Жаңалықтар

ТІЛ КҮРЕСКЕРІ

ашық дереккөзі

ТІЛ КҮРЕСКЕРІ

Академик Өмірзақ Айтбайұлы

ҚР Білім және ғылым министрлігі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, ҚР ҰҒА академигі профессор, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлын көптен білем.

Ол ислам өркениетіне талай Фарабилерді берген қасиетті Отырар топырағының перзенті. Кейде қалжыңдап Өмекеңді Қазақстанның XXI ғасырдың Фарабиі деп қоям. Қалжың дегенмен мұнда шындық та жоқ емес. Өмекең де қазақ ғылымының биік белесіне шыққан, елім, жерім, Отаным, дінім, ділім, тілім деп жүрген абзал азамат. Көрнекті ғалым, академик Әбдуәлі Қайдар екеуі ана тілі үшін аянбай күресіп жүрген азамат. Сол күрестің нәтижесінде кейін бүкілхалықтық беделге ие болған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы дүниеге келді. Бұл кеңестік дәуір кезеңі еді. Ол кезде қазақ тілінің мүддесін ойлап күреске шығу түгілі, оны ауызға алудың өзі оңай емес-тін. Міне, сол уақыттың өзінде Ә.Қайдар бастаған ынталы топтың бел ортасында болған Өмекеңнің қазақ тілін мемлекеттік тіл ету жөніндегі тынымсыз іс-әрекеті, жазған мақалалары, сөйлеген сөздері мен баяндамалары, тіпті өлең-әндері, пікірталастары, қыруар ұйымдастыру жұмыстары керемет бедел биігіне көтергенін көреміз. Республикамыздың түкпір-түкпірінде Қоғамның жергілікті ұйымдарын ашып, оларға бағыт-бағдар сілтеп, мемлекеттік мекемелермен бірлесе отырып жұмыс істеудің тиімді жолдарын көрсету тіпті де оңай емес болатын. Халқымыздың тарихында болмаған мұндай бұқаралық ұйымның содан бері атқарып келе жатқан халықтық, мемлекеттік деңгейдегі келелі жұмыстарының бағасы әлі толық берілген жоқ. Рас, жекелеген мемлекет қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерінің халықаралық ұйым жөніндегі бірен-саран пікірлерінің бар екені белгілі.

Алайда еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі кезеңдегі қоғам қайраткерлерінің ұлттық тіл, ұлттық рух пен ұлттық мәдениетті көтеру бағытындағы ерлікке саятын батыл әрекеттерінің тарихи мәні зор деп білемін. Міне, осы іс-әрекеттердің басы-қасында жүрген Ө.Айтбайұлының тұлғасы айдындана көрінетіні даусыз. Ал бұл кісінің ғылым әлеміндегі еңбегіне сәл кейінірек тоқталатын болғандықтан бұл жөніндегі әңгімені әзірге осымен тежей тұрамын.

Сондай-ақ ол соңғы жылдардан бері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ақылдастар алқасының төрағасы, яғни ол ана тіліміз ғана емес, сонымен бірге халқымыздың асыл діні үшін де аянбай еңбек етіп жүрген көрнекті қоғам қайраткері.

Өмекең ғибратқа толы үлкен өмір жолынан өтіп келеді. Ол 1936 жылы сәуір айының 5-і күні Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Балтакөл (бұрын Түркістан ауданына қараған) ауылында Қаратау, Сыр өңіріне белгілі Айтбай Айтмұхамет ақынның отбасында дүниеге келген. Мектеп табалдырығын 1943 жылы осы ауданның “Қарғалы” колхозында аттайды. Онжылдықты аудан орталығы Шәуілдірдегі Жамбыл орта мектебінде бітіреді (1953 ж.).

Ол өмір жолын 1953 жылы Кентау қаласындағы Мырғалымсай “Сантехмонтаж” мекемесінде темір шебері (слесарь) болып бастайды. 1954-1959 жылдары С.М.Киров атындағы (қазіргі Әл-Фараби атындағы) ҚазМҰУ-дің филология факультетінің студенті. Ол студенттік жылдардың өзінде ғылыми, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ұйымдастырушы ретінде көзге түседі. Көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, қазақтың ән-би сауық кештерін ұйымдастырып, оған бүкіл қала жастарын тартады. Сол жылдары ол І.Жақанов, Ш.Қалдаяқовпен өнер жайында сырласа жүріп, ән шығарумен де әуестенеді. Әндерінің қайсыбірі республикалық газеттерде (“ЛЖ”, 1959 ж.) жарияланған.

