Жаңалықтар

ОРАЛМАНДАРДЫ ОҢТАЙЛЫ ҚОНЫСТАНДЫРУ

ашық дереккөзі

ОРАЛМАНДАРДЫ ОҢТАЙЛЫ ҚОНЫСТАНДЫРУ

Оралмандардың қоныстануы жайлы жаңа бағдарламаны ҚР Ішкі істер министрлігі жасайтын болады. Бұл жайында Ішкі істер министрі Қалмұхамет Қасымов мәлімдеген. «Біз бұл бағдарламаны түбегейлі өзгертуді мақсат етіп отырмыз, жаңа тұжырымдама, жаңа тәртіп орнатпақпыз. Жақында өз ұсынысымызды айтатын боламыз. Бұдан былай оралмандар шетелдердегі Қазақстан елшілігінде қайда баратынын, қандай квотамен келетінін анықтайтын болады. Осыдан кейін ғана құжаттар ІІМ жіберіледі. Бұл процедурадан кейін қаржы бөліне бастайды» деген ол.

Министр ескі схеманың миссиясы аяқталғанын айтады. Жаңа бағдарлама алдыңғымен салыстырғанда, нақты болмақ. «Өйткені біз ескі бағдарлама арқылы бейберекетсіздікке жол бердік: олар Қазақстанға келгеннен кейін кез келген облысқа емін еркін көшуге ерікті болды. Қазір қайда баратыны шекарадан аспай жатып анықталады. Бұл Үкіметтің жалпы шешімі», – дейді министр.

Жаңа бағдарламаның жасалып жатқанына орай, оралмандарға бөлінуі тиіс квота Үкіметтің ерекше нұсқауына дейін тоқтатылатын болады.

Ақтөбе облысында 293 адам оралман мәртебесін алған 2012 жылдың алғашқы тоқсанында Ақтөбе облысында 293 адамы бар, 59 қазақ отбасы оралман мәртебесіне ие болған. Олардың 46-сы Өзбекстаннан, 7-і – Моңғолиядан, қалғандары Ресей, Қытай және Түркіменстаннан оралған.

Биылғы бірінші тоқсанда Ақтөбе облысының көші-қон полициясында 4350 шетелдік тіркелсе, оның – 2 027-сі алыс шетелден, 2 323-і – ТМД азаматтары.

Шетелдіктер тарапынан ел аумағында жүріп тұру тәртібін бұзу тұрғысынан 494 тәртіп бұзушылық тіркелген. Олардың 14-і ел аумағынан шығарылған, 108-і әкімшілік жауаптарға тартылған. Әкімшілік айыппұлдың көлемі –2,4 млн. теңгеге жеткен.

Әйгерiм ӘБДIКӘРIМ