«WIKIBILIM» ИНТЕРНЕТТI ҚАЗАҚША СӨЙЛЕТУГЕ МҮДДЕЛІ

«WIKIBILIM» ИНТЕРНЕТТI ҚАЗАҚША СӨЙЛЕТУГЕ МҮДДЕЛІ

«WIKIBILIM» ИНТЕРНЕТТI ҚАЗАҚША СӨЙЛЕТУГЕ МҮДДЕЛІ
ашық дереккөзі

Алматыда ұйымдастырылған халықаралық конференция – «TURKIC WIKIMEDIA CONFERENCE»-тен кейiн шараны ұйымдастырушылардың бiрi – «WikiBilim» қорының жетекшiсi Рауан Кенжеханұлымен сұхбаттасқан едiк.

– Рауан мырза, «WikiBilim» қорының құрылғанына – жылдың жүзі болып қалыпты. Қордың жұмысы жайында, жетістіктеріңіз бен жоспарларыңыз жайында ой бөлісе отырсаңыз?

– «WikiBilim» қоғамдық қоры ­– өткен жылдың мамыр айында бір топ википедиашылардың бастамасымен құрылған коммерциялық емес ұйым. Қордың мақсаты – интернеттегі қазақтілді оқу-ағарту бағытындағы мазмұнды дамыту. Осы мақсатқа діттелген бірнеше жобаларымыз бар. Олар – ғаламдық Википедиа энциклопедиясының қазақтілді бөлігін дамытуға арналған “Қазақша Википедиа” жобасы, интернеттегі білім, ғылым және шығармашылықты таратуға оңтайлы құқықтық жағдай жасайтын Creative Commons (Креатив Коммонс) лицензияларын Қазақстанда насихаттап, тарату жобасы, осы лицензияларға негізделген Қазақстанның ашық кітапханасын жасау жобасы, әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінің ашық таратылатын танымдық лекцияларын қазақ тіліне аударып, еркін таратуды көздейтін онлайн телеарна жасау ойымыз бар. Мұның сыртында әлемдегі ең танымал интернет платформаларды қазақша сөйлету жөнінде жүзеге асырмақ біраз ойларымыз бар, атап айтсақ, көпшілікке жақсы таныс Google Translate, яғни Гугл аударма қызметіне қазақ тілін қосу жобасы қолға алынып жатыр. Осы аталған жобалардың барлығы да Қазақстан Үкіметінің қолдауымен іске асып жатқандығын ризашылықпен атағымыз келеді. Бірақ бұл бастамалардың қай-қайсысы да жанашыр ортаның, көпшілік қауымның белсенді араласуын, әркімнің үлес қосуын талап етеді. Қазіргі технологиялардың арқасында өз тіліміздегі онлайн мазмұнды жасауға, оны жетілдіруге, шынында да, әркім атсалыса алады. Сондықтан барлық тіл жанашырларын сырттан бақылаушы болып қалмай, шама жеткенше белсенділік танытуға шақырамыз.

– Ауқымды жоба екен. Ал «Қазақша Википедиа» жобасының дамуы қай деңгейде?

