кезеңінен Қазақстан баспасөзі бүгінгі ұрпаққа қалдырған жаңғыз ашық ақпарат еді.

Шындықтың беті ашылуына 1989 жылы құрылған Қазақстанның ерікті «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы көп еңбек сіңірді. Бүгінде КСРО Жоғарғы Соты әскери алқасының Алматыда өткізген көшпелі сессиясы жайындағы газет хабары шындықты жартылай ғана және бұрмалап көрсеткені анық болып отыр. Біріншіден, газетте тізімі жарияланған басшы қызметкерлер бір күнде емес, топтап атылған өзге боздақтармен бірге бір айдан бері әр күнде құрбандыққа шалынып отырған. Екіншіден, сол хабар жарияланғанға дейін, тек Алматыда ғана алты жүздей боздақ жендет оғына байланған. Қысқасы, саяси айып тағып құпия атып тастау Үлкен террор жылдары мейлінше күшейген де, қазақ қоғамының бетке ұстарлары түгелге жуық жойып жіберілген.

1938 жылдың күзіне қарай Сталин қуғын-сүргін ауқымының тым шектен шығып кеткенін ұқты. Ақыры, қазан айында сотсыз үкім шығаратын органның бәрі (НКВД-нің жанындағы Ерекше Кеңестен басқалары) таратылды. 25 қазанда Ежов орнынан түсірілді де, нарком лауазымына Берия көтерілді… Жаппай репрессияға осылай тоқтау салынғандай болғанмен, қуғын-сүргін одан бергі жылдарда да жалғаса берді. Мәселен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегі бойынша, «халық жауларын әшкерелеп» ату Алматыда 1946 жылға дейін жүргізілген. 1937–1946 жылдары атылып, Алматы түбіндегі «Жаңалық» жерінде көмілген құрбандар саны 4 мыңнан астам. «Әділет» қоғамының мұрындық болуымен, солардың тізімі қысқаша анкеталық деректермен «Жаңалық» қорымына арналған «Азалы кітапта» жарық көрді.

«Жаңалықтағы» сол төрт мыңнан астам жазықсыз құрбандар қатарында Үлкен террор науқанында НКВД подвалында оққа байланған белгілі мемлекет қайраткерлері (ҚазЦИК төрағасы Ұзақбай Құлымбетов, Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңе­сінің төрағасы Ораз Исаев, ҚХК төра­ғасының орынбасары Сүлеймен Есқараев, Халкомкеңестің көркемөнер істері жөніндегі басқарма бастығы Ғаббас Тоғжанов, ағарту халық комиссары Темірбек Жүргенов, жер халкомы Нығметолла Сырғабеков, жергілікті өнеркәсіп халкомы Атлас Қал­менов, қаржы халкомы Ильяс Молдажанов, ҚК(б)П ОК мәдениет және насихат бөлімінің меңгерушісі Ильяс Қабылов, БК(б)П Алматы обкомы мен қалакомының бірінші хатшысы Жанайдар Садуақасов, Алматы обкомының бөлім меңгерушісі Рахым Сүгіров, ҚК(б)П ОК парткомиссиясының мүшесі Мұхамедқали Тәтімов, Оң­түстік Қазақстан облпарткомының бірінші хатшысы Әбілқайыр Досов, облжер басқармасының бастығы Ғабдолхәкім Бөкейханов, Алматы облаткомының төрағасы Ораз Жандосов, Текелі кен басқармасының директоры Оразалы Оразов, бас инженері Мерғали Қадылбеков, мәдениет, әдебиет қайраткерлері (ақын-жазушылар – Қазақстан Жазу­шы­лар одағының төрағасы Ілияс Жан­сүгіров, мемлекет және қоғам қайраткерлері Сәкен Сейфуллин, Ахмет Байтұрсынов, «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы Бейімбет Майлин, Молдыбай Жолдыбаев, Мағжан Жұмабаев, Мәжит Дәулетбаев), өнер қайраткерлері (Қазтеатр директорлары Сағыр Камалов, Жұмат Шанин, белгілі домбырашы Махамбет Бөкейханов), ғалымдар (Құдайберген Жұбанов, Санжар Асфендияров, Қоңырқожа Қожықов, Жұмахан Күдерин), т.б. көптеген халқымыздың ардақты ұлдары жатыр.

Осынау қаралы тізім түзілген «Азалы кітаптың» 9-шы шығарылымы бұрынғы Совет Одағында орын ал­ған жаппай жазалау науқанының басталғанына 75 жыл толуына орай Алматы мен Астанада жұртшылыққа арнайы таныстырылды.

Бейбiт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты