БАЛАЛАР КИНОСЫ НЕГЕ ДАМЫМАЙ ОТЫР?

БАЛАЛАР КИНОСЫ НЕГЕ ДАМЫМАЙ ОТЫР?

БАЛАЛАР КИНОСЫ НЕГЕ ДАМЫМАЙ ОТЫР?
ашық дереккөзі

Кеңес кезеңінде кино өнері тарихында балалар киносы ерекше орын алғаны белгілі. Кеңестік уақыт кино өнері тарихына шолу жасар болсақ, үкімет тарапынан арнайы берілген бағыт-бағдарға сәйкес дәрежеде кино өнерін тудырған кезең болыпты. Киношығарманың басым бөлігі кеңес кезіндегі идеологияның негізінде дүниеге келді. Үкімет арнайы тапсырма бергендіктен болар, балалар киносы кеңестік уақытта шын мәнінде дамыды.

Қазір ше? Қазіргі таңда балалар киносының дамуы мүлдем кешеуілдеп отыр. Шын мәнінде, бұл тақырыпқа аса мән беріп қарамайды. Балалар киносының арта қалуының бір себебі де осы. Екінші бір себебі, балалар киносына сценарийдің аз жазылуы. Үшіншіден, балалар тақырыбында кино түсіретін режиссер мамандардың аздығы.

Балалар киносын дамытудың қандай жолдары бар? Ол үшін «Қазақфильм» киностудиясына жылына аз дегенде үш-төрт фильмді шығару міндеттелуі қажет. Үш-төрт фильмді шығару сапасыз, арзанқол фильмдерді дүниеге алып келу деген сөз емес. Сапалы, бүгінгі заманауи өмірге тән балалар киносын түсіру үшін арнайы топ жұмыс істегені абзал. Балалар киносын түсіру, бала психологиясын дәп басып тану, оңай шаруа емес. Бала психологиясына тән, балалық құбылыстарды аңғару үшін редколлегиялық кеңес жұмыс істесе, құба-құп. Бірнеше қолдан шыққаннан кейін ғана, балалар фильміне арналып жазылған сценарийлердің жолы болмақ.

Негізінен, ұлттық колориттің бол­ғаны дұрыс. Балаларға арналғаннан кейін қаланы да ұмытып кетпеуіміз керек. Бірақ дала мен оның табиғаты балаларға еркіндікті сыйлайды. Табиғатты, жан-жануарларды сүюге, баланың қиялын әдемілікке тәрбиелеуге негіздейді.

Тағы бір айта кететін нәрсе, балаларға арналған комедиялық фильмдер де ауадай қажет. Комедиялық жанрда түсірілген балалар фильмі жоқтың қасы. Сондықтан бізге балалар фильмін түсіретін режиссерлер дайындау қажет. Жыл сайын үш-төрт фильм шығару үшін де жақсы режиссер қажет болары белгілі. Қазіргі кезде режиссер жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Бар, бірақ олардың көбі балалар киносын түсірмейді.

Болашақ кинотуындымыз ұлттық нақышпен қазақи үлгіде көрініс тауып, қазіргінің, яғни бүгінгінің көзімен қайта жаңғырса, бүгінгі күнде аты әлемге танымал «Гарри Поттер», «Один дома», «Трудный ребенок» фильмдерін басып озатын, озық туындылар дүниеге келер еді.

Мөлдiр ҚОЖАХМЕТОВА,

Қазақ Ұлттық Өнер академиясының

2-курс студентi