КРЕМЛЬ ҚАБАҚ ТҮЙСЕ...

КРЕМЛЬ ҚАБАҚ ТҮЙСЕ...

КРЕМЛЬ ҚАБАҚ ТҮЙСЕ...
ашық дереккөзі

Қазiргi әлемдiк жаһандану үдерiсi толқынында адамдардың ой-санасын тұмандатып, айқын жолдан адастыру, ақты – қара, қараны – ақ деп дәлелдеу үшiн қолдан келген амал-айланың бәрiн iстеп, адамгершiлiктен тыс қадамдарға да баруға болады. Макиавеллилiк мұндай қағида қазiр барлық саясаткерлердiң құпия қаруына, оның ақыл-кеңестерi қолдарынан тастамайтын оқу құралына айналған. Тiптен көзге, санаға анық белгiлi құбылыстың өзiн бұлдыратып, шындықты қанкөбелектей шырқ үйiрiп жiбергендерiнде, қалың көпшiлiк әу бастағы анықтың iзi қайда барып үзiлгенiн аңдай да алмай тосылып қалатыны рас.

Бұл бүгіндері бүкіләлемдік дең­гей­дегі бе­делді саясаткерлердің қолындағы ең­ мықты көзірге айналған іспетті. Және осы екіжүзділік дипломатияның, қо­ғамдық пікір қалыптастырудың ең озық үлгісі, биік шыңы, терең мағыналы саясат және қандай да қиын тұйықтан алып шығатын шеберлік ретінде кеңінен насихатталуда. Ал мұндай ұстанымды адамзат ықылым замандардан бері қарапайым тілмен бәтуасыздық, аярлық деп атайтыны бесенеден белгілі. Әсіресе Ресей тізгінін уысына ұстағандар бұл мәселеде алдына жан салған емес. Қол қойылған мәмілелерді сақтамау, өтірік айту, әріптестерін жалған айыптау, қоқан-лоққы жасап, бопсалау, тоңмойындық пен менмендік әр кез олардың саяси ойын құралына айналған болатын. Тарихи мысалды алыстан із­деу­дің де еш қажеті жоқ. Мәселен кеңестік қызыл империяның тізгінін қарулы күшпен өз уыстарына алған большевиктер Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында патшалық Ресейдің АҚШ, Англия, Франция және басқа да одақтас елдерден соғысты жүргізу мақсатында алған қомақты қарызын қай­тармай қойғаны белгілі. Мұның өзі Ресей мен Батыс елдері арасында ұзақ жылдар бойына дипломатиялық қарым-қатынастың орнатылуына кесірін тигізді. Ал Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Кремль Ленд-лиз бойынша алынған қару-жарақ, азық-түлік, басқа да әскери көмек үшін қарызды қайтаруды сиырқұйымшақтандырып жібергендері соншалық, соғыстан соң іле-шала күні кеше ғана одақтас ретінде ортақ жауға қарсы күрескен елдер арасында «қырғи-қабақ соғыс» тұтанды. 1991 жылдардан соң жаңа Ресейдің басшылығы да КСРО-ның батыс елдері алдындағы қарызын төлеуді саяси саудаға салған. Алпауыт елдер өз қарыздарының жұлым-жұлымы шығып, шартты түрде қайтарылғанына да амалсыздан дән риза болған.

Патшалық Ресей және Кеңес им­пе­­рия­сының қыр-сыры мен арадағы дипломатиялық қарым-қатынастың бүге-шігесіне әбден қанық, ант-су ішілген талай уағдаластық орыстардың тарапынан жел сөз ғана болып қалғанын өз көзімен көрген от тілді, әрбір уәжі жылдар өте келе мәңгілік афоризмдерге айналған Уинстон Черчилль: «Орыс­тар­мен жасалған кез келген келісім, қол қой­ылған дәп сол қағаздың құнына да тұрмайды» деп тегін айтпаса керек. Көзі анық жеткен шындықты кейінгіге үлгі болсын деп, күйінгеннен жайып салғаны күмәнсіз.

Басқаны былай қойғанда, Ресей Федера­ция­сы тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде жарты ғасырға жалға алынған Байқоңыр ғарыш айлағы үшін стратегиялық әріптесі әрі мәңгілік дос деп саналатын Қазақстанға да сандаған жылдар бойы жүздеген миллион доллар ақшаны төлемей қойды. Тіптен өздері жасап, кепілдік берген «ҚазСАТ-1» жер серігі көп ұзамай-ақ шексіз ғарышта із-түзсіз жоғалып кеткенде де айыппұл төлемеу үшін қисынсыз сөзбұйдаға салып, қазақ елін келемеж қылғаны Уинстон Черчилльдің айтқаны нағыз ақиқат екеніне айқын дәлел.

