Жаңалықтар

ПУТИНДІ ҰЛЫҚТАУ НАРАЗЫЛЫҚҚА ҰЛАСТЫ

ашық дереккөзі

ПУТИНДІ ҰЛЫҚТАУ НАРАЗЫЛЫҚҚА ҰЛАСТЫ

Ресей Федерациясының тағы да президенті болып сайланған Владимир Путин мамырдың 7-сінде ұлықталды. Путиннің инаугурациясына 2 мыңдай адам шақырылған.

Путин инауграциясына кеткен қаржы 20 миллион рубльге баға­ланып отыр. Бұл қаржының жартысы қонақтарға арналған ескерткіш медальдарға жұмсалған. Оның әрқайсысының құны – 5 мың рубль тұрады. Сондай-ақ, инаугурация кезіндегі түскі астың өзіне 12 миллион рубль шығындалған көрінеді.

Сонымен, Дмитрий Медведев төрт жыл отырған тағын босатса, Владимир Путин алты жылдық мерзімге қайта сайланды. РФ бұрынғы президенті Дмитрий Медведев: «Экономикалық, әлеуметтік, саяси салаларда жүргізілген ауқымды өзгерістердің жалғасын тапқаны өте маңызды. Сонда ғана біз әлеуметтік әділдік пен заң үстемдігін ту еткен күшті демократиялық мемлекет құра аламыз», – деді журналистерге берген сұхбатында. Ресей үшін өткен дағдарысты төрт жыл­ мемлекет экономикасын дамытуға ішкі және сыртқы факторлар елеу­лі әсер еткен қиын да күрделі кезең болғаны рас. Билік тізгінін қолына алған Путин мырза елдің экономикалық жағдайына жіті көңіл бөлетіндігін жеткізді.

Алайда Мәскеуде дүйсенбіден бері Пу­тиннің президенттік қызметіне кірісуіне қар­сылық танытқандар «Миллиондар маршы» шеруін ұйымдастырды. Инаугурация басталмай тұрып, Мәскеудің орталығында сайлаулар әділетсіз өтті деген ондаған оппозиция белсендісі ұсталды. Олардың арасында оппозициялық саясаткер Борис Немцов бар. Кейбір мәліметтерге қарағанда, полиция көп адамның арасынан тек ақ лента таққандарды ғана ұстаған. Ақ лентаны Ресей опозициясы әділетті сайлаудың белгісі деп қабылдайды.

Динара ДҮРМӘН