«ЖАҢА ҚАЗАҚТАР» ЖАРЫЛҚАЙ ҚОЙМАС...

«ЖАҢА ҚАЗАҚТАР» ЖАРЫЛҚАЙ ҚОЙМАС...

«ЖАҢА ҚАЗАҚТАР» ЖАРЫЛҚАЙ ҚОЙМАС...
ашық дереккөзі

Әлем экономикасының Давоста өткен таяудағы форумы қаржылық дамудың жаңа либериализм түрiнiң баянсыздығын мойындады. Ендi социализм мен капитализмнiң артықшылықтарын қосарлана пайдаланған жаңаша бiр құрылымның қажет екенiн жариялап та жатыр. Дүниежүзiнiң қазiргi жағдайына қарап, либериализм саяси-экономикасы мен қоғамдық саясаты құрдымға кеттi деп мәлiмдейтiндер де баршылық. Әлемдiк экономикалық Давос форумына баға берген сарапшылар ендiгi жаңа құрылым социализмдi үйлестiрумен жүретiн капитализм базасына негiзделедi деген пiкiрде.

Жалпы, кез-келген теориялық тұжы­рым­дамаларды шынайы өмірмен сабақ­тастырып, жүзеге асыру мәселесі ұтымды ұйымдастырылған институттар мен білікті мамандарға келіп тірелуі заңдылық. Олай болса, бұл мәселенің Қазақстан секілді ашылып-шашылып жатқан елдер үшін оңайға соқпасы анық. Шенеуніктері жауапкершілік атаулыдан жұрдай біздің елде тіпті қиын. Айталық, әкім немесе министр болған белгілі адамдар қызметтен кете сала шетелдерге қоныс аударып кетеді. Біраздан соң оған іздеу жарияланып, қылмыстық іс қозғалады. Табиғи байлығы мол, әжептәуір бай елдердің қатарына жататындығына қарамастан Қазақстанның халқы кедей. Ел экономикасын кім көтереді, алдағы болашақта қалай дамытады, жұрт кімге сенім артады, ол жағы беймәлім.

Социализм тұсындағы көп жылдары жиған-тергендерін талай дамушы елдер либериализмді таңдаған 20 жылдың ішінде құртып тынған. Олардың саяси жүйелері олигархтардың ашса алақанына, жұмса жұдырығына көшкен. Әлеуметтік әділетсіздік пен экономикалық алаяқтық, ұрлық-қарлық белең алып, қоғамдық саясат тығырыққа тірелді деп есептейтін институттар да әлемде баршылық. Кешегі социалистік, бүгінгі дамушы аталатын елдердің арасында денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, зейнетақы жүйесі секілді өзекті түйткілдер шешімін таппай, жұртта қалған ескі үйдің кебін кигені рас.

Сонымен қатар бүгінде «жаңа қазақ», «олигархтар» атанып жүргендердің көбі бұрын ырғақты жұмыс істеп келген зауыттардың күл-талқанын шығарып, техникалары мен құрал-жабдықтарын талан-таражға салып, совхоз-колхоздардың мал-мүлкін қала базарларында ақша-пұлға айналдырғандар екені белгілі. Олай болса, либериализмнің саяси, экономикалық машинасы бүкіл әлемде белшесінен батпаққа батқан секілді. Қалай десек те біздің елімізде де әлеуметтік теңсіздіктің пайда болғаны шындық. Астана, Алматы секілді мегаполистерде біреулер көп пәтерлі тұрғын үй кешендерін жалға алатын кісі таппай «тойып секірсе», халықтың көп бөлігі қала шетіндегі саяжайлар маңынан тапқан ұлтарақтай жер телімін заңдастыра алмай сандалып жүр. Бұл жерде социализмді дәріптеудің, капитализмді даттаудың қажеті жоқ. Бүгінгі Қазақстан «жан басына шаққанда жалпы ішкі өнімі 11 мың АҚШ долларына тең» деген көрсеткішімен бай елдер санатына жатса да, жүйесіз либериализмнің салдарынан ел тәуелсіздігіне қауіп төніп отырғанын, отаншылдық сезімнің құнсызданғанын, экономиканың алаяқтарға жем болғанын, дағдарыс пен кедейшіліктің белең алғанын, инфляция, банк қарызы өсімдерінің алқымдап келе жатқанын айтпау күнә.

