ОРДЕН ҮШIН ӨРБIГЕН ДАУ
ОРДЕН ҮШIН ӨРБIГЕН ДАУ
Пенденiң өткендi ой елегiнен өткiзетiн кейбiр сәттерi болмай ма? Сондай кезде Иван Петрович Гришагин де еске түседi. Ленинградта туып-өскен. Әке-шешеден жастайынан жетiм қалып, ащының дәмiн ертерек татқан. Балалар үйiнде тәрбиеленiп, буыны бекiп, бұғанасы қатпай жатып еңбекке араласады.
Оның Қазақстанға келгені де бір хикая. Анығын айтсақ, «25-мыңыншылар» қатарында келіпті. Кейіндеу Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі қызметтерін атқарған. Қызметтестерінің алдында адамгершілік, іскерлік қабілеттілігімен танылады. Екінші дүниежүзілік соғыс алдында Жетісудағы Андреев аудандық партия комитетіне салалық хатшы етіп жіберіледі.
Иван Петрович Гришагин соғыстан кейін ауданның басқару тізгінін өз қолына алды. Тұралаған шаруашылықтарды қайта көтеру оңай емес. Алда тұрған міндеттер тым ауқымды. Оларды қалай орындап шығуға болады деген сұрақ ойынан бір сәт шықпайтын. Ол шаруашылықтың жауапты салаларына білікті кадрларды тартумен бастады. Отан соғысының офицері, шаруашылық басқаруда азды-көпті тәжірибесі бар Жұмақан Балапановты өзінің орынбасарлығына, сол шақта зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітіріп, кеңшарда қарапайым қызмет істеп жүрген Әліпбай Алыбаевты ауатком төрағасының орынбасары болуына ықпалын тигізді. Кеңшарлар мен ұжымдарды басқаруға Б. Игібаев, Т. Кіребаев. Х.Измаилов секілді тәжірибелі, іскер басшылар келді.
Негізгі байлық – жер ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында жаңадан «Қарашоқы», «Жоламан» кеңшарлары дәл осы тұста шаңырақ көтерді. Бұлар жүре бара іргелі шаруашылықтар қатарынан көрінді. Ізденіс пен іскерлік өз нәтижесін берді. Егіс көлемінің көбеюіне байланысты аудандағы масақты дәнді дақылдардың аумағы жүз мың гектардың белесінен көрінді. Мамандандыру негізінде майлы дақылдар көлемі арттырылды. Гвардия ауданы картобының даңқы шыға бастағаны да осы кез еді.
Өздерін ұлы халық өкіліне санайтындар ішінде есіктен кірмей жатып, «төр менікі» дегендер де аз болмады. Ал Иван Гришагин ондайлардың сортынан емес. Елден де естіп, өзім де көріп-білген адамгершілік қасиеттерін әлі күнге ұмыта алар емеспін. Қазаққа үнемі бүйрегі бұрып-ақ тұратын. Қатардағы қарапайым еңбек адамдарымен араласуы өзгеше әрі ерекше болатын.
Аудан орталығында өтетін жиналыстарға келген малшыларды тікелей өз қамқорлығына алушы еді. Өзінің үш бөлмелі үйінің ??үлкен бөлмесіне бірнеше төсек қойғызып, жиыннан соң еңбек адамдарын бірден үйіне алып барады. Алдын ала дайындап қойған моншасына түсіріп, қолындағы барын дастарханына қойып, ықыласпен күтетін.Айта қалатындай осындай қамқорлықты мен Арқарлыдағы Сәмен батыр қыстағындағы Ленин орденді шопан Түтінбай, «Сарбұлақ» совхозынын малшысы Бағашар, «Қарашоқы» совхозының тракторшысы Исабаевтың өз аузынан естіген едім.
Төл алу барысы мен шопандар жайлаудан күзеуге түскен кезде міндетті түрде бәрін аралап шығады екен. Әуелі малшылардың жағдайымен танысып, мұқтаждарын қойын кітапшасына жазып алады. Содан соң қарадомалақ балалардың қалталарын қант-конфетке, әйелдер жағын шай-пайға қарық қылатынын айтсаңызшы!Ол орын алған мәселені әділ шешетін. Өз нәсіліндегілерге қарай бұру табиғатына мүлдем жат. Аудандағы “Қарашоқы” совхозы тың және тыңайған жерді игеру кезінде шаңырақ көтерген. Шаруашылықтың тең жарымдайын көшіп келген украиндықтар кұрапты. Алғашқы жылдары eгic көлемі шағындап айналымға кірсе, кейінгі жылдары ұлғая түскен. Екі трактор eгic бригадасы кұрылды. Бірін украиндық Пархоменко, екіншісін Исабаев басқарды.
Кейінгі жылдары бригадалардағы егіс көлемі 10 мың гектарға көтерілді. Гектар берекесі 20 центнерден кем түспейді. Жыл сайын жарыс қорытындысы қатаң түрде шығарылатын. Көрсеткіш алма-кезектесіп отырған.
Елуінші жылдардың соңғы белесі. Қазақстан миллиард пұттан астық өндірді. Даңқы әлемге әйгіленді. Ел ризығын өндірушілер кұрметтеле бастады. Солардың қатарында Социалистік Еңбек Ері атағына қарашоқылық Исабаев та ие болды. Пархоменко болса Ленин орденімен марапатталды. Осы арада дау басталды. Даудың аяғы өршіп, дауылға айналды.
