ҮШ МЫСАЛ, БIР ТҮЙIН

ҮШ МЫСАЛ, БIР ТҮЙIН

ҮШ МЫСАЛ, БIР ТҮЙIН
ашық дереккөзі

ӨТКЕН бейсенбі күні Алматы қалалық әкімшілігі үйінің алдына бір топ зейнеткер жиналды. Өңдерінде ашу-ызаның табы бар. Әкімшілік өкіліне тұс-тұстан дауыстап, шағымданып жатыр. «Ай сайын алып жатқан зейнетақымыз мардымсыз». «Базардағы азық-түлік бағасы күннен-күнге өсіп барады. Енді міне, жығылғанға жұдырықтың керімен электр энергиясын да қымбаттатып отырсыңдар». «Дәрі-дәрмектің күшімен ғана күн кешіп жүрген жайымыз бар. Зейнетақымыздың көбін соларға жұмсаймыз. Зейнетақыны көбейтпесеңдер күн көруіміз қиындап барады». Өкіл оларды осы аптада арнайы шақырып, кеңесетіндерін жеткізіп, әрең таратты.

Бұл дау-дамай неден шықты? Сол аптаның басында «Хабардан» бастап, бірқатар телеарналар республика бойынша электр энергиясының тарифіне өзгерістер ендірілетінін, жалпы оның қуатының қымбаттайтынын жариялаған еді. Тиісті министрлік бұл шараға электр стан­са­ларындағы қондырғылардың тозға­нымен, оларды жаңамен ауыстыру қажеттігінен туындағанын уәж етіп отыр. Осыдан біраз жыл бұрын да осындай себеппен электр қуатын қымбаттатқаны жұрттың есінде. Олар: «Қондырғыларды жаңартқан соң, қайта арзандатамыз» – дейді. Ал оған күндерін санап отырған зейнеткерлердің көнгісі жоқ. Қарттардан басқа күнкөріс жалақылары төмен жандардың да еңселері түсіп кеткен. Олар: «Электр қуатына баға көтеріліп қана қоймайды, ертең азық-түлік пен тұрмыстық тұтыну бағалары да тағы өседі. Өйткені бұлар бір-біріне тығыз байланысты. Ал біздің жалақыларымыз кемімесе, өсетін түрі жоқ», – деп шағымдануда.

«Мұндайда бұрынғы мен қазіргіні еріксіз салыстырасың,– дейді байырғы инженер, қазіргі қарапайым зейнеткер Асылжан Ерсінбеков. – Кеңестер Одағы кезінде осы Алматыда бірнеше ірі өндіріс орындары жұмыс істейтін. Алматы поршень зауыты, Станок жасау зауыты, Киров атындағы зауыт, Алматы ауыр машина жасау зауыты, Алматы тігін-трикотаж фабрикасы, Алматы мақта-мата комбинаты және басқа да өнеркәсіп орындары. Солардың әрқайсысында он-он бес мыңнан жұмысшы екі ауысымда еңбек ететін. Олардағы алып станоктар электр қуаттарын көп мөлшерде қажет еткені бесенеден белгілі жай. Сол кезде де электр қуаты тұрақты болатын. Ал қазір ше? Алматыдағы сол өндіріс орындарының көбі жабылған. Жұмыс істеп жатқандары толық қуатында емес. Бүкіл республика көлеміндегі жағдай осындай. Сондықтан да жұмыссыздық қатары кемімей отыр. Демек электр қуаты да бұрынғыдай көп мөлшерде пайдаланылып отырған жоқ. Ал бұлар әр екі, үш жыл сайын электр қуатын қымбаттатумен келеді».

Табиғи монополияларды реттеу­ аген­т­ті­гінің Алматы қаласындағы департаменті қала мен облыс тұтынушылары үшін 12 пай­ыздық қосымша құн салығын қосып есеп­тегендегі электр қуатының тарифі 1 квт сағатына 13 теңге 20 тиын көлемінде бел­гіленуін экономикалық жағынан орынды деп тапқан. Қала тұрғындары: «Электр қуа­тының бұл қымбаттауы стансалардағы қон­дырғыларға байланысты емес, қаржы дағ­да­рысына байланысты туындап отыр. Міне, те­міржолда жолаушылар тасымалдау бағасы да өсті», – дейді.