Ө.Айтбайұлы университетті бітірер жылы, яғни 1959 жылдың шілдесінен республикалық “Социалистік Қазақстан” га­зе­тінің әдеби қызметкері болып қабылданады да, онда 1962 жылдың наурызына дейін жұмыс істейді. Осы жылдар ол үшін шығармашылық және тіл ұстарту өнерінің шыңдала түскен кезеңі болды. 1962 жылдың көктемінде Қазақ ССР ҒА Тіл білімі институтына кіші ғылыми қызметкер болып ауысады. Міне, осыдан былай қарай ол ғылыми жұмыстармен түбегейлі айналыса бастайды.

Көрнекті тіл мамандары М.Балақаев, І.Кеңесбаев, Ә.Қайдар, Ш.Сарыбаев, әй­гі­лі аудармашы ғалымдар С.Талжанов, Ә.Сатыбалдиевтің ақыл-кеңесінің негізінде Ө.Айтбайұлы тіл білімі мен аударма ғы­лы­мының мәселелерімен шұғылданады, ғылыми-теориялық конференцияларға қатысып, баяндамалар жасап, ғылыми ортада таныла түседі.

1971 жылы “М.Горький фразео­ло­гизм­де­рінің қазақ тілінде берілу жолдары” деген­ тақырып бойынша кандидаттық диссерта­ция қорғайды. Бұл саланың нақты пробле­ма­лары жүйелі түрде ғылыми зерттеу нысаны, әсіресе лингвистикалық талдама тұр­ғысынан бұған дейін сөз болмай келген еді. Диссертациялық жұмыс өзінің осы тұрғыдағы байыпты барлаулары, батыл тұжырымдарымен ғылыми жұртшылыққа бел­гілі болды.

Бұл жылдары ол ғылыми зерттеу жұ­мыс­та­рымен қоса СССР Журналистер одағының мү­шесі (1961 ж.) ретінде журналистік қызметін де­ қатар алып жүреді. Қазақ қауымының әлеу­меттік болмыс-бітімі, қазақ өнері мен­ әдебиеті өкілдерінің өмірі, келелі мә­се­лелері, өнер адамдарының тағдыры, ауыл­ша­руашылығы еңбеккерлерінің тұрмыс- тір­ші­лік жайы т.б. туралы очерк, новеллалар жазуды тоқтатпайды.

1975 жылы Ө.Айтбайұлының “Ғылым” бас­­пасынан “Аудармадағы фразеологиялық құ­былыс” деп аталатын монографиялық зерттеу еңбегі жарық көреді. Аударма проблемасының күрделі мәселелерін, әсіресе тұрақты сөз тіркестері мен бейнелі сөз орамдарының, мақал-мәтелдердің бір тілден екінші бір тілге аударғандағы мағыналық, стильдік ерекшеліктері мен ұлттық сипатын қарастыратын бұл еңбек кезінде баспасөзде автордың келелі табысы ретінде бағаланды. Шынында аталмыш еңбек қазақ аударма ғылымының қалыптасуына қосылған елеулі үлес болды.

Ө.Айтбайұлы күнделікті нақты із­де­ністерінің нәтижесінде кіші ғылыми қызметкерден ғылымның жетекші маманы, ұйымдастырушысы ретінде өсіп жетіледі. 1974 жылдан 1981 жылға дейін аға ғылыми қызметкер, ал 1981 жылдан 1989 жылға дейін “Терминология мен аударма теориясы” бөлімінің меңгерушісі ретінде қызмет атқарады. Оның ғылыми зерттеушілік, ғылымды ұйымдастырушылық қабілеті, міне осы жылдары айқынырақ көрінеді. Өзекті мәселе – қазақ терминологиясы туралы зерттеу жұмыстары мен проблемалық тақырыптарға жетекші болып, жас мамандардың жетіле түсуіне қолғабыс жасайды.

