«САЙРАН» КӨЛІ АБАТТАНАДЫ

«САЙРАН» КӨЛІ АБАТТАНАДЫ

«САЙРАН» КӨЛІ АБАТТАНАДЫ
ашық дереккөзі

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары бұл жер Алматы қаласының күнбатыс жағындағы үлкен қазаншұңқыр болатын. Мұнда қаланың құрылыс жұмыстарын жүргізетін мекемелер және күйген кірпіш шығаратын шағын зауыт жұмыс істеген көрінеді. Қазаншұңқырдың шығыс жақ бетін таудан бастау алған Үлкен Алматы өзені иретіле басып өтіп жатты. Бертін келе қала құрылысы қанат жайып, сол қазаншұңқырға да жетеді және ондағы құрылыс мекемелері басқа жаққа ауыстырылады. Қала басшылары кеңесе келе қазаншұңқырды көлге айналдыруды жөн көрген. Үлкен Алматы өзенінің алдын бөгеп, шұңқырға су толтырады. Көл жиегіне ағаштар отырғызып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізеді. Көп кешікпей көл «Сайран» атанып, қала тұрғындарының демалыс орнына айналған. Қазір көл 97 гектарды алып жатыр. Мұнда жыл сайын жиналған су көлемі 463521 шаршы метрді құрайды.

Тәуелсіздігіміздің соңғы он жылында Алматы қаласының келбеті мүлдем өзгерді. Сәулеті жағынан көз тартатын биік-биік тұрғын үйлер бой көтеріп, жаңа көшелер түзілді. Енді міне, Сайран көлінің бейнесін тұрғындардың қазіргі талабына сай өзгертіп, жағалауын абаттандыру қолға алынып отыр. Мұндағы абаттандыру жұмыстарын үстіміздегі жылдың ақпан айынан бастап мердігер «Caspian contractors trust» ЖШС жүргізуде. Ал оларға тапсырыс беруші «Сайран» ЖШС. Мердігер құрылыс жұмыстарын бес жылға жоспарлап отыр. Жұмыс үш кезеңде атқарылады. Әуелі көл табанын тазарту жұмыстары, содан кейін жеңіл құрылыстары, соңынан күрделі құрылысы жүзеге асырылатын болады. Жалпы құрылысқа жұмсалатын қаражат 3 млрд. теңгені құрайды деп жоспарланып отыр. Ақпан айынан бері көл табанын тазалау жұмыстары жүргізілуде. Оған 30 техника мен 60 жұмысшы кірісіп, 700 мың текше метрден астам топырақ қала сыртына шығарылды. Өткен сәуір айындағы сенбілікте студенттер мен оқушылардың көмегімен көл табаны мен айналасы бірнеше тонна күл-қоқыстан тазартылды.

Тазарту жұмыстары біткен соң балалардың жаз кезінде демалып, ойнайтын бөлігінің құрылысы басталады. Содан соң түрлі спорттық ойындар тенис алаңдары, ересектерге арналған жағажай волейбол мен баскетбол жарыстары өткізілетін алаңдар салынады. Соңынан көл ортасындағы аралда қонақ үйлер, демалыс жайлары тұрғызылып, басқа да мәдени кешендері пайдалануға беріледі. Жоғары қысымда ауа арынында қалықтауға арналған «Аэротруба» және түрлі-түсті бояулармен атысып ойнайтын «Пейнтбол» да демалушылардың көңілдерін көтермекші. Бұлардан басқа да еуропалық стандартта жасалынған аттракциондар болашақта келушілерге құшақ ашпақ.

Қазір құрылысшылар зорбингкке арнал­ған құрылысты бастады. Бұл диаметрі үш метр болатын жұмсақ материал­дан жасалынған үлкен шар. Оның ішіндегі адам көзге анық көрінеді. Шар биіктен төмен қарай секектей дөңгелеп көлге келіп түседі. Көлдің күнбатыс жақ бетін­дегі жағалауға қазақтың тарихынан сыр шертетін эпостық би-батырларының суреттік бейнелері, жайылымдағы төрт түліктің тастан қашалған мүсіндері, «Ауыл» деп аталатын бірнеше ақ боз киіз үйлер тізбегі орын тебеді. Киіз үйлердің іші жиһаздарымен жабдықталып, келушілерге ұлттық тағам түрлері ұсынылатын болады. Төле би көшесінен Абай даңғылына дейін созылатын «Ауыл» үйлерінің ара арасына ұлттың әшекей бұйымдары сатылатын дүкендер орналастырылады. Айта кететін тағы бір жайт, көлдің шығыс және батыс жағалауларынан ішке біраз сұғынып жататын құрылғы (пирс) салынады. Сол құрылғылардан үлкен екі қайық шығатын болады. Бұл қайықтар жаңадан отау құрған жас жұбайларға арналған. Оның бірі – «Төлеген», екіншісі – «Қыз Жібек» деп аталады. Екі жақ беттен шыққан кемелер көл ортасында түйісіп, сол жерде неке қию рәсімі өтіледі. Сондай-ақ ойлы-қырлы жерлерге «Аквапарк» пен «Океанариум» құрылыстары да өз ерекшеліктерімен көз тартатын, келушілерді қызықтыратын орындарға айналары сөзсіз. Әлемдік үлгідегі «Океанариум» құрылысын «New Building» деп аталынған инвесторлық компания салатын болып келісілген. Бұл күрделі құрылыс болғандықтан ең соңынан жүргізу жос­парланып отыр.

Күрделі құрылысқа жабық тамақтану орындары және жаздық дәмханалар мен дельфинарий жайлары да жатқызылған. Алайда көлдің жағдайын, тазалығын бір қалыпта ұстап тұру үшін тамақ сырттан пісіріліп, дайын күйінде әкелінетін болады.

Көл жиегіндегі шатырлар, орындық­тар және жұрт киімдерін ауыстыратын орындар қайта жаңартылады. Жобада кешкісін эстрада әртістері өнер көрсететін көлемі 6,5 мың метрлік сахна мен көрермендер алаңы да көрсетілген.

Көлдің әр тұсына баспалдақтар салынып, ауа тазалығына септігін тигізетін экзотикалық ағаш түрлері отырғызылады. Бұдан былай көл жағасында кездейсоқ көліктердің жүруіне жол берілмейді. Демалушылардың көліктері тұратын ар­найы орындар да жобада мұқият қарас­тырылған. Қысқасы, «Сайран» көлі демалыс орны бес жылдан соң адам танымастай өзгеріске енері хақ. Ең бастысы, мұнда бірнеше жүз адамдарға жаңа жұмыс орындары ашылып, қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақыты мен демалыстарын көңілді өткізетін орынға айналады. Ал бұл олардың саламатты өмір сүру салтын жаңа сатыға көтерері сөзсіз.

Көлбай Адырбекұлы