Шағым-арыздар ауылдан басталып, ауданға, одан облыс асып Алматыға да жетеді. Бұл аз болғандай Мәскеуге де ағылды. Комиссиядан соң комиссия келеді. Бітпейтін тексеру басталады. Тексеріс қорытындысы бойынша Пархоменко бригадасы көрсеткішінде сәл де болса басымдық бар. Сол көрсеткіш бойынша Еңбек Ері атағын Пархоменко алуы керек. Сол тұстағы обкомның екінші хатшысы Ливенцов пен облаткомның төрағасы Морозов шағымданушылар жағында. Бастапқыда мәскеуліктер де Гришагинге тізесін батырып-ақ бақты. Алайда бірінші хатшы да тайсалған жоқ.
Барлық ауыр салмақ өзіне түссе де И. Гришагин өз шешімінен қайтпаған. Сабыр сақтай отырып, ақиқатты ашып айтуға белді бекем буды: «Арызшылардың айтуынша, шындық жоқ. Шындық бар. Пархоменко бригадасының көрсеткіші аз-маз болса да артық екені рас. Ал бірақ ол бұл көрсеткішке қалай жетті? Бар гәп сонда. Біріншіден, Пархоменко бригадасының жер жағдайына көз жіберейік. Мұндағы егістік жер ылғалмен жеткілікті қамтамасыз етілген. Екінші бригада жағдайы ондай емес. Тағы бір ескерілетін жайт, Пархоменкодағы егістік алқап ежелден түрен тісі тимеген нағыз тың жер. Ал Исабаевтың бригадасындағы алқапты суландырудың мың әуресі бар. Оның үстіне көп жылдар бойы пайдаланылып келген. Осы жайттардың агрокартада көрсетілгені еске ерекше алынуы тиіс. Біз осыған көңіл бөлдік».
Жоғарғы жақтағылардың талабын орындау керек болса да, хатшының ақиқаттан аттағысы жоқ. Айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізіп келген мәскеуліктерді бұл жайт дүр сілкіндірді. Өйткені бұған да дәлелді деректер жеткілікті-ақ!
Иван Петрович Мәскеудің талаптары мен оған жеткен шағымдарына жауап ретінде бригадалардың техникамен жарақтануына да жан-жақты тоқталды. «Украиндық бригадаға негізінен жаңа тракторлар мен тіркеу жабдықтарды өз қолымнан бергіздім. Жергілікті бригадаға бұрынғы айналымдағы техника қалды. Сонда қазақ бауырлар ешқандай реніш білдірмеді ғой», – дейді ол.
Хатшы тағы бір тұжырымды берік ұстанған. «Социалистік Еңбек Ері кездейсоққа берілетін атақ емес. Адамның көп жылғы еңбек қорытындысының нәтижесіне қарай берілуі тиіс, негізгі ережеде осылай көрсетілгенін ешкім де бұза алмайды. Кешегі келген украиндық азаматқа Ленин ордені де аз олжа болмаса керек-ті. Ал Исабаев болса, бала кезінен жетімдік тақсіретін бастан кешірді. Он жасынан еңбекке араласты. Кешегі малшы бүгінде техника құлағында ойнаған жетекші механизатор. Міне, аудандық партия комитеті бюросы мен Атқару комитеті мәжілісінде мәселенің осы тұстары есепке алынды. Сайып келгенде, Социалистік Еңбек Ері атағына Исабаевты лайықты деп ұйғардық. Бұл ұйғарым тікелей менің ұсынысымнан туындағанын тағы да қайталап айтамын».
Ол айлар бойына жүргізілген тексеру қортындысына осылай нүкте қойды. Мәскеуліктер де оның орынды уәжіне тоқтамасқа лаждары қалмаған.
Менің И. Гришагинмен таныстығым алпысыншы жылдарда тіпті күшейе түсті. Ол зейнеткерлікке шыққаннан бері Алматыға келіп, Абай-Гагарин көшелерінің қиылысында пәтерде тұрды. Оқта-текте болса да кездесіп қалатынбыз. Бұл кісінің жергілікті кадрларды баулуға да еңбегі аз болмаса керек. Міне, солардың бірі кезінде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Әріпбай Алыбаев, Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы болған, ғылым докторы, профессор Жұмақан Балапанов осы Гришагиннің тәлім-тәрбиесін көрген азаматтар. Иван Петрович пәниден өткенде олар адамгершілік пен кісіліктерін көрсете білді Өзім көріп-білген Иван Петрович Гришагин осындай азамат еді. Мұндай жанды қалай ұмытарсың?!.
P.S. Соғыс және еңбек ардагерi Х.Әмiренов үстiмiздегi жылдың 4 мамыр күнi арнайы шақыртумен Мәскеуге аттанып кеттi. Қызыл алаңдағы әскери парадты тамашалап, содан соң Мәскеудi фашистерден қорғаған жерлерде болады.
Хабдышаар ӘМIРЕНОВ,
Қазақстанның құрметтi журналисi,
Ұлы Отан соғысының ардагерi,
отставкадағы гвардия полковнигi