Бұл жылдары Өмірзақ Айтбайұлының бас­шылығымен және қатысуымен бірнеше ұжы­м­дық кітаптар (Тіл мәдениеті және баспасөз. “Ғылым”, Алматы, 1968, 10 б.т.; Өрелі өнер. Алматы, 1976, 8 б.т.; Сөз өнері. “Ғылым”, Алматы, 1978, 7 б.т.; “…ұлт саясатын бұрмалаушылар”. “Ғылым”, Алматы, 1981; Қазақ терминологиясының мәселелері. “Ғылым”, Алматы, 1981, 10 б.т.; Аударманың лексика-стилистикалық мәселелері. “Ғылым”, Алматы, 1987, 10 б.т.;­ Термин және олардың аудармалары. “Ғылым”, 1990, 12 б.т.) баспадан жарық көрді. Бұлармен қатар Ө.Айтбайұлының “Өнер алды” (Алматы, Жалын, 1978 жыл), “Ана тілі – ардағым” (Алматы, Қазақстан, 1990 жыл, Н.Уәлимен бірге) тәрізді ана тілін насихаттайтын жинақтары мен “Мемлекеттік тіл тынысын кеңейтуде “Қазақ тілі” қоғамының ролі”, “Тіл майданы” (І-кітап, 2000, Ә.Қайдармен бірге), “Тіл майданы” (ІІ-кітап, 2004 жыл) кітаптарының және “Қазақ сөзі” (Қазақ терминдерінің негіздері) – Алматы, Рауан, 1997; “Основы казахской терминологий – Алматы, “Арыс” 2000 г. монологиялық еңбектерінің маңызы ерекше.

Ө.Айтбайұлы бұл жылдары қазақ терми­нологиясы мен аударма саласында­ жан-жақты ізденістер жасаумен болады.­ Ол осы қиын да күрделі ғылыми мәселелерде әлем­дік ғылыми-ой пікірлерді сүзіп шығып, қазақ ті­лінің өз табиғатына тән заңдылықтарының басын ашады. Бұл жөніндегі өзінің байқау, болжамдарын мақала түрінде республикалық, одақтық басылымдарда жариялап, ғылыми-теориялық конференцияларда баяндамалар жа­сайды.

Қазақ тіл білімінің түйінді мәселелеріне, әсі­ресе терминология, тіл мәдениеті, аудар­ма­ға байланысты жасаған баяндамалары өзінің дәйектілігімен, ойлылығымен ғылыми жұртшылыққа аян. Баяндамалардың жалпы саны 40-50-ден асады. Оның бәрі дерлік халықаралық, одақтық, республикалық конференцияларда жасалғандар. Ғылыми баяндамалар ішінен, әсіресе мыналарды атап өтуге болады: “Термин жасаудың кейбір модельдері” (этимологтардың республикалық кеңесі (А., 1984), “Аударма және ғылым тілі” (Аудармашылардың республикалық кеңесі, А., 1989), “Қазақ тілі” қоғамының мемлекеттік тілді дамытудағы рөлі” (Республикалық ғылыми-практикалық конференциясы. Алматы, 1990), “Тіл мәдениетінің кейбір өзекті мәселелері” (Түркологтардың бүкілодақтық съезі, Ташкент, 1980). “Диалектные явления и вопросы перевода” (1973), “Становление и развитие переводческого дела в Казахстане” (Караганда, 1981), Түркі тілдері терминдерін бірегейлестіру мәселесі (Стамбул, 1995), “Тіл мәдениеті және терминология” (Пекин, 1993 жылы ҚР ҰҒА Жалпы жиналысының сессиясында, ҚР ҰҒА-ның Қоғамдық ғылымдар бөлімшесі жалпы жиналысының сессиясында сөйлеген сөзінде қазақ терминологиясының мән-жайын, оның көкейкесті мәселелерін айрықша сөз етіп, қазақ тілінің шын мәнінде ғылым тіліне айналмай отырғандығын ашып көрсетеді.

Бөлім меңгерушісі ретінде “Қазақ терминологиясының жасалу көздері” (1981-1984) және “Қазақ әдеби терминологиялық лексикасының дамуы” (1985-1991) “Мемлекеттік тілде ғылыми терминологияны қалыптастырудың теориялық, ғылыми-әдістемелік және практикалық мәселелері” (1997-1999) деген күрделі тақырыптарға ғылыми жетекшілік жасады. Аталған тақырыптар негізінен қазақ терминологиясының мәселелеріне арналғандықтан, Ө. Айтбайұлы басқарған ғылыми қызметкерлер, ең алдымен бөлімнің картотекалық қорын жасауға кірісті. Бұл айтуға жеңіл болғанымен, орын­далуы қиын жұмыс еді. Өйткені сол 80-жылдарға дейін жарық көріп үлгерген екі тілді терминологиялық сөздіктердің бәрін жинақтап, әліпби тәртібіне келтіру қажет болатын. Бірнеше жылға созылған бұл күрделі жұмыс бөлімнің 500 мыңға таяу картотекалық қорының негізін қалады.