– Тіл мен мәдениеттің дамуы ақпарат тарату технологияларының дамуымен тығыз байланысты екені аян. Осы орайда, қазақ тілінің келешегі де ақпараттық дәуір көлденең тартқан жаңалықтарға, «кітап мәдениетінен» «экран мәдениетіне» өтумен ерекшеленетін «төңкеріске» икемделе алуына байланысты. Ол үшін заман талабына сай, мемлекеттік тілдегі жан-жақты контенттің (мазмұнның) бар болуы айрықша маңызды. Сондықтан да «Қазақша Википедиа» жобасы тілдің «сандық өміршеңдігін» нығайтуға септігін тигізуі тиіс жоба деп білеміз. Жалпы, «Википедиа» – әлемдегі ең танымал он интернет брендтің қатарында тұрған жалғыз қоғамдық үлгідегі веб-сайт. Бұл ғаламтордың әлеуметтік қуатын айғақтаған алғашқы интеллектуалдық және коммерциялық емес жоба. BBC телекомпаниясы Википедияны «YouTube» және «Facebook»-пен қатар XXI ғасырдың ең танымал брендтерінің қатарына қосқан. Әлемдегі интеллектуалды қауымдастық «Википедиа» энциклопедиясын ЮНЕСКО-ның қорғауындағы мәдени құндылықтар қатарына қосу туралы ұсыныс жасады. Ұсыныс қолдау тапса, «Википедиа» адамзат тарихындағы алғашқы сандық үлгідегі мәдени мұра болмақшы. Әлемнің 284 тілінде жұмыс істейтін «Wikipedia» энциклопедиясында 20 миллионнан астам мақала бар. Оның 3,8 миллионы ағылшын тілінде жазылған. Миллиондық межеден асқан тағы үш тарау – неміс, француз және нидерланд тілдерінде. Орыс тіліндегі мақалалардың саны 800 мыңның үстінде. Алайда энциклопедияның қазақ бөлімінің жағдайы бертінге дейін мақтанып айтатындай жағдайда емес еді. Тілдегі энциклопедиялық білім қорының көбеюі тілдің күнделікті қолданыс аясының кеңеюіне жағдай жасап, оның қоғам өміріндегі рөлінің артуына ықпал етеді. Википедиаға күнделікті кіріп, мақала жазатын немесе өңдеулер жасайтын белсенді редакторлар саны жоба басталған кезде 4-ақ адам болса, қазір бұл көрсеткіш 230 адамға жетті. Бұл жобаның бас демеушісі «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ екендігін ерекше атап өткім келеді. – «Қазақша Википедиа» жобасы әлемдік википедиашылардың ықыласына бөленіп, өткен жылы әлемнің үздік Википедиасы атанғаны мәлім. Қазақ Википедиасының үлгісін кенже қалып келе жатқан өзге де Википедиаларға насихаттау мақсатында өткен аптада түркітілдес Википедиалардың конференциясынан қандай ой түйдіңіздер?

– Қазақ Википедиасы өзгелерге үлгі боларлық дәрежеге жетіп қойды деуден аулақпыз. Түркітілдес тараулардың ішіндегі саны мен сапасы жағынан озығы – қазіргі таңда 180 мың мақаласы бар түрік Википедиясы, әзірбайжан тарауындағы мақала саны біздікінен аздау болғанымен, ондағы қауымдастық мықтырақ. Дегенмен де біздің тәжірибені біліп, үйренгісі келетінін айтқан Википедиалар да бар. Мәселен түрікмен, қырғыз, башқұрт, өзбек, якут тіліндегі тараулар мақала санын да, сапасын да өсірудің амалдарын іздеуде. Сондықтан барлық түркітілдес Википедиалардың бір-бірінен үйренетіні көп. Өткен халықаралық конференцияның мақсаты да осы болатын. Сәуір айының 20-21-і күндері аралығында, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Turkic Wikimedia Conference» атты түркітілдес Википедиалардың конференциясы өтті. Конференция жұмысына 12 елден 50-ге жуық делегат қатысты. Атап айтсақ, Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Башқұртстан, Саха елдерінің википедиашылары және Израиль, Швеция, Германия, Ирландия елдерінен Wikimedia Foundation, Creative Commons, Open Science және Google сияқты халықаралық ұйымдар мен компаниялардың өкілдері қатысты. Конференция қатысушыларына еліміздің Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов құттықтау хат жолдады. Екі күнге созылған конференция аясында түркі тілдеріндегі онлайн энциклопедияның дамуы жан-жақты талқыланып, өзге де жеке тілдердегі мазмұнды көбейтуге жағдай жасайтын онлайн платформалардың мүмкіндіктері қарастырылды. Сонымен қатар бұл конференция бүгінгі таңда танымал болып келе жатқан білімді еркін бөлісу мен тарату қозғалысын академиялық ортаға таныстыру талпынысы болды. Бүгінде еркін лицензиялар мен еркін бағдарламалау ғалымдарға, ұстаздар мен студенттерге бірлескен жобалар, ғылыми ізденістер жасауға мол мүмкіндік беріп отыр.