Шымкентте жыл сайын көктемнің осы кезеңінде базардағы азық-түлік бағасы өсіп кететін. Ал биыл ондағы жағдай мүлдем басқаша. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен қала әкімі Арман Жетпісбаев былтыр күзде картоп, пияз және басқа да дақылдарды қажетті мөлшерде жинап алып, қоймада сақтаған. Сол сақтағандарын енді қала базарларындағы сатушыларға төменгі бағамен беріп, соның есебінен бағаның өсуін тежеп отыр. Сондай тәсілді неге Алматы қаласының әкімшілігі де қолданбасқа?!

***АНА тіліміз үшін күрес Кеңестер Одағы кезінде басталған еді. 1989 жылы 22 қыркүйекте 11-ші сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс 14 сессиясы қабылдаған «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының тіл туралы» Заңы баспасөздерде жарық көрген. Сол сессияда қазақ тілі мемлекеттік тіл статусын алған еді. Бірақ сол заңда көрсетілгендей қоғамда қолдану аясы жұрт көкейінен шыға қоймады. 1997 жылы 11 шілдеде Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 21 қарашадағы №1122 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтудің, оның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың 2007–2010 жылдарға арналған тұжырымдамасы да халыққа жарияланған болатын. Өкінішке қарай, сол Заң мен қаулының да орындалуы көпшіліктің көкейінен шыға қоймады. Республиканың тіл жанашырлары: журналистер, әдебиетшілер, ғалымдар, қарапайым жандар ақпарат құралдары арқылы өз ойларын айтып, жазса да өзекті мәселе шешімін таппаса не шара. Жыл сайын қазан айында тілдің үлкен жанашыры, ақын Мұхтар Шаханов рұқсат етілген митингі де өткізіп келеді. Неге екенін қайдам, сол митингілерге мүйіздері қарағайдай академик (қай ғылым саласының да) ағаларымыз қатысып, өздерінің құнды ойларын ортаға салғанын көрген емеспіз. Рұқсат етілген митингіде ақыл-кеңестерін беруге болады ғой. Олардың тілімізге деген шын жанашырлығын содан-ақ көре беріңіз. Тіл үшін жиналған қауымға неге келмедіңіз деп сұрасаңыз, өздерінің сол күні сырқаттанып қалғанын, не ойымды газеттерде айтқанмын дегенді желеу етеді. Тілге жанашырлықтарынан гөрі, билікке жалтақтаулары басым сияқты. Ал баспасөздерді парақтасаңыз жазғандарын да ілуде бірін ғана болмаса, көп кездестіре алмайсың. Мысалы үстіміздегі жылдың өткен үш айындағы баспасөздерді ақтарып көріңіз, бірде-бір академиктердің тіл туралы ашына жазған мақаласын көрмейсіз. Оның үстіне газет-журналдардың тираждары­ да, оларды оқитындар да аса көп емес. Бар үміт Заң талаптарының орындалуын қадағалайтын құқық қорғау органдарында еді. Бірақ олардан әзірге қайыр болмай тұр.

Қазір ақпарат құралдарының ішінде телеарналардың дәуірі жүріп тұр. Кешкісін жұрттың бәрі көгілдір экран алдында отырып, ел жаңалықтарын көреді. Осы үш айда арқа сүйеген ақсақалды академик ағаларымызды тіл мүддесін алға тартып, жанашыр сөздерін, тұжырымды ойларын ортаға салып жатқанын көрген де, байқаған да жан жоқ. Тым болмаса солардың жетпіске, сексенге, сексен беске келген мерейтойларын экраннан көрсетіп жатқанда, соған байланысты әкімдердің қабылдауында болғанда тіл мәселесінен сөз қозғаса ғой. Тағы да, өкінішке қарай, өздеріне айтылған мақтау, марапаттаумен шектеліп жатқаны.