Осы жылдары Мәскеудегі Ғылыми-техникалық терминология комитетімен (КНТТ) өте тығыз қарым-қатынас орнатылды. Бұл комитет терминология мәселесімен шұғылданушы барлық мекемеге әдістемелік жәрдем көрсететін.

Осы заман сұранысына орай, М.Әуезов атындағы Шымкент пединститутының профессоры Қ.Бекбаев тобымен өзара шартқа отырып, әлгі сөздіктер электронды есептеу машинасының сарабынан өткізілді. Ғылымның ірі-ірі бес саласы бойынша жасалған бұл материал да болашақта түзілетін түрлі сөздіктерге негіз болды, өзінің зерттеушілері мен сөздік түзушілерін тапты. Олар: қоғамдық ғылымдар саласы, биология ғылымдары, физика-математика ғылымдары, жер туралы ғылым саласы және техника ғылымдарының саласы. Бұл түркі дүниесінде тұңғыш жасалған картотекалық қор.

Мұның ішінен бөлім қызметкерлері қазіргі сұранысқа ең зәруі деп “Қоғамдық ғылымдар терминдерінің орысша-қазақша және қазақша-орысша сөздігінің” екі томдығын түзіп шықты. Бұл бөлім атқарған ең күрделі жұмыстардың бірі. Ө.Айтбайұлы осы сөздікті құрастырушылардың бірі, ғылыми жетекшісі. Және жауапты редакторы. Бұл сөздік 2008 жылы баспадан шығып, жұртшылық қолына тиді.

Ө.Айтбайұлы өзінің түбегейлі ізденістері мен­ зерттеу ісін тұжырымдап, қазақ линг­вис­тикасының тарихында тұңғыш рет қазақ тер­минологиясының дамуы мен қалыптасуы жайында көлемді де іргелі еңбек жазады. Ол 1988 жылы “Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы” деген атпен “Ғылым” баспасынан жарық көрді. Мұнда ұлттық терминологиясының қалыптасуы мен даму кезеңдері, термин түзудегі қайшылықтар мен қиындықтар, негізгі принциптерден ауытқушылықтар тәрізді мәселелерді айқындайды. Бұл еңбек туралы кезінде баспасөзде бірнеше рецензиялар жазылып, ғалымдар жоғары баға берген.

Ө.Айтбайұлының ғылыми ой-тұ­жы­рым­дары аталған салалармен ғана шектелген емес. Тіл мәдениеті, стилистика, лексикология,­ ономастика, диалектология, әде­би тіл, әдебиет, мәдениет, мемлекеттік тіл,­ аударма, қазақ терминологиясы мен ау­дар­масының мәселелері туралы көп жылғы бар­лау, байқау, ізденістер негізінде 1992 жыл­дың басында “Қоғамдық ғылымдар тер­минологиялық лексикасының қалыптасуы мен­ дамуы” деген тақырыпта докторлық дис­сертация қорғады.

Ө.Айтбайұлының бұл диссертациялық жұмысы тың мәселені қозғаған жаңа бастама болды. Ең алдымен, бұған дейін ғылым объектісіне айнала алмай тарихымызда жұмбақ боп келген арыстарымыз – Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының мұралары мен еңбектері тұңғыш рет тілдік тұрғыдан талданып лайықты бағасын алды. Әсіресе А.Байтұрсынұлының қазақ лингвис­ти­касын дамытудағы, оның ішінде қазақ терминологиясын жасаудағы өлшеусіз зор рөлі жан-жақты зерделенді.

Өмірзақ Айтбайұлы 1973 жылдан бері Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті (бұрынғы Министрлер Советі) жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшесі, ғалым хатшысы ретінде де (1981-1991 ж.ж.) қазақ терминологиясының практикалық мәселелерін реттеуде көп жұмыс атқарды. Ғылымның түрлі саласында пайда болып, ала-құла қолданылып жүрген терминдердің бір ізге түсуіне, ғылыми тұрғыдан реттелуіне атсалысты. Биология, физиология, химия, физика, математика, теміржол, музыка, спорт, компьютер саласына қатысты терминдер мен сөздіктерді рет-ретімен Мемтерминком талқысына салып, жұртшылыққа ұсынуда оның үлесі мол. Әсіресе Мемтерминкомның осы заман сұранысына лайықты ережесін қайта жазып, құрылымын нақтылай түсуі де Ө.Айтбайұлының атымен тікелей байланысты.

