Жаңалықтар

ӘДЕМІ ҚАРТАЮ — АСЫЛ ҚАСИЕТ

ашық дереккөзі

ӘДЕМІ ҚАРТАЮ — АСЫЛ ҚАСИЕТ

Шынында да біз осы «жақсы қар­таю» деген сөздің түп-төркініне барып, оның мәнісін терең түсіне аламыз ба? Жақсы қартаю барлығымыздың қолымыздан келе ме? Ол үшін не істеуіміз керек? Бала кезімізде ауылда тұрдық. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын қанымызға сіңіріп өстік. Қарт кісілердің айтқанын екі етпей орындап, алдын кесіп өтпейтінбіз. Ата-ана тәрбиесі сондай болды. Көпшіліктің мәселесін негізінен ауылдың бетке ұстар, сыйлы ақсақалдары шешетін. Ауыл басшылары да жиналыстарға өмірді көрген, талай қиыншылықтарды бастарынан өткізген, өмірлік тәжі­рибелері мол, көкірегі ашық, парасатты көнекөз қарияларды шақырып, салиқалы ой-пікір бөлісіп, олардың айтқан ақылын зерделеп, зейін қойып тыңдайтын, ой таразысына салып, оны қорытатын. Сөйтіп барып қана соңғы шешім қабылданатын. Қазақтың «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген философиялық сөзіне сай, содан кейін қателесу, өкініш пен «әтеген-ай»-лар өте сирек болатын.