АҚШ-та 1930, 2008 жылдары болған дағдарыстың сырын ғалымдар мемлекеттің ел экономикасына жіті көңіл бөлмей, либералдық тұрғыдан қарауының салдары деп танып отыр. Әрбір демократиялық мемлекет өз халқын ең бергісі ішер ас, киер киім, жатар орынмен қамтамасыз етуге міндетті. Осы миссиясын толық атқарған соң ғана саяси, экономика, әлеуметтік мәселелер жайындағы саясатын белгілеп, әлем назарын аударатын түрлі жиындарын өткізіп, үздіксіз көңіл көтерумен айналыса берулеріне болады.

Демократия теориясында «халықты алда, ұрлық жасап байыған соң билік орынтағын сатып ал, алаяқтықпен айналысып, шетел банктеріне қаржыңды жасыр» деген баптар жоқ. Демократиялық құндылықтың негізі –әділдік, адамгершілік, теңдік. Олай болса, «Соңғы екі-ақ жылдың ішінде 40-тан аса республикалық деңгейдегі басшы, облыстық, қалалық көлемдегі, әкімдер мен әкім орынбасарларын қосқанда 250-ден астам жауапты тұлға қылмыстық жауаптылыққа тартылды» деген мемлекет басшысының ресми мәлімдемесі нені білдіреді? Аталмыш мәлімдеме жемқорлық пен сыбайластық жағынан әлемде дес бермей тұрмыз деген сөз. Соның салдарынан ел тұрғындарының тең жартысынан астамы кедейшіліктің зардабын тартып отыр. Банктен алған несиелері мен ипотеканың өсімін қайтара алмағандардың алды асылып, соңы көп қабатты ғимараттың үстінен секіріп, өздерін өртеп өлуге дейін барып жатыр. «Мұнайбарондарының» тойымсыздығы салдарынан Жаңаөзенде бейбіт тұрғындар оққа ұшты.

Бай мен кедейдің арасындағы айыр­машылық та жер мен көктей. Кейбір зерттеу­шілердің мәлімдеуінше, олигархтардың табысы қатардағы қызметкердің кірісінен 250 есе көп көрінеді. Соның бәрін байлар адал еңбегімен тауып отыр деу орынсыз шығар. Экономикалық тұрғыдан әлемде бәсекелестікке ең қабілетсіздер қатарында біз тұрғанымыз айдан анық. Қазақстанда сыртқы жалпы қарыз 123,2 млрд. долларға бағалануы осы сөзімізге дәлел.

Қазақ жерінің асты-үстіндегі байлығын тонап, экологиялық апатқа қарай сүйреп келеміз. Енді атом қалдықтарын әкеліп көмбекпіз. «Судың да сұрауы бар» және оның тіпті қатал екендігін кешікпей қатты сезіне бастайтын түріміз бар. Мақтанып айтуға тұрарлық неміз қалды?Өзге жұртты қайдам, әйтеуір біздегі либериализм тұрпатындағы экономика жеке тұлғалардың тойымсыздығына, ашкөз жемқорлығына негізделгендіктен шығар, ар-ұят, моральдық құндылықтар аяққа таптала береді. Ол аз болғандай ел тәуелсіздігіне, ұлттық қауіпсіздікке де салқынын тигізетін түрі бар. Себебі бізде бүгінде бәрі ашық-шашық. «Есіктен кіріп, төр менікі» дейтіндерге қолайлы жағдай жасалып қойған. Табиғи байлығымызға, мұнайымызға қожалық етіп отырған шетелдік компаниялар заңдарымыздың өзіне пысқырмайтын астамшыл болып барады. Жерімізді өндіріс қалдықтарымен улағандарымен қоймай азаматтарымыздың «табан ет, маңдай тері» жалақыларын бермей қорлайтын жағдайға жеткен. Ал оған ара түсіп, жоғын жоқтауға міндетті шенеуніктеріміз біз төлеген салық­пен білгендерін істеп, қалтаның қамы­мен жүр. Көптің игілігі үшін, елдің гүлденіп дамуы жолында жан аямауға тиіс ел тізгінін ұстаған тұлғалардан қайыр болмаған соң не шара?!

Экономикалық либериализмнің салдарынан Африканың бірқатар елдері шетел көмегіне басыбайлы кіріптар болып, тәуелсіздіктерінен көз жазып қалғандары бізге ащы тарихи сабақ болуы керек еді. Соған қарамастан біз ұлттық мүддеге, ар-ұятқа, адамшылыққа пысқырып та қарамайтын «жаңа қазақтарды» көптеп тәрбиелеуіміз керек деп өзеурейміз. Еуропа елдеріндегі қазіргі қаржылық дағдарыстың өзі жаңа либериализм делініп жүрген экономикалық құрылымның баянсыздығын көрсеткендей болды. АҚШ-тағы дағдарыстың салдарынан көптеген орташа американдықтар кедейлер қатарына сырғып түсіп жатыр. Енді, адамзат соңғы 30 жыл бойы ту етіп көтерген либералдық тәсілімен қоштасуына тура келетін шығар. Давос форумының діттегені де сол секілді көрінді.

