Жаңалықтар

АУҒАН ҚЫРҒЫЗДАРЫ ЖОЙЫЛУДЫҢ АЛДЫНДА ТҰР

ашық дереккөзі

АУҒАН ҚЫРҒЫЗДАРЫ ЖОЙЫЛУДЫҢ АЛДЫНДА ТҰР

Жақында Қырғызстан жетекшiлiгiнiң шақыруымен Бiшкекке Ауғанстандағы этникалық қырғыздардың өкiлi, Ауғанстан президентi Хамид Карзайдың аз халықтар бойынша кеңесшiлерiнiң бiрi Тұрды Ақун Атабек келдi. Қырғыздың бiрқатар бейресми ұйымдары және Жоғарғы Кеңештiң бiр топ депутаттары бiрнеше жылдан берi Ауғанстандағы бауырластарының өте аянышты жағдайы туралы мәселе көтерiп, дабыл қағумен келедi. Соған орай, Памир қырғыздарының тiршiлiгiн бiлу үшiн олардың көшбасшысы Тұрды Ақун Қырғызстанға арнайы шақырылған. Ол Қырғыз Республикасының президентi Алмазбек Атамбаев және премьер – министр Өмiрбек Бабановтың қабылдауында болып памирлiк қырғыздардың жағдайы нашар екендiгiн, табиғаттың қатал мiнезi мен медициналық қызметтiң жоқтығынан олардың жылдан жылға азайып бара жатқанын және памирлiк қырғыздардың басым көпшiлiгi тарихи Отанына көшiп келудi аңсайтындығын айтты.

Ауғанстандағы қырғыздар, негізінен, биік қырқалы Кіші Памир және Шоң (Үлкен) Памир тау­ларын мекен етеді. 1916 жылғы Үркін (Ұлт-азаттық қозғалыс) және Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында ауып кеткен қырғыздардың бұл жерді таңдаған себебі, сірә биік таулы өңірге адам аяғы жетпегендігінен, бос жатқандығынан болса керек. Бұл өреннің жайлаулары теңіз деңгейінен 4 мың 800 метр биіктікте, қыстаулары 4 мың 200 метр биіктікте. Ол жаққа Қырғызстаннан Тәжікстан арқылы 5 мың метр асуды асып баруға болады.

Шамамен төрт жүздей отбасы, яғни екі мыңдай қырғыз өмір сүріп жатқан бұл екі өрен қазіргі өркениеттен мүлде маһрұм қалған. Атап айтқанда, мектеп, аурухана, дәріхана, машина, электр жарығы деген бұл жақта атымен жоқ. Босанатын он әйелдің сегізі туу кезінде қаза табады. Нәрестелер де осындай дәрежеде шетінейді. Егер босану уақыты қыс айларына сәйкес келіп қалса, аман қалудан үміт жоқ.

«Қырғыз Парламентінен де, Үкіметінен де сұранарым, бізге негізді бір жәрдем берсе. Қырғызстан Үкіметі Ауғанстандағы қырғыздарға жәрдем еттік деп – он қап ұн, бес қап күріш берсе, әлбетте бұл да көмек, бірақ мен оған да, біз қырғызбыз, көмектесеміз деп сөзбен айтып, арқадан қаққанға да сенбеймін», – дейді Тұрды Ақун.

Ауған қырғыздарына жәрдемдесу үшін биыл жыл басында Үкіметтің жанынан мекемеаралық жұмыс комиссия­сы құрылды. Комиссия қандастарға жәрдем беру, болса көшіріп әкелу мәселелерін де ойластыруда. Памирдегі қырғыздардың көбінің төлқұжаттары да жоқ екен. Қырғыз депутаттары ауған әріптестерімен сөйлесіп, бірінші кезекте осы істі қолға алмақшы. Жұмыс комиссиясы биыл шілде айында Памирдегі қырғыздарға экспедиция жіберуді жос­парлап отыр.

Өткен жылдары Памирдегі қыр­­­ғыз­дардың тұрмысымен сол кездегі еңбекпен қамту және миграция министрі Айгүл Рысқұлова бастаған үкіметтік делегация және «Қырғыз бұтағы» қоғамдық қорының белсенділері дербес екі рет барып танысып қайтқан. Қордың жетекшісі Гүлзат Болотованың берген мәліметіне сүйенсек, бұдан біраз жыл бұрын Шоң Памирде 1500 қырғыз, Кіші Памирде 2000 қырғыз тұрған екен.

