«Жылап жүріп, жаумен соғыса береміз», – деп жазып еді Әбетай ағам

«Жылап жүріп, жаумен соғыса береміз», – деп жазып еді Әбетай ағам

«Жылап жүріп, жаумен соғыса береміз», – деп жазып еді Әбетай ағам
ашық дереккөзі

Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 67 жыл толып отыр. Менің екі ағам осы қырғын соғыстың құрбаны. Әкемнің Беркімбай деген үлкен ағасының жалғыз ұлы Рамазанды соғысқа аттандырғаны әлі есімде. Беркімбай атам мен Рахима әжем жалғыз ұлдарын соғысқа аттандырып, 6-7 жастағы немере қызы Рабиғаны құшақтап, аңырап қалған еді. Бұл 1941 жылдың тамыз айы болатын. Сол жылы қараша айында Рамазаннан қара қағаз келгенін де білемін. Бір жылдан соң, Рамазан ағамның әйелі Мүкел жеңгем колхоздың ауыр жұмысынан көз жұмды. Атам мен әжем қайғыдан қан жұтып, 1952 жылы атам, екі жылдан соң әжем өмірден өтті. «Зерде» кітабында аты қалған бауырымды менен басқа ешкім есіне алмайды. Бұл кісі әкеміз бірге туған, немере ағам еді. Екіншісі – бір ата-анадан туған Әбетай атты ағайым. Біздер бір атадан тоғыз бала туыппыз. Екі-үшеуі жас кезінде шетінеп, қалғанымыз ержеттік. Ең үлкеніміз –1921 жылғы ағай екен. Әбетай ағамның келбеті әлі күнге көз алдымда. Ұзын бойы, аққұба, бидай өңді азамат еді. Бір күні біздің үйге ауылдың адамдары сыймай кетті. Келгендердің бәрі ағатайымды құшақтап, жылап жатыр. Менің жасым ол кезде бар болғаны алты жас­та. Күн суық, бірақ жерде қар жоқ. Күздің күні болу керек. Елмен бірге менде қосылып, шырқырап, ағамның соңынан жүгіргенімді білем. Үйден алыс­тап кеткен ағатайым топтан сытылып шығып, маған қарсы жүгірді. Жүгіріп келді де, құшақтап бауырына қысты.

Енді ойласам, менің есімде қалғаны осы ғана екен. Яғни бауырымның қарғыс атқыр қанды соғысқа кеткені ғана жадымда қалыпты. Кейін майданнан үйге үш бұрышты хаттар келіп тұрды. Шешем сол хаттарды қайта-қайта оқытып, жылап қалатыны да есімде, мен де қосылып жылайтынмын. Хат танымағандықтан жауынгер бауырымның алғашқы хаттарын оқи алмадым, тек естігенімді жаттап алғаным болмаса. Мен оқуға барып, хат тани бастағанда, анамның төс қалтасында ағамның 1943 жылдың аяғында жазған соңғы хаты сақталып қалыпты. Офицер формадағы киіммен түскен суретін де көріп едім, кейін сол хаттан да, суреттен де анам айрылып қалыпты. Анам ағамның соңғы хатын қайта-қайта оқытатын да, көз жасын көлдететін. Хаттағы жазылған дүниелердің бәрі есімде. Ағам хатында: «Құрметті, қымбатты әкей-шешей, бауырларым, көрші-қолаң, ел-жұртым, амансыздар ма! Мен де әзір аманмын, елден соғысқа кетпеген бір азамат жоқ шығар. Қырғын соғысқа қарсы туылған сормаңдайлар екенбіз. Өзімдей жап-жас жігіттердің көз алдымда жан тапсырып жатқанының талайын көріп, жылап жүріп, жаумен шайқаса береміз. Топыраққа көміліп, окопқа жығылуға да үйреніп, төселіп алған сияқтымыз. Бұл жолы да өлімнен аман қалдым. Ата-анам – сіздердің тілектеріңіз шығар деп ойлаймын. Сталинградтағы қырғын соғысқа қатыстым, адамдардың қаны су болып ақты, менің командамнан көп шығын болды. Оғымыз таусылып, қоршауда қалдық, бес адам суы жоқ құдыққа тығылдық, қасымдағы орыс жігіті жарақаттан өліп кеткенде, оны құшақтап, жылап жатып қалдым. Біздің әскерлер мені та­уып алып, госпитальге апарыпты. Жарам жазылып, қайта соғысқа кіргелі тұрмын. Адамның жаны сірі болады екен. Енді маған өлім жоқ шығар, жауды жеңіп, елге аман-есен ораламыз деген үмітпен хатымды аяқтаймын. Қош-сау болыңыздар. Ұлдарыңыз – Әбетай!» делінген. Кеудемде жаным тұрғанда бұл хаттың мазмұнын ұмытар емеспін. Соғыстан кейінгі жылдары ардагерлерді қазіргідей еске алып, марапаттаған жоқ. Соғыс аяқталғанына 30 жыл толғаннан бастап, еске ала бастады. Ештен кеш жақсы. Қырғын соғыстың құрбаны болған, үйленіп те үлгермеген, артында тұяқ қалмай, 20 жасында опат болған жауынгердің артындағы еске алып жоқтаушысы жалғыз бауыры мен ғана. Жыл сайын 9 мамыр күні жақындағанда, ата-анамның басына барып, Құран бағыштап, «Мен Әбетайды ұмытқам жоқ, әруақтарың сезе ме?» деп, ата-анамның рухымен тілдесемін. Әрине, екі көзіме еріксіз жас үйіріледі.

Алапат қырғын, қанды соғыстың құрбаны болған менің бауырымның денесі Ресей жерінің қай топырағының астында қалғанын да білмейміз. Ал еске алусыз, ұмыт қалған боздақтар қаншама? Соғыс салған жара, соғыс жылдары өмірде болған адамдардың жүрегінен жазыла қойған жоқ. Фашизмнен Отанын, елін, жерін қорғап, құрбан болған қос бауырым, сендерді үнемі есіме алам.

Шәрбан МҰХАМЕДИЯҚЫЗЫ

Қарағанды облысы,

Жаңаарқа ауданы