Сонымен бірге ол институт жанындағы ғылыми дәреже беретін ғылыми Кеңестің көп жылдан бергі мүшесі ретінде, ғылымның жас мамандарының өсіп, жетілуіне қолғабыс етіп келеді. Бұрынғы Одақтағы түркітілдес халықтар ғалымдарын дайындауда бұл Кеңестің рөлі айрықша. Бүгінгі күнге дейін қаншама кандидат пен доктор осы Кеңес сарабынан өтіп, өмірге жолдама алып жатты.

Ғылымды ұйымдастыру қарымының үстіне Ө.Айтбайұлының қайраткерлік қабілетінің айқын көрінген тұсы, жоғарыда еске алғанымыздай, “Қазақ тілі” қоғамындағы жұмыстарымен тікелей байланысты. Бұл жұмыс, әрине әріден басталған. Ана тіліне бар саналы өмірін сарп етіп келе жатқан Ө.Айтбайұлы 80-жылдың басынан-ақ тіліміздің әлеуметтік болмысын, қоғамдық қызметін айқындап, оның беделін көтеру үшін, соған иелік жасайтын бір ұйым керек деген академик Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдардың бастамасын бірден қолдайды. Тіл жөніндегі толғаныстар оған қолына қаламды ғана емес, домбыраны да ұстатып, көмейінен әуен төгіле бастайды. Сөйтіп, “Ана тілі” дейтін әні дүниеге келеді. Осы әнді өзі орындай отырып, ол қазақ радиосы арқылы жарты жылға таяу уақыт қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе қажеттігі жайында хабар жүргізеді. Сөйтіп бұл ән болашақ Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының өз әнұранындай болып, көптің көкейіне қона түседі.

Бұл күнде республика оқырмандары сүйіп оқитын басылымдардың қатарындағы “Ана тілі” газетінің де ұйымдастырылуы академиктер Ә.Қайдар мен Ө.Айтбайұлының тікелей араласуымен жүзеге асырылған игі шаралардың бірі болды. Әсіресе 1988 жылы басталып, 1989 жылы қаулай бастаған тіл күресінің ол басы қасында болды. Бүкіл жұртшылық қолдаған бұл шерудің түйіні 1989 жылдың 20-21 қазанында шешілді. Сөйтіп тұңғыш Құрылтайда Республикалық “Қазақ тілі” Қоғамы құрылды. Онда делегаттар бірауыздан Қоғамның Президенті етіп Ә.Т.Қайдарды, вице-президенті етіп Ө.Айтбайұлын сайлады.

Міне, осыдан былай қарай Ө.Айтбайұлы қоғам қайраткері ретінде айқынырақ таныла бастайды. Ол Ә.Қайдармен бірге Қазақ тілінің мемлекеттік тілге айналуына қажетті шаралардың бәріне қатысады. Мемлекеттік Бағдарламаның түзілуі жөніндегі Республикалық үйлестіру кеңесінің жұмыс тобының мүшесі, Қоғам Жарғысы мен Бағдарламасын жазу процесіне оның тікелей қатысы болды. Ең бастысы Қоғамның жергілікті ұйымдарын құрып, оған іскер мамандар таңдауда және олардың күнделікті жұмыс бағдарын айқындауда Ө.Айтбайұлының еңбегі ерекше. Ол облыстық, қалалық, аудандық ұйымдардың тұңғыш жиындарына тікелей өзі қатысып, Қоғам атқаратын жұмыстар мен міндеттерін түсіндіріп, оның халықтық мәнін насихаттаумен болды. Осындай нақты іс-әрекеттер нәтижесінде Қоғам ел алдында бедел алып, халықтық қозғалысқа айналды. Әсіресе Тіл Заңы мен Мемлекеттік Бағдарламаның іске қосылуына Қоғам қосқан үлес мол.

