Жаңалықтар

КIЛЕМ ТОҚУ ӨНЕРIН неге ұмыттық?

ашық дереккөзі

КIЛЕМ ТОҚУ ӨНЕРIН неге ұмыттық?

Бiр кездерi елiмiздiң ауылдары жаз мезгiлiнде жаппай кiлем тоқып, киiз басатын едi. Қазiргiдей жүн де аяқ астында қобырап жатпайтын. Төрт түлiк малдан келер несiбенiң молшылығы шығар, сол тоқыған кiлемiмiз бен басқан киiзiмiздi сатып, жаңа оқу жылына киiм-кешек пен қажеттi оқу құралдарымызды алатын едiк.

Шіркін, еңбекпен келген астың дәмі тәтті, киген киім де ыстық болады екен. Сол шақта кез келген дүниенің оңай келмейтінін сезініп өстік. Бірақ та қазір ауылдағы ағайынға да жалқаулық жеткен. Ауыл да жаһанданудың қамытын кие бастаған. Бүгінгі ауыл жұрты баяғыдай кілем тоқып, киіз басу дәстүрінен қол үзген. Қой-ешкінің биязы жүні де аяқасты керексіз болып барады.

Әлі есімде, Түркістан қаласының 1500 жылдығына қызу дайындық жүріп жатқан. Бірде қалаға жиі қатынайтын көршіміз «шетелдіктер қазақтың қолдан тоқыған кілеміне құмар екен. Олар бағасына қарамай сатып алатын көрінеді. Қазір Түркістан қаласы маңайының бәрі кілем тоқуға кірісіп кетіпті», – деді. Мұны естіген біздің ауылдың пысық келіншектері қол қусырып қалсын ба?! Әп-сәтте жүн түтіп, оны бояп, иіріп, шағын-шағын кілем тоқи бастады. Өзі қалың, бояуы қанық түкті кілемдер көздің жауын аларлықтай. Шынында да, қаланың тойына келген шетелдіктер қазақтың қолөнеріне ерекше тәнті болыпты. Міне, бұл олардың қолөнер бұйымдарын құрметтейтіндігін көрсетсе керек.

Бір өкініштісі, қазір ауылда бұл кәсіп жоқтың қасы. Бұған кейбіреулер мал басының азайып кеткендігін де алға тартады. Десе де, төрт түліктің жүнін өз мақсатымызға сай пайдалана алмай отырғанымыз рас. Есесіне басқа елдер, соның ішінде Иран мемлекеті кілем сау­дасынан жылына 17 млрд. АҚШ доллары көлемінде табыс табуға ұмтылып отыр. Бұл елдің кілемдерін бүгінде ауқатты аме­рикандықтар, жапондықтар және ресей­ліктер белсенді түрде сатып алуда. Ені – 2,5, ал ұзындығы – 3,5 метр қол кілемді ирандықтар бір жылға жуық уақыт тоқиды екен және бұл өнімнің әрқайсысында жеке паспорттары бар.

Иранның көптеген мемлекеттермен әріптестігі айтарлықтай болмаса да, жанармай экспортын екі есеге арттырған. Ирандық жанар-жағармайды Ирак, Ауғанстан және Араб Әмірліктері сатып алуда. Сонымен қатар, Иранның экспортында парсы кілемдері де соңғы орында қалып отырған жоқ. Болжам бойынша, алдағы жылдары мемлекет бұл өнімнің саудасынан жылына 17 млрд. АҚШ доллары көлемінде пайда көрмекші.

Кілем тоқу өнерін күні бүгінге дейін жалғап отырсақ, шетелдіктер біздің де қолөнер бұйымдарымызды қалап әрі талап әкететін еді. Тіпті оны сатып, пайда таппағанның өзінде үй ішіне іліп қойсақ, ерекше көрік бермей ме?! Бірақ ертеден тұрмыстық салтымызға сіңісіп кеткен өнер жылдан-жылға кенжелеп бара жатқан сияқты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