Жалпы, нарықтық экономика – ұжымдық күшпен негізін қалап, өзіндік ереже-тәртібін қатаң сақтап, жауапкершілікті терең сезіне білсе ғана баянды болмақ. Ал әркім білгенін істеп, бейберекеттікке жол берсе, әрине «байтал түгіл бас қайғы». Бүгінгі өмірдің өзі көрсетіп отырғанындай, жеке мүддеге деген қызығушылық артып, ұлттың қамын ойлау жағы шектелген сайын ел экономикасы буданданып, оң аяғынан ақсай түспек. Ел көлемінде іс жүргізетін ірі өндірістердің орнына орта, шағын немесе отбасылық деңгейдегі шаруашылыққа иек арту дамуға жетелемейді. Ол тек қана тоқыраушылықтың, артта қалушылықтың нышаны.

Экономика – білім мен біліктілікке негізделгенде ғана елдің өркендеуін қамта­масыз ете алады. Біздің әкім-қаралардың айтуға құмар – «бәсекеге қабілеттілік» деген сүйікті сөздері бар. Оның өзі қаншалықты теориялық негіздемесі мықтылығына, оған сіңген білімділік деңгейдің биіктігі қандай дегенге сай көрініс табады. Әйтпесе, сөз жүзінде айтып, іс жүзінде шикізатқа ғана сүйенген экономикамен алысқа шаба алмаймыз. Қазба байлық, мұнай, металл секілді таза шикізатқа ғана негізделген, өндірістік жаңа технология атаулыдан жұрдай экономикалық құрылым біздің адамзат өркениетінен көптеген жылдарға артта қалып отырғандығымыздың айғағы.

Жалпы, шенеуніктерінің әлеуеті төмен, экономикасы шикізатқа сүйенген, әлеуметтік саясаты жетілдірілмеген елді орта ғасырдағы феодализммен ғана салыстыруға болады. Өз халқын екінші деңгейдегі банктердің пайыздық өсімдерінің табанына салып берген, арасында инфляциямен мүжитін, айлығы шайлығына жетпейтін, екі қолында дип­ломы болғанымен жұмысы жоқ жастары өріп жүрген елді өркениеттің қай санатына жатқызуға болады?!

Мұндай жағдай жалғаса берсе, қоғамда тұрақсыздықтың белең алмауына, әлеуметтік институттардың әлсіреп күйремесіне еш кепілдік жоқ. Жұмыс орындарын ашу, ең­бекақы төлеу, денсаулық сақтау, білім беру секілді әлеуметтік маңызды салалардың ат­қаратын рөлін жоғарылатпайынша кедей­шілікпен күресті іс жүзінде қарқынды ету қиын.

Дүниежүзілік екінші соғыстан кейін Кеңес одағының аяғынан тік тұрып кетуінің себебін зерттеген экономистер орыстар Германиядан көп дүниені ұрлап, тасып әкетті дегенді алға тартады. Өндіріс, кәсіпорындарын сол күйінде вагондарға тиеп әкеліп, өз жерінде орнатты. Ал сол соғыстан кейін АҚШ эко­номикасының дамуындағы басты фактор – олар неміс ғалымдары мен мамандарын, техникасы мен технологиясын сол күйінде әкеліп орнықтыруы болған екен.

Жалпы, Германия экономикасы ұжымдық құрылымға негізделетіндіктен кез-келген дағдарысқа төтеп бере алатын көрінеді. Шынында, Еуропада дағдарыс өршіп, әлем экономикасы әлсіреп жатса да немістер абыржып отырған жоқ. Қазіргі таңда дағдарыстан қажыған адамзаттың үкілі үміті тағы да Германия болып отыр. Тарихқа зер салсақ, әлем руханиятының айтулы теориялары мен тұжырымдамаларын жасап, кәдеге жаратқан ақылмандардың дені неміс ойшылдары екені белгілі.

Олай болса, Қазақстанның түрлі даму стратегиялық бағдарламаларын жүзеге асыратын да, болашағын жарқын етіп, гүлденіп дамудың биік сатысына көтеретін де оның шикізаты мен табиғи байлығы емес, өз ісін білетін білімді де, білікті азаматтары, әлеуеті биік мамандары екендігі еш шүбәсіз шындық.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ

Астана қаласы