Ағайын арасындағы кішігірім кикілжің, дау-жанжал, шекісу, түсі­ніспеушілік те елге сыйлы, парасатты ақсақалдардың кеңесінен кейін шешіліп, өзара бітімге келіп, әрі қарай өршімей доғарылатын. Тіпті, кейде бұзақы, тентек, мазасыз жастарды орталарына салып, олардың жағымсыз, теріс, әбес қылықтарын беттеріне басып, шыбын жандары мұрын үшіне жеткенше «сілкілеп», ұялтып, тергеу органдарына, сотқа жібермей-ақ өздері түзу жолға, жөнге салатын. Ауыл ақсақалдарының айтқаны, қабылдаған шешімі – баршаға жазылмаған заң болатын. Солардың сол бір іс-әре­кеттерін көріп, қазақтың «Қариясы бар ауылдың – дариясы бар» деген қа­натты, дана сөзін еске алатынбыз. Ия, ауылдың көреген, қадірлі қа­рияларының рөлі ол кездері ерекше болатын еді-ау, шіркін! Сырттан келген басшылар да оларға бұрылып келіп сәлем беріп, ел ұйтқысы болып отырған ақсақалдарды қадірлейтін, құрметтейтін, ардақ тұтатын. Қазір дүние өзгерді. Бұрынғы заман көзден бұл-бұл ұшып, уақыт керуені алға жылжып, зулаған жылдар алға тартып барады. Ауыл ақсақалдары да сол бір керемет рөлдерін уысынан шығарып, заман көшіне ілесе алмай, бейтарап халде жүргендей. Оған не себеп?! Кім кінәлі?.. Қазір де ортамызда талай қарттар, ақсақалдар жүр. Олардың біразы кезінде партия және кеңес органдарында көп жылдар қызмет етіп, белсенділер тобында болып, талайды өз беттеріне қаратқан жандар. Бірақ солардың барлығы (бірен-сараны ғана болмаса) қартайған шағында қоғамдық өмірге тығыз араласып, ел алдында сый-құрметке бөленіп, асыл қадір-қасиетімен қазіргі ортаға, жастарға іс-әрекеттерімен өнеге болып, көптің көңілінен шығып жүр деп айта алмаймыз. …Өткен жүзжылдықта Мойынқұм өңірі керемет бір бақыт мекеніне айналып, мал шаруашылығы ерен өркендеп, ел экономикасын дамытуға ерекше үлес қосқан аймақ екенін екінің бірі біледі. Сол жылдары ауданды Айтбай Назарбеков басқарып, жар құлағы жастыққа тимей, күн демей, түн демей сарқыла, маңдай терді аямай еңбек етті. Іскер басшы көпшілікті игілікті іске жұмылдырып, ел байлығын, жер байлығын еселеп арттырып, аудан орталығы Фурмановка ауылын (қазіргі Мойынқұм кеңшары) бірер жылда көркейтіп, гүлдендіріп, құмдағы керемет шұрайлы қалаға айналдырды, күре жолдарға асфальт төселіп, ауылдарға су жеткізіп, құм ішіне бау-бақша отырғыздырып, жоғары кернеулі электржүйе ауыл-ауылға тартылып, жолаушылар қиналмау үшін облыс орталығы Жамбыл мен сол кездегі астанамыз Алматыға «Як-40» ұшағын ұшырып дараланғаны да есімізде. Айтбай аға жергілікті көкіректері ояу, түйсігі жоғары, жергілікті ақсақалдармен ақылдаса келе іске кірісетін. Білгір де білікті Айтекең халықтың салт-дәстүрін, ауыз әдебиеті мен мәдениетін, өлке тарихын терең білетін, сөз саптау мәнері де ерекше еді. Сөз бастап кеткенде бұрынғының шешендерінше толғанып, сөздің мәйегін тамызып, саралап, саптап айтатын бір ерекше бекзаттық қасиеті бар болатын. Оның қарапайымдылығын, көпшілдігін, биязы мінезін, салиқалы ой өрісін қазірге дейін көз көргендер жыр қылып айтып отырады. Сол абзал азамат ширек ғасыр Мойынқұм өңірінде еңбек етіп, зейнетке шыққаннан кейін облыс орталығы Жамбылға (қазіргі Таразға) қоныс аударды. Анда-санда болса да әртүрлі шаруамен кездесіп қалып жүрдік. Сонда бір байқағаным, Айтекең өз заманының белгілі тұлғалары Дінмұхамед Қонаев, Ғабит Мүсірепов, Еркеғали Рахмадиев, Шәмші Қалдаяқов, Өмірбек Жолдасбековпен және де көптеген сол кездегі ұлтжанды азаматтармен қоян-қолтық өмір сүріп, талайларымен дос болған екен. Олар да Айтекеңнің жоғары адами қасиеттерін, қайраткерлігін, кісі­лігін анық байқаған. Сөйтіп, Айтбай ағамыз жақсы қартая білудің өнегесін кейінгі ұрпаққа көрсетіп кетті. Тағы да ойды ой қуалап, көз алдыма кейбір қарттарымыздың теріс іс-әрекеттері, жағымсыз, қоғамға жат қылықтары келеді. Көптің ішінде аласы да бар, құласы да бола береді. Кейбір қарттарымыз ел алдында сый-құрметке бөленіп, алғыс арқалап жүрмегені де рас. Аталы, мәнді сөз айтудың орнына, «бүйректен сирақ шығарып», ел арасына жік салып, елді бөліп-жарып, түрлі қисық-қыңыр қашпа сөз таратып, дау-жанжал, айтыс-тартыстың «ұйытқысы» болып, беделін кетіріп, қадірін қашырып жүрген кейбір қарттар барлық өңірде табылады. Базбіреулері жоғары деңгейдегі мекемелерге арызданып, газет беттерінде сан түрлі мақала ұйымдастыратыны да жасырын емес. Ал енді басқа бір топтағылар ата сақалы аузына түссе де бойынан әлі «ыстығы басылмай», бозымдай жастармен әзіл-қалжың айтысып, арақ-шараптан жұтып алып, қызара бөртіп, қызыл кеңірдек болып шикі өкпелермен сөз жарыстырып отырғанын да көруге болады. Ондай қариялардың бойында қандай үлгі алар қасиет бар! Әр нәрсенің өз орны бар емес пе?! Халқымызда «Үлкеннен құрмет, кішіден ізет» деген қағидалы сөз бар. Кейде әркімнің отбасында, өскен ортасында адами қасиеттер жайлы мезгіл-мезгіл әңгіме қозғалып, жас құрақтай жайқалып өсіп келе жатқан жастарға дұрыс тәрбие, оңды бағыт, саналы ақыл айтып отырсақ артық болмас еді-ау деп ойлайсың. Әсіресе ауыл қарттары, көргендері мол, кеуделері «сыр сандық» ел ағалары, әже-апалар жастарға, олардың рухани тәрбиесіне ерекше көңіл бөлгендері жөн болар еді. Рас, базбір жерлерде ақсақалдар кеңесі құрылған. Бірақ дәл қазір олар мандымды, тиімді қызмет атқарып отыр деуіміз асылық болар. Көп жерде олар әдетте тек бір салтанатты жиындарда, сый-сияпат жасарда, той-басқосуларда ғана бойын көрсетеді. Бұрынғы қариялар секілді ел ортасында пайымды ой айтып, тың ақыл-пікір қосып жүргендері байқалмайды. Басым көпшілігі жергілікті бастықтар алдында құрдай жорғалап, орынсыз жалпақтап, ұпай жинап, өз бас пайдасын шешуді ғана ойлайтын сияқты. Көпшіліктің ісіне күйініп, толғанып, ортақ шаруаларды шешуге күш сала қоймайды. Барлығын басқаның мойнына артып, алдағы күннің еншісіне қалдырғысы келіп тұратын «пысықайлар» қазіргі қоғамда жеткілікті. Кейбір қарияларымыздың осы бір мінезі ертеректе өмірден өтіп кеткен ауыл тұлғалары – дария қарияларды еріксіз еске түсіреді. Олар: «О, Жаратқан ием! Барлығын алсаң да абыройымды алма!» деп дұға жасап отыратын, жарықтықтар. Ақсақалдары абыройдан айрылмаған ел бақытты екені күмәнсіз. Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор Тараз қаласы