1990 ж. “Қазақ ССР-інің Тіл туралы заңын” жүзеге асыру жөніндегі Қазақ ССР ҒА Жалпы жиналысының сессиясына қатысып сөйледі; Республикалық “Қазақ тілі” қоғамының органы “Ана тілі” газетінің (22 наурыз 1990 ж.) дүниеге келуіне зор үлес қосып, редакция алқасына мүше болды;

“Қазақ тілі” қоғамы Қызылорда (1990 ж. 2-4 ақпан) облыстық құрылтайына; 1990 ж., 24 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облыстық ұйым құрылтайына; сол жылы Алматы облыстық ұйым құрылтайына қатысты. Сондай-ақ 1990 ж. 27-29 желтоқсанда Алматыда өткен І Бүкілодақтық “Түркі фонетикасы” конференциясының жұмысына қатысып баяндама жасады. “Қазақстандағы тіл саясаты және оны жүзеге асырудың жолдары” атты Республикалық ғылыми-практикалық конференцияның өтуіне ат салысты (1990 ж. 28-30 мамыр).

Ө.Айтбайұлы Республикалық “Қазақ тілі” қоғамының ІІ құрылтайын өткізуде үлкен белсенділік танытты. Қоғамның бұл құрылтайына Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Қоғам жұмысына жоғары баға берді. 2-Құрылтайдағы баяндаманы Ө.Айтбайұлы жасап, Қоғамды ендігі жерде Халықаралық ұйым деп атау қажеттігін дәлелдеді. Сөйтіп бұдан былай бұл ұйым Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы деп аталатын болды және оның президентінің бірінші орынбасары болып Ө.Айтбайұлы сайланды.

“Қазақ тілі” қоғамы мемлекеттік тіл мәселесін бірінші күннен бастап назарда ұстады. Ол облыстық кеңестердің сессиясында Мемлекеттік бағдарламаның арнайы қаралып, осыған орай нақты шаралар белгіленуін қадағалады. Осындай мақсатты көздеген Ө.Айтбайұлының тікелей басшылығымен өткен алқа-жиындардың (Ақмола, 1991; Ақтөбе, 1991; Алматы, Семей, 1994, 1999; Жамбыл, 1992, Талдықорған, 1993; Павлодар, 2002; Өскемен, 1994, 1998, 2003) маңызын кезінде радио, теледидар, баспасөз жан-жақты сөз еткен болатын. Бұл алқа-жиындарды өткізер алдында жер-жерде, әрбір облыс, аудандарда мемлекеттік тілдің барысы жайында әлеуметтік зерттеу жүргізіліп, нақты деректер жинақталды. Сөйтіп облыстардың басшылары қатыс­тыр­ылған бұл жиындарда әрі халықтық, әрі­ мемлекеттік мәні айрықша тіл мәселесі са­лиқалы әңгіме болды. Нақты шаралар белгіленіп отырылды. Бұған қосымша әрбір облыс, қала, аудан, бастауыш ұйымдар жергілікті жердің сұраныс ерекшеліктеріне орай нақты шаралар қабылдап отырды. Оның бәрі қоғамның жұмысына жүйелілік пен мақсаттылық бағыт берді.

Қоғам тілге қатысты салалардың бәріне ара­ласып, өзінің тіл жоқшысы, бірден бір қам­қоршысы екенін үнемі дәлелдеп отырды.

Ө.Айтбайұлы ғылыми-практикалық конфе­ренцияларда, Қоғамның алқа-жиын­да­рында өзі баяндама жасап, басқарып отыр­ды. Қоғам мүшелерінің оның іскерлігі мен­ біліктілігіне, әсіресе осындай алқалы жиын­дар­да көздері жете түсті.

Ө.Айтбайұлы академик Ә.Қайдармен бір­ге­ Қоғам бөлімшелерін республикадан тыс жер­лерде де ашуды ойластырды. Бұған негізгі се­беп болған сыртта жүрген отандастар тағ­дыры еді. Осы мақсатпен ол Мәскеу, Ас­трахан қалаларында болып, ондағы қалалық ұйымдар конференцияларына қатысады. Ол 1989 жылдың желтоқсан айында Киев, Вильнюс, Рига, Таллин қалаларында болып, сол қалалардағы тіл қауымдастықтарының жұмысымен танысады, тәжірибе жинақтайды. Омбы, Қорған, Орынбор, Сарытау, Санк-Петербург т.б. қалаларындағы бөлімшелерге нақты әдіс­темелік кеңес береді. Сондай-ақ АҚШ, Англия, Сауд Аравиясы, Қытай, Түркия елдерінде болып, онда да ұйым құру жөнінде нақты сөз қозғады. Соның нәтижесінде аталған қалалардың көбінде қазір Қоғам бөлімшелері жұмыс істеуде.