– Википедиаға адамдардың қызығушы­лы­ғы қандай?

– Қызығушылық бар, өсіп келеді. Мәселен былтыр Википедиадағы мақалалар саны 10 мыңның төңірегінде болған кезде, орта есеппен алғанда, ай сайын қазақша Википедианың 200 мың беті қаралатын. Қазір 100 мыңнан асқаннан кейін ай сайын 5 млн. бетке дейін қаралады. Демек қазақтілді мазмұнның іздеушісі бар екендігі анық. Әрине, ол мазмұн болмаса, қазақ тілінде табылмаған дүниені өзге тіл тарауынан тауып алу қиын. Қазақтілді ортаны өз тілінің аясынан басқа тілге итеріп шығаратын да осындай жағдай. Ал тілдің қолданыс аясын кеңейту дегеніміз – біздіңше, әр адам іздегенін, кез келген керек мәліметін өз тілінде тауып алуы.

Әдетте Google немесе Яндекс-ке кіріп, іздеген дерегіңізге қатысты атауды жазсаңыз, алғашқы үш жауаптың біреуі міндетті түрде Википедиадан табылады. Сондықтан ондағы қазақтілді контенттің ауқымы кеңіген сайын Википедианы тұтынатындар қатары да өсе түсетіні анық. Мектеп оқушылары, орта және жоғары оқу орындарының студенттері керегін интернеттен табуға тырысады. Қажетті дерек қазақ тілінде кітапханада болған күннің өзінде көпшілік қауым уақыт үнемдеу мақсатында интернеттен орысша нұсқасын ала салуға бейім. Дәл қазір ұсақ мәселе болып көрінгенімен, салдары ауыр болуы ықтимал. Тұтынылатын ақпараттың көлемі тұрғысынан интернетпен тартыса алатын құрал қалмай бара жатыр. Кітап, радио мен теледидарыңыз интернетке жұтылып барады. Егер осыған ілесе алмаса, қазақ тілі үй ішілік және мектеп бағдарламасының аясында ғана қалып қоюы мүмкін. Бірақ интернеттегі технологиялар осы жағдайды оңалтуға көп адамды тартуға, қауым болып әрекет етуге мүмкіндік береді. Сондықтан ауқымы тар қазақша интернетті ілгерілету үшін білігі мен сауаты жоғары ерікті редакторлар көптеп тартылуы қажет.

– Ондай редакторларға қойылатын талаптар ерекше шығар?

– Негізгі талап – тілге жанашыр болу. Техникалық тұрғыдан келсек, әр жобаның өз талаптары бар. Мәселен Википедиаға мақала жазам десеңіз, ондағы белгілер саны 150-ден кем болмауы тиіс, себебі одан кем көлемдегі ақпарат Википедиада орнатылған сүзгіден өтпей қалады. Мақаланың мазмұны біржақты емес, бейтарап болуы керек. Үшіншіден, мақаладағы мәліметтерге сілтеме жасалып, дереккөздер көрсетілуі міндетті. Википедиа редакторлары мақаланы өз ойынан шығара алмайды. Сайтқа салынғанға дейін мақаладағы мәліметтер міндетті түрде бір жерде жария­лануы қажет. Редакторларға келсек, білімі, кәсіби білігі жоғары мамандар көп болған сайын мақалалардың сапасы да жоғарыламақ. Жоғары оқу орындары, ғылыми орталықтарға барып, мамандарды жобамызға көптеп тарту үшін барымызды салып жатырмыз. Мәселен ағылшын тілінде жазылған мақалалардың жартысын PhD ғылыми дәрежесі бар мамандар жазған. Мақалалар сапасының жоғары болуы сол себепті. Қазіргі таңда Википедианы білім беру құралы ретінде пайдалану етек алып келеді. Студенттер жазатын рефераттар, курстық жұмыстар т.б. еңбектерді мұғалім мен студент қана оқиды да, кейін ешкім пайдаланбай шаң басқан сөрелерде қалып қояды. Соларды Википедиаға неге салмасқа? Бұл біріншіден, студенттерді сапалы жұмыс жазуға жетелейді, яғни білім сапасын арттыруға ықпал етеді. Екіншіден, мақалада көтерілген мәселені басқа адамдар жетілдіріп, ауқымын кеңейте алады. Үшіншіден, қазақ тіліндегі мақалалардың саны артады. Әдебиет, ғылым, техника, медицина немесе басқа да кез келген салаларға арналған ақпарат көлемі ұлғаяды. Оның үстіне студенттердің онлайн сауаттылығын көтеруге жағдай жасайды. Мұндай тәжірибеден ұтылатын ешкім жоқ. Осы мүмкіндікке қазақстандық оқу орындары да назар аударса, жаман болмас еді.

