«ӘСКЕРИ АДАМДАР ӘРҚАШАН ПАТРИОТ»,— ДЕЙДІ «АЙБЫН» ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ

«ӘСКЕРИ АДАМДАР ӘРҚАШАН ПАТРИОТ»,— ДЕЙДІ «АЙБЫН» ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ

«ӘСКЕРИ АДАМДАР ӘРҚАШАН ПАТРИОТ»,— ДЕЙДІ «АЙБЫН» ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ
ашық дереккөзі

Бүгiнде өмiрiн әскери қызметке арнайтын жастар көбейдi. Әсiресе, бұл сапта қазақ балаларының саны жыл сайын артып отырғаны сөзсiз. Әскери оқу орнын таңдаған жастардың жұмыссыз қалмайтыны тағы рас. Бұл бiр жағынан мемлекет тарапынан жасалып отырған көмектiң айтарлықтай екенiн аңғартады.

Сондай жігерлі жас азаматтың бірі Данияр Исмаилов кішкентайынан әскери киім киюді армандапты. Сірә, бұл «Әке көрген оқ жонар» дегенді растаса керек. Даниярдың әкесі Мұрат мырза да әскери салада талай жыл еңбек еткен майталман. Әкесіне қарап өскен баланың жұдырықтай жүрегі «Отанымды қорғайтын нағыз патриот сарбаз боламын!» деп соғуын үдете түсті. Сол арманы оны ҚР Қарулы күштері Әскери академиясына оқуға жетелейді. 2000 жылы оқу орнын ерекше алғыр қабілетімен тәмамдаған ол Қапшағай қаласындағы 58012 әскери бөлімінде инженерлік взводтың командирі қызметіне орналасады. Данияр Исмаиловтың өзі сүйген әскери саладағы еңбек баспалдағы осылай басталды. Аз уақыттың ішінде Алматы, Талдықорған, Сарыөзек әскери бөлімдерінде тәжірибесін жетілдіріп, инженерлік ротаның командирі, одан соң бастығы міндетін абыроймен атқарып жүрді. Даниярдың алған білімі мен жиған тәжірибесін сынайтын уақыт та келіп жетті. Ол 2006 жылы инженерлік-саперлік отрядтың офицері ретінде Ирак республикасындағы бітімгерлік операциясына қатысып, ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Бұл жөнінде Данияр Исмаиловтың өзі: «Иракта жарты жылға жуық болдық. Жасақтағы 27 адамның бірі едім. Барлық іс-тәжірибемді жұмсадым. Инженерлік-саперлік отрядта жүріп, арнайы тапсырмаларын орындадық. Біріншісі, қоймалардан табылған жарылғыш заттарды жойдық, екіншісі өзеннің суын арнайы техникамен тазалап, бейбіт тұрғындарға жеткіздік. Сосын Ирак қауіпсіздік күштеріне дәріс беріп, инженерлік дайындыққа баулыдық» дегенді айтады. Қарапайым лейтенанттан бастап майор сатысына көтерілген Данияр Исмаилов бүгінде ҚР Аэроұтқыр әскерлерінің инженерлік қызметінің бастығы ретінде мемлекеттің қор­ғаныс саласына қаржыны көптеп бөліп жатқандығын айтады. «Жыл сайын техникалар, инженерлік құ­рал­дар жаңартылып отырады. Басқа елдердің тәжірибесіне сүйе­ніп, техника сатып алынуда», – дейді майор.

Данияр Исмаилов бірқатар шетел­­дерге барып, әскери білі­мін шыңдап жүр. 2005 жылы Будапешттегі ағылшын тілінен өткен әскери курсқа, 2007 жылы АҚШ-қа тәжірибе алмасу үшін, ал 2009 жылы Канадаға БҰҰ әскери бақылаушыларының курсына қатысып қайтты. «Басқа елге Қазақстанның атынан барып, абыроймен оралу үлкен бақыт. Әскери адамдар қашан да патриот. Әрбір форма киген азаматтың өзі бұған жауапкершілікпен қарайды», – дейді ҚР Аэроұтқыр әскерлерінің инженерлік қызметінің бастығы.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