Туысқан Қырғыз халқының тіл қоға­мын құруда да Ө.Айтбайұлының еңбегі ай­тар­­лықтай. Қазір оларда да “Қырғыз тілі” қо­ғамы жұмыс істеп отыр.

Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайын өт­кізу идеясын да көтергендердің бірі – “Қазақ тілі” қоғамы болатын. Өзге қо­ғамдық ұйымдармен (Жазушылар ода­ғы, “Қазақстан” қоғамы) қатар мұның ұйым­дас­тыру жұмыстарының басы қасында Ә.Қай­дармен бірге Ө.Айтбайұлы да болды. Сон­дай-ақ “Қазақ тілі” қоғамы Қазақстанда өмір­ сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің де мә­дени орталықтары болуын көтерген еді. Нәтижеде бұлар қазір Қазақстан халықтары ассамблеясы дейтін үлкен ұйымға айналды.

Ол 1998 ж. ҚР Орталық сайлау комис­сиясының құзырында құрылған Лингвис­ти­ка­лық комиссия (Ә.Қайдар, М.Серғалиев, К.Хұсайын, Ф.Оразбаев және Ө.Айтбаев) мүшесі ретінде президенттікке үміткерлерден (Н.Назарбаев, Ә.Қажыгелдин, С,Әбділдин, Ғ.Қасымов, К.Асанов, Э.Ғаббасов, А. Асылбек, Б.Жақсыбеков) мемлекеттік тілді мең­геру дәрежесін анықтау мақсатында өткі­зіл­ген мемлекеттік емтиханға қатысып, үлкен жұ­мыс атқарды.

2005 ж. қыркүйек айында ҚР Орталық сай­лау комиссиясының шешімімен прези­дент­тікке үміткерлерден (Н.Назарбаев, Ж.Түл­кібаев, Ә.Бәйменов, М.Елеусізов, К.Аса­нов, т.б. тәрізді 18 адам) емтихан қабыл­дайтын Лингвистикалық комиссияны­ (Ө.Айтбаев, М.Серғалиев, Ф.Оразбаев, Р.Нұрғали, Д.Қамзабек) басқарып, қазақ тілінің мемлекеттік беделін асқақтатқан аса жауапты шаруамен айналысты.

Өмірзақ Айтбайұлының ғылымтану, адамтану іліміне қосқан үлесі де едәуір. Мәселен, оның белгілі ғылым, мәдениет, өнер қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылық еңбегіне бағышталған баяндама, мақалалары қазақ қауымына ой салар дүниелер. Ахмет Байтұрсынұлы, Құдайберген Жұбанов, Сейділ Талжанов, Мәулен Балақаев, Ісмет Кеңесбаев, Әбдуәли Қайдар, Зәки Ахметов, Рабиға Сыздықова, Шора Сарыбаев, Телғожа Жанұзақов, Сапарғали Омарбеков, Рақыш Әміров, Тұрағұл Қоңыров, Сейіт Қасқабасов, Сейілбек Исаев, Талғат Сайранбаев, Әбжаппар Әблақов т.б. ғалымдар жұмысына жасаған талдамалары мен өмірнамаларын еске алсақ та жеткілікті.

Өмірзақ Айтбайұлының еңбегі үкімет тарапынан да, ғылыми қауымдастық тарапынан да жоғары бағасын алып келеді. Ол 1994 жылы Академияның жалпы сессиясында ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі болып сайланды. 1996 жылы оған Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаев арнайы құттықтау жолдады. 1998 жылы Президент Жарлығымен “Құрмет” ордені, ал 2001 жылы Президент Жарлығымен “Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл” мерекелік медалімен марапатталады. Сондай-ақ, ол 1997 жылы Экология халық академигі болып, ал 1998 жылы ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі болып сайланды.

Ал 2003 жылы ҚР Ұлттық Ғылым академиясының Жалпы жиналысында академияның толық мүшесі болып сайланады.

Ғалым, қайраткер Ө.Айтбайұлы туған Оңтүстік өлкесіне де мейлінше сыйлы, қадірлі. Ол 1996 ж. Түркістан қаласының, Арыс және Отырар аудандарының Құрметті азаматы болды.