Кремль ежелден уәде бергіш-ақ, бі­рақ уағ­да­ласқан келісімдерді іс жүзінде орын­дауға келгенде күлбілтелеп, ант-су ішкен сө­зінен тайқып шыға беретіні талайларды еріксізден тұйыққа тірейтіні де аян. Әсіресе дәп осындай көлгірсу мен бата бұзған бәтуасыздық қазіргі Қырғызстан мен Ресей арасындағы экономикалық, сая­си қарым-қатынаста айрықша орын алып отырған сияқты. Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевтың айтуынша, соңғы 15 жылда Бішкек пен Мәскеу арасында жүзден астам түрлі құжаттарға қол қойылған. Алайда, солардың басым бөлігі Ресей тарапынан мүлдем орындалмаған көрінеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Кремльдің қолдауымен «Интер РАО» компаниясы Қырғызстанның «Қамбарата-1» ГЭС-іне 2 млрд. доллар көлемінде инвестиция құю­ға уәде беріп, осы бір «ғасыр жобасы» бай­тақ Ресейдің барша бұқаралық ақпарат құ­рал­дарында кеңінен насихатталды. Тіптен сол­ кезде де Кремль билігін уысында ұстап отыр­ған В.В.Путиннің өзі бірнеше рет биік мін­бер­лерден мақтанышпен жар салып, бауырлас екі ел арасындағы достық, туысқандық байланыстардың жарқын көрінісі және озық үлгісі деп озандаған. Екіжақты келісімге де қол қойылған-ды. Алайда осы аса маңызды келісім дәп Кремль тарапынан орындалмай, құр сөз күйінде ғана қалды. Уәде етілген 2 млрд. доллардың орнына Бішкек небары 1 млн. доллардың ғана сыңғырын естіген.

Осымен қатар «РусГидро» компаниясы На­рын­ өзенінде төрт су электр станция­сын салуға көмектесетіні жөнінде де шарттасқан еді­. Қуатты компания Ресей билігінің кө­ме­гімен өздеріне аса тиімді келісімге қол жеткізген болатын. Аталмыш жоба да тек қағаз жүзінде ғана қалып, әлі күнге көк тиын да бөлінген жоқ.

Ақпан айының соңына Қырғыз рес­пуб­ли­­касының президенті Алмазбек Атамбаев Мәс­кеуде Ресей басшысы Дмитрий Медве­дев, Ресейдің басқа да билік иелерімен кез­де­сіп, екі ел арасында қалыптасқан кісі төзгісіз жағ­­дайды әңгіме еткені мәлім. 27 ақпан күні­ қызуқанды, әділетсіздікке төзбейтін қыр­ғыз елі­нің президенті беделді «Коммерсант» газетінің тілшісіне кең көлемді сұхбат бе­ріп, Ресейдің осыған дейін жасалған ке­лі­сімдердің көп­шілігін мүлдем орындамай­ отырғанын ашық мәлімдеді. Ашуланып айтты.

Осы сұхбатта көтерілген басты мәселенің бірі­ – Ресейдің Қырғызстандағы «Кант» 999-әуе базасының жайы. Бұл базаның құрылғанына бес жыл толса да Ресей әлгі күнге бір тиын да төлемеген. Ол ол ма, әу баста келіскендеріне қарамастан қырғыз ұшқыштарына да ештеңе үйретпепті. Жал- ақысы төленбеген, көрсетілген мін­дет­те­ме­лердің ешбірі орындалмаған. Ақыр соңында 15 млн.доллар берешек болып отыр. Аса бай, әлеуетті Ресей үшін бұл сома соншалықты көп ақша да емес, бірақ шағын, ішкі алауыздыққа толы елге азын-аулақ ақша қайтарудың өзін Кремль ар санайтын секілді. Айта берсе сөз көп. Өткен жылы Бішкекке ЕурАзЭС-тің дағдарысқа қарсы қорынан 106 млн.доллар бөлінетін болып, бұл жайт та кеңінен насихатталған еді.Аталмыш несие қырғыз елінің бюд­же­тін қамтамасыз етуге бағытталмақшы бол­ған және аңқау Бішкек бұл соманы өткен жылдың бюджетіне де ен­гіз­ген-ді. Алайда аса ауыр күндерді басы­нан өткеріп жатқан, экономикалық қи­ын­дықтармен күресіп жатқан қырғыз еліне бір­ тиын берілген жоқ.

Мұның бәрі түйткілдің бір парасы­ ғана. Ең таңданарлығы, осыдан кейін-ақ «Кант» әуе базасы Құрманбек Бакиевтің кезінде Ресейге мүлдем тегін пайдалануға берілгені ашылды. Гәп онда да емес. Қырғызстанда Мәскеу жалға алған түрлі әскери маңызды нысандардың саны көп. Мәселен Ресей әскери-теңіз флотының Қаракөл қаласындағы қайықтарға қар­сы сынақ базасы, РФ әскери-теңіз фло­ты­ның Спартак елді мекеніндегі 338-ші бай­ланыс торабы, сондай-ақ Қорғаныс ми­нистрлігінің Майлы-Суу қаласындағы ар­найы тексеру қызметінің автономды пунк­ті.­ Жалға берілген нысандардың жалпы кө­лемі 863 гектар, оған қосымша әйгілі Ыс­тықкөл айдынының ауқымды бөлігі де рес­ейлік әскерилердің иелігінде.

Қазақстандықтар жаппай демалуға құш­­тар жайсаң көлде Ресейдің әскери қызметкерлері құпия түрде теңіз тор­пе­до­­ларын сынақтан өткізетіні бұрыннан мә­лім. Ресей жоғарыда айтылған маң­ыз­ды нысандарды сонау 1993 жылдардан­ бері үздіксіз пайдаланып келеді. Бірақ соң­ғы 5-6 жылда бұлар үшін жалақысын тө­леуді мүлдем жадынан шығарып, емін-ер­кін сайрандап жүр. Ресми Бішкек әлсіз на­разылық танытса, Кремль қабағын түйеді…

Осының бәріне қарап, Ресей қазақ же­ріндегі жалға алған әскери нысандар, түр­лі әскери базалар үшін ақы төлей ме деген ой иектейді. Төлемдердің көлемі қан­ша және олар қайда жұмсалады? Кремль қабақ түйсе, Қазақстан да еш­қан­дай төлем сұрауға қауқарсыз шығар, сірә?!

­

Жаңабек ШАҒАТАЙ