Жаңалықтар

«ҚАЗАҚМЫС» ЕҢБЕКАҚЫНЫ КӨТЕРУГЕ КЕЛІСІП ОТЫР

ашық дереккөзі

«ҚАЗАҚМЫС» ЕҢБЕКАҚЫНЫ КӨТЕРУГЕ КЕЛІСІП ОТЫР

4 мамырдан берi ереу­iлдеп жатқан «Қа­зақмыс» корпо­рациясының «Анненский» кенiшiнiң жұмысшылары мен «Қазақмыс» корпорациясы басшылары арасындағы келiссөз 7 мамырда аяқталды. Корпорация басшылары кеншiлердiң еңбек­ақысын көтеруге уәде бердi.

«Қазақмыс» корпорациясының «Анненский» кенішіндегі ереуіл 4 мамыр күні кешке басталған. Жерасты шахтасында жұмыс істейтін 700 адам жер үстіне шығудан бас тартқан. Биыл наурыз айынан бастап «Қазақмыс» корпорациясы жұмысшыларын аттестациядан өткізе бастаған болатын. Осыған орай корпорация басшылығы жұмысшылардың жалақысын біліктілігіне сәйкес көтере­тіндігін мәлімдеген. Алайда ірі кен орнының жұмысшылары аттестация­лаумен келіспейтіндіктерін және ай­лық жалақыларының үш жыл бойына өспе­гендігін айтып, бұған наразы екен­діктерін білдірген еді. Кеншілер ереуілі қарсаңында Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген «Қазақмыс» корпо­рациясының басқарма төрағасы Эдуард Огай күні бүгінге дейін 32 мың жұмыс­шының аттестациядан өткенін мәлімдеген болатын.

– Одан сәтті өткен жұмысшыларға еңбекақы төлеу­дің жаңа жүйесі бойынша жалақы төленеді. Бірақ оның өзі белгілі бір мамандыққа, разрядқа қарай анықталады. Соның өзінде ең төменгі жалақының өсімі сегіз пайызды құрамақ, – деген ол.

Белгілі болғанындай, «Қазақмысқа» қарай­тын Жезқазған ТЭЦ-і жұмыс­шыларының жала­қысы 30 пайызға өскен. Алайда олар жала­қыларының кем дегенде 60 пайызға өскенін қалайды екен. Эдуард Огай аттеста­ция аяқталғаннан кейін жалақы орта есеппен 20 пайызға, жекелеген мамандықтарда 30 пайызға артатынын, 72 мың жұмысшысы бар ірі корпорация биылғы жалақы қорының айлық көлемін 4,5 миллиард теңгеден 6 миллиардтан астам теңгеге көтеруді жоспарлап отырғанын айтқан. Алайда бұл тұрғыдан да бірқатар түйткілдер орын алған сияқты. «Уәде етілген жалақы жалған боп шықты. Жұмысшыларға формальды түрде 150 мың теңге жазылады. Алайда одан түсініксіз коэфициенттер алынып тасталады да, есеп шотқа 70-80 мың, тіпті одан да аз ақша аударылады. Немесе есептелгеннің 40 пайызы тұрақты жалақы, 60 пайызы жоспарды орындаған жағдайда ғана төленеді. Алайда жоспарды орындау мүмкін емес» делінген таратылған мәліметтерде.

Алайда кеше кешке таратылған ресми мәлі­меттерге қарағанда, «Қазақмыс» корпорациясы мыңнан асқан ереуіл­деушілерге жазбаша түрде уәде беріп, олардың жалақысын 100 пайызға көте­руге келіскен екен. Ереуіл­шілермен кездескен Э. Огай бұдан былай жала­қыны төлеу жүйесі де, көлемі де барынша өзгеретіндігін айтқан. «Егер жос­пар орындалған жағдайда олар 400 мың теңгеге дейін алатын болады» делінген ресми ақпараттарда.

Есенгүл Кәпқызы