2007 жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев жарлығымен Ө.Айтбайұлы «Парасат» орденімен марапатталды.

Ө.Айтбайұлы – ғылыми ізденістер нәтижесін практикалық тәжірибемен ұштастырып ұстаздық өнеге танытып жүрген ғалым. Оның жетекшілік етуімен он бір кандидаттық, екі докторлық диссертация қорғалды. Әлденеше ізденуші жұмысын бітіру үстінде. 80-жылдардың басынан Қарағанды, Қызылорда, Шымкент, Алматы қалаларындағы Жоғары оқу орындарында мемлекеттік емтихан төрағасы ретінде және дәріс беру арқылы тіл мамандарын, жалпы филологтарды дайындауға үлкен үлес қосып келеді. Ол 1994-1995 жылдары Алматы Қыздар пединститутының, ал 1996-1997 жылдары Қ.Яссауи атындағы Қазақ-түрік университетінің профессоры ретінде дәріс береді. 1998 жылдан бастап “Қайнар” университеті филология факультетінің деканы.

Ө.Айтбайұлы қайраткерлік қабілетін шыңдаумен бірге ғалым ретіндегі іздену, зерттеу, ұйымдастыру жұмыстарын жан-жақты тереңдете түсуде. Ол қазір “Тіл біліміне кіріспе” пәні мен қазақ тілі лексикологиясы тармақтарынан дәріс жүргізеді, курстар мен арнаулы семинар өткізеді. Осы салалар бойынша Жоғары оқу орындары , оның ішінде Қайнар университеті, филология факультетінің түлектеріне арнап оқулық дайындады. Ол «Тіл біліміне кіріспе» деген атпен 2010 жылы студенттер қолына тиді.

Ө.Айтбайұлы 500-ден астам еңбектің (мақала, кітап) авторы.

Ө. Айтбайұлының бір ерекшелігі мынада. Ол – ғылым мен өнерді қатар алып келе жатқан ғалым. Оның сазгерлігін танытатын бірнеше, атап айтқанда, “Жар сәлемі”, “Жас ойшыл”, “Ана тілі”, “Тіл өнері дертпен тең”, “Ақ қоян”, “Өренім” тағы да көптеген әндері жұртшылыққа мәлім.

Ө.Айтбайұлының өнерсүйер қауымды тамсандырған әншілік өнердегі таланты өз алдына. Оның орындаған әндері мен күйлері қазақ радиосының “Алтын қорына” жазылып, көркем фильмнің (“Ыстықкөлдің алқызыл гүлдері”) саз-әуеніне арқау болды.

2003 жылдың 28 ақпанында Ғалымдар үйінде өткізілген “Көңілімде бір сыр бар айтылмаған” атты екі жарым сағаттық шығармашылық кештің тағылымдық мәні айрықша болды. Мұнда профессор қазақтың көп орындала бермейтін халық әндері мен халық композиторларының туындыларын орындап, күйлерін шертті.

Ө.Айтбайұлының ғылыми зерттеулері, шығарған кітаптары, қоғамдық қызметі туралы әріптестері тарапынан әлденеше рет баспасөз беттерінде жылы лебіздер, жағымды пікірлер айтылды, ал әншілік-домбырашылық өнердегі қырларын өнертанушылар аса жоғары бағалады.

Ө.Айтбайұлының ғылыми-зерттеу, тәлімгерлік-ұстаздық, қоғамдық қызметінде әлі де мол еңбектер берері сөзсіз.

Замандасымыз Өмірзақ Айтбайұлының ақырын жүріп анық басқан өмір жолы өнеге, үлгіге тола. Біз бұл жолы соның бір парасын ғана тілге тиек еттік. Әсіресе замандас­тар мен кейінгі ұрпақ сүйсінер ғылыми, қоғамдық қызметін өз сөзімізбен баяндауға тырыстық. Оның тілге, дінге, ділге деген адал да иманды қызметін сүйсіне отырып әңгімеледік. Алла бұйыртқан мағыналы ғұмырдың үш жиырма бесін артқа тастап, Өмекең еліне қызмет етудің сара жолынан әлі де таймай келе жатқан тұлға. Азаматқа ақ жол тілейік, ағайын!

Шейх Әбсаттар қажы Дербiсәлi,

филология ғылымдарының докторы,

профессор