2011 жылы жазда олар Кіші Памирге барғанда 2000 қырғыздан 720-дай ғана адам қалған. Әйелдердің саны өте аз. Көпшілігі босана алмай қайтыс болып кетеді. Жігіттері бойжеткендердің аз болғандығынан елу жасқа дейін үйленбей жүре береді. Қыздарын 14-15 жаста күйеуге бере бастайды. Памирлік қырғыздар «қанымыз бұзылып кетеді» деп басқа ұлтқа қыз беріп, қыз алыспайды. Памир тауларында егін, жеміс-жидек, көкөніс мүлде өспейді.Сондықтан олардың негізгі азығы ет және сүт тағамдары болып келеді. Баққандары – қой, ешкі, топаз (қодас), аздаған түйе. Жылқы малы биік жерге онша шыдас бермейді. Қордың белсенділері Памир қырғыздарының жағдайының соңғы жылдары ерекше нашарлап кеткендігінің себептері – азық-түліктің жетіспеушілігі, дәрігердің жоқтығы және олардың апиынды барлық ауруға ем ретінде пайдалануы деп есептейді.

«Қырғыз бұтағы» делегациясының мү­шелері Памир тауындағы қан­дас­тарына жол азабын тартып, жү­деп-жадап зорға барып келген.­ Ең қинағаны – 4 мың метрге көте­ріл­геннен бастап оларға ауа жетпей әзер шыдаған. Мұрындарынан қан ағып, енді біреулерінің қан қысымы тіп­тен көтерілген. Дем жетпеуді жер­­гілікті қырғыздар «түтек» деп айтады екен. Түтек болғанда жатып ұйықтау да мүмкін емес, адам отырып қана ұйықтай алады. Памирдегі қырғыздар бұл жағдайға әбден көндігіп алған. Бірлі-жарым памирліктер төмен түсіп, теңіз деңгейінен 2 мың метр биіктіктегі Ауғанстан астанасы – Кабул қаласына келсе, өздерін жайсыз сезе бастайды екен.

Памирлік қырғыздардың жақсы кезеңдері де болған. Көп жылдар бойы мұндағы қырғыздарды Рахманқұл хан деген білікті кісі басқарып, қандастарына бас-көз болып тұрған. 1978 жылы кеңес әскерлері Ауғанстанға кіре бастағанда, олардан қорыққан Рахманқұл хан өз халқына Америкадан және Түркиядан баспана сұраған. АҚШ Аляскадан жер беретін болған, бірақ ол түріктерді туғанымыз ғой деп, Пәкістан арқылы Түркиядағы Ван көлінің жағасына көшіп барған. Рахманқұл 1980 жылы қайтыс болып кетті, ал памирлік қырғыздардың бір бөлігі сонда тұрып жатыр. Памир қырғыздарын Рахманқұл хан басқарған жылдары ол Ауғанстанның сол кездегі басшысы Захир шахпен кездесіп, қырғыздарды әртүрлі салықтардан, ер балаларын әскер қызметінен босаттырған. Қырғыздар Ауғанстан – Тәжікстан, Ауғанстан – Қытай, Ауғанстан – Пәкістан шекараларында тұрғандықтан шекаралардың осы жерлердегі таласты мәселелерін Ауғанстанның пайдасына шешілуінде Рахманқұл хан маңызды рөлді ойнаған. Шах оған «Пасыбани Памир» – «Памирдің сақшысы» деген ресми атақ берген, 1965 жылы Ауғанстанның IV дәрежелі Мемлекеттік Жұлдыз медальімен марапаттаған.

Памир қырғыздарының қазіргі Тұрды Ақун Ауғанстан Парламентінің бұдан бұрынғы шақырылымдарына Памирлік қырғыздардың атынан депутат болып сайланған. Бұл күндері Кабул қаласында тұрады.

Ауғанстан Үкіметінің памирлік қырғыздарсыз-ақ шешімін таппай жатқан шаруалары шаш-етектен екені мәлім, туған Отаны дереу жәрдем бермесе, енді біраз жылдан кейін памирлік қандастарынан айрылып қаларын қырғыз жұртшылығы қазір айқын сезініп отыр.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ,

«Түркiстанның» Қырғызстандағы тiлшiсi