Қазақ: «Көп сөзден бір іс артық» дейді. «Алматы» телеарнасында «Тіл сақшылары» деген бағдарлама бар. Сол бағдарлама үш жылдан бері аптасына үш рет көгілдір экраннан көрсетіліп келеді. Оның жүргізушісі журналист Назым Стамбекованы нағыз тілдің күрескері дерсің. Көмекшісі Таңшолпан Нышанбаймен оңтүстік астананың халық көп шоғырланған қаншама мекемелеріне, дүкендеріне, дәріханаларға, медицина мен көтерме сауда орталықтарына барып, тек орыс тілінде жарияланған жарнамаларының Заң талаптары бойынша қазақша нұсқасын жаздырып жүр. Стамбекова қазақшасын жаздырып қана қоймайды, мемлекеттік тіл мәртебесіне сәйкес олардың орнын да көрнекі жерде тұруын қадағалауда. Кейбір мекемелерде мемлекеттік тілге деген немқұрайлықпен қазақша жарнаманы қалай болса солай қате жаза салғандарға да түзету ендіртуде. Оның бағдарламасын телеарнадан көріп отырып, табандылығына, күрескерлігіне сүйсінесің. Оператор қолындағы камераның обьективін қолымен жауып, мекемеге кіргізгісі келмей кеуделерінен итергендерге де дес бермей келген мақсатына жетуде. Мекеме басшысынан кемшіліктің орындалу уақытына уәдесін алып, сол мерзімі біткен кезде қайта соғады. Өкініштісі сол, кедергі келтірушілер де өзіміздің қаракөздер. Олар орыс тілінде қарсылық көрсетіп жатқанда, еліміздегі тілі мен ділін сақтап жүрген өзге ұлт өкілдері де көріп, миықтарынан мысқылдап отыр ма екен деп маңдайыңнан шып-шып терің шығып, қарадай қысылады екенсің. Сондай сәттерде ойыңа Колбиннің Шахановқа айтқан әжуәсі есіңе орала кетеді. Ол: «Мұхтар Шаханович, неге тіл-тіл деп қылқылдай бересің. Сенің тіліңді тұғырына қондырмайтын орыстар емес, мына орыстанып кеткен қазақтарың болады әлі»,– деген екен. Соның керін келтіріп, қағынан жерінгендерге қалай қынжылмайсың. Журналист Назым Стамбекованың бағдарламасын Астанадағы және бүкіл облыс орталықтарындағы әріптестер қолдап жатса, тіл үшін күрес белең алып, Тіл туралы Заңға мұрындарын шүйіре қарайтын талайларды тәубесіне түсірері сөзсіз.

***БОКС – батылдар спорты. Қазақстанның жақсы атын шығарып жүрген де осы бокс. Дүниежүзілік жарыстарда жігіттеріміз топ жарып, алтыннан алқа тағып, гимнімізді ойнатып, туымызды жоғары көтертті. Сондықтан да еліміздегі спорт сүйер қауым алдағы Лондон олимпиадасында боксшыларымыздан үлкен үміт күтеді.

Біз сондай үкілі үмітті Дүниежүзілік бокс сериясында (WSB) өнер көрсетіп жүрген «Астана арландары» командасына да артқан едік. Былтыр жеңіс тұғырына көтерілуге бір-ақ қадам қалған кезде сүрінген болатын. Биыл әу баста межелеген сол көрсеткіштеріне де жете алмады. Ең шешуші финалдық сайыста Мәскеудің «Динамо» командасымен кездесетін болып, алғашқы айқас Астананың «Дәулет» спорт сарайында өтті. Есеп 3–1. Телеарнадан жанкүйерлер тақымдарын қысып, аса ауыр салмақтағы Руслан Мырсатаев пен Сергей Калчугин арасында өтетін жекпе-жекті асыға күтті. Бұл екеуі бұрын екі рет кездескен. Екеуінде де біздің Руслан басым түскен еді. Жанкүйерлер бұл жолы да Мырсатаевтың жеңетініне шәк келтірмей отырды. Алайда жұрттың күткені үнемі бола бере ме. Русланға қарағанда Сергейдің бойы ұзын. Жекпе-жекте мұның да рөл ойнайтыны белгілі. Руслан бес раундтан тұратын алғашқы раундта жеңіске жетті. Екінші раундта Сергей ұзын бойымен баса берген соң Русланның жүйкесі сыр беріп, қарсыласын басымен ұрып жіберген. Төреші ескерту жасады. Содан кейін Русланның соққылары дәл тимей жатты. Солай жеңілуге тура келді. Есеп 3–2. «Астана арландары» жеңді дегенмен, 30 наурыз күні Мәскеуде өтетін кездесу көңілге күдік ұялатқаны анық. Өйткені мәскеуліктер бұл шешуші кездесуге кіл мықтыларын сайлап отырғаны белгілі болатын. Өкінішке қарай, бекер күдіктенбеген екенбіз. Мәскеуге барған легионер Рафикжон Сұлтанов, Ержан Мүсәпіров, Қанат Сіләм, легионерлер Әбделхафид Беншабла мен Шуайб Болодинатс үмітті ақтай алмады. Бәрі де жеңілістің ащы дәмін татты. Теледидар алдында отырып байқағанымыз біздің жігіттерде қорғаныс жағы осал екен. Соққылары дәл емес. Осы олқылықтарды мәскеуліктер жақсы пайдаланып кетті. Солай жігіттеріміз былтырғы жетістіктерін қайталай алмай қалды.

Көлбай Адырбекұлы