– Техника мен технологияның жаңалықтарын пайдалануға жастар жағы белсенді. Ал аға буын мен орта буынның құлшынысы ауыз толтырып айтарлықтай емес шығар?..

– «Маған қажеті жоқ», «пайдаланғым келмейді» немесе «түсінбеймін» деген адамды кездестірмедік. Қайда барсақ та, кімге барсақ та, тек қолдаушыларды көреміз. Аға буынның кейбірі өздері қолданбаса да, бала-шағасының қажетіне жарайтынын түсінетіндерін айтады. Расында, Википедиа – жастар ортасы секілді. Бірақ біз ұйымдастырған вики-байқаудың аясында бірінші болып 100 мақала жазып, жеңіске жеткен студент те, оқушы да емес, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін жезқазғандық мұғалім болып шықты. Өз қолымен 100 мақала жазып шыққан ұстаздар жетерлік. ҚазҰУ қабырғасында жүріп, Википедиаға 100-ден аса мақала жазған ұстаз ағамыздың өнегелі ісі өзгелерге, әсіресе жас буынға үлгі болса керек. Интернеттегі қазақ тілінің сапалы болуына мүдделі азаматтар өздері хабарласып, өздері жаза алмаса да, қолындағы дайын материалдарды беруге да-йын екендерін білдіруде.

Үкіметтің қолдау көрсетуі де бұл жоба­лар­дың тек жастар үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін маңызды екенін меңзесе керек. Аталған жобаларды жоғары оқу орындарында насихаттау үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан ресми рұқсат бар. Еліміздегі баспалар, ғылыми орталықтар, Қазақ энциклопедиясының редакциясы да қолдарынан келгенше жәрдемдесуде. – Әңгімеміздің басында бірнеше жоба деп қалып едіңіз. Қордың өзге де жобалары жайында оқырмандарды хабардар ете кетсеңіз.

– Кеңірек таратып айтқым келетіні – онлайн кітапхана құру жобасы. Оны «Қазақстанның ашық кітапханасы» деп атадық. Мақсатымыз – қазақ тілінде жарық көрген көркем әдебиет, публицистика, оқулықтар мен басқа туындыларды жақсы сапада оқуға, көшіріп алуға ыңғайлы әрі заман талабына сай түрде бір жерге топтастыру. Мұның сыртында мектеп бағдарламасындағы қазақ әдебиетінің толық аудиохрестоматия­сын дайындап, оны да еркін пайдалануға жағдай жасамақшымыз. Сондай-ақ кітапхана аясында қазақ тілінің әмбебап сөздігі жұмыс істемек. Қазіргі таңда аталған дүниелерді кітапханаға орналастыру үшін авторлармен немесе авторлардың мұрагерлерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Кітапхана жоғарыда аталған Creative Commons лицензияларының негізінде жұмыс істейтін болады. Кітапханамыздың құрылымы және Creative Commons лицензиялары бөлек бір әңгіменің арқауы болсын. Қысқаша осы.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгiмелескен

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